Педагог қызметкерлердің жұмыс уақыты мен тынығу уақыты



Дата25.08.2017
өлшемі141,76 Kb.
#27520
Педагог қызметкерлердің жұмыс уақыты мен тынығу уақыты

Педагог қызметкерлердің жұмыс уақыты мен тынығу уақыты ұйым қызметінің режимін (білім алушылардың, тәрбиеленушілердің тәуліктік болуы, олардың белгілі бір уақыт, маусым, оқу сабақтарының ауысымы  және білім беру ұйымы жұмысының басқа да ерекшеліктері кезінде болуы) ескере отырып анықталады және  ішкі еңбек тәртіптемесінің ережелерімен, оқу кестесімен, жылдық күнтізбелік оқу кестесімен, бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің келісімі бойынша жұмыс берушімен бекітілген ауысым кестесімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне, ҚР «Білім туралы» Заңына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленген еңбек шартының жағдайларымен, лауазымдық нұсқаулықтармен белгіленеді.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес (әрі қарай – ҚР ЕК):

«жұмыс уақыты» – қызметкер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ осы Кодекске, Қазақстан  Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері (ҚР ЕК 1-бап 1-т. 47)т.);

«тынығу уақыты» – қызметкердің еңбек міндеттерін орындаудан бос және өз қалауы бойынша пайдалана алатын уақыты (ҚР ЕК 1-бап 1-т. 77)т.).

Педагог қызметкерлердің жұмыс уақыты және оның түрлері

Мұғалімдердің, оқытушылардың, қосымша білім беру педагогтарының (әрі қарай – оқытушылық жұмыс жүргізетін педагог қызметкерлер) педагогикалық жұмысы оқытушылық жұмыспен байланысты тек педагогикалық жұмыстарды орындау үшін белгіленген нормалардың болуымен сипатталады.

Оқытушылық жұмысты жүргізетін педагог қызметкерлердің педагогикалық жұмыстың басқа бөлігін орындауы сағат саны бойынша нақтыланбаған, жұмыс уақытының ішінде жүзеге асырылады.

Оқытушылық жұмысты жүргізетін қызметкерлердің жұмыс уақытының нормаланған бөлігі, астрономиялық сағаттармен анықталады және олардың ұзақтылығына тәуелсіз өткізілетін сабақтарды және білім алушыларға, соның ішінде 1 сынып оқушылары үшін «динамикалық сағат» ретінде белгіленген әрбір оқу сабағы арасындағы қысқа үзілістерді қосады. Сонымен қа тар, белгіленген оқу жүктемесінің сағаттар санына, аталған қызметкерлердің 45 минуттан аспайтын ұзақтылықта жүргізетін оқу сабақтарының саны сәйкес келеді.

Оқу сабақтарының, сондай-ақ олардың арасындағы үзілістердің нақты ұзақтылығы, белгіленген тәртіпте бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормативтерге сәйкес келуін ескере отырып, білім беру ұйымының жергілікті актісімен немесе жарғымен қарастырылады.

Оқытушылық жұмысты орындау оқу сабақтарының кестесімен реттеледі. Оны құру кезінде сабақтар арасында ұзақ үзілістерге жол бермейтін педагог қызметкердің жұмыс уақытын орынды пайдалануы ескерілуі тиіс.

 Жұпталған оқу сабақтарын өткізу кезінде белгіленбеген үзілістер жинақталып, білім беру ұйымының ішкі еңбек тәртіптемесінің ережелерімен көзделген тәртіпте, басқа педагогикалық жұмысты орындау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Оқытушылық жұмысты жүргізетін қызметкерлердің жұмыс уақытын шығындауды талап ететін, сағат саны бойынша нақтыланбаған педагогикалық жұмысының басқа бөлігі, тарифтік-біліктілік сипаттамасымен, ішкі еңбек тәртібінің ережелерімен және білім беру ұйымының жарғысымен көзделген олардың лауазымдық міндеттерінен шығады және жұмыс кестелері мен жоспарлары, соның ішінде педагог қызметкердің жеке жоспарларымен реттеледі, және мынадай жағдайлармен байланысты болуы мүмкін:

- педагогикалық, әдістемелік кеңестердің жұмыстарына қатысумен, ата-аналар жиналысын, кеңес берулерді, сауықтыру, тәрбиелеу және білім беру бағдарламасымен көзделген басқа да шараларды өткізу жөніндегі жұмысқа қатысуға байланысты міндеттерді орындау;

- ата-аналарға және оларды ауыстыратын тұлғаларға, балаларын үйде оқытатын отбасыларына медициналық ұйғарымға сәйкес әдістемелік, диагностикалық және кеңес беру көмектерін ұйымдастыру және өткізу;

- білім алушыларды, тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, олардың жеке мүмкіндіктерін, қызығушылықтарын және бейімділіктерін, сондай-ақ олардың отбасылық және тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын зерттеу жөніндегі жұмысқа тікелей дайындалуға кететін уақыт;

- білім беру процесі мерзімінде, қажеттілікке орай сабақтарды өткізуге дайындалу, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің күн режимін орындауын қадағалау, оқу сағаты ішінде тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында, соның ішінде әр түрлі белсенділік деңгейіндегі білім алушылар, тәрбиеленушілерге тамақтану үшін белгіленген сабақтар арасындағы үзілістер кезінде кезекшілік;

- тиісті қосымша еңбек ақысы төленетін (сынып жетекшілігі, жазбаша жұмыстарды тексеру, оқу кабинеттерін меңгеру және т.б.), тікелей оқу процесімен байланысты педагог қызметкерге қосымша жүктелген міндетті орындау.

Оқу сабақтарын жүргізу, ол басталғанға дейінгі және оқу сабақтары аяқталғаннан кейінгі мерзімге білім беру ұйымдарында педагог қызметкерлердің кезекшілік кестесін құру кезінде ұйым жұмысының ауысымы, әрбір педагог қызметкердің оқу сабақтарының кестесіне, іс-шаралардың жалпы жоспарына сәйкес жұмыс уақытының режимі, оқу жүктемесі жоқ немесе аз болатын күні кезекшілікті, педагог қызметкердің ұзақ уақыт кезекшілік жағдайын болдырмау үшін жұмыстың басқа да ерекшеліктері ескеріледі.

Жұмыс күндері білім беру ұйымдары бойынша педагог қызметкерлер оқу сабақтары басталғанға дейін 20 минут бұрын және олардың соңғы оқу сабақтары аяқталғанан кейін кемінде 20 минут кезекшілікке тартылады.

Оқытушылық жұмысты жүргізетін педагог қызметкерлер үшін кесте бойынша оқу сабағын жүргізуден, жұмыс кестесі және жоспарымен реттелетін басқа міндеттерді орындаудан бос апта күндерін (білім беру ұйымы өз қызметін жүзеге асыратын уақыт мерзімі), педагог қызметкер біліктілігін арттыруға, өзін-өзі жетілдіруге, сабақтарға дайындалуға және т.б. қолдана алады.

Білім беру ұйымдары оқытушыларының, мұғалімдерінің жұмыс уақытының режимі, өздеріне қатысы жоқ себептермен (оқу жоспары және оқу бағдарламасы бойынша сағаттар санының және (немесе) сыныптардың, топтардың және т.б. қысқаруы) оқу жылы ішінде оқу жүктемесі оқу жылының басында белгіленген оқу жүктемесімен салыстырғанда азаяды, оқу жылының аяғына дейін педагогикалық жұмысты орындау үшін қажет уақытты есепке ала отырып, оларға барабар жалақыны сақтап сағаттар санымен анықталады.

ҚР ЕК 72-бабының 3-т.сәйкес, жұмыс берушінің бастамасы бойынша педагог қызметкердің күнделікті жұмысын бөліктерге бөлген жағдайда, жұмыстағы үзілістердің саны мен ұзақтығы, сондай-ақ осындай жағдайлары бар жұмыс үшін қызметкерлерге төленетін өтемақылардың түрлері мен мөлшері еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленеді. 

Толық емес жұмыс уақыты – педагог қызметкерлер үшін толық емес жұмыс күні немесе толық емес жұмыс аптасы мынадай жағдайларда белгіленеді:

- қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша;

- жүкті әйелдің, 14 жасқа дейінгі баласы бар (18 жасқа дейінгі мүгедек баласы бар) ата-ананың біреуінің (қамқоршының, тәрбиешінің, заңды өкілдің), сондай-ақ медициналық ұйғарымға сәйкес отбасының науқас мүшесінің күтімін жүзеге асырып отырған тұлғаның өтініші бойынша.

Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу қызметкер үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын қандай да бір шектеуге әкеп соқтырмайды.

Білім беру ұйымдарында жұмыс уақытының жинақталған есебі күзетшілер, тәрбиешілер, режим бойынша кезекшілер, жатақхана бойынша кезекшілер, бу қазандары қондырғыларының операторлары, от жағушылар (кочегарлар), тәрбиешілердің көмекшілері, мейірбикелер, дәрігерлер үшін енгізіледі. Жұмыс уақытының жинақталған есебіне ауыстыру кәсіподақ органының дәлелді пікірін ескере отырып, білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады. Мұндай жағдайларда есептеу мерзімі тоқсан болып саналады, сонымен қатар ауысым ұзақтылығы кемінде 12 сағаттық ауысымаралық демалыс беруді ескере отырып, кез келген бола алады.

ҚР ЕК 77-бабына сәйкес үстеме жұмыстарға тартуға мына жағдайларды қоспағанда, тек қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі:  

1) ел қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстар жүргізу кезінде;

2) сумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың, энергиямен жабдықтаудың және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшін;

 3) егер үзіліс жасауға болмайтын жұмыста ауыстыратын қызметкер келмей қалғанда, басқа қызметкермен ауыстыру шарасын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшін;

4) денсаулығынан айрылу немесе опат болу қаупі төніп тұрған азаматтарға төтенше және шұғыл көмек көрсету үшін.

Үстеме жұмыстарға төмендегідей қызметкерлер жіберілмейді:          
- жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтама ұсынған жүкті әйелдер;
- он сегіз жасқа толмағандар;
- мүгедектер. 


Үстеме жұмыстар әрбір қызметкер үшін тәулік ішінде - екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс.

Білім беру ұйымының жеке қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін 22.00-ден 06.00 сағатқа дейін есептелетін түнгі уақытта орындайды.

ҚР ЕК 110-бабы негізінде түнгі уақыттағы жұмыстың әр сағатына еңбек немесе ұжымдық шарттардың жағдайларына және (немесе) жұмыс берушінің актісіне сәйкес қызметкердің күндік (сағаттық) ставкасы негізге алына отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде ақы төленеді.

Ұйым қызметкерлерін еңбек шартымен, лауазымдық міндеттермен көзделмеген жұмыстарды орындауға тартқан жағдайда, жұмыс беруші қызметкердің жазбаша келісімімен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнанамен көзделген тәртіпте қосымша ақы төленетін өкім шығарады.

Мемлекеттік білім беру ұйымдары басшыларының, олардың орынбасарларының, өзге де басқарушы қызметкерлердің жұмыс режимі аптасына қалыпты ұзақтылығы 40 сағат жұмыс уақытынан шығатын, білім беру ұйымдарының қызметін  басқаруды қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып анықталады.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы демалыс және мереке күндері жұмыс жасауға тыйым салады. Ерекше жағдайларда қызметкерлерді бұл күндері жұмысқа тартуға қызметкердің жазбаша келісімімен және жұмыс берушінің жазбаша бұйрығы бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің пікірін ескере отырып жол беріледі. Аталған шектеу еңбек қызметін ауысым кестесі бойынша жүзеге асыратын қызметкерлерге таратылмайды. 

Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа кемінде бір жарым есе мөлшерде ақы төлеу жүргізіледі.

Білім беру ұйымдарының білім алушылары, тәрбиеленушілері үшін белгіленген және қызметкерлердің жыл сайынғы ақылы негізгі және қосымша еңбек демалыстарымен (әрі қарай – каникулдық мерзім) сәйкес келмейтін күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникул мерзімдері, қызметкерлер үшін жұмыс уақыты болып табылады.

Каникулдық мерзімде педагог қызметкерлер, каникул басталғанға дейін анықталған олардың жұмыс уақытының (оқу жүктемесінің (педагогикалық жұмыстың белгіленген көлемі)  және жұмысты орындауға қажетті уақыттың нормаланған бөлігі шегінде, белгіленген тәртіпте орташа жалақыны сақтай отырып, педагогикалық, әдістемелік, сондай-ақ ұйымдастырушылық жұмысты жүзеге асырады.

Оқу-көмекші және қызмет көрсетуші персонал үшін каникул мерзіміндегі жұмыс уақытының режимі атқаратын лауазымы бойынша белгіленген уақыт шегінде анықталады. Аталған қызметкерлер заңнамамен белгіленген тәртіпте арнайы білімді талап етпейтін шаруашылық жұмыстарын орындауға тартылуы мүмкін. 

Барлық қызметкерлердің каникул мерзіміндегі жұмыс уақытының режимі білім беру ұйымдарының жергілікті актілерімен және олардың сипаттамасын көрсете отырып жұмыс кестелерімен реттеледі. 

Балаларды үйде жеке оқытуды жүзеге асыратын мұғалімдер медициналық қорытындыға сәйкес, каникул мерзімінде мұндай балаларға каникул басталғанға дейін белгіленген жеке оқыту сағатының санын ескере отырып педагогикалық (әдістемелік, ұйымдастырушылық) жұмысқа тартылады. 

Білім беру ұйымдарында оқу сабақтарының (білім процесінің) білім алушылары, тәрбиеленушілері үшін санитарлық-эпидемиологиялық, климаттық және басқа негіздер бойынша оқу сабақтары тоқтатылуы мүмкін. Мұндай жағдайлар білім беру ұйымдарының педагог және басқа қызметкерлерінің жұмыс уақыты болып табылады және олар каникул мерзіміндегідей тәртіп пен жағдайда оқу-тәрбиелеу, әдістемелік, ұйымдастырушылық жұмыстарға тартылады.

Жалпы білім беру және басқа да білім беру ұйымдарының базасында сол жерде каникулдық мерзімде құрылған, балалардың күндіз болатын сауықтыру лагерьлеріне және басқа да білім беру сауықтыру ұйымдарына кемінде бір айға, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келмейтін мерзімге тартылатын педагог қызметкерлердің жұмыс уақытының режимі, каникул мерзіміндегідей тәртіпте анықталады.

Педагог қызметкерлерді, олардың жыл сайынғы ақылы еңбек демалысымен сәйкес келмейтін каникулдық мерзімде сауықтыру лагерьлеріне жұмысқа және басқа жердегі сауықтыру білім беру ұйымдарына, сондай-ақ ұзақ жорықтардың (сол күні қайтып келмейтін), экскурсиялардың, экспедициялардың, басқа жерге саяхаттардың жетекшісі ретінде тарту, тек қызметкердің келісімімен ғана орын алады.

Педагог қызметкерлерді каникул мерзімінде жұмысқа қабылдаған жағдайда, жұмыс уақытының режимі басқа лауазымдық міндеттерді орындауға қажетті жалақы мен уақыттың ставкасына белгіленген аптасына оқытушылық (педагогикалық) жұмыс сағатының нормасы шегінде анықталады. 

Білім беру ұйымы қызметкерінің нақты атқарған жұмыс уақытын есепке алу ҚР ЕК 79-бабына сәйкес жұмыс берушімен жүргізіледі. Қызметкердің атқарған және атқармаған уақыттары есепке алынады. Үстеме жұмыстар, түнгі уақыттағы жұмыс уақыты, демалыс, мереке күндері, іссапар күндері жеке ескеріледі. Жұмыс уақытын есепке алу түрі мен тәртібі жұмыс берушінің актісімен анықталады.   

Педагог қызметкерлердің тынығу уақыты және оның түрлері

Педагог қызметкердің тынығу уақыты - қызметкердің еңбек міндеттерін орындаудан бос және өз қалауы бойынша пайдалана алатын уақыты болып саналады. 

Тынығу уақытының түрлері:

жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер

- күнделікті (ауысымаралық) тынығу;

- демалыс күндері (апта сайынғы үздіксіз тынығу);

- мереке күндері;

- еңбек демалыстары болып табылады.

Тынығумен және тамақтанумен байланысты емес педагог қызметкерлердің жұмыс уақытындағы үзілістерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен көзделген жағдайларды қоспағанда жол берілмейді.  

Жұмыс беруші педагог қызметкерлерге білім алушылармен бірге жұмыс уақытында, сондай-ақ сабақтар арасындағы үзілістер ішінде тынығуға және тамақтануға мүмкіндік береді. Басқа қызметкерлер үшін  тынығуға және тамақтануға арналған уақыт ішкі еңбек тәртіптемесінің Ережелерімен белгіленеді және ұзақтығы жарты сағаттан кем болмауы тиіс.

Қызметкердің келесі тынығу түрі күнделікті (ауысымаралық) тынығу болып табылады. Жұмыстың аяқталуы мен оның келесі күні басталуы (жұмыс ауысымы) арасындағы оның ұзақтығы он екі сағаттан кем болмауға тиіс.

Егер білім беру ұйымында алты күндік жұмыс аптасы белгіленсе, онда жалпы демалыс күні - жексенбі болып табылады. Ішкі еңбек тәртіптемесінің ережелерімен жекеленген кәсіп қызметкерлері үшін сенбі және жексенбі -екі демалыс күнімен бес күндік жұмыс аптасы қарастырылуы мүмкін.  

Алты күндік жұмыс аптасымен істейтін педагог қызметкерлерге, сондай-ақ оқу процесіне қатыспайтын басқа да қызметкерлерге, каникул уақытында сенбі және жексенбі – екі демалыс күнімен бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. 

Қызметкердің тынығу уақыты түрлерінің бірі мереке күндері болып табылады. Демалыс және мереке күндері сәйкес келгенде, демалыс күні мерекелі жұмыс күнінен кейінгі күнге ауыстырылады. 

Тынығу және тамақтану үшін үзіліс уақыты, сондай-ақ демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс, ауысым кестесін, білім беруді ұйымдастыру жөніндегі педагог қызметкерлердің кезекшілік кестесі ішкі еңбек тәртіптемесінің Ережелерімен белгіленуі тиіс.

Демалыс немесе мереке күндері жұмыс жасаған қызметкердің қалауы бойынша оған басқа ақы төленетін демалыс күні беріледі, ал демалыс немесе мереке күндеріндегі жұмысқа бұл жағдайда бір есе мөлшерде ақы төленеді.

Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы төмендегідей ұзақтықта беріледі:

- педагогикалық емес лауазымдағы  азаматтық қызметшілерге - 30 күнтізбелік күн (ҚР ЕК 139-бап 10-т.);

- педагог қызметкерлерге және оларға теңестірілген тұлғаларға - 56 күнтізбелік күн (ҚР "Білім туралы" Заңының 53-бабы 1-т. 2)т.);

- мамандықты қажет етпейтін жұмысшыларға - 24 күнтізбелік күн (ҚР ЕК 88-бап).

Еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің пікірін ескере отырып жұмыс берушімен бекітілетін демалыстар кестесімен күнтізбелік жыл басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын анықталады.

Еңбек демалысының басталу уақыты туралы қызметкер ол басталғанға дейін екі апта бұрын қолын қойғызып хабарлануы тиіс. 

Жазғы немесе ыңғайлы уақытта жыл сайынғы еңбек демалысына төмендегі қызметкерлердің басымды құқықтары бар:

1) кәмелеттік жасқа толмаған (18 жасқа дейінгі) баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналар (қамқоршы, тәрбиеші);

2) үш және одан да көп баласы бар әйелдер;

3) еңбек жарақатын алған қызметкерлер;

4) емделуге жолдамасы бар кез-келген қызметкер.

ҚР ЕК 92-бабы 2-т. сәйкес, қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы бөліктерге бөлінуі мүмкін, бұл ретте демалыстың бір бөлігі күнтізбелік екі аптасынан кем болмауға тиіс.

Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – ол басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Еңбек демалысын ұзарту, ауыстыру, бөлу және одан шақырту қызметкердің жазбаша келісімімен жүзеге асырылады.

Пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі жыл бойы бермеуге тыйым салынады.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, еңбек шартын тоқтатқан кезде қызметкерге  жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) қолданылмаған күндері үшін өтемақылық төлем көзделген.

Қызметкерге отбасы жағдайына және басқа да дәлелді себептермен жазбаша өтініші бойынша әлеуметтік демалыс беріліп, оның ұзақтығы қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша анықталады.

Әлеуметтік демалыс деп ана болуға, балалардың күтіміне, өндірістен қол үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтік мақсаттарда жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату түсініледі.

Қызметкерлерге әлеуметтік еңбек демалыстарының төмендегідей түрлері беріледі:

1) жалақы сақталмайтын демалыс;

2) оқу демалысы;

3) жүктілікке және баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыстар;

4) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, әлеуметтік демалыста болған кезең еңбек өтіліне есептеледі.

Демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет