Оқу мен оқытуды өз тәжірибесіне енгізгендегі өзгеріс жайлы рефлексивті есеп
Ақтөбе қаласы №19 орта
мектебінің математика пәні мұғалімі
Елюбаева Жанаргуль Актлеуовна
Ұстаз жанып тұраған от сияқты болу керек. Біз «ұстаз» деген мәртебемізді жоғары көтеруіміз үшін, ұстаз атын иеленуіміз үшін біз не істеуіміз керек?
Қазақстан Республикасы дамыған елдердің қатарына қосылу үшін ұстаздар қауымының қосар үлесі зор. Ең алдымен Отанымызды, мамандығымызды, оқушыларды сүйюіміз керек. Әр қашан да білімімізді жетілдіріп, шығармашылық ізденісте болуымыз қажет. Жас ұрпаққа сапалы да, саналы білім беру. Заман талабына сай оқыту үшін сабақта жаңа әдістерді қолданып, алған білімдерін өмірде өздерінің қажеттілігіне пайдалануға тәрбиелеу. Осыны іске асырудың жолы жас ұрпаққа сындарлы тұрғыдан оқытып, нәтижесінде ойын еркін жеткізетін, ынталы, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы қалыптастыру.
Педагогика жаңалықтарының бірі-оқытудың іс-тәжірибесіне жаңа әдіс-тәсілді енгізу. Бұл курстың да мақсаты – мұғалім іс-тәжірибесіне өзгерістер енгізу. Бастысы ол өзгерістер мұғалімге де, оқушыға да оң нәтиже беруі тиіс.
Оқытудың барлық әдістері баланы дамытуға құрылып келеді. Дегенмен дәстүрлі оқыту түрлерінде оқулық пен мұғалімнің пікірін нысана етумен шектелу басым болды. Бүгінгі оқыту оқушы қабілеті, оны жан-жақты дамыту, даму әрекеттерін ұйымдастырудың қажеттігін дәлелдеп отыр. Біздің әрекетіміз–баланың сабақ үстіндегі әрекетін ұйымдастыру, әрекет нәтижесін байқау, қабілетімен еркін атқара алатын ісі, соның нәтижесіндегі тұжырымына көз жеткізу.
Мектептегі тәжірибе кезінде іс-тәжірибеме өзгерістер енгізу арқылы өзімді де, оқушыларымды да өзгерте алдым дей аламын. Өзгеріс дегеніміз – жаңа тәсілдер. Өз тәжірибеме енгізген жаңа тәсілдің бірі – психологиялық тренинг. Тренинг сабағымның жоғары дәрежеде өтуіне үлкен көмегін тигізді деп ойлаймын. Сабақ бастамас бұрын тренинг өткізу оқушыларға жағымды, оң әсер етті. Ынтымақтастық орнату мақсатында «Мен сізді ....таныстырғым келеді», «Есте қалған қызықты оқиға» тренингтерін ұйымдастырдым. Бұл тренингте оқушылар бір-біріне өздерінің қызықты болған оқиғаларын, мен білмейтін өздерінің жақсы жақтарын айтып, жақсы тілектерін бір –біріне тілеп, сабақты жақсы көңіл-күймен бастады. Кейбір оқушыларға ертен сен өткізесін, сен дайындалып кел деп те жүрдім. Кейбір оқушыларым ертен мен дайындалып келейінші деген оқушыларымда болды. Сабақтың басында үнемі психологиялық тренингтер өткізіліп, сабағым жақсы көңіл-күйде басталып тұрды. Сабағымның ортасында түрлі сергіту сәттерін өткізіп тұрған кзде оқушылардың сабаққа деген ынтасы артып тұрды. Яғни, сабақ соңында жақсы көңіл күйде тарауына үлкен ықпалын тигізді.
Мектептегі практиканың алғашқы кезінде сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру үшін алғашқы сабағымды өткіздім. Топқа бөлу әдісін мен бұрын-соңды сабақтарымда қолданып көргенім жоқ, мен бірінші рет сыныпты топқа бөліп, сабағымды өткізіп көрдім. Басында өзім қызық көрдім. Маған ұнады. Себебі: біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырады. Екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үшіншіден, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды. Бұл әдіс сонымен қатар топ болып ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауға, ойын еркін ортаға салуға, бірінен- бірі үйренуге септігін тигізді. Мен сабақ басталар бұрын оқушыларды сурет түстеріне, Абайдың өлеңдерінің сәйкестерін табу арқылы, 1,2,3 т.б сандарды санатып, сан бойынша т.б топқа бөліп жүрдім. Топпен бірге жұмыс істеуге тапсырмалар берген кезде, топтық жұмысқа барлығы бірдей кірісіп кеткен жоқ. Топтық жұмыстың алғашқы кезінде білім деңгейі орташа оқушыны білімі жоғары оқушы қатыстырмаған. Олардың пікірін тыңдамаған. Содан кейін мен оларға топпен жұмыс істеулерін, бір‑бірінің ойларын тыңдау керектігін айттым. Содан кейін олар топта бір-бірін тыңдап, сыйлап, бірге жұмыс жасай бастады. Сабақ соңында топтар арасындағы бәсекелестік емес, достық қарым-қатынас пен жақсы көңіл-күйді байқадым. Сырттай бақылап тұрған адамға сыныпта орнаған жақсы психологиялық ахуал сезіліп тұрды. Әр сабаққа тиянақты дайындық, шеберлік қажет болды.Тапсырмаларды түрлендіріп, сабақты өмірмен байланыстырып, әр сабақ сайын топтарды өзгертіп отырды. Сабақ соңында оқушылардың жеткен жетістіктерін, кемшіліктерін талдап отырдым.
Топтық жұмыстың артықшылығы:
Оқушылар өзара достық қатынаста болады;
Бір-бірінен сұрай отырып білімдерін жетілдіреді;
Өзгелерге ойын жеткізу үшін өз шешімін дәлелдеп үйренеді;
Менен сұрап қалады-ау деп қорықпайды,топ болып жауап береді;
Оқушылардың мектепке деген көзқарасы өзгереді.
Уақыттары қызықты әрі тиімді өтеді;
Топтық жұмыста бос отыратын оқушы болмайды.
Сыныпта диалогтік әдістің маңыздылығы өте зор екендігін сабағымда аңғардым. «Александер(2004) оқытудағы әңгімелесу-қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес,керісінше, идеялар екіжақты бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды деп тұжырымдайды» делінген нұсқаулықта /Нұсқаулық 40-бет/. Мен осыған дейін баланың ойын еркін, ашық жеткізуіне мүмкіндік бермей кедергі келтіргенмін. Орташа оқитын оқушылар берілген тапсырманы орындай алмай тұрған кезде немесе кідірсе, «қайсысын шығарып бересіндер?» деп жақсы оқитын оқушылардан сұрап, орташа оқитын оқушыға ойлануға да мүмкіндік бермеген кездерім болды. Осыған дейін диалогтік әдіс 2,3 адамның арасындағы сұхбат әңгіме деп ойлап келдім. Жаңа әдісім бойынша сабақ басталар алдында оқушыларға бір –біріне сұрақ қоюға, ойын еркін ашық айтуға болатынын ескерттім.Сыныпта қолданған диалогтық әдіс-тәсілім оқушылардың сыныпта әңгіме құруына, басқаны тыңдай білуге, пікір алмасуына, ойын бүкпесіз ашық айтуына, сыни тұрғыдан ойлау элементтерім, оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға үлкен көмегін тигізді.
Жаңа сабақты меңгертуде де оң өзгерістер болды. Бұрында сабақ мақсатын өзім құрып келуші едім, енді оқушылар өздері сұрақ-жауап арқылы сабақтың мақсатын құратын болды. Сабақтың мақсаты құрылғаннан кейін оқушылар мақсатқа жетуге жұмыстанды. Бұл әдіс оқушыларға көп көмегін тигізеді, себебі оқушылар сол мақсатқа жетсем екен деп ойланады, талпынады. Сонымен қатар бұрын жаңа сабақты меңгертуде тек өзім түсіндіріп, өзім сөйлейтінмін, оқушылар тек сабақты жәймен тыңдаумен шектелетін. Ал қазіргі әдісім жаңа сабақты меңгерту жолдарына бағыт беріп отырдым. Өтілетін жаңа тақырыпты оқушылар менің көмегімсіз жан-жақты ашып, өздері түсініп, бір‑біріне түсіндірді. Бұл әдіс оқушылардың өз бетінше оқуына, жақсы нәтижеге жетуіне, бірігіп оқып үйренуіне үлкен септігін тигізді.
Сын тұрғысынан ойлау – креативті тұлғаны қалыптастырудың бір жолы. Сыни тұрғыдан ойлануды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтіргендер – Джинни, Л.Стил, Куртис, С.Мередит, Чарльз Темпл. Жобаның негізінде Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады. Сыни тұрғыдан ойлану әдіс- тәсілін қолдану нәтижесінде оқушылардың өзін-өзі бақылау, сөйлеу, тыңдау қабілеттерінің артқаны байқалды.
Бұл әдіс – тәсілдер оқушыларға:
-еркін ойлауға мүмкіндік береді;
-ақыл-ойын дамытады;
-шығармашылық белсенділігі артады;
-ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді;
-тіл байлығы жетіледі;
-жан-жақты ізденеді;
-өз ойын жеткізеді;
Мектептегі тәжірибеден өту кезінде өткізген әр сабағымнан өзімнің де, алдымдағы оқушылардың да өзгергенін сездім. Дәстүрлі сабақ кезінде тапсырманы беріп, оны рет бойынша қайта алатынмын. Ол тапсырмаларды орындау кезінде оқушы жан-жақты ойланды ма, шығара алды ма, оған көңіл бөлмейтінмін. Дәстүрлі сабақтарда оқушы ойын тежейтін едім, жаңаша тәсілмен оқыту кезінде еркіндік бердім, бұның көп пайдасы болды. Оқушы айтқан сайын, ойланған сайын ашыла түседі екен. Екінші сабағымды үй тапсырмасын сұраудан бастап, жаңа сабақ бастамас бұрын әр топқа 3 аңның, құстардың суреттерін орналасу ретін көрсетуді ұсындым. Әр топ осы тапсырмаға сыни ойлай отырып, дайындалу тәсілін жазып, әр топтан 1 оқушы шығып түсіндіріп өтті.
Мұғалім ретінде менің тұратын орнымның да мәні зор. Топтық таныстырылым кезінде, топтың атынан шыққан оқушы сөйлегенде, мұғалімнің үстелінің қасыңда тұрсам, маған қарап сөйлейді, сондықтан оқушылардың қасында боламын, ол бізге қарап сөйлейді. Жоғарыдағы талаптардың орындалуын ескере отырып, сабақтың үш кезеңінде оқушылардың проблеманы шешу құзіреттілігі, ақпараттық құзіреттілігі және коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту мақсатында әртүрлі стратегиялардың тиімді қолданылуына ерекше мән бердім. Қызығушылықты оятуда «ЖИГСО», толғаныста «Фишбоун», «INSERT»,т.с.с.стратегияларды қолданудың тиімділігі анықтадым. Сонымен қатар, диалог арқылы сыни ойлауды дамыту іске асты. Себебі берілген тақырыпты оқушылар жүйелі ойлауы, түсінуі, талдауы, әңгімелесу, диалог арқылы орындалады.
1-сабақ. «Кездейсоқ оқиға» тақырыбында оқушылар мақсатты өздері сұрақ-жауап арқылы ашты. Алдын – ала бағалау критерийін түсіндіріп, тақтаға ілдім. «Әлемді шарлау», математикалық күнделік, «Синквейн» стратегиясы, топтастыру, сыни тұрғыдан ойлау стратегияларын пайдаландым. Көзбен көру айғақтарды қолдандым.
2-сабақ. «Есептер шығару» тақырыбында сыни тұрғыдан ойлату, топтастыру стратегияларын, «Ротация», «Эталон» стратегияларын, интерактивті тапсырмасы қолданылды, интернет арқылы есептер шығарылды, деңгейлік тапсырмалар орындалды, «Ішкі‑сыртқы шеңбер» әдісін, сабақ бекіту барысында «Футбол» ойыны ойнатылды.
3-сабақ. «Кездейсоқ оқиғаның түрлері» тақырыбында: «INSERT» стратегиясы, сапалық есептер «ЖИГСО» стратегиялары қолданылды. Математикалық күнделік пен «Ассоцация» жазу арқылы сабақ қорытындыланды. Топтық жұмыс жұмыс жүргізілді.
4-сабақ. «Кездейсоқ оқиғаның ықтималдығы,жиелігі» тақырыбын өткізбес бұрын, үй тапсырмасын «Жүрек талмасы» және ыстық орындық арқылы тексеріп алдым. Осы тақырыпқа өткізген сабақ – ынтымақтастықты қалыптастыру болды. Оқушыларға сабақтың мақсатын өздеріне құрғызып, сол мақсатқа жетуде жұмыстанатын міндеттерін анықтаттым. Осы сабақта «ЖИГСО» стратегиясы, топтастыру, қорытынды жасау, шығармашылық ізденіс болды, оқушылармен бірге тапсырмаларды орындадым. Топтық жұмыс болды.
Құзырлы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады (нұсқаулық ). Яғни оқушы білімді өзі оқып-үйренеді, өзінің оқуы үшін өзі жауапты. Дегенмен оқушы әр сабақта мұғалімнен оқулықта жоқ бір ақпарат алу керек.
Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану – заман талабы. АКТ-ны бұрын да сабақтарымда қолданамын. Бірақ жаңа технология деп сабақ басталғаннан аяғына дейін қолданатынмын. Кейбір тақырыптардағы есептерді осы ауқымды желіден тікілей орындайтынбыз. Қазір өз сабағыма дайындалған уақытта керекті көрнекіліктерімді, мәліметтерді ауқымды желінің көмегіне сүйеніп алып отырдым. Ал сабағымда интерактивті тақтаны, актив студионы тиімді пайдаландым. Әр сабағымда оқулықтан тыс мәліметтерді, есептер мен мысалдарды ғаламтор арқылы алып, көрсетіп отырдым. АКТ оқушы қызығушылығын арттырады және есте сақтауға көмектеседі. Өйткені естігеннен, оқығаннан гөрі көзімен көрген есте жақсы қалады. Қайта қызығушылықтары оянып, белсенділіктері артады. Мұғалімге тиімділігі уақытты үнемдей алады.
Жалпы, жаңа бұрын-соңды мен қолданбаған жаңа тәсілдің бірі – критерий бойынша бағалау. Мектептегі тәжірибемнің алғашқы күндерінде топтық жұмысты бағалау қиындық тудырды. Топтағы оқушылардың бәрі бірдей белсенділік танытып отыратын сияқты, бірақ кейбіреуінің жауабы және шығарған есептері нақты емес немесе қате, ия толық емес болады. Сол кезде топ мүшелерін бағалай алмай қиналғаным болды. Соңғы сабақтарыма «бағалау парағын» қолдандым. Сабақ құруда мүмкіндіктерін пайдаландым, оқушы тапсырманы орындап болған соң, өзінің дұрыс жауаптарының санын көріп, фигуралар арқылы бағаланып отырды. Дәстүлі оқыту кезінде тек 4-5 бала бағаланушы еді, енді барлық оқушылар бағаланып отырды. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез келген нысанның артында обьективті немесе жеткілікті дәрежеде объективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай-ақ баланың дамуы, оқуы және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзін-өзі бағалау, қабілеттілік және күш-жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады,- (Александер, 2001) /Нұсқаулық 56-бет/ деп Александер айтқандай мен мектептегі тәжірибемнің алғашқы күндеріндегі сабақтарымда өзін-өзі бағалау, топтық бағалау, бағдаршам арқылы бағалау тәсілдерін қолдандым. Бұл бағалау топтағы оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін арттырды.
Сабақтағы негізгі көшбасшы-мұғалім, бірақ топ мүшелерін толықтырып, алға жетелеп отырған топ басшылары да болды. Айым, Бауыржан және Жансая осы сабақтарда өздерінің тобын ерте білді.
«Мінсіз мұғалім қандай болу керек?» деген сұрақ қойылғанда да көп мүдірдім. Мен өзімді біржақты бағалайды екенмін.Тек өз пәнімді терең білсем болды , осы пәнге деген оқушы қызығушылығын арттырсам болды деген ой ғана болды. Көп жағдайда оқушы пікірімен санаспаймын , осы үлкен қателік екен. Менің мінсіз мұғалім болуым өзімді осы курстан алған әсерім мен білімімді толықтыра отырып , алға қарай жылжуыма байланысты .
Бұдан кейін, яғни, болашақта қандай боламын? Алдымда отырған әр оқушының жан дүниесіне терең бойлап, толық түсінуге тырысамын. Оның қателіктерінің сыры неде? Жетістіктерге қалай жетті? Қателіктерді жойып, жетістіктерге қалай жетуге болады? Осы сұрақтардың жауабын іздеймін, табамын. Үйренген әдіс-тәсілдерім білім деңгейін жақсартуға үлкен әсерін тигізетініне сенімім мол.
Қорытындылай келе, бұл жобаның идеясы «Үйренуді үйрету» қазақстандық білім беру жүйесі үшін өте маңызды. Қазақстандық оқушылар өзіндік ізденуге, дербестікке дайындалу үстінде. Жеті модульді басшылыққа ала отырып, болашаққа нық сеніммен алға қадам басу біздің ендігі міндетіміз.
Анықтамалық әдебиет
1.Мұғалімге арналған нұсқаулық, 2012.
2.Аханова Б. «Шығармашылық тұлға қалыптастыру // Сыныптағы тәрбие»,
№1.-19-22 б
3.www.cpm.kz сайты
4.Давыдов В.В. «О понятии развивающего обучения», Томск, 1995, 144 с.
5. Выготский Л.С. Психология. – М., 2000.
6.Жанпейісова М.М. «Модульдік оқыту технологиясы». Ақтөбе, 1999.
Достарыңызбен бөлісу: |