ӨСІМДІК АТАУЛАРЫНДАҒЫ БІРІККЕН СӨЗДЕР
Мағзұмова А.Т.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
magzumova.61@mai.ru
«Сөзден жасап сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді» (А. Байтұрсынұлы).
Ұлт тіліндегі термин шығармашылығы сөзжасам, терминжасам тәсілдеріне негізделеді. Қазіргі термин жасау, терминологиялық сөздіктер салалық мамандарға лингвистикалық тұрғыдан бағдар беретін әдістемелік құрал.
Өз тілімізден алынса да, өзге тілдерден қабылданса да термин деп жүргеніміздің бәрі-сөз. Бұл орайда қазақ тілі білімінде ғылыми-теориялық тарихи шолу, танымдық тұрғыдағы бірқатар зерттеу еңбектері жарық көрді. Шерубай Құрманбайұлы терминжасам тәсілі туралы еңбегінде бұлай деп жазады:
«Термин дегеніміз не?
Жалпы термин жөнінде нақты мыналарды айтуға болады.
Терминдер негізінен сөз немесе сөз тіркестері болады (кейде сөйлем түрінде де кездеседі).
Терминдер негізінен тілдік бірліктер.
Термин – белгілі бір терминологияның мүшесі (А.А. Реформатский).
Термин деген - ұғым аты.
Терминнің міндетті түрде анықтамасы болады.
Терминдер атауыштық қызмет атқарып, негізінен ғылым тілінде, арнаулы сала щеңберінде қолданылады.
Бұл аталғандарды терминтану саласындағы ғылыми, еңбектердің көпшілігінде аталып көрсетілген.
Сол себепті мамандарға терминнің негізгі белгілерінің көбін қамтыған мына анықтаманы ұсынуға болады:
Термин ғылыми немесе өндірістік-технологиялық ұғым атауы болып табылатын арнайы қолданыстағы анықтамасы бар сөз немесе сөз тіркесі [ҮСЭ Т42 302 бет]».
Терминология мәселесімен айналысқан ғалымдар еңбектерінде термин жөнінде мынандай жолдарды оқуға болады. Ө.Айтпаев бірнеше лингвистердің терминге байланысты пікірлерін келтіреді.
«Термин дегеніміз арнайы ұғымдар мен арнайы заттарды дәл белгілеу үшін жасалған тілдегі арнайы (ғылыми, техникалық сөздер мен сөз тіркестері (Лингвист О.С. Ахманова). [6]
Проф. К. Жұбанов терминнің өзіндік өзгешелік сипатын дұрыс түсінбеушіліктен кеткен қателерге назар аударады.
Академик І. Кенесбаев пен проф. Т. Жанұзақовта терминнің латын «Шек», «Шекара» деген сөздерінен пайда болғанын айтады.»
Қазіргі кезде география, биология, қаржы т.б. сала бойынша жасалған 42 сөздік бар.
Ғылым, мәдениет және экономика салаларының негізгі терминдерін қамтитын бұл сөздіктер сериалы жалпы білім беретін мекемелердің оқушылары мен ұстаздарына, жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына, сала мамандары мен ғалымдарға, сондай-ақ барша оқырман қауымға арналған.
Елімізде тұңғыш рет Республикалық мемлекеттік «Рауан» баспасы халық шаруашылығы, ғылым мен мәдениет салаларының бәрін қамтитын қазақша-орысша және орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер сериалын шығарды.
Терминдердің негізгі басым бөлігі жалпы есімдер, сөз табына қатысы жағынан зат есімдер болады.
Ал құрамы жағынан термин түбір сөз де, туынды сөз де, күрделі сөз де, терминологиялық тіркес те болуы мүмкін.
Мысалы:
1. түбір терминдер: тау (географ.) ән (муз.) сан (матем.) т.б.
2. туынды терминдер: қосынды (матем.) есімдік (лингв.) т.б.
3. біріккен атаулар: асқазан (мед.) ішперде (биол.) сөзжасам (лингв.) т.б.
4. Тіркесті терминдер: сөз тіркесі (лингв.) бүтін сан (матем.) т.б.
5. Фразеологиялық терминдер: ежелгі заман (тарих). Кәсіби терминология әдетте белгілі практикалық мұқтаждыққа, күнделікті қажеттілікке орай пайда болады.
Биология салалық терминдерінің өсімдіктер әлеміне саяхат жасап, қазақ тілі біліміндегі морфология бөлімімен ұштастырайық.
Өсімдік атауларындағы біріккен сөздер қандай жолмен жасалғандығы туралы сөз қозғаймыз.
Жалпы біріккен сөздер дегеніміз не?
Біріккен сөз екі я одан да көп сөздер бірігіп, бір лексикалық мағына беріп, біртұтас сөз жасайды: көк + өніс – көкөніс, ит + мұрын – итмұрын, мүк + жидек – мүкжидек. Қазақ тілінде орыс тіліндегі байланыстырушы дауыстылар сияқты сөзді біріктіретін морфемалар жоқ. Сөз ешбір қосымшасыз бірігеді. Біріккен сөз екі түрлі: 1) кіріккен сөз, 2) біріккен сөз.
Кіріккен сөз деп сыңарлары түрлі дыбыстық өзгеріске түсіп, бір-бірімен дыбыстық жағынан үндесіп, ықшамдалып, біртұтас лексикалық мағына беретін сөздер аталады: қол + қап – қолғап, алып + бер - әпер, т.б.
Біріккен сөздер деп құрамындағы сыңарлары дыбыстық құрамын сақтай отырып,бір лексикалық мағына беретін біртұтас сөзге айналған сөздер аталады:ақ + қу – аққу, сая + жай – саяжай т.б.
Тілімізді екі не одан да көп түбір сөздерден бірігіп жаңа ұғымды тудыратын жаңа сөздер бар. Мысалы: Бүгінгі өскелең ғылым – білім кешегі жылтыраған майшамның жарығымен басталған. (Қ. Балахметов.) деген сөйлемдегі майшам деген сөз біріккен сөзге жатады.
Сөздердің бірігу тәсілі арқылы жасалуы – тарихи процесс. Ол бір күннің немесе бір жылдың ғана жемісі емес, талай уақыттан бері болып келе жатыр. Оның бір куәсі – кейбір сөздердің төркінін ажыратудың өзі қиындыққа соғатындығы, оларды бір қарағанда біріккен сөз деп айта қою жеңілдікке түспейді.Сөздерді біріктіру арқылы сөз жасау тәсілі қазіргі кезеңде өнімді тәсілге айналды.
Сөзден сөз тудырудың бір тәсілі сөз бен сөзді біріктіру. Біріккен сөздер - түбір тұлғасын сақтаған біріккен сөздер, түбір тұлғасын сақтамай, дыбыстық өзгеріске ұшыраған біріккен сөздер деп екіге бөледі. Біріккен сөздердің мағыналары өте кең, мол.
1. тасбақа, қырықаяқ — зоологиялық атау, жәндіктер;
2. қозықұйрық, қырықбуын, күнбағар —- ботаникалық атаулар, шөп түрлері;
3. ақсүйек аққала — ойын атаулары;
4. Қызылқұм, Сарыағаш, Жезқаған — географиялық атаулар;
5. Боранбай, Ботагөз, Амангелді — кісі аттары;
6. Жеті қарақшы, темірқазық — жұлдыз, планета маулары;
7. әлдекім, әлдеқашан, қайсыбір, кейбір — есімдіктер;
8. автоқалам фотосурет,қазақконцерт.— орыс-қазақ сөздерінен біріккен, әр түрлі заттар мен мекемелердің атын білдіретін сөздер;
9. Екібастұз, Мұратбайұлы, Естайқызы. — үш сөзден құралып біріккен сөздер.
Сонымен бірге, бұндағы біріккен сөздер түбір тұлғасын сақтап біріккенін аңғарамыз.
Ал енді өсімдік атауларында біріккен сөздің жасалауына назар аударайық .
1. Өгейшөп – өгей + шөп. Бір мағынадағы екі түбірден тұратын сөз. жеке дара өседі, тікенекті өсімдік. «Өгей» - бөтен, бөлек деген мағынаны білдіреді. «Шөп» өсімдік деген мағынаны білдіреді.
2. Итмұрын – ит + мұрын. Итмұрынды тәріздес шөп болғандықтан, бір лексикалық мағынаны беріп тұрған біріккен сөз. Итмұрын құрамындағы дәрумендер адам ағзасына пайдалы.
3. Жолжелкен – жол + желкен. Бір мағынадағы екі түбірден тұратын сөз. Қазақстанның барлық жерлерінде кездеседі. Әсіресе жол жиектерінде, алқаптарда, үй іргелерінде өседі.
4. Түймедақ – түйме + дақ. Гүлдің ортасы даққа, түймеге ұқсағандықтан бір мағынаны білдіріп, екі түбірден тұратын сөз. Түймедақтың неше түрлі дәрілік тұнбалары жасалады.
5. Көкбиік – көк + биік. Бір мағынаны білдіретін екі түбірден тұратын сөз. Қырға, қуаң жерге шығатын көк, биік шөп. «Көк» түр мен түсті, өсімдік деген мағынанны білдіреді. Көкбиік, алабота, быртылдақ сияқты шөптер қатаң жерлерге, сайларға шығады.
6. Аюқұлақ – аю + құлақ. Аю құлағы тәріздес сопақша жапырақты, ақшыл қызғылт гүлді дәрілік шөп. Бір мағынаны білдіретін екі түбірден тұратын біріккен сөз.
7. Қырықбуын – қырық + буын. Бір мағынаны білдіретін екі түбірден тұратын біріккен сөз. Жерге жайылып, буын-буын болып өсетін көпжылдық өсімдік. «Қырық» көп деген мағынаны білдіреді.
8. Атбұршақ – ат + бұршақ. Бір мағынаны білдіретін екі түбірден тұратын біріккен сөз. Бақшада өсетін қауырсын жапырақты біржылдық дәнді дақыл. «Ат» малдың атауы, «бұршақ» мал жейтін өнім. Сондықтан ол мал шаруашылығы өсімдігі. Атбұршақты адамға да пайдалануға болады.
9. Аскөк – ас + көк. Бір мағынаны білдіретін екі түбірден тұратын біріккен сөз. «Ас» деген сөз тағам деген мағынаны білдіреді. «Көк» өсімдік деген мағынаны білдіреді. Аскөк бау-бақшада өседі. Оны біз тағам әзірлегенде қолданамыз. [5]
Аталған өсімдіктердің көбі дәрілік өсімдіктерге жатады. Атауы екі түбірден құралып, бірігіп тұрғаны жайлы 9 мысал негізінде түсіндірілді.
Ал сөздікке үңіліп қарасақ, өсімдіктер атауларының тұнып тұрған неше түрлі аудармасы бар. Бір сөздіктерде өсімдік атауы бірігіп, біріккен сөзге айналып тұрса, келесі сөздіктерде сол ұғымдар бөлек жазылуы мүмкін.
Ал өсімдік өзінің бойындағы қасиеттерімен, тамырдан, жапырақтан, гүлден, тұқым жемісінен алынатын шипалы дәрісімен адамға күш-қуат береді және емдейді. Өсімдіктің кез келгенін жинай беруге болмайды. Өсімдіктің атауын, емдік қасиетін біліп жинауға болады. Жолдың екі бойында өсетін жолжелкенді әрқашан елей бермейміз. Ол – бір жеріңді кесіп алғанда, құрт құмырсқа шағып алғанда пайдаланатын дәрі. Дәрі мақсатында өгейшөптің жапырақтарын, гүлдерін пайдаланады. Бұл өсімдіктің жапырақтары жараға қарсы қолданылады. Төғайда өсетін таңқұрайдын, шиенің дәмін білмейтіндер аз шығар. Ол – дәрумен және тұмауратып қалған адамға бір шипалы ем. Өсімдік – дәрі дәрмектін ұлы қоймасы. Сондықтан табиғатты баптап сақтықпен пайдаланған жөн.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
Т. Аханов. Тіл білімінің негіздері. Алматы, «Санат» 1993ж.
Ш. Бектұров, М. Серғалиев. Қазақ тілі. Алматы, «Білім» 1994ж
М. Қараев. Қазақ тілі. Алматы, «Ана тілі» 1993ж
Н. Оралбаева, Ғ. Мадина, А. Әбілқаев. Қазақ тілі. Алматы, «Қазақ университеті» 1993ж
М. Серғалиев, А. Айғабылов, О. Күлкенова. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, «Ана тілі» 1991ж
Шерубай Құрманбайұлы Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасал тәсілдері.
Ө.Айтбаев Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. Алматы 1988
Қазак тілі терминдердің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Биология. Алматы 2002.
Достарыңызбен бөлісу: |