Оқу сауаттылығы нұсқау



Дата18.05.2020
өлшемі23,08 Kb.
#69348
Байланысты:
O u-sauattyly y


ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫ






Нұсқау: Оқу сауаттылығы бойынша 4 мәтін және олардың мазмұны бойынша құрастырылған бір дұрыс жауапты тест тапсырмалары беріледі. Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз. Таңдаған жауапты жауап парағындағы сәйкес орынға, дөңгелекшені толық бояу арқылы белгілеу қажет.

1-мәтін
Замандардың заманында бір күйші ғұмыр кешіпті. Бала жастан өнер қуып, күй қайырыпты. Өгіз жайып жүріп, қурайдан сыбызғы қиып, уілдете тартқанда, өгіздер күйсегенін тоқтатып, құлақтары салбырай мүлгіп, тыңдап тұрады екен. Ормандағы құс қалғып, батпақтағы бақа тыншып қалса керек.

Күйші бала кейде қыз-бозбалаға ілесіп, түнгі ойын-сауыққа шығады екен. Түн тынық, жер-әлем бусана манаурайды. Қалжың-күлкі, ойын-сауық. Керемет! Сонда бала сыбызғысын ерніне апарып, баяу созылтып күй бастайды. Қыз біткен, жігіт біткен тегіс ұйып қалады. Қай-қайсысы болмасын, жүректеріне тәтті шырын құйылғандай, беймәлім бір күш қағып алып, биікке, шырқау биікке, жұлдыздары жымыңдасқан ашық аспанға әкетіп бара жатқандай сезінуші еді.






1. Күй ойнаған кезде қыз-бозбаланың, айналаның ерекше әсерге елту себебі.

A) Көпті көрген жасына байланысты

B) Күйшінің шеберлігіне байланысты

C) Күйшінің жастығына байланысты

D) Күй атауына байланысты

E) Күйшінің аспабына байланысты



2. Мәтінге сәйкес нұсқа

1. Күй құдыреті

2. Шебер күйші

3. Тәтті күй

A) Тек бірінші

B) Екінші мен үшінші

C) Үшеуі де

D) Тек екінші

E) Бірінші мен үшінші






2-мәтін
1. «Көптік – құдіреттіліктің бір белгісі» дегенді айтқан қазақ қандай шаруаға болса да жұмыла қимылдаудың артықшылығын пайымдаған. Сондай істері арқылы бауырмалдығын, ынтымағын, бір-біріне ізет-құрметін танытып отырған. Ел ішіндегі күш-қайраты жоқ, жалғыз ілікті қарт адамдарға қамқорлық жасау арнайы ұйымдастырылады. Кеудесінде жаны бар қазақ қанша қалжыраған халге түссе де, ары мен намысын жоғары ұстайды. «Жаным – арымның садағасы» дейтіні содан. Қандай қамқорлық жасалса да, ол сол адамның намысына тимеуі керек. Барлық шара сол негізге құрылады. Сондай шараның бір түрі – асар. Жалғыз басты қарт адамдардың бітпей жатқан жұмысына ауылдың жігіт-желеңдері жабыла қолқабыс беріп, тез тындырып тастау әдісін қазақтар «асар» деп атайды. Мұның өмірлік, қоғамдық және әлеуметтік мәні бар. Жұмыс күші кем, ісі бітпей жатқан адамдар осы шараның арқасында шаруасын тындырып алады.

2. Асардың да ел қолдаған жөн-жосығы бар. Кез келген кісі асар салмайды. Ел назарын аударған, жұрт қолдаған сипаты сақталады. Күші мығым, қайратты жігіттердің құрбы-құрдастарын жәрдемдесуге шақыруы асарға жатпайды. Асарды үйінде қайратты кісісі жоқ не науқасқа шалдығып қалған, шаруасының науқаны өтіп бара жатқан адамдар жасайды. Ағайын-жұрты мұны қостайды. Сөйтсе де асар салушы жиналған қауымды қанағаттандыратындай дәрежеде дайындалады. Жұмыс істеушілердің қажетіне керектіні толық әзірлейді.

3. Асар – қазақ арасында біріне-бірі көмек көрсететін ымыралы салт. Ағайынын разы ету үшін қандай қиыңдық болса да көптің біріккен күшімен қатар тұрып жеңудің амалы, нақты шара.




3. Берілген мақал-мәтелдердің қайсысы мәтіннің 1-бөлімінің мағынасын ашып тұр?

A) Қайраты жоқ кісінің берекеті жоқ ісінің.

B) Барымен базар, жоқты қайдан табар?

C) Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды.

D) Жаман бұзар, жақсы түзер.

E) Көп түкірсе – көл.



4. Мәтінде қозғалатын мәселе

A) Қамқорлық

B) Туысқандық

C) Аяушылық

D) Жолдастық

E) Шыдамдылық



5. Асты сызылған сөзге балама бола алатын нұсқа

A) Ақылы көмек беру

B) Бірлесіп көмек беру

C) Келісімге келу

D) Жоспарлы көмек беру

E) Тіл табысу



6. Мәтін бойынша асар сала алмайтын адамдар

A) Үйінде қайратты адамы жоқ, балалы-шағалы әйелдер

B) Үйінде ер адамы жоқ қауқарсыз жандар

C) Шаруасының науқаны өтіп бара жатқан қауқарсыз адамдар

D) Жалғыз басты қарт адамдар

E) Күші мығым, қайратты жандар







3-мәтін
Ф.Достоевскийдің Шоқанға жазған хатынан.

1. ... Досым, аяулы Шоқан, сізге жұмбақтап кеттім бе? Оны шешем деп әуре болмай-ақ қойыңыз. Бірақ маған табыс тілеңіз! Бәлкім, таяу күндерде бәрін менің өзімнен-ақ біле жатарсыз. Мүмкіндігінше бізге тезірек келіңіз. Ал сәуірде міндетті түрде жететін болыңыз! Баяғы беттен қайтпаңыз! Сізді керемет көргім келеді. Сіз Омбыда көңілсіз деп жазыпсыз. Енді ше! Сіз қызметімді не істесем екен деп кеңес сұрапсыз. Меніңше, істі доғармаңыз. Сізде материал көп: дала туралы мақала жазыңыз. Оны бастырады. Есіңізде ме, біз ол туралы айтып едік қой! Ең дұрысы, өзіңіздің бұрынғы далалық тұрмыс туралы жазбаларыңыздай дүниелер жазсаңыз тамаша болар еді. Бұл әркімді елең еткізетін жаңалық болар еді.

2. Сізге Омбыда да, Петерборда да жұрттың назары ауды. Сіздің қолыңыздағы материалдар Географиялық қоғамды да қызықтырар еді. Егер алдағы жазда далада болуды ұйғарсаңыз, көп күтіп қалуға тура келетін шығар. Алайда алдағы жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап Ресейге бір жылдық демалысқа сұрансаңыз жөн болар еді. Бір жылдай сонда болсаңыз, не істеу керек екенін біле түсер едіңіз. Бір жылға қаражат табылатын шығар. Шынын айтқанда, ақшаның көп қажеті де жоқ. Ең бастысы, қолға алатын іске байсалды көзқараспен қарай білу керек... Сіз өзіңіздің еуропаша толыққанды білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді естен шығармаңыз. Оған қосымша – тағдырыңыз сізге ерекше жан мен жүрек сыйлап, таңғажайып адам еткен. Кейін шегінуге болмайды, табандылықпен алға ұмтылыңыз, тіпті керек болса, қулыққа да барыңыз.

3. Сізге Демчинский сәлем айтып жатыр. Бұл хатты соның үйіндегі әдеттегі өзіміздің шай ішетін үстелде жазып отырмын. Қарсы алдымда Цуриков те сізге хат жазып отыр.

Сау болыңыз, достым! Хатты жиі жазыңыз. Ал мен әрдайым жауап жолдайтын боламын. Мүмкін, келесі бір жолдары өзімнің мақсаттарым туралы да жазып жіберермін.

Сізге С. ханым да сәлем айтады. Екеулеріңіздің Омбыда қалай жүргендеріңізді әңгімелеп берген маған. Ол сізді ұмытқысы келмейді және сіздің жағдайыңызды біліп тұрғысы келетін сияқты.

14 желтоқсан, 1856 жыл. Семей.





7. Мәтін қандай стильде жазылған?

A) Техникалық

B) Ауызекі сөйлеу

C) Публицистикалық

D) Көркем әдебиет

E) Ғылыми



8. Шоқанның көпшілікке танылып қалған тұлға екенін дәлелдейтін пікір қай бөлімде?

A) 1, 3


B) 1

C) 3


D) 2

E) 2, 3


9. Хат соңында досының Шоқанға өтініші

A) Тезірек келу

B) Ақша салу

C) Демалысқа шақыру

D) Мақсатын анықтау

E) Жиі хат жазу



10. Қандай пікір 2-бөлімдегі оймен ұштасып тұр?

A) Шоқан Петербор қаласының Географиялық қоғамына мүше болды.

B) Омбыда Федор Достоевский жүрегіне жақын дос тауып алды.

C) Омбыда достарынсыз Шоқанға көңілсіз.

D) Мақсатқа жету үшін табандылық пен қаражат керек болады.

E) Шоқан орыстың басқа ақын-жазушыларымен де хат алысты.



11. Ф.Достоевский хатының басында Шоқанға қандай кеңес береді?

A) Жиі хат алысып тұруға

B) Қаражат табу үшін жұмыс жасауға

C) Қала туралы мақала жазуға

D) Алған беттен қайтпауға

E) Ресейге келіп білім алуға



12. Мәтінге сәйкес Шоқанға байланысты қандай мәлімет дұрыс?

1. Федор Шоқанды өзінің жоспарларымен таныстырды.

2. Федор мен Шоқан бірлескен жоба бастағалы тұр.

3. Шоқан жинаған материалдар Географиялық қоғамды қызықтырар еді.

A) Екіншісі дұрыс

B) Үшіншісі дұрыс

C) Біріншісі дұрыс

D) Барлығы теріс

E) Барлығы дұрыс






4-мәтін
Қазақтың абыройын жер жаһанға көтерген Қажымұқан балуан Семей қаласында ел құрметіне бөленіп жүргенде, бір отырыста мынандай сұрақ қойылыпты:

– Осы біздің қазақта дәл өзіңіздей күшті бар ма? Болды ма, кезікті ме?

Сонда Қажекең:

– Бар ғой, менен де күштілер болған. Балуан Шолақ ағамызды барлығың білесіңдер. Дәл осы қалада да бір мықтыға жолыққаным бар, – деп әңгімесін бастапты.

– Осындағы бір азамат жалғыз өзімді қонаққа шақырды. Көбіне елге сыйлы азаматтар, әншілер мен өнерпаздар бірге ілесіп жүретін. Шақырғандар барлығымызды қоса шақыратын да, отырыстың өзі көңілді, қызықты өтетін. Шақырған үйдің мол дастарқанының төрінде жалғыз мен. Үй иесі сөзге сараң, әлденеге алаңдаулы. Бір уақытта пар ат жеккен пәуеске сартылдата, қатты екпіндетіп келіп, есік алдына тоқтай қалды. Одан дембелше келген жігіт түсіп: «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бере кіріп келді. Бір тізерлеп отыра қалып, нан ауыз тиді де, маған қарап:

– Қажы аға! Уақытым аз, асығыспын. Сізді қонаққа шақыра келдім. Осы қазір жүріңізші! – деп түрегелді. Атып тұрып, ере жөнелдім. Пәуескеге отырып, Ертіске келдік. Бір қайықшы қайығымен тосып тұр екен. Қайыққа отырдық. Содан өзен ортасындағы Түйемойнақ аралына алып келді. Аралда бір жігіт тайқазанға ет асып жатыр екен. Дастарқан жайып, тамақты түсіріп болған соң, мені әкелген жігіт қайықшы екеуі кетіп қалды.

Аралда әлгі жігіт екеуміз ғана. Тамақ ішіп болдық. Сонда ғана әлгі бауырдың шақырған себебін түсіндіргені.

– Аға, арманым елдің даңқын көтерген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді. Енді сізден бір өтінішім, мені бір сынап көріңізші. Өйткені, өз күшімді сынайтын адамды жолықтыра алмай жүрмін, – дегені.

– Қалай, күресіп пе? – деп сұрадым.

– Иә.


Аралда екеумізден басқа ешкім жоқ болса да, ағаштардың арасындағы тасалау жердегі алаңқайға ертіп барып:

– Жол сіздікі, жасыңыз үлкен, – деп аяғын алшақтау қойып тұра қалды.

Әлгіні олай-бұлай итерем, тартам. Тартып тұрып, итеріп қалам. Итеріп тұрып, тартып қалам. Тамырын тереңге жіберген емен секілді, былқ етпейді. Тұрған орнынан қозғалта алмай-ақ қойдым, қақиған мойны да иілмейді.

– Ал енді өзің көр, – деп кезекті бердім. Сол-ақ екен ол бір қолымен иығымнан қапсыра ұстады да, шыр айналдырып, дедектете жөнелді. Бір уақытта екінші қолымен қоса ұстады да, жерден көтере айналдырды. Дүниежүзінің қаншама мықтыларымен күрессем де, еш уақытта мұндай күйге түспеген едім. Әлгі жігіттің қолында орамалдай желпілдеп, айнала ұшып жүрмін. Бір уақытта тік көтеріп алды да, жерге екі аяғыммен дік еткізіп қоя қойды. Сосын басын иіп, тізесін бүгіп, еңкейе тағзым етіп:

Кешіріңіз, аға, жауырыныңыз жерге тимесін! – деді.

Күші асып тұр, тағы аға деп сыйлап, жықпай тұр. Басын иіп тұр. Ешкімді маңайына жолатпағаны да менің абырой-даңқыма сызат түспесін деген сақтығы екен.

Мен қазақ болып туғаныма, үлкенді сыйлаған әдет-ғұрпыма, оны білетін інілер барына қуанып, жүрегім елжіреп, иілген басын көтеріп, құшақтап алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Осындай ініні көтеріп, бағын ашсам, армансыз болатындаймын.

– Жүр, бауырым, менімен бірге. Дүниежүзінде саған тең келер ешкім жоқ. Өзім аралатам, үнемі жаныңда болам. Дүниежүзінің балуандарын енді сен жығасың. Жүр, менімен бірге! – дедім. Сөзіме, көңіліме риза болып тұр, бірақ басын шайқайды. Өмір бойы көре алмай жүрген туысын тапқандай, елжіреп ағалай береді.







13. Түйемойнақ аралында неліктен Қажымұқанның жамбасы жерге тимеді?

1. Қажымұқанның күші басым болғандықтан

2. Қажымұқанды сыйлағандықтан

3. Қажымұқанның абырой-даңқына сызат түсіргісі келмегендіктен

A) Барлығы дұрыс

B) Екіншісі мен үшіншісі дұрыс

C) Барлығы бұрыс

D) Біріншісі мен үшіншісі дұрыс

E) Біріншісі мен екіншісі дұрыс


14. Мәтін мазмұнына қай мақал сәйкес келеді?

A) Күш атасын танымас.

B) Ер айтқанынан қайтпас.

C) Тәуекел тау жығады.

D) Шешінген судан тайынбас.

E) Батыр жарасыз болмас.



15. Күресте кім жеңіске жетті?

A) Қажымұқан

B) Балуан Шолақ

C) Тең түсті

D) Бейтаныс жігіт

E) Қайықшы жігіт



16. Әңгіме соңында Қажымұқан қандай көңіл күйде болды?

A) Күмәнданды

B) Басу айтты

C) Сабыр етті

D) Ренжіді

E) Толқыды



17. Мәтін мазмұнынан жігіттің қандай қасиеті көрінеді?

A) Шешендігі

B) Атаққұмарлығы

C) Үлкенді сыйлауы

D) Кішіге мейірімділігі

E) Барға қанағатшылдығы



18. Автордың мәтінді жазудағы мақсаты қандай?

A) Қазақ халқының қонақ күту дәстүрін насихаттау

B) Қазақ еліндегі ұлттық спорт түрлерін мақтан ету

C) Қазақ халқының үлкенді құрмет тұтатын салт-дәстүрін дәріптеу

D) Балуандардың дүниежүзілік күреске жету жолын көрсету

E) Қазақ еліндегі ұлттық спорт түрлерін мақтан ету



19. Жігіттің Қажымұқанды қонаққа шақыруының басты себебі неде?

A) Жора-жолдастарымен таныстыру

B) Қажымұқанды жығып, даңққа бөлену

C) Үй ішін балуанмен таныстыру

D) Дәм татқызып, әнін тыңдату

E) Күшін Қажымұқанға сынату



20. Мәтіннің стилі қандай?

A) Ресми іс-қағаздар стилі

B) Көркем әдебиет стилі

C) Ауызекі сөйлеу стилі

D) Ғылыми стиль

E) Публицистикалық стиль





ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫНАН СЫНАҚ АЯҚТАЛДЫ

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет