Мемлекеттік тілдегі заңдардың сапасын арттырудың басты жолы қазақ тілін жетік білетін заңгер маман даярлау есбол Өміржанов



Дата09.06.2018
өлшемі58,5 Kb.
#42189
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕГІ ЗАҢДАРДЫҢ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ БАСТЫ ЖОЛЫ ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖЕТІК БІЛЕТІН ЗАҢГЕР МАМАН ДАЯРЛАУ

Есбол Өміржанов

Мемлекеттегі автохтонды ұлт дәрежесіне көтерілу үшін қазақ халқының тілі мен мәдениетін өзге ұлттар мойындап, өзара қарым-қатынас тілі болып қазақ тілі танылуы қажет. Бұл идея еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері жан-жақты талқыланып, таптаурынды болғанымен нақты іс жүзіне оның кейбір бөліктері ғана асырылуда. Еліміздегі мемлекеттік тіл туралы мәселе 1989 жылдың 22-қыркүйегінде «Тіл туралы» заң қабылданған уақыттан бері әлі толық шешімін тапты дей алмаймыз. Егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ тіл мәселесін толығымен шешіп алуды жақтаушылар көп болды. Олар тіл мәселесін шешу арқылы қоғам өмірінің өзге салаларына басшылық жасау қиынға соқпайды деген пікірде болды. Мемлекеттік тілдің басты жанашыры болған саяси ұйым «Азат» қозғалысының белсенділері де тіл мәселесінде өз пікірлерін батыл білдірумен болды. Солардың бірі ғалым С.Өзбекұлы өзі жасап ұсынған конституция жобасының 4 бабында «Қазақ республикасының мемлекеттік тілі – Қазақ тілі» деп нақты көрсетіп, қазақ тіліне мемлекеттің барлық саласында артықшылық берілу қажеттігін алға тартқан болатын [1, 40 бет]. Дегенмен, тоқсаныншы жылдары қазақтардың саны жалпы халық санының 40 пайызын құрайтындығын негіз етіп алған мемлекеттегі билік мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін танығанымен, ресми қолданыс тілі ретінде орыс тілін бекітті. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің декларативті түрде мемлекеттік тіл болып, ал барлық саладағы іс қағаздары мен іскерлік қарым-қатынас, ақпарат тілі орыс тілі болып орнығуына жағдай тудырды. Осының салдарынан тәуелсіздік алғанымызға жиырма екі жыл уақыт өткенімен мемлекеттік тіл өз дәрежесіне көтеріле алмауда.



Соңғы санақ мәліметтері бойынша еліміздегі халық саны 16,372 миллион болса, оның 10096,8 мыңы, яғни 63,1 пайызы қазақтар, ал, 23,7 пайызы орыстар, 2,9 пайызы өзбектер, 2,1 пайызы украиндер, 1,4 пайызы ұйғырлар, 1,3 пайызы татарлар, 1,1 пайызы немістер, 4,5 пайызы өзге этностар болып отыр. Елдегі қазақтар саны соңғы он жылда 26 пайызға, өзбектер 23,3 пайызға , ұйғырлар 6,8 пайызға өскен [2, 2 бет]. Мұның өзі жалпы халықтың басым бөлігінің мемлекеттік тілде сөйлейтіндігінен хабар береді, халқтың басым бөлігі мемлекеттік тілде сөйлейтіндігі жөнінде ресми ақпарат болғандықтан ендігі жерде мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілге көшуіне толықтай жағдай қалыптасып отыр. Алайда, тәжірибеде жағдай мүлдем басқаша болуда, мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңімей, керісінше, ресми тілдің көлеңкесінде қалып қойды. Мемлекеттік тілдің тиісті дәрежеде қолданысқа енуі турасында сан түрлі басқосулар ұйымдастырылуда, әртүрлі мамандар мемлекеттік тілді дамыту үшін өз ойларын ортаға салуда, кезінде осы мәселе жайлы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы өз пікірін келесідей білдірген еді: «Ақиқатын айту керек, Астана қаласы 2007 жылдан бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуі керек. Өкінішке қарай, қағаз жүзінде 100 пайыз көшкенімен, іс жүзінде 23 басқарманың ішінен 10-ы ғана іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен. Ауылшаруашылық, Мәдениет, Білім, Тілдерді дамыту сынды басқармалар қазірде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізеді. Қазақ тілінде қағаз жазып, жиналыстарын да мемлекеттік тілде өткізеді…
Ал енді ең керектісі – бұрынғы Заңымыз «Тілдер туралы» болса, енді бізге «Мемлекеттік тіл» туралы арнайы Заң керек. Сонда «Мемлекеттік мекеме іс қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізуі керек» деп жазылуы тиіс. Расын айту керек, қазір қолбайлау болып отырған мәселе, мысалы, іс қағазын қазақ тілінде жазып, министрлікке жолдасаңыз, ондағылар орыс тіліндегі нұсқасын сұрайды. Сонда қандай айырмашылық бар?! Қазақша жазып орыс тіліне аударғанда не, орыс тілінен қазақшаға аударғанда не?! Сондықтан арнайы Заң қабылдау керек-ақ» [3, 1 бет]. Әрине, мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылатудың басты жолы оны заңмен бекіту болып табылады, бірақ, біздің пікірімізше, қазіргі жағдайда мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындайтын жеке заң қабылдаудың қажеті шамалы, оның орнына Конституцияның 7 бабына өзгеріс енгізіп, ондағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген тармақшаны «Әркімнің өз қалаған тілінде өзгелермен байланыс орнату құқығы танылады» деген мәтінмен алмастыру орынды болар еді. Осылайша елімізді мекендейтін барлық ұлт өкілдерінің өз тілінде немесе өзі білетін тілде өзгелермен байланыс орнату құқығы сақталады, ал мемлекеттiк ұйымдарға және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына жүгіну барысында олардың тек мемлекеттік тілді қолдануы талап етіледі. Әрбір азамат өз елінің мемлекеттік тілін құрметтеуі тиіс болғандықтан қазіргі елімізде қалыптасып отырған жағдайда мұндай батыл қадам жасалатын уақыт туды деп пайымдауға болады. Сонда ғана мемлекеттік аппарат мемлекеттік тілге толықтай көшеді, ал, қоғам мүшелері қазақ тілін жаппай меңгеруді қолға алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар тарапынан орын алып отырған мемлекеттік тілге қатысты көзбояушылықтарды толықтай жоя алады.

Қазіргі кездегі басты мәселелердің бірі заңдардың қазақ тіліндегі мәтіндерінің сапасыздығы, мемлекеттік тілдегі заңдардың тілінің түсінуге ауырлығы, бұл өз кезегінде заңдардың қағаз ретінде қалып қоюына итермелеуде және қазақ тілді қауымның амалсыздан орыс тіліндегі заң мәтінін басшылыққа алуына әкелуде. Заңдар қоғам өмірінің күре тамыры болғандықтан, оларға қойылатын талап жоғары болуы шарт. Еліміздегі заңдардың барлығына дерлігі орыс тілінде қабылданып, кейіннен қазақ тіліне аударылатындықтан, ал аудармаға немқұрайлы көзқарас болғандықтан қазақ тілді қауым заң мәтіндерін түсінуде үлкен қиыншылықтарға ұшырауда, бұл өз кезегінде қазақ тілді азаматтардың мемлекет тарапынан құқықтарының шектелуі болып отыр. Сондықтан, халықтың басым бөлігін құрап отырған қазақ тілді қауымның мүддесі заң шығаруда басты назарда болуы қажет.

Мемлекет билігі мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру турасында көптеген шараларды іске асыруда, кейбір шаралар өз нәтижелерін беріп жатқанын да жоққа шығаруға болмайды. Қазақстан Республикасының бұрынғы әділет министрі Р.Түсіпбеков өзінің кезекті бір сұхбатында мемлекеттік тілдегі заң сапасы мәселесіне арнайы тоқталған болатын. «Соңғы кездері заң актілерінің мемлекеттік тілдегі нұсқасының сапасы сын көтермейтіні жиі айтылуда. Бұл түсінікті де. Құжаттың орыс тіліндегі нұсқасымен қазақ тіліндегі аудармасының сәйкес келмеуі, терминдердің бірізді қолданылмауы бұл саланы бір жүйеге келтіруді талап етіп отыр. Бұл ретте, заң жобаларының, халықаралық шарттар жобаларының, қолданыстағы заңнаманың мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндерінің тұпнұсқалығын тексеру, қазақ тілінің стилистикалық, грамматикалық заңдылықтарының сақталуын тексеру үшін міндетті лингвистикалық сараптаманы енгізу қажеттігі туды. Осы мәселені шешу мақсатында кезінде ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Әділет министрлігінің алқа отырысында Лингвистикалық орталық құру туралы бастама көтерген болатын. Соған орай, Лингвистика орталығын құру және онда нормативтік құқықтық актілерге және халықаралық шарттарға лингвистикалық сараптама жүргізу үшін бірқатар мәселелер пысықталуда. Бұл ретте, ең алдымен, еліміздің қолданыстағы заңнамаларына, соның ішінде «Нормативтік құқықтық актілер туралы», «Халықаралық шарттар туралы» заңдарға, ҚР Үкіметінің Регламентіне, 2002 жылғы 30 мамырдағы Үкіметтің қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптаманы өткізу ережелеріне және т.б. өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда. Дейтұрғанымен, бұл Орталықтың тиісті деңгейде жұмыс істеуі әрі сараптамаларды сапалы жүргізуі үшін тіл мәселесімен айналысатын заңгер мамандар мен заңдық техниканы зерделеген кәсіби филологтардың қосатын үлесі зор екенін атап өткен жөн» [4, 3 бет]. Қазіргі кезде заң шығару институтының аударма бөлімі лингвистика орталығы етіп қайта құрылды. Министрдің ескертіп кеткеніндей, қазіргі қазақ тіліндегі заңнаманың қалыптасуы мен аударма ісінде қазақ тілін жетік меңгерген заңгерлердің тигізер әсері мол. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарғы білікті, қазақ тіліне жетік заңгер мамандарын даярлау бүгінгі күні жоғарғы оқу орындары үшін басты міндет. Қазақ тілді заңгерлердің тілді білуі мен оны толық меңгеруі екі түрлі мәселе. Сондықтан, осы мәселеде жоғарғы оқу орындарында студенттерге білім беруде олардың мемлекеттік тілді толық меңгеруіне жағдай жасайтын жаңаша әдістемелер мен бағдарламалар енгізу - уақыт талабы.

Студент бойындағы ұлттық рухты жандандыру үшін оған ұлт көсемдерін таныстырып, олардың ұлт үшін атқарған істерін студенттерге насихаттау жайлы өз ойларын кезінде ұстазым, ғалым Сәкен Өзбекұлы жиі айтып отыратын еді. Студентке ұлттық бағытта тәрбие беру арқылы, оның ұлт мүддесіне қызмет істейтін, өз тілін құрмет тұтатын азамат болып қалыптасуына жоғарғы оқу орнының тигізер әсері мол. Сол себептен студенттің тілді терең меңгеріп қана қоймай, өз ұлтына жаны ашитын, ұлттық мүддені өз мүддесінен жоғары қоя білетін, болашақта қазақ тілінде заң мәтінін даярлауға қабылетті маман болуына жоғарғы оқу орнындағы профессорлық-оқытушылық құрам тарапынан барынша ықпал жасалуы қажет. Студенттің мемлекеттік тілді тек біліп қоюы оның болашақта заң мәтінін қалыптастыруға қабылетті маман болуына кепілдік бермейді. Сол себепті студент мемлекеттік тілді толық меңгеріп, оның тереңіне үңілуі қажет, қазақ ұлтының жанын түсініп, оның мұқтаждығын білуі тиіс. Бұл мәселеде жоғарғы оқу орнының оқытушысына көп міндет жүктеледі, ол студент бойындағы ұлттық рухты көтеру бағытында барынша көп жұмыс атқаруы тиіс. Әсіресе, заңгер мамандығын даярлауда «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, құқықтық және саяси ілімдер тарихы» бойынша пәндер жүргізетін оқытушылар студенттерге қазақтың ұлт көсемдері жайлы, олардың айтқан өсиеттері мен атқарған істері жайлы ақпараттар беріп, олардан осы бағытта өзіндік жұмыс тапсырмаларын орындауларын талап ету арқылы жанама түрде студент бойындағы ұлттық рухты оятуға ықпал жасауы тиіс деп түйіндеуге болады.

Жалпы, студентті ұлттық рухта тәрбиелеу идеясының өзектілігі бүгінгі күні өзге заңгерлер тарапынан да мойындалуда, бұл турасында беделді заңгер ғалымдар оң пікірлерін білдіруде. «Қазіргі кезде қазақшаға жетік заңгер­лер­дің өзі қазақша заңнама актілерін оқымайды. Оларға бұл үшін кінә қоюға болмайды. Өйт­кені, қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің біразы тү­сініксіз жазылған. Орысша оқысақ түсінік­тірек, қолдануға жеңіл. Заңнаманың қазақша мәтіндерінің осындай халі ұлттық намысқа тиеді, мем­лекеттік мәдениетімізге нұқсан келтіреді. Сондықтан болашақ заңгерлерді даярлауда тілдік дайындықты, әдебиетті білуді, ұлттық рухты жануды алдыңғы ор­ын­ға қою керек. Заңи білім беруде осы мә­се­ленің ерекше өзектілігі дау тудырмаса керек» [5, 4 бет]. Осыдан біраз уақыт бұрын өзінің заң газетіне берген сұхбатында заң шығару институтының бұрынғы директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.Д.Бұсырманов: «Қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің сапасыз болуының басты себебі – мемлекеттік тілде заңды жақсы білетін мамандар жоқ. Заңның түп- нұсқасын қазақ тілінде жазу үшін тек тілді білу жеткіліксіз. Сондықтан да, менің ойымша, жоғары оқу орындарындағы заң факультеттерінен филология топтарын немесе филология факультеттерінен заң топтарын ашу керек пе, қандай жолмен болмасын осы екі талапқа да сай келетін мамандарды дайындауымыз керек» [6, 1 бет] деген пікір білдірген еді. Бірақ, тілшілер мен заңгерлерді қосып оқыту артықтау шаруа болар, дегенмен, қазақ және орыс тілді заңгерлерге жоғарғы оқу орнының қабырғасында қазақ тілі мен әдебиетін міндетті пән ретінде енгізу де мәселенің шешімін табудың бір жолы болар еді. Әрине, заңгер үшін әдебиетті жоғарғы оқу орнында оқудың не қажеті бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ, көптеген студенттердің қазіргі кезде Абайдың бір өлеңін толық жатқа білмейтіні олардың әдебиетпен жоғарғы оқу орнында қайта қауышуының артық болмасына меңзейді. Өйткені, кез-келген болашақ заңгер адамдармен тікелей жұмыс істейтін лауазымдарды иеленуі мүмкін, ал, адамдармен жұмыс істеуде өз ойыңды толық және ұғынықты тілмен жеткізе білу - басты талап. Сонымен қатар, нақты әдеби шығармалардың түпнұсқасымен танысу, қазақ тілінің грамматикасын тереңдетіп меңгеру студенттің болашақта заң мәтіндерін түзуге атсалысатындай жағдай туындаса еш кедергісіз жұмыс істеуіне ықпал жасайды. Осы тұрғыдан алғанда заңгер мамандығын иеленуші студенттің тіл байлығын дамытуда әдеби шығармалармен танысудың мәні зор.

Ойымды қорытар болсам, мемлекеттік тілдегі заңдар сапасын көтеру үшін ең алдымен сол заңның мәтінін жасауға тиісті заңгерлердің мемлекеттік тілді толық меңгеруін қамтамасыз етіп, олардың бойында қазақы діл қалыптастыру қажет. Заңгердің бойындағы ұлттық рухты жандандыра отырып оның тілге деген құрметін арттырып, өз ұлты алдындағы жауапкершілігін түсінуіне ықпал жасау арқылы көптеген мәселені шешуге болады деген пікірдемін.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Өміржанов Е.Т. Азат қозғалысы және қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы. Алматы, 2009

2. Численность населения Казахстана. www.today.kz/ru/news/.../2010-11.../35958

3. Заңдардың мәтіндерін түсіну қиынға соғады. nurastana.kz/?p=8481

4. Заң жобалау қызметінің сапасын көтерудің және заңдардың тұрақты жұмыс істеуін ... 82.200.130.91/person/3542/ -

5. Н. Дулатбеков, Б. Сыздық. Қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің біразы түсініксіз жазылған. www.egemen.kz/2106.html -



6. «Заңдағы шылаулардың өзі адам тағдырын шешеді»
zan.zanmedia.kz/index.php?...





Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет