Орындаған: Жаймуханова А. Ж. Тобы: ҚТӘ 301-1 Тексерген



Дата07.10.2022
өлшемі26,21 Kb.
#152069
Байланысты:
1-бөж


Х.Досмүхамедов Атындағы Атырау университеті

БӨЖ

Тақырыбы: Сөзжасамның зертелуі, зерттеу нысаны. Морфология саласына үлес қосқан ғалымдардың еңбектерін талқылау. Сөзжасамның басқа салалармен байланысы
Орындаған: Жаймуханова А.Ж.
Тобы: ҚТӘ 301-1
Тексерген: Абдрахманова Ж.М.

Жоспары:
1.Сөзжасамның зертелуі, зерттеу нысаны.
2.Морфология саласына үлес қосқан ғалымдардың еңбектерін талқылау.
3.Сөзжасамның басқа салалармен байланысы.

1.Сөзжасамның зертелуі, зерттеу нысаны. Сөзжасам тілдің басқа ешбір саласы атқара алмайтын қызметті – туынды сөз, жаңа сөз (атау – номинация) жасау қызметін жүзеге асырады. Сөзжасамдық нұсқалардың сөзжасамда атқаратын қызметі, жаңа сөздердің жасалу үлгілері мен тәсілдері, сөзжасамдық нұсқалардың түрлері, қолданылу ерешеліктері, сөзжасамдық ірі бірліктер болып саналатын сөз-жасамдық ұялар, олардың құрылысы, оның мүшелері, олардың қызметі, ерекшелігі сияқты т.б. тек сөзжасамға қатысты заңдылықтар оны тілдің басқа салаларынан ерекшелендіреді. Солай бола тұрса да, сөзжасамның тілдің басқа салаларымен байланысын жоққа шығаруға болмайды.


Тіл білімі салаларының ішінен сөзжасамның морфологиямен байланысы ертеден-ақ белгілі болған. Сондықтан да сөзжасам көптеген тілдерде морфологияның құрамында қаралып келді. Себебі, бұл екеуінің де зерттеу нысаны – сөздің ең кішкене бөлшегі – морфема. Бірақ сөзжасам жаңа сөз жасаушы морфемаларды зерттейді де, морфология грамматикалық тұлғаларды (формаларды) яғни сөз түрлендіруші тұлғаларды зерттейді. Ал бұл екі тілдік көрсеткіштердің ұқсастық жақтары да, дүдәмал жақтары да мол. (Мысалы, еркелету, кішірейту т.б. мәнді жұрнақтар, шырай жұрнақтарының кей түрі, етіс жұрнақтары, үстеу құрамындағы көнерген септік жалғаулары т.б.).
Сөзжасам да, морфология да сөз құрамын зерттейді. Екеуінде де сөздің құрамы негізгі және көмекші морфемадан тұрады. Айырмашылық көмекші морфеманың мағынасы мен қызметіне қатысты. Сөзжасамның нысанасына көмекші морфеманың яғни қосымшаның сөзжасамдық жұрнақ түрі жатады да, морфологияның зерттеу нысанына қосымшаның жалғаулар түрі мен жұрнақтардың грамматикалық категория көрсеткіштері болатын түрлері (сөз түрлендіруші) жатады.
Қазіргі қазақ тілі сөзжасамын тілдің жеке бір саласы ретінде қарастырғанымызға көп уақыт өткен жоқ. Сөзжасам жүйесі біршама зерттеліп, ғылыми еңбектер қорғалып, монографиялар мен оқулықтар жарық көрді. Сөзжасамның зерттеу нысанын, тіл біліміндегі орнын, мән-маңызын ашуда профессор Н. Оралбаеваның, профессор С.М. Исаевтың, профессор А.Салқынбайдың, профессор З.Бейсембаеваның, Б.Қасымның тағы басқалардың еңбектерін ерекше атауға болады.
Сөзжасамның қазақ тіл білімінде өзіндік орнын қалыптастыруда осы саланың өзіне арналған алғашқы монография жарық көрген болатын. Сөзжасам мәселесін жаңа бағытта, жаңа ғылыми негізде жоғарғы дәрежеге көтерген және сөзжасамның кейінгі зерттелуіне соны бағыт сілтеуге, сөзжасамға көзқарасты өзгертуге, жаңа идеяларға бастауға профессор Н.Оралбайдың жауапты редакторлығымен (авторлары – қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымдары М.Балақаев, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева, Қ.Есенов, Е.Жанпейісов, С.Нұрханов) 1989 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиясының маңызы өте зор болғанын айтуымыз керек [1]. Монография сөзжасам мәселесін жаңа тұрғыда зерттеудің нәтижесі болды, ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделе отырып жазылған ғылыми, көлемді монография еді. Сондықтан қазақ тіл білімі сөзжасамының жеке сала ретінде танылып, қалыптасуының негізін қалаудағы ғалымның зерттеген мәселелеріне ерекше тоқталғымыз келеді.
Сөзжасам 1990 жылы жоғарғы оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқу жоспарына кіргеннен бастап оқытылып келеді. Сөзжасамды оқытудың бағдарламасын 1992 жылы профессор Н. Оралбаева құрастырған болатын. Бұл пәнді оқытушылар «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияға және осы мәселедегі жеке зерттеулер мен морфология оқулығындағы сөз таптарының сөзжасамы туралы деректерге сүйеніп оқытып келген. Сөзжасам терминінің өзі алғаш 1988 жылғы Н.Оралбайдың «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі» деген монографияда қолданылған болатын, ол термин екінші рет аталған монографияда қолданылып, өз статусын бекітті [2]. Сөзжасамның жалпы теориялық мәселелері бұрын зерттелмегендіктен, олардың ғылымда терминдері де болмаған. «Монографияда» сөзжасам мәселелерінің терминдері тұңғыш рет ғылыми айналымға түсті.
Осы аталған монографияның негізінде Нұржамал Оралбай 2001 жылы оқулық жазып шығарды. Аталған еңбегінде Оралбай Нұржамал апай: «Сөзжасам бұрын морфология саласының құрамында қаралып, оның мәселелері морфология оқулығында берілгенде, онда сөз таптарының сөзжасамы ғана қамтылды, оның өзі толық қамтылды деу қиын. Өйткені морфология тіл білімі салаларының ішіндегі ең күрделісі, оның өз мәселелерін оқулықта толық, жан-жақты қамту өте ауыр, оқулық көлемі, ол пәнді оқытуға бөлінетін уақыт бәрі өте күрделі мәселенің аумағына шек қойды»,- дейді [3,7].
Аталған оқулық қазіргі замандағы ғылымның дамуына сай жаңа технология бойынша модульдік жүйемен жазылған. Оқулықта қазақ тілінің сөзжасам жүйесі, сөзжасамдық талдау, сөзжасамдық тәсілдер, сөзжасам бірліктері, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық мағына негізділігі, сөзжасамдық ұя, тізбек, саты, тип, үлгі, т.б. қазақ тілінде бұрын зерттелмеген мәселелер айтылды. Бұл жөнінде профессор «Оқулық мәселелерін модульдерге бөліп беру пәнді сапалы меңгеруді көздейді. Студент әр модульдің мәселелерімен түрлі жұмыс жүргізіп, оны меңгеруге мүмкіндік алады, оқытушы студенттің әр модуль бойынша жасаған жұмысын, оның сапасын тексеріп, бағалауға мүмкіндік алады. Әр модуль соңындағы сұрақтар, тапсырмалар, тестер т.б. т.б. жұмыстарды орындау, оның дұрыстығын анықтау, ондағы кемшілікті жою үшін мәселеге қайта оралу т.б. мәселені сапалы меңгеруге көмектеседі. Оқытушы әр студенттің әр модульдің мәселесін қалай меңгергенін бағалап қорытып отырады. Бұл студенттің пәннің әр мәселесін толық, сапалы меңгеруін қамтамасыз етеді» деп [3], қазіргі кредиттік жүйеде модульдік оқыту технологиясын қолдану бұл саланы сапалы меңгеруге септігін тигізетінін түсіндіреді.
Н.Оралбаева сөзжасамдық мағына туралы ғалымдардың пікірлерін келтіре отырып, өзгерген туынды мағына (негіз сөздің мағынасының негізінде жасалады: жас-жасар, көк-көгер), түрленген туынды мағына (негіз сөздің мағынасы өзгермей, түрленуі: бала-балапан, әке-әкетай), көшірілген туынды мағына (негіз сөздің мағынасы басқа сөз табына көшуі: айтыс (етістік) – айтыс (зат есім)), теңбе-тең туынды мағына (туынды сөздің мағынасы негіз сөздің мағынасымен тең болуы: АлМУ — Алматы мемлекеттік университеті) деп бөледі[3].

Ғалым қазақ тіл білімінде түбір сөз, туынды сөз, туынды түбір деген терминдердің жігі ажыратылмай, кейде олар бірінің орнына бірі қолданылуы кездесе беретінін келтіріп, аталған терминдерге анықтама береді. «Түбір сөз лексикалық бірліктің грамматикалық тұлғаларға түрленбей тұрғандағы сөздіктерде берілетін түрі. Мысалы, он, жақсы, отыр, сыбызғышы, жылыжай, жолқиыс, әсемпаз, талапкер т.б. Бұлардың әрқайсысы да — тілде белгілі мағынаны білдіретін сөздер. Осылардың қалай жасалғанына, құрамдарының түрлілігіне қарамастан, бәрі де түбір сөздерге жатады. Түбір сөз деп лексикалық мағына беретін, сөздікте белгілі орны бар, белгілі бір сөз табына жататын сөздер аталады. Түбір сөздер екі үлкен топқа бөлінеді, олар: негізгі түбір және туынды түбір. Негізгі түбір сөз бір морфемадан ғана тұрады, әрі қарай бөлшектеуге келмейді, тұтас тұрып лексикалық мағына береді. Мысалы, ол, ел, ата, ана т.б. Туынды сөздер ең кемі екі морфемадан құралып, сөзжасам әрекетінің нәтижесінде жасалған, белгілі лексикалық мағынасы бар сөздер. Тілде сөзжасамдык тәсілдер түрлі болғандықган, олардың нәтижесінде жасалған туынды сөздер де түрліше. Мысалы, қаламгер, сөзшең, өтірікші, білімпаз деген туындылар мен жолсерік, қолкесер, көміркышкьлы, ұзынсонар деген туындылар бір емес. Сол сияқгы АлМУ, екпін, тасымал, ҚР деген сөздерде де айырма бар, бірақ осы сөздердің бәрі туынды сөздерге жатады, өйткені олардың бәрі-сөзжасам үрдісінің нәтижесінде, түрлі сөзжасамдық бірліктер мен түрлі сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалған сөздер. Сонда туынды сөздерге сөзжасам үрдісінің нәтижесінде жасалған сөздер ғана жататыны көрінді», — дейді[3]. 
Тіліміздің сөздік қорынан туынды түбір сөздердің кең орын алатынын сөзжасамдық ұялар анық дәлелдейді. Өйткені әр сөзжасамдық ұя бір негізгі түбір сөзден қанша туынды сөз жасалғанын анық, ашық көрсетеді. Өйткені сөзжасамдық ұя бір негізгі түбірден жасалған барлық туынды сөздерді толық қамтиды. Тілдің сөздік қорында негізгі түбір сөздерден туынды сөздер әлдеқайда көп. Сөзжасамдық ұя тілдік құбылыс ретінде қазақ тілінде танылып, алғаш рет анықтама алуы 1989 жылғы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиялық еңбектен басталады [1,365]. Бұл еңбекте сөзжасамдық ұяға төмендегідей анықтама берілген: «Сөзжасамдық ұя деп бір негізгі түбірден тараған туынды түбірлердің жиынтығы аталады». Профессор Н.Оралбаева әр сөзжасамдық тізбек сөзжасамдық тарам мүшелеріне байланысты, сөзжасамдық ұя жұптан, сатыдан, тарамнан, тізбектен тұрады, олар сөзжасамдық ұяны құрайтын негізгі мүшелер болып табылады деп, сөзжасамдық ұяның жүйелі құбылыс екенін көрсетеді. Және сөзжасамдық ұяның әрбір мүшесін жеке-жеке талдап, әрқайсысына анықтама беріп, мысалдармен түсіндірген. Сөзжасамдық ұя бойынша, сөзжасамдық тізбек бойынша Нұржамал Оралбайдың жетекшілігімен бірнеше ғылыми-зерттеу жұмыстары жазылды.
Қазақ тілінің сөзжасамы — бүгінде қазақ тіл білімінің бір саласы ретінде ғылыми-теориялық негізі қаланған, зерттеу нысаны айқындалған сала. Бұл мақалада қазақ тілі сөзжасамының кейбір мәселелері мен ғалым Н.Оралбайдың осы мәселелер жөніндегі ғылыми көзқарастарын ғана қарастырдық. Қазақ тілінің сөзжасамы ауқымы кең, әлі де сөзжасам мәселелерін зерттеуші ғалымдардың көзқарасын талдау және жан-жақты зерттеу алдағы уақыттың еншісінде.
Сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы болып танылуы оның өзіндік зерттеу нысанасы болуымен байланысты. Сөзжасам тілдің сөзжасам жүйесін, сөзжасамдық бірліктерді, сөзжасам заңдылықтарын, сөзжасамның амал-тәсілдерін, сөздердің жасалу жолдарын, сөзжасам арқылы жасалған туынды сөздерді, олардың түрлерін, сөзжасамдық үлгілерді, сөзжасамдық мағынаны, әр сөз табының сөзжасамын, т.б. толып жатқан сөзжасамға қатысты мәселелерді зерттейді яғни тілдің сөзжасам жүйесін зерттейді. Сөзжасам пәні студенттерді осы заңдылықтармен таныстырады, ол туралы нақтылы ғылыми деректер береді.

Сөзжасам саласының мәселелері, оның қалыптасу тарихы, сөзжасам пәнінің мазмұнын құрайды. Сөзжасам пәні тілдің сөзжасам саласының мәселелерінен білім беруді мақсат етеді, ол оның міндеті болып саналады.

Сөзжасамды тіл білімінің жеке, дербес саласы деп тануды орыс тіл білімінде алғаш ұсынған академик В.В.Виноградов болып саналады. Ол бұл пікірді 1950 жылдары ұсынған болатын. Содан бері ғалымдар бұл пікірді дәлелдей дамыта келе, 1970 жылы шыққан «Русская грамматика» кітабында оны жеке сала ретінде беріп, сөзжасам тіл білімінің жеке саласы деген пікірін жария етті.

Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы – ұзақ уақыт бойы ғалымдардың пікірталасының нәтижесі. Ал пікірталас 1950-1970 жылдар арасында ғалымдардың сөзжасамды жан-жақты зерттеулерінің негізінде болды. Ресейде сөзжасам мәселесін зерттеп, ол туралы дәлелді пікір айтқан, сөзжасамның өзіндік зерттеу нысанасы барын, оның тіл білімінің басқа салаларынан ерекшелігін ашқан, басқа салалармен байланысын да көрсете білген ғалымдар болды. Олардан Г.О.Винокур, Е.С.Кубряков, Е.А.Земская, Н.Д.Арутюнова, А.Н.Тихонов, И.С.Улухановтарды атауға болады.

Сөзжасамды тіл білімінің жеке саласы деп тану мәселесі шетел ғалымдарының зерттеулерінде де дәлелденді. Оған 1978 жылы Вена қаласында өткен лингвистердің дүниежүзілік ғылыми конгресі дәлел болады. Бұл конгресте сөзжасам мәселесі тұңғыш рет күн тәртібіне қойылып, оған арнайы секция бөлінген.

Ғылымдағы бұл бетбұрыстан түркі тілдерінің ғалымдары да тыс қалмады. Татар тілінің маманы Ф.А.Ганиев өзінің сөзжасам мәселесіне арналған докторлық диссертациясында «Сөзжасам татар тіл білімінің бір саласы» деген тақырып бөліп, онда осы мәселені жан-жақты дәлелдеген (1977 ж.).

Сөзжасам мәселесі туралы ғалымдар зерттеулері, түрлі пікірлері мен ұсыныстары қазақ ғалымдарына да әсер етті, қозғау салды, осы мәселені зерттеуге игі ықпал етті. 1984-1988 жылдары Академияның тіл білімі институтының Грамматика бөлімінің қызметкерлері сөзжасам мәселесін арнайы зерттеді. Зерттеудің нәтижесі 1989 жылы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» деген атпен монография болып шықты. Бұл сөзжасам мәселесін жаңа тұрғыда зерттеудің нәтижесі болды, ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделе отырып жазылған ғылыми көлемді монография еді. Осы монографияға дейін сөзжасам мәселесін кең қамтыған бірде-бір еңбек жоқ. Десек те, аталған еңбекте екі сөз табының сөзжасамы берілмеді: сан есімнің сөзжасамы және сын есім сөзжасамы. Монография авторлары: М.Балақаев, А.Қалыбаева, Қ.Есенов, Н.Оралбаева, Е.Жанпейісов, С.Нұрқатов.

Монография екі үлкен бөлімнен тұрады: 1) сөзжасамның жалпы мәселелері, 2) сөз таптарының сөзжасамы. 1-бөлімде сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы екені дәлелденді. Сөзжасамның тіл білімінің басқа салаларымен байланысы көрсетіле отырып, оның өзіндік зерттеу нысанасы бар екені, өзіндік даму жолы, заңдылықтары мен ерекшеліктері дәлелденді. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі, сөзжасамдық талдау, сөзжасамдық тәсілдер, сөзжасамдық бірліктер, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық саты, тип, үлгі, т.б. осы сияқты қазақ тіл білімінде бұрын мүлдем зерттелмеген мәселелер тұңғыш рет осы монографияда сипатталды.

Монографияның екінші бөлімі сөз таптарының сөзжасамына арналған. Бұл мәселеде қазақ тіл білімінде айтарлықтай зерттеулер жасалған болатын. Сөзжасамды зерттеу қазақ тіл білімінде жеке сөз таптарының сөзжасам мәселелерінен басталғаны белгілі. Сөз таптары сөзжасамының зерттелуі Ә.Төлеуов 1949 жылы есім сөздердің жұрнақ арқылы жасалуын зерттеп, одан кандидаттық диссертация қорғады. Осы жылы Хасенова (Қалыбаеава) етістіктің етістіктен жасалуын етіс категориясы арқылы зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. 1956 жылы Б.Құлмағанбетова етістіктің жұрнақ арқылы жасалуын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. 1963 жылы Б.Қайымова жұрнақ арқылы етістіктен есім сөздің жасалуы тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғады. Бұлар сөзжасам бойынша алғашқы зерттеулер.

Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы пәні бойынша оқулық жазып, сөзжасам мәселелерін ғылыми тұрғыда жүйелеп берген ғалым – Н.О.Оралбаева.
2.Морфология саласына үлес қосқан ғалымдардың еңбектерін талқылау. Тіл білімінің қазіргі грамматика саласына негізін беріп, ғылыми даму бағытын жасап берген ғалымдардың көшбасшысы ретінде А.Байтұрсынов пен Қ.Жұбановты атаймыз. Осы ғалымдардан кейін басқа зерттеушілердің тізбегі сатыланып, жалғаса береді.
Қазақ грамматикасының бастауы – 1914 жылы «Тіл құралы» атауымен жазылған А.Байтұрсынов еңбегі. Бұл қазақ тілі морфологиясы туралы шыққан алғашқы зерттеу болып табылады. Қазір ғалымның бірнеше зерттеулік еңбегі жинақталып «Тіл тағылымы» деген үлкен басылымдық кітапта беріледі.
Қ.Жұбановтың алғашқы еңбегі – 1936 жылғы «Қазақ тілінің грамматикасы».
Осы екі ғалымнан кейін ғана С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев, А.Ысқақов, К.Аханов, Ы.Маманов, С.Исаев, Н.Оралбай, Т.Сайрамбаев, А.Қалыбаева, Қ.Шаяхметов, Б.Момынова, Б.Қасым, т.б. ғалымдарды тіл білімінің грамматика саласына қатысты зерттеушілер қатарына қоса беруге болады.
1930-1940 жыл аралығында жүргізілген морфологиялық зерттеулер.
1930-1940 жылдарда сөз таптары, оларға қатысты категориялық белгілер сипаты туралы жеке еңбектер жарық көрді. Негізінде ұлттық тіл білімі қалыптасуында қазір қарастырылып жүрген сөзжасам мәселесі жеке сала ретінде осы кезеңде қарастырылды да, кейін 30-жылдары сөзжасам жеке сөз табына байланыстырылып, морфология ішінде қаралатын болды.
1930 жылдардан бастап морфологияның жеке мәселелеріне арналған шағын көлемді мақалалар мерзімді баспасөз беттерінде, «Төте оқу», «Ауыл мұғалімі» (кейін «Халық мұғалімі») ғылыми-педагогикалық журналдарында басыла бастады. Онда сөз таптарына, қосымшаларға арналған отызға тарта мақала Қ.Жұбанов, X.Басымов, Ш.Сарыбаев, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтар тарапынан жазылған. Н.Сауранбаевтың «Сөз таптары» атты мақаласында тілдердегі сөздерді тапқа бөлуде ғылымда қалыптасқан үш түрлі қағиданы атап, «семантикалық, синтаксистік, морфологиялық белгілер» деп көрсетіп, сөздерді тапқа бөлуде сөздердің мағынасына ерекше мән берілу керектігін қорытып жазған.
1930 жылдардың соңында морфологияға байланысты еңбектің бірі – С.Аманжолов жазған, орта мектепке арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулығы. Кезінде бұл оқулық сынға алынған. Өйткені еңбектегі пікірлер теориялық жағынан А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов еңбектерімен салыстырғанда, нақты болмаған. Еңбекте сөздер тұлғасына, тобына қарай жіктеп көрсетіледі.
30 жылдары морфология саласы тек оқулық көлемінде ғана емес, ғылыми мақалалар арқылы тереңірек зерттеуге түскен. Педагогикалық журналдар мен Ұлт мәдениеті институтының ғылыми жинақтарында X.Басымов, С.Аманжолов қазақ тілі қосымшасы туралы мақалалар, С.Жиенбаев сөздерді тапқа бөлуге қатысты қағидаларды нақтылау туралы еңбектері жарияланған. Осылайша тәжірибелік те, теориялық та мәселелер көтеріле бастады.
Қазақ тіл білімінің морфология саласы кейін де қарастырылған. 1940-жылдары қазақ тіл білімінің салаларын арнайы зерттеу, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау басым болды. Тіл ғылымының басқа салаларынан гөрі морфологияға қатысты мәселелер кең зерттелді. 40-жылдар ішінде ғана морфологиядан етістіктің есімше, көсемше, етіс шақ, көмекші етістік, сын есім шырайлары мен үстеу арнайы зерттелді.
Осы жылдар ішіндегі морфологияға қатысты еңбектердің бірі – Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиевтың «Қазақ тілінің грамматикасы». Осы еңбектің морфология саласы «Сөз» атауымен берген. «Морфема» ұғымы (атауы) қазақ тілі білімінде осы оқулықта алғаш рет қолданылады, зерттеушілер бұл терминді қосымшаға ғана қатысты берген.
60-70 жылдардағы морфологиялық зерттеулер – Ш.Сарыбаев «Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер», Ж.Шакенов: «Қазақ тіліндегі сын есім категориясы», А.Ибатов «Қазақ тіліндегі есімдіктер», Ә.Төлеуов «Қазақ тіліндегі есім категориясы», А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі», ҚРҒА «Қазақ тілінің грамматикасы».
70-90 жылдардағы морфологиялық зерттеулер: А.Қалыбаева-Хасенова «Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты», Ә.Төлеуов «Сөз таптары», А.Ибатов «Қазақ тілінің туынды сөздері сөздігі», А.Қалыбаева, Н.Оралбаева «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» және басқасы.
1990-2000 жылдардағы морфологиялық зерттеулер: Ж.Шәкенов «Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар», С.Исаев. «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты», Б.Қасым, А.Салқынбай, Б.Момынова және басқа көп ғалым еңбек жазды.
3.Сөзжасамның басқа салалармен байланысы. Сөзжасам тіл білімінің жеке, дербес саласы, оның өзіндік зерттеу обьектісі бар. Бұл саланың обьектісіне сөз жасаушы тәсілдер, тілдік нұсқаулар, сөзжасамдық заңдылықтар мен мағына, сөзжасамның сөз таптарына қатысы сияқты күрделі мәселелер жатады. Басқаша айтқанда сөзжасам тілдегі сөз жасау процесімен байланысты барлық құбылыстар мен заңдылықтырды зерттейді.
Қазақ тілінің қазіргі кезде әбден қалыптасқан өте күрделі сөзжасам жүйесі бар. Бұл тілдің дамуымен бірге дами отыра, талай даму сатыларынан өтіп, өте жүйелі дәрежеге жеткен.
Қай тілде де сөзжасам ертеден келе жатқан тілдік құбылысқа жататыны белгілі. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі бұл мәселеге толық куә бола алады. Көне жазба ескерткіштер тілінде негізгі түбір сөздермен қатар туынды сөздер болғаны белгілі. Олар: туынды түбір, күрделі сөз, бір сөздің бірнеше мағынада қолданылуы түрінде кездеседі. Басқаша айтқанда, көне жазба ескерткіштер тілінде жаңа сөз жұрнақтар арқылы (тір-іг, біл-іг, ур-уш), сөздердің тіркесуі арқылы жасалады (Кунтуз, Ілтеріс, секіз он), сол сияты бір сөздің бірнеше мағынада қолданылуы да сөзжасам жүйесіне жатады.
Көне жазба ескерткіштер тілінде жаңа сөз тудырудың синтетикалық тәсілі блды, бірақ әр сөз табының сөз тудырушы жұрнақтары санаулы ғана еді. Ал қазір де синтетикалық тәсіл сөзжасада үлкен қызмет атқарады, тіл сөз тудырушы жұрнаққа өте бай яғни сөз жасаудың жүйесі жұрнақтар арқылы толыққан.
Тілдегі сөз жасаудың көне тәсіліне жататын аналитикалық тәсіл де ғылымның, технианың өсуіне байланысты талай терминдердің жасалуына негіз болып, қызметі артты, актив тәсілге айналды. Мысалы: сірке суы, радио-хабар, таңдай безі, көркемөнер т.б. осылыр сияқты сөздер жасалып, тілімізді байытты. Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысын жоққа шығармайды. Өйткені тіл білімінің барлық саласы бір-бірімен байланысты. Сөзжасам тіл білімінің барлық саласымен байланысты, әсіресе, морфология, синтаксис, лексикология, фонетикамен тығыз байланысты.

Сөзжасам соңғы кезге дейін көп тілдерде морфологияның құрамында қаралып келді. Бұл екі саланың байланысы болатын себебі екеуі де сөздің ең кішкене бөлшегі морфемамен байланысты. Тіл білімінің сөзжасам саласы да, морфология саласы да морфеманы зерттейді. Бірақ сөзжасам жаңа сөз жасаушы морфемаларды зерттейді де, морфология грамматикалық тұлғаларды яғни сөз түрлендіруші қосымшаларды зерттейді. Сөзжасам да, морфология да сөз құрамын зерттейді. Екеуінде де сөздің құрамы негізгі морфема мен көмекші морфемадан тұрады. Айырмашылық көмекші морфеманың мағынасы мен қызметіне қатысты. Сөзжасамдық морфема яғни жұрнақ сөз мағынасын өзгертіп, жаңа мағына береді, не сөз мағынасына өзгеріс қосады. Сөз құрамын, ондағы морфемаларды морфология да, сөзжасам да зерттейтіні жағынан бұл екі салада ұқсастық бар. Соған қарап, олар ұзақ уақыт бірге қарастырылып келді. Бірақ сөзжасамның нысанасына көмекші морфеманың сөзжасамдық жұрнақ түрі жатады да, морфологияның зерттеу нысанасына қосымшаның жалғаулар түрі мен жұрнақтың грамматикалық категориялардың көрсеткішіне жататын түрлері жатады. Бұл жағынан оларда үлкен айырмашылық бар. Сөзжасамда да, морфологияда да сөздердің түрлену тарамы бар. Сөзжасамның тарамы бір сөзден жасалған бірнеше сөздің бір-бірімен қатысын білдірсе, морфология бір сөздің тұлғасының арақатысын білдіреді. Солай бола тұрса да, сөзжасам мен морфологияда көмекші морфеманың сөзге жалғану, қосылу заңдылығы бірдей. Көмекші морфемалар сөзге фонетика, морфология заңдылығы бойынша қосылады. Бұл осы екі саланың байланысын байқатады.


Сөзжасам мен синтаксистің байланысы да тілде белгілі орын алады. Сөзжасамның синтаксистік тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздері өзінің шығу тегі жағынан сөз тіркестеріне барып тірелетіні жалпы тіл білімінде әбден танылған, даусыз мәселе деп саналады.

Сөзжасам нәтижесінде жасалған туынды сөздер сөздік қорға қосылып, тілдегі басқа сөздер сияқты лексикологияның зерттеу нысанына түседі. Бұл арада туынды сөздер сөзжасам мен лексикологияның байланысын туғызады. Бірақ сөзжасам мен лексикология сөзді әр тұрғыда зерттейді.

Тілдегі жұрнақтардың дыбыстық варианттары фонетикалық заңдылық негізінде қалыптасқан. Оны морфонология саласы зерттейді. Сонымен бұл арада сөзжасам өзінің жұрнақтарының дыбыстық вариантта қолданылуы арқылы тілдің фонетика, морфонология салаларымен байланысатыны анықталды.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ: 

  1. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы:Мектеп, 1989.

  2. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. – Алматы:Ғылым, 1988.

  3. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы: Оқулық. – Алматы, 2001. -213 б.

  4. Салқынбай А.Б. Қазақ тілі сөзжасамы: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 271 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет