Мақала – публицистикалық жанр, қоғамдық – әлеуметтік құбылыстар мен оқиғаларды зерттеп, талдау және оларды жинақтау негізінде нақты идея мен ой – пікірді немесе оларды жүзеге асыруға үн тастайды
Мақаланың мақсаты – әдеби өмірде болып жатқан маңызды құбылыстарды, оқиғаларды талдап – бағалау, оның заңдылықтарын ашу, оқырмандарға түсіндіріп отыру. Мақаланың ғылыми, публицистикалық сипаттары болады. Мақала авторы көтеріліп отырған мәселеге қатысты өз ойларын дәлелдеуге дәйектерді бір дерерккөзден немесе бірнешеуінен алуы мүмкін. Мақала әдеби өмірдің өзекті мәселелерге батыл барып, толымды талдаулар жасауына шамасы да, мүмкіндігі де мол жанр.
Бас Мақала заманымыздың негізгі бағытын, үкіметтің алға қойған саяси, шаруашылық, мәдени міндеттерді түсіндірді. Бас мақаланың стильдік құрамы да әртүрлі болып келіп, жалпы ережелер, үндеу текстері, факті, мысал, цифрлармен, информациялармен толықтырылады. Мұндай жағдайда аталған директивалық, публицистикалық, информативтік факторлардың үлес- салмағы тең болуы, ара салмағы сақталуы міндетті емес.
Бас мақалаларда ұсақ проблемалар көтерілмейді, негізінен, мемлекеттік, жоғары, аса жоғары деңгейдегі саяси, идеологиялық мәселелер әңгіме арқауы болады. Сондықтан, бас мақалаларда қолданыс аясы тар арнайы лексика, жергілікті тілдің сөйлеу ерекшеліктері, жаргондар, арготизмтер, бір сөзбен айтқанда, әдеби тіл мөлшері шеңберінен шығып кететін элементтер қолданысы шектеліп, олардың мөлшері барынша қатаң сақталуы негізгі талаптардың бірінен саналады.
Проблемалық Мақала шешуді, тексеруді, зерттеуді қажет ететін теориялық және практикалық мәселелерді шешеді. Проблемалық мақала –әрбір мақалада белгілі бір дәрежеде көтерілген проблема болады да, солардың ішіндегі кейбіреулері әдебиеттің алдында тұрған теориялық және практикалық мәні зор, күрделі мәселерді қозғауымен де ерекшеленеді.
Демек, әдеби өмірдің өзекті мәселелерін көтеріп, оны шешудің өзіндік жолдарын ұсынып жазған мақаланы проблемалық мақала деп айтамыз. Проблемалық мақалада әдебиеттің идеялық көркемдік-эстетикалық, адамгершілік, тілдік, т.б. кесек мәселелері көтерілуі мүмкін. Мұндай мақалада әдетте әдебиеттің көп мәселелері қамтылмай, нақты бір проблема төңірегінде ғана тереңінен, кеңінен қамтыған салмақты әңгіме қозғалады.
Насихаттық Мақала ғылым, техника, өнер жаңалықтары заман талабына сай бүгінгі өмірдің практикалық міндеттерімен байланыстырып отырады.
Публицистикалық Мақала қоғамдық-әлеуметтік және саяси маңызы зор оқиғалар мен құбылыстарды, дәуір тынысын көтеріңкі үнмен, көркем тілмен баяндайды.
Теориялық сыни мақалалар көбіне әдеби дамуда ғылыми жағынан қажет болған құбылыстар,жаңалықтар болған кезде,соларды түсіндіру мақсатымен жазылады. Теориялық материалдарды көбіне,”академиялық” сыншылар жазады.
Ғұмырнамалық мақала-мақаланың жиі кездесетін түрі болып табылады.Бұл мақала жекелеген адамға арналған. Ол әдетте елгілі бір датаға байланысты жазылады.
Ескертпе-мақала-сирек кездесетін мақала түрі. Бұл мақалада немесе әдеби жиында айтылған пікірлерге байланысты жазылады. Автор айтылған пікірлердің кейбіреуіне келіспеуі, немесе қосымша түсіндірме, анықтама,толықтыру беруі ықтимал. Яғни, ескертпе мақала мақаладан туындаған- мақала, пікірден туындаған пікір.
Айтыс мақала-Проблемалық мақала айтысқа (полемикаға) ұласуы мүмкін. Өйткені, мұндай мақаланың өзегінде дискуссиялық,мәселе көтеріп пікір айтушылық, не оны жоққа шығарушылық сарындары жатады. Айтыс мақаланың басқалардан айырмашылығы- мұнда мәселе өткір қойылады;нақтылы бір мәселе төңірегінде пікір барынша дәлелделінеді, немесе теріске шығарылады.