Өткен күрестер жеңісі-Тәуелсіздік жеңісі Мақсаты



Дата06.07.2018
өлшемі411,61 Kb.
#48033
Өткен күрестер жеңісі-Тәуелсіздік жеңісі

Мақсаты:

  • Тәуелсіз Отанын шексіз сүюге баулу, бірлігі жараса шалқыған елдің, көптеген ұлт пен ұлыстарға алтын бесік болған мемлектінің ұланы екенін мақтанышпен сезіне білуге тәрбиелеу;

  • Тәуелсіздікті аңсаған ата-баба аманатына адал болуға, ерлігінен үлгі алуға, бабалар рухын асқақтата дәріптей білуге үйретіп, ұлтжандылық, отаншылдық сезімдерін оятып, ұлтының салт-дәстүрін, діні мен ділін, тілін сүйе білуге баулу.


Барысы

Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар бүгін біз дүниені дүр сілкіндірген, Тәуелсіздік туын көтерген әйгілі 1986 жылдың желтоқсанына арналған «Өткен күрестер жеңісі-Тәуелсіздік жеңісі» атты кешімізді ұсынбақпыз. 1986 жылы 16-желтоқсан ызғарлы қыста қазақ елінің азаттық көктемі үшін солақай саясатқа қарсы тұрған ұл-қыздарын ешбір қазақ азаматы ұмытуға тиісті емес. 1 минут үнсіздік жарияланады.

1-бөлім. «Жүрегімде Желтоқсан»

Жүргізуші: 1986 жыл жастар көтерілісі ата-бабаларымыз армандаған егемендігіміздің атылған жанар тауы болды. Жетпіс жыл бойы бір орталықтан басқарған әкімшіл-әміршіл жүйенің арам пиғылы әшкере болып, әлемді дүр сілкіндірді. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, баспасөз беттерінде алаңдағы оқиғаның ақиқаты батыл айтылды.

Анар:

Қасқалдақ ұшып көлінен,

Шүрегей келіп қонған күн.

Қыранды қуып көгінен,

Қарғалар билік алған күн.

Дариға:

Желтоқсан айы естесің,

Дауыл боп бұрқап ескенсің.

Азаттық күні қашаннан

Көкейін елдің тескенсің.

Шектеліп ана тіліміз,

Оқылмай өлең-жырымыз,

Жабылып жатса мектептер,

Жадырар қалай күніміз?

Жібек:

Желтоқсанның желі, аязы, ызғары,

Қанды мұзда талай қазақ сыздады.

Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға,

Азап шекті қайсар қазақ қыздары.
Талай қазақ қыздарын да тоңдыра,

Талай қазақ гүлдерін де солдыра,

Ел билеуге алып келді Колбинді

Қазақ ұлы Қонаетың орнына.


Фариза:

Жиырмадағы жалындаған жасында,

Қаншама жас азап шекті расында.

Желтоқсанның ызғары өтіп кеудеден,

Қарсы тұрды Колбин қосқан қосынға.
Соны ойласам елжірейді жүрегім,

Өздері өліп, қорғап қалды Ұлы елін.

Желбіресін көк байрағы халқымның,

Тәуелсіздік болсын мәңгі тірегім.


Жүргізуші: 1986 жылдың ызғарлы желтосанында ұлт намысын ойлап, алаңға шыққан жалын жүрек жастардың арасында Ләззат Асанова да болып еді. Ар-ожданы озбырлықтың табанына тапталып, жас жүрегі зұлымдықтан жапа шеккен Ләззаттың қазасы әлі күнге жұмбақ. Мезгілінен бұрын солған қызғалдақ ғұмырдың обал-сауабы кімнің мойнында?!
Көрініс: «Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш басында»
Ләззаттың хатынан:

Қалдырып жаны мәңгі жас ұлыңды,

Құпия шерттім осы жан сырымды.

Хош енді, жолықпасаң, қайран ана,

Көзімнен ақ жаулығың жасырынды.

(Ескерткішке екі оқушы гүл шоқтарын қояды. Ләззаттың анасы ескерткіш басында қызын жоқтайды. Сахнаға М.Шаханов, журналист шығады.)



Ананың зары:

Мынау неткен зар заман,

Жүректегі тар заман.

Сені өлтірген дұшпанға

Зауал келсін Алладан.

Асыл едің, мыс болдың,

Ізің жатыр, өзің жоқ.

Қайдасың... қайда, қарағым?!


М.Шаханов: «Бұл тақта-негізсіз күдікке, қудалауға ұшыраған немесе ұл-қызын күтіп түрменің тас есігінен сығалаған қаншама аналар мен әкелердің төзіміне қойылған ескерткіш».

Журналист: Мұхтар аға, Желтоқсан ызғарына ұрынған ұлдарды «Ұлт мақтанышы» деп айтудан тартынатын сияқты. Олар шын мәнінде азаттық ұранын көтерген қарлығаштар емес па?

М.Шаханов: -Жөн айтасың, қалқам. Өр рухты азамат Қайратты айтсаңшы... Шіркін, жас кетті-ау!
Ізет:

Желтоқсан-заман толғағы байтақ даланың,

Шарпысқан сәті үміт пен күдік, наланың.

Желтоқсан-Қайрат, Ләззат пенен Сәбира

Желтоқсанда құрбаны болған жаланың.

Ән: «Желтоқсан желі» (Хор)

Ақерке:

Біз қазақ, мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Басымыздан құт береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін баспасын деп

Найзасына үкі таққан елміз.



2-бөлім:

Жүргізуші:

Армандарды жақындатып тым алыс,

Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.

Егемендік-ел бақыты, ертңі,

О,халайық, құтты болсын қуаныш!

1991 жылы 1-желтоқсанында Қазақстан тарихындағы тұңғыш Президент болып Назарбаев сайланды. 1991 ж 16-желтоқсанда Қазақ КСр-і Тәуелсіз Қазақстан Республикасы болып жарияланды.



Мейрамбек:

Әнұраным, жан ұраным,

Айтар әнім, сөйлер сөзім.

Туған жерім-сағынарым.

Мәңгі бақи шырқалады

Республика әнұраным.



Оқушылардың бәрі шығады, ҚР Әнұраны орындалады.
Жүргізуші: Тәуелсіздік күніне биші қыздарымыз биден шашу шашады. Қазақша би «Тойбастар»
Гүлназым:

Елтаңбасы елімнің

Неткен көркем әдемі.

Тұнығындай көңілдің

Ортада аспан әлемі.
Қайсар:

Тәуелсіздік тұғыры ғой бұл елдің,

25 жасың құтты болсын нұр елім.

25 жылда шықтың талай белеске,

Қазақстан жасай берші гүл елім.
М.Нұрбек:

Егемендік иесі «мен» деген сөз,

Көптен бері естілмеген ерен сөз.

Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған

Көркем жігіт болып өссе көген көз.
Лаура:

Көк аспандай тулардың

Желбірейтін күні-бұл!

Елім деген ұлдардың

Елжірейтін күні бұл!

Ән: Мейрамбек пен Тоғжанның орындауында «Қазақ елі»
Мақпал:

Егемен болмай ел болмас,

Етек-жеңі кең болмас,

Терезесі тең болмас

Енді қазақ кем болмас
Иманғали:

Егемендік-ел болудың белгісі,

Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.

«Егемендік» деген сөзден естілер

Ата жұрттың арғысы мен бергісі.
О.Нұрбек:

Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,

Ел құлдықты білмесін, жер күндікті.

Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең

«Қазақ болу-зор бақыт» дер күн тіпті.

Ән: Қайсардың орындауында «Қазақ жастары»
Жүргізуші:

Егемендік-бұл елімнің елдігі,

Егемендік-барлық ұлттың теңдігі.

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына биыл 25 жыл болады. 25 жылдың ішінде Қазақстанды 120-дан астам ел танып, 131-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері өкілдің бір шаңырақтың астында еркін де ерікті, тату-тәтті өмір сүруде. Орыс халқының «Ромашка» атты құттықтау биін қабыл алыңыздар.


Фариза:

Өзіңдікі-елің де,

Өзіңдікі-жерің де.

Өзіңді өзің еткен бақ-

Тәуелсіздік төріңде!

Өзіңдікі-туың да,

От пен ауа, суың да.

Жаса, Қазақстаным,

Белді бекем буын да!

Қорытынды: Құрметті қауым, бүгінгі шарамызды «Өткен күрестер жеңісі-Тәуелсіздік жемісі» деп атағанымыз жай емес. Ата заманнан күресіп келе жатқан халқымыз бүгін Тәуелсіздігін алып, бақытты өмір сүруде, осының бәрі өткен күрестердің жемісі.

Мақтанамын, кең байтақ елім үшін,

Құнарлы, мол шырынды жерім үшін.

Әрқашан биік шыңнан көрінгін деп,

Тілерім сол, туған жер, пейілім шын.
Желтоқсаннан бастау алған теңдігі,

Қазағымның өркендеді елдігі.

Құрбан болған Тәуелсіздік жолында

Ағалардың ұмытылмас ерлігі.



Осымен Тәуелсіз еліміздің 25 жылдығына арналған мерекелік шарамыз аяқталды. Назарларыңызға көптен-көп рахмет!
Оқушылар сахнаға түгел жалауша, шарларымен шығады. Р.Рымбаеваның орындауындағы «Қазақ елім» әні қойылады.





Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет