Тексерген:Ғанибаева Ж
Қазақстанның мемлекеттігін нығайту жолында өзінің мемлекетіне деген терең патриоттық сезім де, жалпылық сананы жетіктірудегі қазақ тілінің тірек боларлық рөлі де бас көтерер азаматтардың айқын мақсатты әркеттері де, тарихи сананы қалпына келтіру де, бәрі-бәрі барша қазақ ұлтының басын біріктірер бастаулар болып табылады [1, 67б].
Қазақ хандығы ХҮ ғасырда, яғни 1465 жылы тұңғыш құрылса, арада 535 жыл өткеннен кейін Қазақстан нағыз тәуелсіз мемлекет екенін жариялады.
Қазақстан халықтарының тәуелсіздікке ұмтылған асыл арманы, қасиетті мұраты 1991 жылы желтоқсан айында жүзеге асты. Ал 1992 жылы 4 маусымда ұлттық болмысымызды айқындайтын рәміздеріміз дүниеге келді. Рәміздер – отан тарихының әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын негзгі фактор Мемлекетіміз саяси салмағы жағынан ілгерірек тұратын басқа елдермен иық теңестіруге мүмкіндік беретін мәртебеге ие болды. Тәуелсіздік талай игі істерге қол жеткізді.
Еліміздің тым ерте заманда-ақ отбасылық, тайпалық, кейінірек ұлттық рәміздері болған. Таңба, ту, белгі, ұран адамдарға рух береді, сондықтан рәміздерді рухани байлығымызға теңестіруіміз керек. Негізінде ең көне рәміздерге тотемдік белгілер жатады. Ол белгілер әр түрлі салт-жораларда пайдаланылып, ру-тайпалардың басын біріктіруге ықпал етті. Ол кезде қоғамды көсемдер мен ақсақалдардың басқаруына байланысты биліктің жеке белгілері қолданыла бастады. Қазақ халқы мен мемлекеттігінің дамуында қазақ жүздерінің тарихын бірге қарастыру қажет. Бұл үш категория (халық, мемлекет, жүз) тарихи даму толқынында қатар дамыды. Өзіндік қызықты тарихы бар. Бұл – халқымыздың, Республикамыздың тарихы. Оның тарихын, мән-мағынасын түсіну, құрметтеу адамгершілігіміз бен мәдениетіміздің айғағы болмақ [2, 4б].
Әрбір мемлекет үшін Отаншылдық рухта тәрбие беру әрбір азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады. Бұл міндеттің күрделілігін Елбасы пайымдап, «...бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранынқастерлеуден, заңды, өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн»-дейді [3, 15б].
Жаңа негізі қаланған жас мемлекеттердің қай-қайсысының да алғашқы жасайтын маңызды ресми қадамдарының бірі – елдің туын, елтаңбасын, әнұранын сайлап алу. Өйткен, бұл рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып саналады.
Мемлекеттік рәміздер – белгілі бір елдің өзінше өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі. Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым мәдени нышандар тілінде де сөйлейді.
Мектептегіоқушылардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы білім деңгейінің өлшемі:
- Қазақстан Республикасы рәміздерінің авторларын білу;
- Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің түсінің, пішінінің, элементтерінің мәнін білу;
- Қазақстан Республикасының Әнұранын мемлекеттік тілде орындай білу;
- Кез келген жағдайда Қазақстан Республикасының рәміздері жөніндегі білімдерін іс – жүзінде қолдана білу.
1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің сессиясында республикамыздың Туы, Елтаңбасы және Әнұраны қабылданды. Тудың жобасын жасаған Шәкен Ниязбеков. Ал Елтаңбаның авторлары Жандарбек Мәлібекұлы және Шота Уәлиханов. Республикамыздың Әнұранын ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, ал әнін Шәмші Қалдаяқов жазған.
Бүгінгі таңда елімізде 130 – ға жуық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату – тәтті бейбіт өмір сүріп жатыр. Қазақ жеріне әр түрлі себептермен қоныс аударған көптеген ұлт пен ұлыстардың бірлігін қазақ халқы үлкен парасаттылықпен бірлікке үндей отырып сақтап келеді. Соның арқасында қазақ және басқа этностарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ісі әрі қарай өз жалғасын табуда. Адамдар арасындағы достық қарым – қатынас, әлеуметтік топтар мен халықтардың жалпыұлттық келісімде өмір сүруі дамудың маңызды факторы болып табылады.
Мемлекеттік рәміздер – жас, тәуелсіз мемлекетті және тарихи дәстүрлердің сабақтастығын куәландырады. Сондықтан әр адам үшін қасиетті отанының мемлекеттік нышандарына деген құрмет пен сүйіспеншілік өскелең ұрпаққа беріліп отыруы қажет.
Мемлекеттіліктің нышандарын зерделеу: Тудың, Елтаңбаның, Әнұранның мәні мен мағынасын түсіндіру Тәуелсіз Қазақстанның болашақ азаматтарын тәрбиелеудің негізін қалаушы бақтардың бірі. Әрбір оқушы рәміздердің рөлі мен мәнін түсініп еліміздің Туын, Елтаңбасын және Әнұранын қастерлеу рухында тәрбиеленіп, Республикаының мемлекеттік рәміздерін құрметтемеген үшін жауапкершілікке тартылатынын сезіну кереу. Қазақстан Республикасының мемлекеттің рәміздерінде Республикамыздың атына тән жоғары адамгершілік құндылықтар, таңдаулы дәстүрлер мен әдет – ғұрыптары туралы көзқарас үйлесімді ұласқан.
Зеңгір көк түс – біздің ғаламды, аспанды, ауаны және құрлықты бейнелейді. Зеңгір көк түс бірлесу идеясына берілгендігін бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар барлық қалықтарда бейбітшіліктің, тыныштық пен тоқшылықтың бейнесі болған бұлтсыз аспанды еске салады. Мемлекеттік Тудың бір түсті болуы мемлекеттің тұтастығын білдіреді.
Сәулесін шашқан алтын күн мен дала қыраны бүркіт бейнесі және ұлттық ою - өрнек Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының негізгі элементтері болып табылады.
Қазақстан Туындағы күн республикасының жалпы адамзаттық құндылық пен әлемді қоғамдастыққа әуестігін көрсетеді, әлемдегі барлық елдер мен қарым – қатынасты нығайту үшін ашықтығын білдіреді. Өз сәулесіне шомылған алтын күн – тыныштық пен байлықты бейнелейді.
Қазақтың дүниетанымындағы бүркіт бейнесі өте маңызды орын алады, өйткені онымен бостандық, өзін - өзі қастерлеу сезімі, батырлық жоғары идеал, көкіректің кеңдігі және ой - өрістің тазалығын көрсетеді.
Бүркіттің қанатын жайып шарықтап ұшқаны рухани күшті, шабытты, қиыншылықтардың алдында тапқырлық пен ержүректілікті білдіреді. Бүркіттің күн астында бейнеленуі біздің халқымыздың бақыт пен молшылыққа, адамзат өркениетінің биіктеріне ұмтылуы.
Мемлекеттік тудың элементін құрайтын ұлттық ою - өрнек халқымыздың ішкі дүниесін ашу құралы, өйткені қазақ халқының ою - өрнегінің түп тамыры заттар мен оларда қоршайтын дүниенің құбылыстары болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 5 бабына сай Қазақстан Республикасының Туы еліміздің ұлттық мерекесі мен салтанатты күндері мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың ғимараттарында орнатылып, көтеріледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы арнайы белгіленген және безендірілген жерде бекітіледі.
Әнұранның сөзі бөлме қабырғасына ілінеді. Сол жерде Елтаңба мен Ту да орналастырылады.
Мемлекеттік Туды көтеру құқына оқуда, еңбек пен қоғамдық жұмыста үздік табыстарға жеткен оқушылар ие болады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңба – көгілдір түс негізінде шаңырақ бейнесі шеңбер ішіндегі негізгі нышан – белгі. Елтаңба идеясының ең басты жүгін арқалап тұрған әрине, шаңырақ. Шынайы шеберлікпен шендестірілген түндігі аспан күнбезіндегі асыл шырақ – күн бейнесін елестетсе, уықтары – одан тарап жатқан алтын сәулелердей әдемі әсер қалдырады. Қисынын тауып кергелердің көрінісінде бере салған. Әр бөлшегі әсем айшықталған шаңырақ алдымен өз халқымыз, одан қалды қатар тіршілік кешкен басқа ұлт өкілдерінің барлығы бірлесіп, кереге – уықтай кірігіп, күш - жігер жұмсап, аяғына тік тұрғызуға кіріскен қасиетті отаумыз – тәуелсіз мемлекетімізді меңзегендей.
Елтаңбаның маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. Ол әр адамның өміріне бағдар беретін өз жұлдызы сияқты, ол Күн мен Айды, Жұлдызды кие тұтқан халқымыздың «бағымыз ашылып, жұлдызымыз жарқырай берсің» деген асыл арманын арқалап тұрғандай.
Өз мемлекетіміздің жұлдызы жарық, әрі биік болып, әрбір қазақстандық азамат сол жұлдыздың салған жолына сеніп, қиын уақытта бағдарға алып, әрқашан жаңа жолға, болашаққа жетелейтініне сенім артуымыз керек.
Елтаңбаның негізгі бояуы алтын түстес. Оған зеңгір көк нұрдың қосылуы. Мемлекеттік нышанды айрықша әрлендіріп, бедерлендіріп тұр.
Жалпы, қай жағынан алғанда да кемел келісім тапқан Елтаңба елімізді таңытар белгі екені анық.
Қазақстан Республикасы Әнұранының салтанатты да сабырлы әуені халық жанының кеңдігін, оның көкейкесті ойы мен арманын бейнелейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраның оркестірдің сүйемелдеуімен хормен орындауға немесе вокалды топтың орындауына рұқсат етіледі[ 3, 15б].
Мемлекеттік Әнұран мемлекеттік Туды көтерген кезде орындалады. Жиналысқа немесе жиынға қатысып тұрған барлық оқушылар, студенттер, педагогтар, қызметкерлер тік тұрып оң қолын сол кеудесіне қойып орындайды. Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Әнұранын құрметтеуге міндетті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қорлаған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Оқушылардың бойында терең елжандылық сезімді, Отанға деген сүйіспеншілікті, жоғары адамгершілікті, мәдениеттілікті, өз мемлекетінің тарихына зор ілтипат пен қызығушылықты қалыптастыру мақсатында сұхбаттар, кездесулер, сынып сағаттарын өткізу кезінде атақты азаматтардың, спорт жеңімпаздарымен, белгілі тұлғалар мен әскери адамдардың өмірінен түрлі көріністер мен эпизодтар келтіріп, олардың Республикамыздың Туына, Елтаңбаға, Әнұранға деген көзқарастарын сөзге тиек еткен жөн.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу сабақ үстінде, факультативтік сабақтарда, сабақтан тыс жұмыстарды өткізу кезінде, салтанатты іс- шараларда, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді өткізу барысында қалыптастыру қажет.
Еліміздің нышандарымен жұмыс істеу кезінде Мемлекеттік рәміздердің барлық элементтерін түсіндіру барысында оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. – А., «Атамұра», 1999.
2. Сыдықов Е. Тәуелсіздік тірегі – тарихи таным // Қазақ тарихы. - 2003 ж. №2.
3. Жұмабаев С. Қазақ тарихындағы рәміздер // Дала мен қала. - 2007 ж. 18 мамыр.