Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасатын жақын адамдарының бірі болған. Мұхтардың бала кезінен Абай мұрасына қызығушылығын оятқан да осы атасы еді. Ескіше сауаты бар, араб, парсы, түркі әдебиетімен таныс Әуезді Абай "Әуке аға", "Үлкен қожа" деп атаған. Мұхтар дүние есігін ашқанда, Абай Әуезовтердің шаңырағына шілдеханаға барған деген де естеліктер бар.