Мұстафа қазақ елін, Орта Азия халықтарын жанындай жақсы көрді. Бірақ өмірін шет жерлерде өткізді. Әрине, ол оған оңай тимеді



Дата11.01.2017
өлшемі94,01 Kb.
#6868
Мұстафа қазақ елін, Орта Азия халықтарын жанындай жақсы көрді. Бірақ өмірін шет жерлерде өткізді. Әрине, ол оған оңай тимеді. Елін аңсады, оған дәлел еліне арналған өлеңі: «Жағасына біздер жазда баратын, Сырдария толқып тулап жататын. Бәрін тастап бір ғажайып сол жаққа, ұшар едім болса егер қанатым». Мұстафа Шоқай – Сыр елінің түлегі. Дәулетті Шоқай бидің ұлы, Петербург университетін бітірген, қоғам қайраткері.

Мұстафаның қандай жанұядан шыққанын «Қазақ» газетінде 1914 жылы желтоқсанның 10-жұлдызында жарық көрген Закир Гайсин деген кісінің Шоқай қайтыс болғаннан кейін берілген «Ас» қаражатынан байқауға болады. Онда: «Ақмешіт уезіне қараған шашты қыпшақ марқұм Шоқай Торғай баласына ас берілді. Шақырылған елдің бір шеті Қазалы, бір шеті Ташкент болды, үш мыңға жақын жұрт жиналды. Астың бар шығыны бес мың сомнан асты. Бәйгеге 57 ат шауып, 17-сіне бәйге тігілді. Бас бәйгеге 8 сом ақша, екі қара тігілді» делінген. Бұл өте көп қаражат болатын, егер ол кезде бір қой 20-30 тиыннан аспайтын болса. Мұстафа асқа келді ме, әлде жоқ па, ол жағы айтылмайды. Тек, оның Петербург университетінде оқуын бітіріп, енді мемлекеттік емтихан қарсаңында тұрғанын хабарлаған.

Мұстафа бастауыш мектепті Перовскіде, гимназияны Ташкентте үздік бітіріп, Петербург университетіне жолдама алған.

Мұстафаның қоғамдық, саяси көзқарасы сол университетте, одан кейін де қалыптасқан болса керек. Мәселен, Мұстафа Шоқайдың қоғамдық көзқарасы Петербург университетінде оқып жүрген кезінде қалыптаса бастады. Ол кезде Петербургте қоғамдық ой қазанда қайнағандай асып, тасып жататын. Алдымен саяси ойларды қозғаған неше түрлі большевик, меньшевик, эсер, кадет, монархист сияқты партиялар еді. Оған дейін «Земля и воля», «Черный передел», басқа да алдарына мақсат қойған қозғалыстар өршіді. Бұлар тұралы философиялық тұжырымды Г.В.Плеханов кезінде талдап жазған болатын. Жасырын террористік үйым «Народная воля» 1881 жылы император Александр ІІ-нің өмірін үзді.

1911 жылы Киевтегі театрда Николай ІІ-нің көзінше бір студент Ресей премьер-министрі Столыпинді атып өлтірді. Николай ІІ теңіздей толқыған қоғамдық қозғалысты тоқтатудың орнына Ресейді бетіне қоя берді. Артынша 1914 жылы августа басталған бірінші империалистік соғыста Ресей жеңіліске ұшырады. Осының бәрі 1917 жылғы Октябрь революциясына алып келді. Әрине, бұл күрделі ауыр жағдайлар зерек, ойлы жас Мұстафа Шоқайға әсер етпей қойған жоқ. Қазақ елінің ішкі жағдайы мен болашағы Мұстафаны толғандырды. Мәселен, Ресей мемлекеттік Думасына Ахмет Байтұрсыновтың әрекеті арқылы ең алғаш депутат болып сайланған 6-7 қазақ жігіттері Дума трибунасын тиімді пайдаланып, ұлт, жер, отаршылдық мәселелерін өткір сынға салды. Бақытжан Қаратаевтың жалынды сөзін В.И. Ленин өз еңбегінде қолданды. 1914 жылдың аяғында Петербург университетін бітірген Мұстафа Шоқай, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановпен танысып, ұлт-азаттық ойларын дамытты. Олар патша үкіметінің ұлт аймақтарына қолданған отаршылдық саясатына қарсы айқасқа шықты. Мұстафа Шоқай қазақ халқын, Орта Азия мұсылмандарын отаршылдықтан босатып, тәуелсіз ел – Түркістан Республикасын орнатуға бел байлады. 1917 жылы Ресейде патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет орнап, артынша Қазан революциясы жеңіп шыққан кезде, Орынбор қаласында желтоқсанның 5-і мен 13-і аралығында өткізілген, екінші Бүкілқазақстандық құрылтай съезінде баяндама жасаған Мұстафа Шоқай Қазақ автономиялық республикасын жариялауды ұсынды.

Сондай-ақ 1918 жылы Қоқан қаласында өткен Түркістан Республикасын орнату жөнінде шақырылған мүсылмандар съезінде Мұстафа Шоқай оның президенті деп қабылданды. Бірақ 20 ақпанда Қоқанда орнатылған кеңес үкіметі мұсылмандар әрекетін талқандап, шешімін жоққа шығарды. Нәтижесінде ежелгі аңсаған Түркістан Республикасын орнату арманы қолдан шығып кеткеніне көзі жеткен Мұстафа Шоқай елін, жерін тастап, Каспий теңізі Баку арқылы Грузияға, одан әрі Қара теңізді кесіп өтіп, Түркияға келді. Арманы – қазақ, Орта Азия елін большевиктер шеңберінен босатып, өз алдына еркін егемен ел ету. Ол үшін әлемге сөзі жететін аудитория керек болды. Түркия жері оған ондай трибуна бола алмайтынын байқады. Оған көптеген халық пен қауымның тоғысқан жері керек еді. Сондықтан Мұстафа Парижге қоныс аударады. Мақсаты – сол жерде журнал шығару, тұркі елдерінің санасын ояту және мақсат еткен жұмысына кірісіп, журнал шығару. Мұстафа «Жас Түркістан» журналын шығарып, оған мақалалар жазып, басты мақсатын іске асыруға кіріседі. Мұстафа – табанды, қайсар қайраткер. Ол жалғыз өзі социалистік жүйеге қарсы шықты. Сталин шырмауынан қазақ, басқа орта Азия халықтарын босатпақ болды. «Қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік халқы бірігіңдер! Кеңес отары болудан құтылыңдар, әйтпесе жеке-жеке ұлттығыңнан, айырылып, жойылып кетесіндер!» деп жалынды ұран тастады.

Кельн қаласының жанында тұрған Баймырза Хаит «ХХ ғасырдағы Түркістан», «Ресей мен Қытай аралығындағы Түркістан», «Қенес билігіндегі Түркістан» деген кітаптар жазып шығарды. Автор «Түркістан – кеңес одағының отары» деп жазды. Өз еңбектерінде Баймырза Хаит: «Менің осы еңбектерді жазып шығаруыма Мұстафа Шоқайдың архивтері мен жазбалары көп пайдасын тигізді» деп жазды.

Кейбір басылымдарда «Мұстафа Шоқай Гитлерге қызмет етті, «Түркістан легионына» басшы болды» дейді. Рас, Мұстафаны немістер Парижды алғанда оны түрмеге отырғызды. Кейін босатып, Гитлердің тапсырысымен Берлинге жеткізді. Гитлершілдердің тапсырмасымен тұтқынға түскен мүсылмандар арасында жұмыс жүргізгені де рас. Ол тұтқындар лагерьлерін аралап, мүсылмандарды бөлек есепке алды. Оларды гитлершілдер легионға пайдаланбақ болғаны да шындық. Бірақ Мұстафада қандай ой болды, ол жағы белгісіз. Бірақ ел тәуелсіздігін аңсағаны ақиқат. Мұстафа 1941 жылы 27 желтоқсанда кенеттен дүние салды. Оны «у беріп өлтірген Каюмхан» деген де пікір бар. Бірақ ол қисынға келе бермейді. Өйткені Мұстафа «Түркістан легионына» бастық болып үлгермеген де болар, оның өрнына дәме артқан Қаюмханның оны өлтіруі күдікті. Ол пікірді Мария Яковлевна да айтпайды. Тек Мұстафа өлгеннен соң «Қаюмхан бізге келуін сиректетті» дегені болмаса. Меніңше, Мұстафаның қөзін жойған неміс фашистерінің өзі болуы мүмкін. Мұстафа өз елін қорғады, оны кеңес отарынан босатпақ болды. Сол үшін өмірін сарп етті. Енді неміс-фашистері Орта Азияны өзіне отар етпек пиғылын білген ол қалайша немістің мүддесін қорғайды? Сонда ол Орта Азия халықтарын бір құлдықтан босатып, екінші құлдыққа байлап бермек пе? Бұл ақылға сыймайды. Керісінше, немістерге осы ойын ашық айтқан да болуы ықтимал. Демек, Мұстафа гитлершілдерге де ұнамай, керек болмай қалуы мүмкін. Сондықтан оның көзін жою керек болған шығар.

Кезінде фон Папен (1879-1969) Мұстафаны білген де болар. Гитлер мұсылман халықтары арасындағы жұмысты басқаруды оған тапсырған болатын. Бірақ ол Мұстафамен бір болды ма, ол жағы да белгісіз. Әйтеуір фон Папен де Гитлерге ұнамай, төмендетілді. Ол – шындық. Нюрнберг сотында ол жазадан аман қалды. Біздің айтар ақиқатымыз, Мұстафа фашистік үкіметтің қолшоқпары болған жоқ.

Мұстафа – өз халқын бодандықтан босатып, теңдікке, егемендікке жеткізу үшін басын өлімге тіккен есіл ер, батыр. Ұлы қайраткерлерге биыл 120 жыл толды.



Қорыта келгенде, Шоқай жөніндегі әңгіме әлі де толық, терең зерттеуді қажет етеді. Ол шындық үшін, тарих үшін, әділеттік үшін керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет