Презентация «Туған жер-тұнған шежіре»



Дата16.11.2016
өлшемі174,13 Kb.
#1843
түріПрезентация
ПРЕЗЕНТАЦИЯ
«Туған жер-тұнған шежіре»
Мұғалім сөзі:

Армысыздар, құрметі ұстаздар мен оқушылар! Бүгін біз «Туған жер-тұнған шежіре» тақырыбындағы презентациялық іс-шараны өткізгелі отырмыз. Бұл іс-шара тарих және география пәндерінің апталығының аясында ұйымдастырылып отыр. Аталмыш презентацияны ұйымдастыруымның себебі: қазіргі кезде біздің жастарымыз, өскелең ұрпақтың өзі туған жердің тарихымен мақтана алмайтындығын байқаймыз. Жаңаша өмір сүру кезеңіне қадам басып келе жатқан біздің ізбасарларымыздың санасында - өз өлкесінің тарихымен мақтану емес, жаңаша бір зат алып мақтану деген ой қалыптасып кетті. Көптеген жастардан өз өлкесінің тарихы туралы сұрағанда, орынды (байыпты) жауап бере алмайтындығына көзім жетті. Осындай мәселе жалғыз мені ғана емес, көпшілікті алаңдатады деген ойдамын. Сонымен қатар, бүгінгі күнде Елбасымыздың саясатында жастарға көп қолдау көрсетіліп, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үрдісі жүріп жатыр. Бұл шараның да сол үрдіске бір ықпалын тигізер деген сенімдемін. Осыған орай, 7-9 сынып оқушыларының қатысуымен өздері туған өлкесінің тарихы мен мәдениетін танып-білуі үшін осы шараны ұйымдастыруды жөн көрдім.


Жоспары:

1. Шоқан Уәлиханов – Қазақтың ағартушы ғалымы. Аяжан

2. Айғаным ханша қонысы. Ақтоты

3. Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған тарихи-мемориалдық кешен. Кәмиля

4. Ботай қонысы. Меруерт

5. Имантау және Шалқар көлдері. Ыбырай
1. Шоқан Уәлиханов – Сырымбеттен шыққан нар тұлға.
Тарихшы, этнограф, фольклорист, ағартушы, демократ. Ол қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде 1835 жылы туған. Балалық шағы ата қонысы Сырымбет тауының (Көкшетау облысы) баурында өткен. Өз әкесі – Шыңғыс, ұлы атасы Уәлихан. Арғы атасы Абылай.

Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Ол жас күнінен тарихи өлен, жыр, аңыз, әңгімелерді қызыға тыңдап, құлақ түріп өскен. Тіпті Құсмұрындағы шағының өзінде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын жазып алыпты. Сырымбетте аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған. Шоқан табиғатынан зерек, алғыр болған. Ш.Уәлиханов әуелі Құсмұрында қазақ мектебінде оқып арабша хат таниды. Дәстүр бойынша «жеті жұрттың тілін білуге» тиісті хан баласы Шығыс тілдерінен араб, парсы, шағатай тілін жасынан жақсы үйренген; кейін Орта Азияның түркі тілдерін меңгерген.

1847 жылы ол Омбыдағы кадет корпусына оқуға түседі. Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелетін бұл корпус, декабрист А.Завалишиннің сөзімен айтқанда, «ағартушылық пен патриотизмнің өркен жайған жері» болатын.

Корпуста ой-өрісі, білімі жағынан «Шоқан тез өсті, орыс жолдастарын басып озып отырды. Екі-үш жылдан кейін-ақ Шокан өз класындағылардан ғана емес, өзінен екі жас үлкендердің класындағыларды да идея жағынан басып озды», - дейді бірге оқыған досы Г.Н.Потанин.

Шоқанның рухани өсуіне орыс әдебиетінің мұғалімі ориенталист Н.Ф.Костылецкий, мәдениет тарихы курсын жүргізген айдаудағы ғалым Гонсевский, әдебиетші В.Т.Лободовский (Н.Г.Чернышевскийдің жас кезіндегі досы, кейін идеялас әріптесі) елеулі ықпал еткен.

Костылецкий арқалы 1852 жылы Шоқан мен И.Н.Березин арасындағы тікелей достық қатынас басталады. Березиннің тапсырмасы бойынша Шоқан Тоқтамыстың «Хан жарлығына» талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми жұмысы. 14-15 жасар Шоқанға мұғалімдері болашақ ғалым, зерттеуші деп қарайтын еді дейді Потанин.

Жас Шоқанның білімдарлығын, әсіресе Шығыс әдебиетін жақсы білетіндігін С.Ф.Дуров, Семенов-Тян-Шанский, Потанин; Н.М.Ядринцев жоғары бағалаған. «...жалпы жолдастарына, соның ішінде маған, ол еріксіз, «Европаға ашқан терезе сықылды болды», - дейді Г.Н.Потанин.

1853 жылы Уәлиханов кадет корпусын 18 жасында бітіреді. Ол Омбыда әскери қызметқе қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-батыс аймағын басқаратын генерал-губернатор Г.Х.Гасфорттың адъютанты болып тағайындалады. Екінші жағынан Батыс-Сібір өлкесінің Бас басқармасы оны айрықша тапсырмаларды орындайтын офицер етіп ұстайды. Қызметте Шоқан бюрократтық...мансапқор чиновниктері мен патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздікке қарсы күресіп, олардан қысым көреді. Бұл туралы достарына – М.Ф.Достоевский, А.Н.Майков, В.Курочкин, К.К.Гутковскийге жазған хаттарында Омбыдан кетуді, тұған халқына пайдасы тиетін қызмет істеуді армандайтыны айтылған.

Ш.Уәлиханов адъютанттық қызмет атқара жүріп Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясын, географиясын зерттеуге белсене араласады.

1855 жылы Шоқан Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Тарбағатайды аралайды. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады.

1856 жылы Шоқан қырғыз елін зерттеу экспедициясына қатысады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, фольклор нұсқаларын жазып алады. Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады.

1857 жылы тағы қырғыз еліне барады. Осы сапарында жинаған материалдарын ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстыққөл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс империясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерінде пайдаланады. Бұл еңбектерді орыс ғалымдары аса зор бағалаған. Оларда жергілікті халықтардың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, әдет-ғұрпы зерттеледі. Шоқан табиғатты және ел тұрмысын жазушылық шеберлікпен суреттеген. Орыс достары оны «Қазақтар туралы жазатын орыс әдебиетшісі» деп атаған.

Шоқан қырғыз халқының «Манас», «Семетей» туралы дастандарын аса құнды туындылар ретінде бағалаған. Шоқан «Манасты» даланың «Иллиадасы» тәрізді десе, «Семетей» жырын «Манастың» жалғасы. Бұл – қырғыздың «Одиссеясы» деген. «Манасты» бірінші рет баспаға ұсынып, орыс ғалымдарына таныстырған да Шоқан.

П.П.Семенов-Тян-Шанский өзінің Жетісу бойындағы зерттеулерін жүргізгенде Шоқанмен ақылдасып отырған. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен 1857 жылы Шоқан орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне сайланды.

1858-1859 жылдары Шоқан өзінің Қашқарияға барған атақты саяхатын жасайды. Қашқария мәліметтері Шоқанның дүние жүзілік география ғылымына қосқан зор жаңалығы болды.

Шоқан өмірімен ғылыми творчестволық қызметінің аса елеулі кезеңі – оның 1859 жылдың аяғында Петербургте болуы еді. Петербургте ол идеялық жағынан көп өсіп, әлеуметтік жағынан толысып қайтты. Денсаулығы нашарлап ол еліне қайтады. Шоқан 1865 жылы қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Қөшен – Тоған деген жерге қойылады.

Шоқан өлімі оның сүйген қазақ халқына және орыс достарына өте ауыр тиді. Шоқан басына ескерткіш орнатуды ұйымдастыруда және оның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі зор. Орыстың географиялық қоғамы басып шағарған (1904) Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстын шығысты зерттеуші ғалымдары оны таңғажайып құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті», - деп жазды.

1958 жылы Ш.Уәлихановтың Алтынемелдегі қабірі басына биік обелиск орнатылды.


2. Айғаным ханша қонысы.

Айғаным Сарғалдаққызының өмірбаяны:

Айғаным Сарғалдаққызы (1783 жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Сырымбет — 19.11.1853) — Шоқан Уәлихановтың әжесі, Уәлидің кіші әйелі. Патша өкіметі Орта жүздегі хан өкіметін таратқанда, Уәлиханның барлық мұрасы балаларының бөлісіне түсті. Солтүстік Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге ықпал етті. Ол өз кезеңінің алдыңғы қатарлы адамы болған, шығыстың бірнеше тілдерін білген. Санкт-Петербургтегі, Ресей сыртқы істер министрінің Азия департаментімен хат жазысып, Омбыдағы, Тобыл мен Петропавлдағы шенеуніктермен тығыз байланыс орнатқан. Ол Шоқан үшін нағыз даналықтың үлгісі болды. Әжесі оған халықтың ежелгі аңыздарын, әңгімелерін айтып, өткен тарихи оқиғаларды еске түсірді. Уәли ханның өлімінен кейін (1821) барлық мұра оның ұлдары арасында бөлінді. 



«Ханның қызыл ағашы» ордасы — үлкен ұлы Ғұбайдолланың ұрпақтарына, Сырымбет Уәлидің кіші әйелі — Айғанымнан туған балалардың иелігіне қалды. Айғаным өз ұлы Шыңғысты Омбыдағы әскери училищеге оқуға берді. 12 жасар Шоқанды да, шешесі Зейнептің қарсы болғанына қарамай, Омбы қаласына оқуға жіберді. Шоқанның болашақта үлкен ғалым болып қалыптасуына әжесі Айғанымның әсері көп болған.

Қызылжарда көз тартар керемет жерлер өте көп. Солардың бірі «Айғаным ханшаның қонысы» деп аталады. Сырымбет тауының етегіндегі бөренеден салынған ғимараттар көрген адамды еріксіз елітіп әкетеді. Тылсым күштің әсерімен табиғи апаттардан аман қалған бұл қоныс коммунистердің қолымен жермен-жексен етілген-ді.

Бұл қоныстың салынуы ХІХ ғасырдың басына тұспа-тұс келеді. Патшаның арнайы бұйрығы бойынша құ­ры­лыс жұмыстарына 5 мың сом бөлінеді. Патша бұй­рығында құрылысты жедел жүргізу жағы көр­се­тілгенімен, оны салу 1824 жылдан 1834 жылға дейін со­зылған. Айғанымның өтініші бойынша үйдің жа­ны­нан мектеп, медресе, мешіт, монша, қонақүй, тұр­мыс­қа қажетті диірмен, аткерме сияқты ғимараттар са­лынады.

Мекенжайдың айнала төңірегін мұқият зерттеп, то­пы­рағының малға жайлы, жайылымды, құнарлы, егін­шілікке де тиімді, яғни отырықшы тұрмысқа ың­ғай­лы екенін аңғарамыз. Бұл Айғаным ханшаның біл­гірлігін көрсетеді. Кейін аталмыш жер нағыз сұлу қо­ныс­қа айналып, әсіресе ұрпақтары мен сол жерді ме­к­ендеушілердің жүрегінен берік орын алғанын бай­қаймыз.

Оның Шоқанның өміріне ғажайып әсер еткендігін айтсақ та жететіндей. Сырым­беттің сұлу табиғаты Шоқанға шабыт беріп «Сырымбеттегі Айғаным мекенжайы», «Мекенжайдың шығысынан қарағандағы көрінісі», «Ханшаның ескі үйінің сипаты» деген суреттер салынғаны тарихтан белгілі. Бұларға қосымша «Сырымбет тауы», «Сы­рым­бет тауы мен оның төңірегінің схема­лық картасы» аталатын топографиялық жұ­мыстарды да ғалым осы жерде жаз­ған.

Ханшаның үлкен ауылы болған бұл ме­кен заманында бірнеше зұлматты басынан өткізеді. Халықтың аузында жүрген көп аңыздардың бірінде Сырымбет түгел отқа оранғандығы айтылады. Тілсіз жау төңірек­ті тегіс жалмап өткен екен. Тек осы Айға­ным­ның қонысы ғана құдіреттің күшімен дін аман қалған дейді. Бұл жерде Айғаным ханшаның діндарлығы, Аллаға деген бек сенімі жайында айтуға болады. Қоныстағы ғимараттардың ішіндегі ең сәндісі де мінәжат жасайтын мешіт болған.

Ал тарихқа жүгінетін болсақ, Кенесары ханның көтерілісі кезінде қыстақ жартылай жанып кетеді. Дегенмен үйлердің бөрене­лері көп сыр бере қоймаған. Бірақ табиғи апаттардың талайына төтеп берген қасиетті қоныс коммунистер қолынан құтыла ал­мады. 1930 жылдары қызылдар оны түгел дерлік жоюға кіріседі. Төңіректе ағаш құ­рып қалғандай бөренелерін бұзып алып, маңындағы кеңшарлардың бірінде мәде­ниет үйі, екіншісінде клуб тұрғызады.

Жұртына жусан өсіп, ханша қонысының орналасқан жерін де жұрт ұмыта бастайды. Зерттеушілер көнекөз қариялардың ай­туы­мен 1980 жылы ғана қыстақтың жұрты­нан үйлердің  іргетастарын тапқан. Сол ір­ге­тастардың үстіне бөренеден қиылып үйлер тұрғызылды. Тарихи жәдігерді қал­пына келтіруге Шоқанның салған суреттері көп көмек болғанын айта кеткен жөн. 1993 жылы қайтадан ашылған Айғаным қонысы бүгінде аспан астындағы мұражай қызметін атқарып тұр. Шоқандай тұлғаны тәрбие­леген Айғаным ханшаның қонысы қазақ үшін қасиетті болып қала бермек.


3. Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған тарихи-мемориалдық кешен.
Қарасай Алтынайұлы (1589-1671) — қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Қарасай батырдың шыққан тегі ұлы жүз шапырашты. Шежіре дерегі бойынша, Шапырашты Шам (Ыстық), одан Малды, Желді, Қалды есімді үш ұл туады. Малдыдан Екей, Еміл, Емілден Жайық пен Есқожа туады. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш есімді үш ұл туған. Алтынайдың үшінші әйелінен Қарасай батыр туған. Сөз орайында айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы Қарасай батырдың тікелей ұрпағы.

Қарасай батырдың өмір сүріп, ғұмыр кешкен заманы қазақ-жоңғар арасында екі ғасырға созылған қанқасап соғыстың енді тұтанып, енді шиеленісіп, бірте-бірте екі көшпелі елдің тактикасы мен стратеғиясының сынға түсе бастаған кезі еді. Бұл кезде қазақ халқының дербес ел болып, ірге бекітіп, біртұтас этникалық сана-сезімнің орныққанына екі ғасырдың жүзі болған. Содан да болар, қазақ-жоңғар арасындағы орт тұтанған кезде елі мен жерін қорғау үшін алғаш рет атқа қонып, елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне шығып, ерлік көрсеткен батырлардың сапында Қарасай Алтынайұлы да болды.

Даланың ауызша тарихнамасында, яғни шежіре деректерінде шапырашты Қарасай батырдың 3 мың қолымен осы соғысқа қатысып, жойқын ерлік көрсеткені айтылады. Әйгілі Сүйінбай жыраудың:

Қарасай халқы үшін атқа мінді,


Шыдамай жауыздыққа неше түрлі, ”

дейтіні, немесе:

Сол қуғаннан қуылды Шудан бастап,
Қалмақ қашты баласын, малын тастап.
Әйеліне қарауға шамасы жоқ,
Келіп еді о баста жерді ластап, —

деп суреттейтіні Қарасай батырдың осы соғыстағы ерлігіне орай айтылған. Қазір Қарасай руы Ақмола облысының жерін қоныс етеді. Қарасайдың бейіті Көкшетау уезінің Айыртау деп аталатын өңірінде" — дейді. Қазақ халқының тарихи тұлғаларына деген марапат-құрметінің соншалықгы баянды екені қайран қалдырады. Өлетін малмен, тозатын дүниемен алдарқатпайды, еліне лайық ер туса, олардың есімін тұтас ру мен киелі туған жерге бұйыртып отырған. Онысы жеріміз бүтін, еліміз аман болса, біртуар ерлердің де есімі ұмыт болмайды дегені болуы керек. Қазақ халқының мұндай мәртебеге лайық перзенті Қарасай батыр екенін тарихтың өзі дәлелдеп отыр.



Ағынтай

Ағынтай (туылған жылы белгісіз — 1672) батыр, Есім мен Жәңгір хандардың сенімді серіктерінің бірі. Ағынтай 1620 жылдан бастап жоңғарлармен болған ірі шайқастардың барлығына қатысқан. Қалмақ батырларымен әлденеше рет жекпе-жекке шығып, үнемі мерейі үстем болып отырған. Ағынтай Орбұлақ шайқасында (1643 жылы) Батыр қонтайшының 50 мың жауынгеріне төтеп берген Салқам Жәңгірдің 600 сарбазының ішінде болды. Шапырашты Қарасай батыр мен бірге Жәңгірді қалмақ тұтқынынан босатуға қатысқан. Аңыздарда Ағынтай батырдың орасан зор қара күш иесі екендігі де айтылады. Жұдырығы тигенді сау қалдырмаған. Сондықтан да халық жұдырығы қатты адамды “Ағынтай жұдырық” атап кеткен. Дүниеден өткеннен соң Ағынтайды Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында Құлшынбай төбесіне, досы шапырашты Қарасай батырдың бейітінің қасына жерлеген.

Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай батырлар жауға қарсы еуропалық әдіс-тәсілдерді пайдалануда ерекше көзге түскен. 1643-1644 жылдары Қарасай батырмен бірге барлық шайқастарға қатысып, жауға әрқашан тойтарыс беріп, жас сарбаздарға үлгі болып отырған. 1644 жылы соңғы рет досы Шапырашты Қарасай батырмен бірге 66-65 жасқа келген шақтарында жоңғарлардың 2000-ға жуық әскерлеріне тойтара соққы беріп, жеңіске жеткен.

Аңыздарда Ағынтай батырдың орасан зор қара күш иесі екендігі де айтылады. Оның жұдырығы тигенді сау қалдырмаған. Сондықтан да халық жұдырығы қатты адамды «Ағынтай жұдырығы» деп атап кеткен



Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенi

Айыртау ауданы Солтүстiк Қазақстан облысының картасында барлығы 9,6 мың шаршы шақырымды алады. Бiрақ осындай кiшi-гiрiм аумақ Шоқан Уәлиханов, Ақан серi, Орынбай Бертағыұлы — ұлы перзенттерiн дүниге әкелдi, оны 17 ғасырда шапқыншылардан Есiм ханның бастауымен шапырашты руынан атақты Қарасай және арғын руынан Ағынтай батырлар қорғаған. Олардың екеуi де Құлшынбай төбесiнде жерленген. Батырлар жерленген биiк төбеден (1999 жылы кесенесiмен мемориалдық кешен салынған) бүгiннiң өзiнде күш, сүйiспеншiлiк және үмiт беретiн көкше таулармен, ертегiдей көлдермен көмкерiлген Айыртау даласының бұзылмаған сұлу келбетi ашылады. Салынған кесене Қазақстан халқының мызғымас достығы мен бiрлiгiнiң нышаны болып табылады. Конус тәрiздi 16-метрлiк мұнараларды олардың арасында орналасқан үмiт пен сенiмнiң тiрегi - мешiт қосады. Осы жерде жауынгерлердiң көптеген молалары бар. Кезектi қазба жұмыстарында бойы 2 метрдей болған нағыз батырдың мүрдесi табылған, оның жанында ауыр семсер жатқан. Мемориалдық кешендi көруге жыл сайын елiмiздiң түпкiр-түпкiрiнен жүздеген адамдар, көптеген шетелдiк қонақтар келедi. Елiмiздiң Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев та осында екi рет болды.



Ағынтай мен Қарасай батырдың достығы

Арғын Ағынтай батыр мен Шапырашты Қарасай батырдың қай кезде танысып, қалайша айырылмас дос болғанын қазірше дерек көзі болмағаннан кейін анықтап айту қиын. Алайда, екі батырдың айрықша дос болғанын сол дəуірде өмір сүрген Матай би ерекше ілтипатпен жазып кеткен екен. Олардың өз ғұмырында қанша рет жекпе-жекке шыққанын ешкім есептемеген. Бірақ аз болмаса керек. Ал кескілескен соғысқа екеуі де екі жүз мəрте кіріпті.



Жерленген жері

1670 жылы Шапырашты Қарасай батыр егде тартқан шағында өзінің досы Ағынтай батырдың еліне келіп бір жылдан кейін қайтыс болады, ал 1672 жылы Ағынтай батыр қайтыс болған. Екеуi де Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Құлшынбай-төбе шоқысында бiр зиратқа жерленген.


4. Ботай қонысы.

 Ботай мәдениеті - энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде Ботай қоныстарына байланысты аталған.

Ботай ескерткішіне 1981-1983 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізген. Ауданы 15 гектар жерді алып жатқан қоныстан 158 үйдің орны қазылып аршылған. Кейбіреулерінде 30-ға тарта үйлер болған. Сәулетшілерді бұзылған тұрғын-жайлардан қалған ойпаттар қызықтырған. Ғалымдар ежелгі тұрғын-жайлар құрылысын қайта тұрғызуға мүмкіндік алады. Алғашқыда дөңгелек және көпбұрышты қазан шұңқыр қазып алынды. Қазан шұңқырдың тереңдігі 60-80см, ауданы - 30-дан 70 шаршы метр. Кейін сазды сулап, домардақ күйінде қабырғаға салған, сыртынан жануарлар сүйегімен бекіткен. Ежелгі тұрғын-жайлардың қабырға ені 80-120 см, биіктігі - 60-100 см. Тұрғын-жайлар маңында арнайы ор қазылып, ол жерден еден, қабырғаға арналған сылауға қажетті саздар алынды.

Ботайлықтар қабырға айналасында шыға беріске қарсы сәкілерді орнатып, терілерді төсеген. «Шұңқыр-консервілерде» ұзақ уақыт бойы сақтаған. Ол былай жасалған: 1 метрге дейін шұңқыр қазып, оның ішіне жылқы етін тұтастай салып, терісімен және сазбен жапқан. Үстінен от жағып, оттегінің толғымен жанып болғанын күтеді. Дайын болған ет ауасыз да, сол шұңқырда бұзылмай сақталады.

Өзен жағасы маңындағы өндірістік құрылыстарда ежелгі адамдар тас, ағаш, аңдардың сүйегі мен терісін өңдеп, киім тіккен, қыш ыдыстар дайындаған. Тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза ұштықтарының көптеп табылуы қоғам өмірінде аңшылықтың рөлін айқын көрсетеді. Сонымен қатар жылқының сүйегінен ағашты өңдейтін қашауғыш, құс сүйегінен киім тігуге арналған инелер, жуалдыз, тескіштер, тұмар мен әшекей бұйымдарының кездесуі шаруашылықтың әр саласынан хабар береді.

Ғалымдарды табылған ат сүйектерінің көптігі таң қалдырған. Жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар шақырылды. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйектері зерттелді. Нәтижесінде анықталғаны, Ботай аттары бұрынғыда белгілі жылқылар түріне жатпайтын боп шықты. Ботай аттарының сүйегі өзге де ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленіп тұрды. Ғалымдар бірауыздан ботай аттарының қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Олар далада жүрген жабайы жануар еместігін айтады. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған. Күні бүгінге дейін жылқылар қолға кеш үйретілген деген пікірлер айтылды. Қоныстың материалдарымен әлемнің барлық ғылымдары қызыға бастады. Ботай жылқысын зерттеп білуге Солтүстік Қазақстан облысына Новосібір, Мәскеу, Англия, Германия ғалымдары келді. Көптеген ғалымдар ортақ пікірге сүйенді, яғни Ботай қонысы Еуразия даласында мал шаруашылығы орталығы болған.

Ғалымдар Ботайды 28 жыл бойы зерттеді. Оншақты мақала жазылып, кітаптар басылды.Ботай мәдениетінің қалыптасуына Атбасар неолиттік мәдениетін жасаған тайпалары араласқан. Ботай мәдениеті Ертіс пен Жайық өзендері аралығын мекен еткен тайпалар мәдениетіне жатады.

Ботай жері сақтаған жұмбақтар әлі де бар. Әлі де ежелгі адамдардың тайпалас адамдарды қалай жерлегені анықталмаған. Ботай жеріндегі қазбалар жалғасуда.


5. Имантау, Айыртау таулары және Шалқар көлдері.

Имантау — Сарыарқадағы Имантау тауының солтүстік-шығысындағы көл.

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Аумағы 49 км², ұзындығы 13,1 км, енді жері 4,8 км. Орташа тереңдігі 5,7 м, ең терең жері 10 м-дей. Су жиналатын алабы 483 мың км².

Имантаудың оңтүстік жағалауында қарағай, қайың аралас орман өседі. Оңтүстік-батыс жағасы биік, тік жарлы. Басқа жағалары жайпақ. Көлдің солтүстік-батыс бөлігін көлге сұғына енген мүйіс оқшаулайды. Орта бөлігінде тасты арал бар. Түбі оңтүстік-шығысында тастақ, солтүстігінде сазды-құмды, қалған бөлігінде лай батпақты. Көл жағалауында қоға аралас қамыс қопасы өседі. Суы гидрокарбонатты, минералдану мөлшері 780 – 840 мг/л. Көлге бірнеше жылға келіп құяды. Оңтүстік-шығысынан Иманбұрлық өзені ағып шығады. Мал суаруға, т.б. шаруашылықтарға пайдаланылады. көлден балық ауланады (торта, аққайран, алабұға, шортан, күміс түсті және сарғыш мөңке).

Имантау зонасы Көкшетаудан алыс емес жерде өзіндік табиғи оазисті көрініс: таулы орманды массив, тұнық су қоймасын береді, сонымен қатар, әрине, Имантау көлі аймақтағы ең әдемі көлдердің бірі болып саналады. Имантау – республикалық деңгейдегі табиғи ескерткіш. Көз жетер биіктіктен қарағанда арал жүректің формасын береді. Арал өте сирек кездесетін ем аршасы бұтасымен қапталған, бұл аралдың жағалауларына өсуде және оған ерекше бір түр сыйлайды. 

Солтүстік Қазақстанның қызықты көрікті жерлерінің бірі - Екі ағайынды» шоқысы. Екі шоқының етегі біртұтас, 300 метр биіктігінде екіге бөлінеді. Шоқылардың пайда болу тарихы шетелдiк шапқыншыларға қарсы күресiп, теңдессiз ерлiкпен қаза тапқан ағайынды екi батыр туралы аңызға байланысты туған. Ауыр қазадан белi қайысқан олардың қарындасының аққан көз жасы көрiктi Айыртаушық көлiне айналған дейдi. Бұл жерде Сіз жергілікті табиғат әсемдігін тамашалап, көл жиегінде демалып, осы жердің таза, дәрулік қасиеті бар ауасын жұта аласыз. «Екі ағайынды» шоқысы Айыртау селосының батыс жағында 12 шақырым жерде орналасқан. Жол бойы табиғат ғажайыптарын тамашалап, баратын орныңызға лезде жетіп қаласыз.

Табиғатпен еркін жекешелене алатын жер ол – Шалқар табиғи аймағы. Шалқардың рекреациялық табиғи аймағына тән орташа таулы рельеф. Шалқар көлінің жағалауы граниттік шөгінділер баурайын қылқан жапырақты тоғайлармен көмкерген әсем ландшафты құрайды. 



Шалқар — Солтүстік Қазақстан Есіл алабындағы тұзды көл. Айыртау ауданындағы Шалқар ауылының солтүстік-батысына қарай 7 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 309,7 м биіктікте жатыр. Аумағы 35,5 км², ұзындығы 15,0 км, су айдынының көлемі 267,0 млн. м³, су жинайтын алабы 209 км². Шоқылар арасындағы аңғардағы көл қазаншұңқырында жатыр. Оңтүстік жағалауы көктеректі-қайынды шоқ тоғайлармен көмкерілген, жағаның қалған бөлігі ашық. Су жинайтын алабының 30%-ы жыртылған, кей бөлігіне бетеге-боз өскен. Көлге 5 кішкене өзен құяды. Суы минералданған, мал жаю үшін пайдаланылады.

Көл айдыны ашық, түбі жайпақ, ортасына қарай әлсіз еңісті, құмды-тасты, жағалауына таман аздап лайлы. Оңтүстік жағасы биіктігі 8 м жарқабақты, қалған бөліктері жайпақ, қабақтарының биіктігі 3 — 4 м. Жауын-шашын және жер асты суларымен толығады. Су деңгейінің жылдық ауытқуы 0,5 — 0,6 м. 1930 — 60 жылдар аралығында су деңгейі біртіндеп түскен. Суының минералдылығы көктемгі толығуынан кейін 3,5 — 4,0 г/л, жазда 4,5 — 5,0 г/л-ге жетеді. Суы мал суаруға және Айыртау, Шалқар елді мекендерінің шаруашылық қа-жеттіліктеріне пайдаланылады.

Туристерді барлық ескерткіштерден «Тілектер тауы» төбесі ерекше тартады. Әуесқой балықшылар аққайран, алабұға, меңке, тұқы, ақтабан, рипус балықтарын жыл бойы аулау мүмкіндігін жібермеуге тырысады. Көл жағасында кезеңдік демалыс базалары мен «Шалқар су» санторийі орналасқан. Табиғи аймақ Сізге және отбасыңызға таптырмас демалыс орны.

Айыртау — Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Имантау және Шалқар көлдері аралығында орналасқан тау. Ұзындығы 25 км.

Айыртау көл қазаншұңқырлары, өзен аңғарлары мен сайлар бөліп жатқан бірнеше шоқылар мен төбелерден тұрады. Ең биік жері 555 м. Силур граниттерінен түзілген, бетін плиоцен шөгінділері жауып жатыр.

Сұр топырағында қарағай, қайың, қараған, тобылғы және түрлі шөптер өседі. Тау ішінде суы тұщы шағын көлдер бар.

Кәкімбек Салықов, Мұса Шорманов, Көкен Шәкеев сияқты жаз­ба ақындар мен суырыпсалма айтыс­керлер алмас қылыштай талантымен Айыр­таудың тұғырлы бесігі жайлы аянбай сыр шертті.



Жеріңде Айыртаудай жерің бар ма,

Шалқардай шалқып тасқан көлің бар ма?! – деп өз  өлкесін аламан айтыста паш еткен Мұсаның жырлары да бүгінгі Айыр­тау жайлы естіп-білгісі келгендерге тап­тыр­мас құнды дерек көзі бола алады.

Шалқар көлі де бірталай аңыз әңгімелердің ар­қауына айналған.

Шалқар көліне сұлу қыздың жібек ора­малы түсіп кетіп, соны аламын деген жігіт суға ағып кеткен екен-міс. Осыдан кейін қайғыдан қан жұтқан сұлу қыз сүй­ген жігі­ті­нің көз алдында мерт болғанына назала­нып, көзінің жасын көл етті деген де аңыз­дар бар.

Иә, Алаш елінің әрбір сайы мен өрі, қыры мен жазығы, тасы мен көлінің қайсы­сын алсақ та, тарихтың тұмасынан сыр шертіп, киелі қазақ жерінің ұлылығын паш ете түсетіні ақиқат айнасына айналып отыр.


Қорытынды сөз:

Құрметті көрермендер! Бүгінгі іс-шарадан біз өздерімізге біраз ақпарат алдық. Осы арқылы біздің танымымыз кеңіп, біліміміз артты. Осындай іс-шаралардың жиі болып тұруы оқушыларымызға сауат болар еді. Біз, еліміздің тарихын – болашақ жастарымызға аманат етіп тапсырмақпыз. Сол аманатты ұрпақтарымызға асқақ абыроймен, толыққанды етіп жүктейік!





Тақырыбы: «Туған жер – тұнған шежіре»

Өткізген: Кожабеков М.Д.

2015-2016 оқу жылы
Каталог: uploads -> doc -> 0e4b
doc -> Ғарыш әлеміне саяхат
doc -> Сабақ тақырыбы: Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы Сабақ мақсаты: ҚР «Білім туралы»
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0e4b -> Сабақтын тақырыбы: «Қобыланды батыр»


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет