Ұлт-азаттық қозғалыстың барысы
Ұлт-азаттық қозғалыстың ірі орталықтарының бірі Жетісу болды. 1916 жылы 20
шілдеде
Түркістан генерал-губернаторы A.Куропаткин нұсқау шығарды: 1) Қандай амалды болса да
қолданудан тайынбай, көтерілісшілерді бағындыру. 2) Лаң салушыларға қарсы күресу үшін
рулық немесе тайпалық араздықты пайдалану.
Жетісу облысының генерал-губернаторы М.А.Фольбаум жергілікті казактардан жазалау
отрядтарын ұйымдастырды. Казак станицаларына винтовкалар мен патрондар жіберді. Орыс
кулактарын қаруландырды.
Жазалау отрядтарының жанынан, облыстың уездік қалалардан
әскери-дала соттары
құрылды. Көтеріліс үдей түсіп, Шу өзені мен Ыстықкөлге жақын бүкіл аймақты қамтыды. 10
мыңнан астам қырғыз жəне қазақ көтерілісшілері Тоқмақты қоршады. Жаркент уезінде
көтерілісшілер Таврия, Владислав, Мащеры, Краснояр, Новокиев қоныстарын басып алды.
Ұзынағашқа жақын тауларда Жайымтал болысының көтерілісшілері мен подполковник
Базилевичтің жазалау отрядының арасында шайқастар болды. Қозғалыстың ең ірі ошағы –
Қарқара өңірі. 5 мыңнан астам көтерілісші Қарқара жəрмеңкесін басып алды.
Лепсі уезінде
жазалаушы отрядтарымен қақтығыс болды. Мойынқұмда Мерке, Əулиеата көтерілісшілері
табан тірескен шайқас жүргізді. Жетісу көтерілісшілерін Б.Əшекеев, Т.Бокин (Верный уезі),
Ж.Мəмбетов, Ұ.Саурықов (Қарқара), А.Қосанов (Мерке ауданы) басқарды.
Жетісудағы көтеріліске қарсы патша үкіметі жазалау экспедициясын жіберді. Түркістан
өлкесінде 347 адам атылды, 168 адам жер аударылды. Жетісудың 238 мыңнан астам халқы
Қытайға ауып кетуге мәжбүр болды. Қалған қазақтар құнарсыз
таулы аудандарға немесе
Балқаш маңындағы шөл далаға қуылды.
Торғай көтерілісі табанды болып, ұзаққа созылды. Жергілікті ауылдық-болыстық әкімшілік
басқарудан аластатылып, билік көтерілісшілердің қолына көшіп, бір орталықтан басқарылды.
Торғай уезіндегі қыпшақ руының қазақтары Әбдіғафар Жанбосыновты хан етіп сайлады. Иман
батырдың немересі Амангелдіні сардарбек етіп тағайындады. А.Иманов ұрыс жүргізудің
өзіндік тактикасын қолданды. Мергендерден ерекше жасақтар құрып, оларды шағыл
құмдардың арасына орналастырды. Көтерілісшілердің үлкен
жасағын құрып, қару
жасаушылырды ұйымдастырды, көтерілісшілерді әскери өнерге өзі үйретті. Әскери іс
мәселелеріне Әскери Кеңес баса назар аударып отырды.
1916 жылы Торғайдағы көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Көтерілісшілер қатарын Ырғыз,
Қостанай, Ақтөбе, Байқоңыр жəне Шоқпаркөл кеніштерінің, Орынбор-Ташкент теміржолының
жұмысшылары толықтырды. 1916 жылы қазанның соңында Амангелді басшылығымен 15 мың
көтерілісші Торғай қаласын қоршады. Көтеріліске қарсы Лаврентьев басқарған 9 мың
адамдық жазалаушы экспедициялық корпус жіберді. Көтерілісшілер Торғайды ала алмағасын
Батпаққара жазығы мен Аққұм құмының маңына ірге теуіп, партизандық күрес әдісіне көшті.
Амангелдінің серігі, атақты мерген Кейкі батыр жасағы ерекше ерлік көрсетті. Амангелді
сарбаздары Татыр, Шошқалы қопа, Күйік қопа, Доғал-Үрпек
шайқастарында табанды
қарсылық көрсетті. Доғал-Үрпек түбіндегі ұрыс жеңіліспен аяқталды. Патша өкіметі
көтерілісшілерден аяусыз кек алды. 3000-ға жуық адам жазаланды. Жүздеген ауылдар
тоналып, өртелді, жазықсыз адамдар атылды.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс отаршылдыққа қарсы сипатта болды. Орыс-украин
қоныстары мен казак станицалары пайда болған аймақтардағы көтеріліс орыстарға қарсы
сипат алды. Жетісу өңірінде қоныстанушылардың 94 елді
мекені көтерілісшілердің
шабуылына ұшырады. Ұлтаралық қақтығыс салдарынан 2,5 мыңнан астам орыстар мен
украиндар қаза тапты және жараланды.
ІV Мемлекеттік думада А.Ф.Керенский патша үкіметін, Түркістан мен Дала өлкесінің отаршыл
əкімшілігін сынады. Қостанай социал-демократиялық ұйымын құрушы, публицист С.Ужгин
“Қарабалықтағы оқиғалар туралы сөз” деген үнқағазында көтерілісшілерді батылдыққа
шақырды. Торғайда Н.Кротов көтерілісшілерді соғыс ісіне үйретіп, шайқас барысында
жазалаушылардың қолынан қаза тапты. Е.Курев Қарқара көтерілісін
ұйымдастырушылардың
бірі болды. Кәсіпкердің қызы С.Вербицкая көтерілісшілер жағында шайқасты.
Ұлт-азаттық қозғалысты жаныштау барысында патша өкіметі дала стратегиясын жүзеге
асырды. 1916 жылы Қазақстан жеріндегі қазақтардың саны жарты млн-ға жуық кеміді.
Көтерілістің жеңілуінің себептері: 1. Бытыраңқылығы, ұйымшылдықтың жеткіліксіздігі. 2.
Əскери қарудың жеткіліксіздігі. 3. Жергілікті халық пен қоныстанушылар арасындағы
қайшылықтар. 4. Ұлттық демократиялық зиялылар қатарында бірліктің болмауы.
Жетісудағы қозғалыс басшыларының бірі Бекболат Әшекеевті Боралдай асуында дарға асты.
Қарқарадағы көтеріліс жетекшілерінің бірі Жəмеңке Мəмбетов абақтыға қамалып, 12
басшымен бірге азаптап өлтірілді. Ə.Бөкейханов: “Қазақ-қырғыз осы көтерілісте көп адамын
өлтіріп, шаруасын күйзелтсе де, келешекте қандай ел екенін білдірді… Алыспаған,
жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен
шықпайды, малына да, басына да ие болмайды” – деп жазды.
Көтерілістің тарихи маңызы: 1. Қазақ халқының таптық санасы-сезімі өсті. 2.
Қазақстан
халықтары ұлттық мүдделерінің ортақтығын тұңғыш рет ұғынды. 3. Қозғалыс барысында
өкімет құрылымы, қарулы күштер, басқару аппараты құрылды. 4. Империя құрамындағы
отаршылдық құлдықтың бүкіл кезеңіндегі азаттық күресінің шырқау шыңы болды.