МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ - ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ АЙНАСЫ
Оспанова Б.Р. - Ф.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ
Ұлттық тіліміз бен діліміздің, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, тарихымыз бен дүниетанымымыздың көптеген өзекті мәселелері қазіргі уақытта өзіне аса назар аударуды қажет етеді. Әсіресе, қазіргі таңда ұлттық тіл мәселелері өте өзекті болып отыр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан жиырма бес жыл ішінде мемлекеттік тілді дамытуға арналған бірнеше кезеңдік іс-шараларды зерделеп, ой таразысына салсақ, қазіргі таңда оның қоғамдық қарым-қатынастың бірқатар салалары бойынша қызметі жақсара түскенін аңғарамыз.
Қазақ тілі – еліміздің мемелекттік тілі ғана емес, қазақ қоғамының білім алатын, ғылымды игеретін құралы, ұлтымыздың сан ғасырлар бойы жинаған рухани-мәдени мұраларының, ділі мен дінінің, әдебиеті мен өнерінің, сана-сезімінің, дүниетанымының жиынтығы, барлық рухани құндылықтарымыздың іргетасы әрі тірегі. Олай болса, оның қоғамдық сан салалы қызметін жан-жақты дамыта отырып, қолданылу аясын барынша кеңейту өзекті мәселелердің қатарына жатады. Оны дамытуға бағытталған іс-шараларды үнемі жүргізіп отыру – еліміздің өркениетті елдер қатарынан орын алуының кепілі.
Ұлтымыздың ардақтыларының бірі Халел Досмұхамедұлы өзі-нің «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» еңбегінде: «Қа-зақ-қырғыз жұрты оянғаннан бері мәдениет бәйгесінде ілгері кет-кен жұртқа жетудің қамын қылып жатыр. Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетеді. Білімді жұрттың тілі бай бола-ды», – деп айтқанындай, қазақ тілі – еліміздің мемлекеттік тілі ғана емес, қазақ қоғамының білім алатын құралы, ұлтымыздың сан ғасырлар бойы жинаған рухани-мәдени мұраларының, ділі мен дінінің, әдебиеті мен өнерінің, сана-сезімінің, дүниетанымының жиынтығы. Демек, барлық рухани құндылықтарымыздың іргетасы әрі тірегі. Олай болса, оның қоғамдық қызметін жан-жақты дамыта отырып, қолданылу аясын кеңейту қашанда өзекті мәселелердің қатарына жатады.
Қай елдің болсын, экономикалық-қоғамдық қатынастарының барлық саласы өзгеріп, дамыған сайын тілі де өзгеше сыр-сипатқа, мән-мазмұнға ие болып, сол қатынастарға сәйкес дамитыны – табиғи заңдылық. Тілді ұлттан, қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастан бөліп қарау мүмкін емес. Ал қоғамның күнделікті тіршілігінде тілге деген сұраныс болмаса, әлеумет оны өз өмірінің өзегі етіп қолданбаса, тілдің өркен жаймасы анық.
Рас, тәуелсіздік алған кезеңнен бері тілімізді өркендету жолында қаншама маңызды қадамдар жасалды. Алайда қолға алынған көптеген іс-шаралардың ойға алғандай болмауынан, тіліміз қоғамдық өмірдің бірталай салаларына терең ене алмай жатыр. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мықтап қолға алынуының арқасында, әйтеуір, қазақша оқу орындары біршама көбейіп, қазақ жастарының көбі өз ана тілінде білім алуға қол жеткізді. Бұл, енді, біздің ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз.
Дегенмен талай мәселе өз шешімін әлі таба қойған жоқ. Мұның басты себебін ұлтымыздың өткен ғасырларда басынан өткерген бодандық пен тоталитарлық саясаттан көріп жүрміз. Енді бүгінгі-дей қолайлы кезеңде елімізді экономикалық-әлеуметтік жақтан ғана дамытып қоймай, оның ұлттық негізгі сипаты болып саналатын тілін де асқақтатып, оның әлемдік жаһандануға төтеп беру әлеуетін нығайтуға күш салуымыз қажет-ақ. Мұның өзі ұлтымыздың рухани болашағына жарқын жол ашудың бірден-бір негізі. Өйткені Дүние-жүзілік сауда ұйымының, Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастық ұйымының талаптарына сәйкес халықаралық стандарт бойынша мемлекет дамуының негізгі белгілерінің бірі – елдегі мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет етуін қамтамасыз ету болып саналады.
Мемлекеттік тілді қоғамдық өмірімізге терең енгізудің бір бағыты – үгіт-насихаттық шаралардың пәрменді жүргізілуі мен бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді іс-әрекеті. Сондықтан да еліміз бойынша тіл саясатын одан әрі жетілдіре отырып, алдымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның қоғамдық салаларда қолданылуына жан-жақты жағдай жасауға бағытталған үгіт-насихаттық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп отырылуы тиіс.
Егемен еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Жаһандану заманында жас ұрпақ тәрбиесіне тілдік ортаның, әсіресе теледидар, радио, электронды құрал-жабдықтардың ықпалы өте күшті. Бүгінде қазақстандық қоғамның еңкейген қарты мен еңбектеген жасына дейінгілерінің барлығы – теледидар арналарындағы бағдарлама-лардан көрсетілетін киноларды, концерттерді, шоуларды тама-шалап жүр. Бірақ солардың басым көпшілігі орысша немесе ағыл-шынша екені барша жұртқа мәлім. Осы өнімдерді мемлекеттік тілде дайындауға баса назар аудару қажет екенін тіліміздің қазіргі жағ-дайы нақты аңғартып отыр.
Білім – кез келген мемлекет даму құрылымының құрамдас компоненті. Ол – Қазақстан Республикасының да әлемдік қауым-дастықтағы өзіндік орнын анықтауда саяси-экономикалық, саяси-идеологиялық, қоғамдық-әлеуметтік маңызға ие. Қандай да болсын, барлық мәселесі мұқият ескеріліп дайындалған стратегиялық жобалар мен бағдарламалар ғылыми-теориялық білімсіз, дайын-дықсыз және оны жетік меңгеріп, игерген мамандарсыз ойдағыдай жүзеге асуы мүмкін емес.
Ал білім мен ғылым тіл арқылы беріледі. Өзге тілде игерілген білім мен ғылым да ана тілі арқылы қайта жаңғырып, халыққа қызмет етеді. Осы тұрғыдан келгенде білімді қай тілде алсаң да, бәрібір сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес екенін өмірлік тәжірибе көрсетіп келеді.
Ғылым, білім жетістіктері жекелеген ұлтқа қызмет ету үшін, кез келген ғылым-білімнің бастапқы негізі ұлттық тілде, яғни білім алушының өз ана тілінде қалануы керек. Демек, еліміздің егемен-дігі баянды болсын десек, ұлттық білім беру жүйесін қалыптас-тырудың негізі болып саналатын қазақ тіліндегі білім ошақтарын дамыту – қазіргі уақыттың басты мәселесі.
Ол үшін тәуелсіздік жылдарының алғашқы жылынан бастап Қазақстан қоғамының басым көпшілігінің жіті назарында болып келе жатқан қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайтудың ең негізгі жолы – қазақстандық жас ұрпаққа білім-тәрбие беру ісін қазақша жүргізуге, яғни қазақ тілін білмейтіндерге оны үйретуге емес, қазақша білім беруге басымдық берілуі қажет. Әлбетте, Қазақстан тарихында орыс халқы мен оның тілінің рөлі айрықша. Бірақ бұл орыс тілінің еліміздегі үстемдігін сақтауға бағытталмау-ға тиіс.
Осы ретте баса көңіл бөліп айта кететін бір мәселе – еліміздің білім беру саясатына көп өзгерістің енуіне себепші болған қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғандығы еді. Тіліміздің осы мәртебеге ие болуына байланысты дүр сілкініп оянған қазақ жұрты 1989 жылдан бастап өз балаларын қазақ мектептеріне жаппай бере бастады.
Қазақ мектептерінің және орыс мектептеріндегі қазақ сыныптарының көбеюі ұлттық тілде сабақ беретін педагог мамандарға деген қоғам сұранысын арттырды. Сол жылдардан бастап еліміздегі орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытып-үйретуге арналған сағат көлемі ұлғайтылды. Бұрынғыдай, бұл пәнді кез келген пәннің мұғалімі емес, педагогикалық оқу орындарында сол жылдарда жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиетін орыстілді сыныптар мен дәрісханаларда оқытып-үйрететін мамандық бойын-ша арнайы дайындықтан өткен мамандар оқытатын болды.
Жоғары оқу орындарының көптеген факультеті құрамынан түрлі мамандықтар бойынша қазақ тілінде маман дайындайтын, бұрын болмай келген қазақ бөлімдері ашылды. Сөйтіп, талай мамандық бойынша қазақ жастары тұңғыш рет өз ана тілінде білім алуға қол жеткізді.
Дегенмен мемлекеттік тілде дәріс оқып, сабақ жүргізетін оқытушы-профессорлар мен қазақ тіліндегі оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың сол кездегі тым аздығы, оларға деген қоғам сұранысының барған сайын арта түсуі біраз қиын жағдайға қалдырған болатын. Бұл қиындық әлі де бар.
Еліміздің жедел дамып келе жатқан адамзат қоғамының көші-нен қалып қоймай, ілгерілеп дамуы отандық білім беру жүйесінің деңгейіне және оның қай тілде жүзеге асуына байланысты. Сондықтан да елдің өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы ертеңгі азаматтарын өсіріп шығару үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны, сапалы білім мен өнегелі тәлім-тәрбиені мемлекеттік тілде беруге күш салып, еліміздің білім беру саясатын осы мақсатқа негіздеу керек.
Білім мен тәрбие тұғыры – тіл. Елбасы Н.Ә. Назарбаев ІІ Азаматтық форумдағы сөзінде: «Қазақ тілі мен мәдениеті – біздің мемлекеттілігіміз тұрғызылып жатқан іргетас! Сондықтан қазақ тілі мен мәдениетін одан әрі дамыту жұмыстары біздің ынтымақтастықтың ең маңызды бағыты болмақ! Мен сіздерді осыған шақырамын!» – деп, еліміздің тұтастығы мемлекеттік тілдің кең өрісінде екенін атап көрсетті. Ол өзінің 2009 жылы 27 желтоқсанда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында да: «Осыған орай, айтатын ой – баланың тілі қазақ тілінде шықпаса, ата-анасы туған кезде оның тілін қазақ тілінде бастатпаса, оны үйрету оңайға соқпайды. Қазақтың домбырасының үнін түсіну, қазақтың мінезін ұғып, жан дүниесін зерделей алу үшін де ең алдымен қазақ болып өсу, қазақ тілін бала жастан меңгеру қажет. Осы тұрғы-дан алғанда, мен қазақ халқының ұлттық мүддесін көздеп, осы мәселені алға тартып жүрген азаматтардың сөзін дұрыс емес деп айта алмаймын», – деген еді.
Демек, қазақ тілінің, ең алдымен, ана тілі ретінде оқытылып-үйретілуі ұлт болашағы, мемлекеттің ертеңі үшін стратегиялық маңызға ие. Бір қуантарлығы, қазіргі кезде қазақ балаларының көпшілігі өз ана тілінде білім ала бастады. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде қазақ тілінде оқытатын мектептер желісі кеңейді. Олардың саны қазіргі уақытта еліміздегі барлық мектеп-тің 60 пайыздайын құрайды. Бұл жалаң сандар емес, жоғары сапаға қол жеткізу сандық көрсеткіштің өсуіне тікелей байланысты екенін ескерсек, олардың артында өз ана тіліне бет бұрған қазақтың жас өркені, соған тірелген қазақ тілінің болашағы тұр.
Қазір дүниежүзі елдері жаһандану дәуірін бастан кешіріп жатыр. Біз де әлемдік өркениеттің заманауи жетістіктерін өзімізге қа-былдай отырып, әлемдік даму жолына түсуге ұмтылыс жасап, әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды біршама жақсартуға қол жеткіздік. Сөйтіп, дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық.
Дегенмен солармен қатар ұлттық рухани құндылықтарымызды да қадірлеп, бағалай алуымыз қажет. Әсіресе бүкіл ұлттық құнды-лықтарымыздың ең маңыздысы болып саналатын әрі егемен елі-міздің мемлекеттік тілі болып, қазақстандық қоғамды отансүй-гіштік рухта ұйытуға тиісті қазақ тілінің мәртебесін көтеру – бүгінгі күнде аса маңызды мәселе.
Білім мен тәрбиені мемлекеттік тіл арқылы беру үлкен мүмкін-діктерге жол ашады. Оны жан-жақты дамытпайынша, қазақстандық жас ұрпақты өз Отанын қадірлеп-қастерлеп сүйетін парасатты аза-мат етіп шығару – қиын шаруа. Сондықтан да еліміздің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленіп отырған қазақ тілінде жас ұрпақты оқытып-үйрету мәселесі қашанда басты назарда болуға тиіс.
Отансүйгіштік сана-сезім – ұлттық құндылықтарға жатады. Қазақстандық азаматтардың өз еліне деген ыстық сүйіспеншілігін ояту – ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі. Отаншылдық сана-сезім қандай бір елдің азаматы болсын, негізінен, сол елдің мемлекеттік тілі арқылы қалыптасады. Сол себеп-тен де елімізді мекен етіп, өмір сүріп жатқан қазақстандық әрбір азамат, өзінің қай ұлт өкілі екеніне қарамастан, мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті. Әлемде біз сияқты бірнеше ұлт өкіл-дерінен тұратын елдер жеткілікті. Бірақ оларда мемлекеттік тіл-ді білмесең, жұмыс істей де, өмір сүре де алмайсың.
Қорыта айтқанда, кезінде орыс тілінің ҚазКСР-да керемет өркен жаюы, әлі де үстем болуы қазақ мектептерінің санын азайту есебінен болғанын ескере отырып, өз тілімізді дамыту, қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы іс-шараларымыз қазақша білім беруге негізделуі қажет. Бұл – қазіргі жаһандану заманының қатал талабы. Себебі бүгінгі таңда әлемнің әрбір ұлтын өз құндылықтарын танып-білуі және соларды бағалай отырып, өзінің ұлттық кескін-келбетін сақтап қалуы қатты толғандырып жүр. Тәуелсіздік алған кезеңнен бері тілімізді өркендету жолында қаншама маңызды қадамдар жасалды. Алайда, қолға алынған көптеген іс-шаралардың ойға алғандай болып орындалмауынан, тіліміз қоғамдық өмірдің, қоғамдық қарым-қатынастың бірталай саласына терең ене алмай жатыр. Талай мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін әлі таба қойған жоқ. Мұның басты себебін – ұлтымыздың өткен ғасырларда басынан өткерген бодандық пен тоталитарлық саясаттың ықпал-әсерінен және солардың бүгінге дейін сақталып отырған зардабынан көріп жүрміз. Сол дәуірдің ұлттық ой-санамызға, тілімізге әкелген қасіретін ешқашан ұмытуға болмайды. Енді бүгінгідей қолайлы кезеңде елімізді экономикалық-әлеуметтік жақтан ғана дамытып қоймай, оның ұлттық негізгі сипаты әрі ең басты құндылығы болып саналатын тілін де асқақтатып, оның әлемдік жаһандануға төтеп беру әлеуетін нығайтуға күш салуымыз қажет. Мұның өзі еліміздің әлемдік бәсекеге қабілетті елдер қатарына енуіне толық мүмкіндік берумен қатар ұлтымыздың рухани болашағына жарқын жол ашудың бірден-бір кепілі.
Достарыңызбен бөлісу: |