Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы рефлексивтік есеп



Дата06.02.2022
өлшемі128,5 Kb.
#68338
түріСабақ

Оразова Жадра Бейбетжановна Мұғалім портфолиосы С есебі
№ 9 топ 3-деңгей
29.10.2015 жыл



Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы рефлексивтік есеп

Аталған Үшінші деңгей бағдарламасынан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды. (мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 4 бет).


Біліктілікті арттыру үшінші деңгейлік бағдарламасына келмес бұрын алғашында, бағдарлама не жайлы екен, не оқытар екен, күтілетін нәтижелері қандай екен деген сұрақтар мазалады. Жүре келе, алдыда кездескен қиындықтардан өте отырып, іздеген сұрағыма жауап ала бастадым.
Бірінші бетпе-бет кезеңінің алғашқы күні Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған, өзгеріске, жаңалыққа жаны құмар, жаңа қадамға адымдап басқан әріптестермен және жүзіне күлкі үйірілген тренермен кездестім. Бірінші апта, бірінші күн әдістемелік құралындағы танысайық бөліміне тоқталып, ынтымақтастыққа ұласатын мығым, сенімді қарым-қатынас орнаттық. (Бірінші апта, бірінші күн әдістемелік құралы). Тренеріміздің айтуы бойынша шаттық шеңберіне тұрып, бір-бірімізге жылы сөздерімізді арнадық, содан кейін аяқ киім өлшемі бойынша топқа бөліндік. Міне жаңа қадам осы екен деп ойладым. «Ескіше» оқыту кезінде мектепте, сыныпқа кіріп оқушыларды тұрғызып, олармен амандасамын. Бір оқушы кезекші болып сайланады, сол оқушыдан күн ретін, аптаның қай күні екенін, ауа райын, бар-жоқты түгендеймін. Тура сол оқушы үйге берілген тапсырманы айтады. Ары қарай сабақ жалғасады, үй жұмысы, жаңа тақырып, сабақты пысықтау. Бұл жерде ынтымақтастық ахуалын қалыптастыру ескерілмей қалады, әрі жоғарыда көрсетілгендей топқа бөлу жүргізілмейді. Ынтымақтастық ахуалын қалыптастырудың сібір бұғыларынша амандасу, жүректен жүрекке, ыммен сыйлық беру, көршінің суреті ойсергегі, тағы да басқа қызықты түрлерін үйрендік. Жалпы ынтымақтастық оқу – өзара іс-әрекет жасау философиясы, топ мүшелерінің ынтымақтастығы арқылы бітімге, келісімге қол жеткізуіне негізделген. (бірінші апта, бірінші күн, 3 бет.) Мектепте оқушылармен сабақ өту барысында, «ескіше» бастап кететін әдетім кездесіп қалады, ондай жағдайда оқушыларым, «Жадыра Бейбітжанқызы, шаттық шеңберін жасамаймыз ба» деп есіме түсіріп отырды. Бұдан байқағаным, әр сабақ басын сыныпқа кіре сала үй жұмысын тексеруден емес ауызбіршілік, сыйластық, құрмет тұғыры ең басты қағида екенін алға қойып, сабақты ынтымақтастық ахуалын қалыптастырудан бастау өте тиімді әдіс екеніне көзім жетті. Алдағы уақытта мектепке кірген кезден бастап, сабақ өту барысында, әріптестермен кездесу барысында, асханада, мектептен үйге оралған кезде жалпы қандай жағдайда болмасын, ынтымақтастық ахуалын орнатып, әр адам жайлы жақсы көзқараста жүру керек деп түсіндім.
Алғашында топқа бөлу не үшін қажет деп ойлайтынмын, алайда топқа бөлудің, өз кезегінде, оқыту кезінде ықпалы зор екенін байқадым. Жалпы алғанда, топтардағы бірлескен жұмыс әлеуметтік, танымдық, эмоционалдық мақсаттарда жүзеге асырылады. Әлеуметтік, ол тәжірибемен және идеялармен алмасу, мәселені бірлесіп шешудің амалын табу, барынша жоғары ұжымдық нәтижелерге қол жеткізу. Танымдық – жұмыстың баламалы амалдары туралы идеяларды ұсыну және пікір алмасу, маңызды дағдыларды және түсініктерді дамыту. Эмоционалдық – топтың жекелеген мүшелерінің білімі мен тәжірибесіне сүйену, күрделі тапсырмаларды орындау үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету. (Бірінші апта, бірінші күн әдістемелік құралы). Топқа бөлу ең оңтайлы тәсіл екеніне көзім жетті, қойылған сұрағыма жауап алдым. Топқа бөлінген соң бірлесіп берілген тапсырманы орындауға кірістік. «Сарапшы», «Номиналдық топ», «Шеңбер», «Талқылау» секілді көптеген әдістерді үйрендік. Бұл әдістерді келешекте мектепте жүзеге асырамын деп ойладым.
Топқа бөлініп алған соң тренер ортаға мәселе тастады, яғни «Мәдениет деген не?» тақырыбында талқылау жүргіздік. Бұл тақырып жайлы ойлану мұғалімдер мен оқушылар үшін маңызды мәселе болып табылатынын ұғындық. Ол үшін бәрімізге ақ қағаз таратылып берілді. Сол алдымыздағы ақ параққа білгенімізді жаза бастадық. Бұл ақ парақ деп отырғаным – мазмұнды сызба болып шықты. Біздің топ алғашқы болып қорғады. Қорғаған жобамыз өте жақсы деп бағаланды. Бұл жерде әр топ мәдениет құндылықтары туралы айта келіп, кейбір топтар мәдениетті кактусқа теңеп жатса, басқа топ оны математикалық фигураларға теңеп жатты. Менің бұл жерде байқағаным, мазмұнды сызбада қорғаған еңбегіңізді басқа топтармен бөлісуге мүмкіндік бар әрі бұл жерде атсалыспаған оқушы қалмайды. Мазмұнды сызбаны дәстүрлі стиль кезінде қолданбадық, есесіне дәптерге жазғызатынбыз. Тақырыпты ашу үшін өзіміз мақсат қойып әрі тақырыпты да өзіміз ашатынбыз, алайда мазмұнды сызба тақырыпты ашу үшін өте тиімді әдіс болып шықты.
Сергіту сәті де оқушыларға өте қатты ұнайды. Сабақтар бір сарынды өтсе оқушылар жалығып, сабаққа деген қызығушылықтары төмендеп кетуі мүмкін, кейде тапсырмалар қиындап кеткенде сергіту сәті таптырмас жаттығудың бір түрі десе де болады. Жаңа бағдарламамен таныспай тұрып, оқушылар шетел тілі сабағында әр сабақтың ортасында сергіп алулары үшін, сүйікті әндерін тыңдап, әннің сөздеріне қосылып бірге әнді айтатын. Мүмкін бұл сергіту сәті болар, дәл сол кезде сергіту сәті деп аталмайтын. Қазір мектеп жасына дейінгі оқушылардан бастап, он бірінші сынып оқушыларының оқулықтарында сергіту сәті енгізілген. Сергіту сәті кезінде интербелсенді тақтадан ән қосылып, бір сергіп билеп алдық. Бұл біздің ары қарай бар ынтамызбен ден қойып, жұмыс жасауымызға септігін тигізді.
Содан кейін «Мен сыныбымның атмосферасын қалай өзгертемін» тақырыбында эссе жаздық. Әр топтан бір адам өзінің жазған эссесін оқып шықты. Бұл да менің өзгеріс туралы тақырыбыма қатысты болғандықтан жазған эсседен бір ауыз сөз түртіп өтпекке бел будым.
«Мен сыныбымның атмосферасын қалай өзгертемін?»
«Өзіміз осы тақырыпты зерттеп, зерделеу үшін, балалардың көңіл-күйін, білім-білік деңгейлерін арттыру жолында, өзгерістер енгізу үшін, осы біліктілікті арттыру деңгейлік бағдарламасына арнайы сұранып, жазылып, алдыма қойған мақсатыма жету үшін осында келдік деп есептеймін. Уақыт зырылдап өтуде. Заман да қарыштап дамуда. Сондықтан да, заман ағымынан қалып қоймай жақсы жаққа қарай бет түзеуіміз қажет. Заманға сай заманауи технологиялар да даму үстінде. Мақсатқа жету жолында аянбай тер төгетін, қыруар еңбек қажет, ол үшін ай сайын болып тұратын деңгейлік курстардан қалмауға тырысып, озық технологияларды игеріп, озық ойлы, адамгершілігі мол, балалардың пікірімен санасатын, сабырлы, рухани бай, «ұстаз» деген атқа лайықты мұғалім болуға тиістіміз. Осы үшінші деңгейлі біліктілікті арттыру бағдарламасын, абыроймен аяқтаған соң сыныбымда және сынып іші оқушыларының атмосферасын 180* қа өзгерту ойымда бар, өйткені алдымда отырған шәкірттеріме жақсы тәрбиені бойына сіңіретін, адамгершілігі мол, мейірімді, үлгілі ұстаз бола отырып өзгеруге тиістімін, өйткені өзгеріссіз қалу мына заманда мүмкін емес» деп жазған екенмін. Әрине тым әсерлі жазылмаған, дегенмен, сабақ үстінде жазылғандықтан уақыт тығыздығы да себепші болған сияқты.
Әр мұғалім өзінің жоғарыдағы тақырыпқа байланысты жазған ой-толғауын оқыды. Артынан әрқайсысы жеке-жеке бағаланды. Осы орайда бағалауға келетін болсам, дәстүрлі оқыту стильімен біраз салыстыруға итермелейді. Дәстүрлі оқыту кезінде бағалауды өзіміз жүзеге асырамыз. Оқушы сұралады, жауабына қарай бағаланып отырды. Оқушының баға қоюы деген сөз мүлдем естілмейтін. Дәстүрлі сабақ беруде бағалаудың бес балдық жүйесін ғана білетін болсақ, жаңа бағдарламада бағалау екіге бөлінеді. Жиынтық бағалау және қалыптастырушы бағалау. Жиынтық бағалауды кейде оқуды бағалау деп атайды. Ал қалыптастырушы бағалауды оқу үшін бағалау деп атап жатады. Сонымен қатар формативті, суммативті деп те атайды. Формативті, яғни қалыптастырушы бағалау, бұл бағалаудың өз кезегінде түрлері жетерлік. Атап айтар болсам, күлегештер арқылы бағалау, бағдаршам әдісі, критерийлер, бас бармақ арқылы бағалау, стикерлер, бағалау парақшалары, санау таяқшалары, балдық жүйе арқылы, от шашу. Мектептегі тәжірибе кезінде күлегештер, бас бармақ, бағдаршам, критериийлер, санау таяқшалары, от шашу секілді бағалау әдістерін қолдандым. Оқушыларға осылардың ішінен көбіне отшашу арқылы бағалау әдісі ұнады. Алдымыздағы оқыту кезеңдерінде бағалаудың тиімді түрін алып қолдануға болатынына көзімді жеткіздім.
Алайда бағалау әдістерін жүзеге асырып жүріп тиімді, тиімсіз жақтарын кездестірдім. Бағалау кезінде оқушыларға бағалау парақшаларын тараттым. Әрқайсысының ішіне сабақта өтілетін тапсырмаларды тізіп жаздым, мысалы, үй жұмысын орындағаны, жаңа сөздерді оқуы, жасырылған жұмбақты шешу, аңдарды теріп жазу, «Алты ойшыл қалпақ» әдісі, мазмұнды сызба қорғауы және ең соңғы бағанда қорытынды баға деп жазып қойдым. Топ басшысы әр тапсырманы мұқият түсініп, қай оқушы жауап берді сол оқушыны үш балдық жүйеде бағалап отырды. Міне осы кезде алдымда кедергілер кездесті. Оқушылар мұндай бағалау түрін алғаш кездестіргендіктен, сыныптасын бағалау кезінде, мысалға, Шыңғыс «үш» деген бағамен оқитын оқушы болса, Шыңғыс қаншалықты сабаққа жауап беруге тырысқанына қарамай, «үш» деген баға қойыла берді. Сонда түсінгенім, оқушылардың санасында «нашар оқитын оқушы» деген түсінік қалыптасып қалады екен. Жоғары баға қойылмауы керек сияқты. Ал керісінше, жақсы «беске» оқитын оқушыларға бағалар көтермеленіп қойылып және өзінің досына төмен баға қойғылары келмейтінін байқадым, яғни әділ бағаланбай жатқан оқушылар болды. Бұл кезде алдыда кездескен кедергілерден қалай өтіп, қандай шешім қабылдады деген сұрақтар туындауы мүмкін. Бұл кезде оқушыларға әр тапсырманы мұқият түсіндіріп, егер Шыңғыс сияқты оқушылар бір рет болса да жауап берген жағдайда бір бал қою керек екенін түсіндіріп өттім. Жоғарыда айтып өткендей бір бал дегенім «үш», екі бал – «төрт», үш бал алса – «бес» деген баға болып есептелінді. Оқушылардың әрқайсысы топ басшысы болғылары келді, алайда тек жақсы оқитын оқушылар арасынан қоюға тура келетінін, топ басшысы болу үшін жақсы оқуға тырысу керек екенін айттым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, топ басшысына әділ болмаған жағдайда басқа топ басшысын сайлатындығымды айттым. Бұл оқушыларды өз кезегінде жақсы оқуға, әділ бағалауға жетелейді деп ойладым. Міне, осылай оқушылармен ауызбіршілік туын ұстана отырып және, сонымен қатар, оқушыларға дұрыс бағыт көрсете отырып алдымдағы кедергілерді артта қалдырдым. Нәтижесінде, тізбектелген сабақтар топтамасындағы төртінші рет өткізілген «Жануарлар қауіпте» тақырыбындағы сабағымды өткен кезде бағалау жеңіл болды. Оқушылар біраз түсінген, бағалау әділ жүргізілді, топ басшысы ретінде сайланған, Айша есімді жақсы оқитын оқушым өзіне қойған қорытынды бағасының «үш» болғанан жеткізді. Неге олай бағалағанын сұрағанда, қандай да бір тапсырмаларға жауап бермегенін айтты. Өзімде кейде бағалау кезінде топ басшыларына сеніп алатын әдет пайда болды, нәтижесінде топ басшыларының айтқан бағасын журналға қойып жүрдім. Жоғарыда келтірген мысалдағы Айша, Шыңғыс секілді оушылардың әділ бағалануын қадағалау ретінде олар «үш» десе үш қоя салмай, «Жоқ, сен мына жерде жақсы жауап бердін, сенің сол айтқан жауабың дұрыс шықты, сондықтан «төрт» қойғым келіп отыр» деп нақты соңғы нүктесін мұғалім қою керек деп түсінемін. Сондықтан топ басшыларына сеніп алмай, өзім де оқушылардың жауаптарына мән беріп қадағалап отыру керек екенін түсіндім.

Екінші бетпе-бет бірінші күнінде бізге төрт апталық бағдарламаның мазмұнын түсіндіру тапсырмасы берілді.


Әр топтан шығып пікірлерімен, мектепте өткен тәжірибелерімен бөліскен мұғалімдердің ортақ шешімі, көпшілігі сергіту сәті, шаттық шеңбері, топқа бөлу кезеңі, «серпілген сауал» әдісі, яғни доп лақтыру арқылы үй жұмысын сұрау немесе басқа тапсырмаларға қолдану кезінде және формативті бағалау әдісі оңай болғандарын атап өтті. Формативті бағалау кезеңінде әріптестер күлегештер, критерий, жұлдызша, басбармақ арқылы бағалау, топ басшысының бағалауы, бағдаршам, екі жұлдыз бір тілек және білемін, білгім келеді, үйрендім, яғни инсерт әдісін қолданғандарын айтты. Қандай тапсырмаларды орындау қиын болды, қандай кедергілер кездесті деген сұраққа уақытты үнемді пайдаланбау, оқушылардың бір-бірін әділ бағаламауы, сөздік қорының аздығы деген пікірлер айтылды. Келесі кезекте мұғалімдерге өз сабақтарының топтамасын басқа мұғалімдерге «сату» үшін таныстырылым дайындау тапсырмасы берілді. Ол үшін мұғалімдерге өз «тауарларын» көрсету үшін және ол сабақтар топтамасы Бағдарламаның барлық идеяларын қамтитындығына басқа мұғалімдердің көздерін жеткізу үшін «жәрмеңке» өткізу ұсынылды. Мен де осы өткізген төрт сабақ бойы үйренген әдіс-тәсілдерімді көрсеттім. «Кір жаю» әдісін бұрынғысынан өзгертіп киіммен емес басқа да әдіспен жаюға болатынын ұсындым. Тағы бір ерекшелігі блоб ағашын ұсындым, оның қолданылуымен таныстырып өттім. Әріптестеріме көрсеткен әдістер ұнады, Ернат, Гүлжамал, Назым, Ляззат апайлар әдістерімді сатып алды. Өзім Гүлжамал әріптесімнің «алақан стол үстінде» кері байланысын сатып алдым. Бұл әдіс кері байланыс кезінде қолдануға ыңғайлы болғандықтан келешекте сабағымда пайдаланамын деп шештім.
Бес топта сұрақ қою әдісін мектептегі өткен сабақтарын көз жүгірте отырып, сыни тұрғыдан ойлана отырып мазмұнды сызбадан көрсете білді. Сызбаны қорытындылаған, тренеріміз сұрақ қою әдісін прополис ретінде көрсеткен топтың сызбасына тоқталып, бұндай тәжірибесінде алғаш рет кездескенін, бал ара ұясы жайлы айтып өтті. Ассоциация арқылы, сыни тұрғыдан ойлай отырып жақсы көрсеткенімізді және келешекте оқушыларға да мазмұнды сызбамен жұмыс жасату керек екенін айтты.
Жалпы, осы оңтайлы әдістерді үйрене отырып, дұрыс жол таңдап, пайдалы істің басында отырғаныма сенемін. Болашақта үшінші деңгей біліктілікті арттыру бағдарламасын үйренуді ары қарай жалғастырып, үш ай уақыт аралығында үйренген әдіс-тәілдерімді, бірімен-бірі етене тығыз байланысқан жеті модуль идеяларын іс-тәжірибемде жүзеге асыру ары қарай жалғасын табатынына сенім артамын. Нені дамытар едім деген сұраққа жеті модуль идеяларын ары қарай зерделей келе мұғалімнің рольін басқарушыдан серіктестікке ауыстыруды және өз сабақтарыма толықтай өзгерістер енгізуді ары қарай дамытар едім. Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады» дейді. Демек, алдымызда отырған оқушының жан-жақты терең білім алуына мүмкіндік беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін ұялата білсек, ертеңгі болашақ азаматтың өзіндік жеке көзқарасының қалыптасуына ықпал етері сөзсіз. Сөзімді қорыта келе, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралында жазылған С. Бичтің, 2012 «Мұғалімдер неліктен өзгеруі керек?» атты мақаласымен аяқтар едім.
«Мұғалімдер неліктен өзгеруі керек?»
Себебі – алғашқыда мұғалімдікке неліктен келген болсаңыз, сол себепті өзгересіз. Сіздің табыс көзіңіз ешқашан жай жұмыс болған емес – көбіне ол миссия, міндет, сондықтан сіз өзгересіз. Сіз балаларға жаныңыз ашиды әрі ол білім мен дағдыларды меңгергенге дейін сіз оларды балаларға бере алмайсыз, сондықтан сіз өзгересіз.
Неліктен өзгеру қажет? Сіздің өзгеруіңіз қажет, себебі әлемдегі барлық адамдардың ішінен – мұғалімдер ғана үзіліссіз оқудың бағасын түсінеді. Қарым-қатынастың маңыздылығын интуициялы түсінгендіктен, басқа балалар үшін істеген істеріңіз арқылы өз балаларыңызға мұра қылып қалдыруға мүдделі болғандықтан, сіз өзгересіз. Оқу бір жерде тұрмайтынын, өзгерістің болмауы өсудің тоқтағанын білдіретінін түсінгендіктен сіз өзгересіз.
Әлем өзгергендіктен, сіз де өзгересіз және қазіргі сәтте өзгеріссіз қалу өте қауіпті екенін білесіз. Сіз өзгересіз, себебі сіз білім алғанды, білім бергенді жақсы көресіз, балаларды сүйесіз және олар мына жылдам өзгеретін әлемде бағыт беріп отыратын сізді қажет ететіндігін білесіз, оны істеу үшін сізге алдымен өз жолыңызды табу қажет. Сондықтан сіз де, олар да өзгеруі қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:


1.«Мұғалімдерге арналған нұсқаулық» ІІІ


2. Ғаламтордан алынған материалдар
3. Бірінші апта, бірінші күн С. Бич, 2015



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет