М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
«ТАРИХ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКА» ФАКУЛЬТЕТІ
«ПСИХОЛОГИЯ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ПЕДАГОГИКА» КАФЕДРАСЫ
РЕФЕРАТ
Тақырыбы: Күрделі психикалық құбылыстардың физиологиясы
Орындаған: Бектасова Балнұр
ТП 18-2К1
Қабылдаған:Досжанова Жанна
Жоспары:
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
Ұйқының жалпы сипаттамасы, оның түрлері және пайда болу себептері.
Ұйқының физиологиялық механизмі.
Гипноз. Гипнозбен емдеу.
Стресс және эмоция.
ІІІ. Әдебиеттер
ІІ. Негізгі бөлім
Ұйқының жалпы сипаттамасы, оның түрлері және пайда болу себептері.
Ұйқы — ағзаның тыныштық жайы, зат алмасуы төмендеп, толық демалуы. Тірі жандардың бәрі ұйықтайды. Адам да, жан-жануар да, тіпті өсімдіктер де ұйықтайды. Айталық, көптеген ағаштар қыста демалады, жапырақтарын тастап, зат алмасуы төмендеп, уақытша тынысталады. Құрт-құмырсқа, бақа-шаян, тіпті ұлу да қыс бойы ұйықтайды да, жазғытүрым оянып тірілгендей болады. Адам да тәуліктің 1/3 бөлігін ұйқыда өткізеді. Егер адам 70-80 жыл өмір сүрсе, оның 25-26 жылы ұйқыда өтеді. Ұйқысыз адам да, мал да ұзақ өмір сүре алмайды. Ұйқы әртүрлі болады. Көбінесе адам түнде ұйықтайды. Күндізгі ұйқы өте сергек және аз уақытта өтеді. Жәндіктер мен жануарлар маусымдық ұйқыда болады. Мұны гибернация дейді. Дәрінің әсерінен наркоздық ұйқы туады. Ал ауру адамда патологиялық ұйқы болады. Өте жоғары температуралық жағдайда ұйқының ерекше түрі эстивация байқалады. Ал өте төмен температурада, өте суық жерлерде жануарлар маусымдық ұйқыда болады. Тек қана соналардың канадалық бір түрінде маусымдық ұйқы болмайды, олар тіршілігін өзгертпейді. Себебі оның гемалимфасында глицерол деген тондырмайтын зат бар.
Адамның қалыптасқан ұйқысы 5 кезеңнен тұрады: қозудың тежелуі, парадокстық, ультра парадокстық және терең тежелу. Бұл кезеңдер бірінен соң бірі туса, ұйқы дұрыс өтеді. Ал олардың кезектік реттері ауысып кетсе, ұйқы шала болып, адам жақсы демалып, тынықпайды. Адамның ұйқысының жылдам және баяу түрлерін айыруға болады. Жылдам ұйқы кезінде электроэнцефалограммадан жоғары жиіліктегі төмен амплитудалы тербелістерді, ал баяу ұйқы кезінде оның жоғары амплитудалық баяу тербелістерін көруге болады. ЭЭГ-ның жоғары жиіліктегі төмен амплитудалы тербелістері адамның сергек кезіне тән жағдай. Ұйқыны зерттеуші ғалымдар жылдам ұйқыны - парадоксты, ал баяу ұйқыны ортодоксты ұйқы деп атаған.
Парадоксты кезең деп атау себебі — ағза бұл кезде сыртқы ортаның күшті әсеріне өте әлсіз жауап береді не мүлде жауап болмайды, ал әлсіз әсерге, керісінше өте күшті жауап береді. Өздеріңіз білесіздер, қалыпты жағдайда күндіз адам күшті әсерге — күшті, ал әлсіз әсерге — әлсіз жауап береді не мүлде жауап бермейді. Парадоксты ұйқы кезінде адамның психофизиологиялық жағдайын зерттеуге болады. Мысалы, адамның түс көруін байқауға болады. Түс көру кезіндегі ми потенциалын жазып алып, электроэнцефалограммасын талдауға болады. Адамның бірқалыпты сергек және мүлгу кезінде ЭЭГ а-ырғағы тіркеледі. Оның амплитудасы бірте-бірте төмендеп, мүлде жойылып кетуі ықтимал. Тітіркендіргіш әсер еткенде сергектік жағдай пайда болады немесе а-ырғағы жоғары жиіліктегі b-ырғағына ауысады. Ұйқы жаңа басталған кезде тұрақсыз жоғары аплитудалық белсенділік байқалады. Мезгіл-мезгіл амплитудасы төмен баяу импульстерді де көруге болады. Келесі кезеңінде терең ұйқы басталады да жоғары амплитудалы баяу белсенділік күшейеді. Парадоксты ұйқы амплитудасы төмен, белсенділігі тұрақсыз сирек а-ырғақты топтарының кенеттен пайда болатын аралық тісті толқындармен сипатталады. Балалардың ұйқысы есейген сайын өзгереді. Егер жаңа туған нәресте тәулігіне төрт сағаттай ояу болса, өмірінің алғашқы жылының соңында күніне он сағаттай сергек болады. Олардың жылдам ұйқысының ұзақтығы 10 сағаттай болады. Ересек адамдардың бір түндегі ұйқысы ұзақтығы 20 минуттік 4-6 циклге бөлінеді, ал жылдам ұйқы ұзақтығы не бәрі 1,5 сағаттай ғана. Бірақ адамның жасы ұлғайған сайын жылдам ұйқының маңызы жоғарылайды. Ересек адамның ұйқысының ұзақтығы оның жеке басының қасиеттеріне байланысты болады. Соңғы мәліметтер бойынша қартайған кезде ұйқының жалпы ұзақтығы өзгермейді, бірақ оның түнгі ұйқысы азайып, күндізгі ұйқысының мөлшері артады және түнде жиі оянып, терең баяу ұйқы кезеңдері қысқарады. Сондықтан кәрі адамдар аз ұйықтаған сияқты болады. Баяу ұйқы кезінде көздің қарашықтары кішірейеді, көз жасының бөлінуі азаяды, көздің қимылы баяулайды, теріге қан мол келіп, өңі кызарып, тер шығу мүмкіндігі артады, вегетативтік тонус төмендейді, сілекей шығару азаяды, жүрек-қан тамыр, тыныс, ас қорыту, зәр шығару жүйелерінің қызметі төмендейді. Адамның ұйқысының тереңдігі жануардың ұйқысынан айрықша, өйткені адамның тұрмыс жағдайының мәдениеті артқан сайын жатар орынының қауіпсіздігі артады. Ұйқыны 2 типке бөледі: жалғыз кезеңді және көп кезеңді. Күндізгі немесе түнгі ұйқы кезінде оянбаса — жалғыз кезеңді, ал бірнеше рет оянса, — көп кезеңді дейді. Парадоксты ұйқы эволюциялық даму сатысында кеш пайда болған ұйкының түріне жатады. Бұл ұйқы бауырымен жорғалайтындарда - жоқ, құстарда — аз, сүтқореқтілерде ұзаққа созылады. Ұйқының бұл түрі жаңа туған сәбилерде анық байқалады. Оларда тек біраз күннен соң баяу ұйқының белгілері пайда бола бастайды. Бұл айтылғандар ми әрекетінің эволюциясының үш түрін анық көрсетеді: сергектік, жылдам ұйқы, баяу ұйқы. Ұйқысы қанбай жүрген адамдар, Билл Демент айтқанындай, мінезі өзгеріп, қауіпті жанға айналуы мүмкін. Әсіресе мәшине, ұшак, пойыз, т.б. техниканы жүргізушілер авариялық жағдай тудырады. Мамандардың болжауынша, Чернобыльдегі АЭС, АҚШ-тың Тримайл-Айлендегі опаттардың, сол сияқты Индиядағы Бхопал химия зауытындағы улы газдардың адамдарды уландыруының нәтижесінде адамның “биологиялық сағаттары”, олай болса, ұйқысы бұзылды. Ұйқының бұзылуы ауруға шалдықтырады және, керісінше, аурудың әсерінен ұйқы да бұзылады. Осының бір түрі летаргиялық ұйқы. Качалкин деген кісі 23 жыл ұйықтаған. И.П. Павлов оны ауруханада бақылаған. 23 жылдан кейін өзі оянғанда Иван Петрович оның қасында болған екен. Сөйлескенде оның сана-сезімі ұйқыдан бұрынғы дәрежесінде, дамымаған, өзгермеген. Біздің дәуірімізде де ұзақ ұйықтап қалған бірнеше адамды дәрігерлер мен ғалымдар бақылаған. Днепропетровскіде тұрған Надежда Артемовна Лебедина 20 жыл ұйықтаған. 1953 жылы 33 жасында Н.А. Лебедина қаладан ауылына барады. Шешесіне “Мен ауырып тұрмын, жата тұрайыншы”, — дейді. Суық тиген шығар деп шешесі қызын төсекке жатқызады. Ертеңінде өзі тұрмаған соң анасы қызын оятса, ол оянбайды. Шаршаған ғой, ұйықтасын, — дейді үйдегілер. Бір апта бойы осылай жатып алады. Қасықпен сусын, тамақ беріп шешесі күтеді. Дәрігерлер де оята алмайды. 4 жылдаң соң шешесі қызын емханадан үйіне алып келеді. Біраз жылдан кейін Лебедина өзі тамақ іше бастаған, бірақ ұйқысын үзбеген. 1973 жылы 20 жыл өткен соң ол қимылдап, туыстарының сөзін естіген ишарат білдіреді, әсіресе шешесінің науқасы туралы сөз болғанда қимылы анық болады. Кәрі анасына жаны ашыған мінездерін үйдегілер байқап қалады. Осындай бір жағдайда Надежда алғаш рет көзін ашады, оянады. Сөйлескенде оның сана-сезімі бұрынғы қалпында, ұйықтап тұрған адамдай сұрақтарға дұрыс жауап берген. Бірақ көпке дейін жүре алмаған. Кейбір адамдар 5-6 күн терең ұйқыда болған жағдайлар дәрігерлер тәжірибесінде кездескен. Бір қыз 40 күн ұйықтап тұрып, ештеңені сезбестен бұрынғы қызметін істей берген. Джин Типпсу Техас штатында ауруханада 8 жыл ұйықтап тұрған. Автокатастрофадан соң осылай ұйықтап 1975 жылы бірден оянады. 29 жастағы бұрынғы студент Типпсу қатарынан қалып, өзінен 8 жас кіші студенттермен бірге колледжді бітіреді. Летаргиялық ұйкының 3 себебі бар, оның бірі қынжылу, ренжу, нервтік соққыға шалыну. Ол адам оянғанда да осындай тосыннан әсер еткен себеппен оянады. Н.А. Лебединаны бақылаған дәрігерлер ол осындай себеппен ұйықтап, оянды, — дейді. Қалған екі себебі ауыр науқастанумен байланысты. Летаргиялық ұйқыға біртіндеп емес, бірден ұзақ жатып алады. Оянғанда да бір сәтте оянады. Ал нақтылы ішкі себептері физиологиялық механизмі әлі толық зерттелмеген. Ғалымдардың пікірі бойынша, летаргия құбылысының маусымдық ұзақ ұйкыға ұқсастығы бар. АҚШ-тың Кентукки штатында Р. Олджен басқарған бір топ ғалымдар мынадай ғылыми зерттеу жүргізген. Ұйқы тудыратын зат болуы тиіс деген болжаммен маусымдық ұйқыдағы жануарлардың қанын маймылдарға қуйған. Сонда олардың температурасы 10 градусқа төмендеп, жүрек соғысы екі есе азайған, сосын маужырап ұйықтай бастаған. Тексеріп қарағанда қандағы ол зат опиумға өте ұқсас болды, — дейді Р. Олджен. Александр Бекманның зерттеулерінің нәтижесінде маусымдық ұйқыдағы жануарлардың қанында белоктың ерекше бір түрі түзіледі. Ондай белогы бар жануар морфиге тітіркеніп жауап бермейді. Ал кейін оянғаннан соң морфий оларға әсер етеді. Демек, маусымдық ұйқы тудыратын зат наркотик тәрізді деген жорамал жасауға тура келеді. Летаргиялық ұйқы да осындай заттың әсерінен тууы мүмкін деген ой келтіреді. Бірақ анық ғылыми деректер болмаған соң, жай жорамал ғана жасауға болады. Маусымдық ұйқыны тудыратын затты хирургиялық операция кезінде жүректің температурасын төмендету үшін пайдалануға болады. Жеке мүшелерді, ткандерді тоңазытып сақтау үшін де керек, кейін оларды операция кезінде қолдануға болар еді.
Ұйқының физиологиялық механизмі.
Ұйқы механизмінің қағидамалары. Ұйқының пайда болуы жүздеген ғасырлар бойы құпия болды. Не себептен, қалай туады, азайтуға болмай ма? — деген сұрақтарға жауап табылмағандықтан әркім әртүрлі пікірлер айтқан.
1. Швейцар физиологі Гесстің қағидасы бойынша, ұйқының орталығы гипоталамуста, себебі ұйқы оның нүктелерін микроэлектродтар арқылы тітіркендіргенде туады.
2. П.К. Анохиннің түсінігі бойынша, ұйқының тууы ми қыртысы мен оның астындағы нерв түйіндерінің әрекеттенуінен болады, оның орталығы орталық жүйке жүйесінің бір жерінде емес, әр жерінде.
3. Нейрогуморальдық қағида. Мұны қолдаушылардың айтуы бойынша, адам қажығанда оның қанында гипнотоксиндер жиналады да ми торшалары тежеледі. Ұйқыны нейрондардың тежелуі себебінде қарау керек. Бірақ егіз туған адамдардың біреуі ұйықтағанда, екіншісі ұйықтамаған. Екі қоянның қан тамырларын айқастырып тәжірибе жүргізгенде, бірінің миындағы микроэлектрод арқылы ұйқы орталығын тітіркендіргенде екі қоянның екеуі де ұйықтап қалған. Егер қояндарға гистамин не серотонин жіберсе, ұйқы қолма-қол келген.
4. И.П. Павловтың қағидасына жүгінсек, ми қыртысындағы тежелудің иррадиация тәртібімен тарап, мидың төменгі бөліктерін қамтыған кезде ұйқы туа бастайды. Демек тежелудің ми нейрондарының 80-90 пайызына тараған жағдайында ұйқы туады.
5. Тәжірибедегі жануардың миының торлы құрылымын тежегенде ұйқы келген, ал қоздырғанда ұйқыдан оянған. Олай болса, торлы құрылымда ұйқы орталығы болуға тиісті.
6. Қазіргі ғылыми қағида бойынша гипофиздің, қалқанша бездің, бүйрек үсті безінің гормондарының және нейромедиаторлардың мидың нейрондарына әсер етуінің нәтижесінде ұйқы пайда болады.
Ұйқының физиологиялық маңызы. И.П. Павлов айтқанындай, ұйқы шаршаған мидың нейрондарына нәр, қуат беріп, қайта іске қосады, сөйтіп мидың қызметін нәтижелі етеді. Освальдтің пікірінше, ұйықтаған ми тканінде РНҚ, белок т.б. биологиялық заттар түзіледі. Ұйқының орта шамасында глиальдік торшаларда осы заттар көп жиналады. Ал парадокс кезеңінде митохондрияда АҮФ, гликоген сияқты қуат шығаратын заттар пайда болады. Біраз ғалымдардың айтуы бойынша ұйқы кезінде күндізгі жиналған мәліметтер ұмытылады да миды олардан босатады. Таңертен ми сеп-сергек болып, жаңадан іске кіріседі. Ал басқа бір ғалымдардың пікірінше, ұйқы кезінде күндіз есте сақталған мәліметтер текшеленіп, қалыптасады. Күндіз шешіп үлгермеген мәселелерді түнде шешеді. Мысалы, Ленгли қозудың медиатор арқылы таралу заңын ұйықтап жатқанда түс көріп барып тапқан. Кейбір математиктер күндіз шығара алмаған есебін түнде ұйыктап жатқанда шығарған. Ұйқы — ағзаның ерекше жағдайы. Ол кезде дененің қимылы толық тоқырайды. Ұйқы потенциалының ырғағын мидың қарақұс аймағыннан бақылауға болады. Сондықтан болар, ұйқысы келмеген адам қолын басының желке тұсына қойғанда тез ұйықтап қалады. Қатты ұйықтаған адам тез тынығады, аз ұйықтаса да ертеңінде ширақ болады. Мысалы, 1-Петр ересек кезінде 5-6 сағат қана ұйықтаған. Гумбольдт, Кювье, Келлер 4-ақ сағат, Наполеон, Гитлер, Сталин соғыс жылдары өте аз ұйықтаған. Бұл адамның жауапкершілігіне байланысты. Емтиханға дайындалу кезінде жақсы окитын оқушылар аз ұйықтайды. Емтиханды тапсырып болғаннан соң көбірек ұйықтап, жақсы тынығып алады. Демек, аз ұйықтаса да қатты ұйыктаған адам оқуды да жақсы оқиды, қызметін де жөндеп атқарады. Қазақтың халық әртісі М. Ералиева жақсы ұйықтап, демалғандықтан менің көңілім жайбарақат, күні бойы сергек сезінемін, — деді теледидарда сөйлегенде.
Гипноз (гректің hipnosis— ұйқы құдайы)- ол ағзаның ерекше психикалық жағдайы. Гипнозды сөзбен иландыру арқылы, не дәрі-дәрмекпен тудыруға болады. Гипноздалған адам өте көнгіш, біреудің айтканын орындайды, оның сөзіне әбден беріліп иланады. Гипноз тудыратын маман сендіріп, өкімді сөйлеуге тиісті. Алдындағы адамды ұйытып, өзіне бағындырып алады. Үстемділік көрсетіп алдындағы кісіні маужыратып, жартылай ұйықтатып тастайды. Бірақ гипноздалған адамның миы толық тежелмейді, біраз нейрондық орталықтар, әсіресе, таламустағы, қыртысасты түйіндер тежелмейді. Сол арал сияқты тежелмей қалған орталық арқылы екеуінің арасында байланыс сақталады. Осыны пайдаланып гипноздаушы адам гипноздалушы кісіге өзінің әмірін жүргізе алады. Гипноздың 3 кезеңі бар:
1) Сомноленция — маужырағанымен ұйықтағысы келмейді. Көзін ашқанымен жан-жағына қарай алмайды.
2) Гипнотакция — ұйқысырау. Көзі жабық, гипноз жасаушының әміріне бағынышты икемделе бастайды.
3) Сомнамбулизм — жартылай ұйқы. Әміршінің айтқанының көбін орындайды.
Гипноздан оянған адам еш нәрсені есіне түсіре алмайды. Не істедің? — деп сұраса, жауап бере алмайды. Сомнамбулизм немесе лунатизм жай өмірде де байқалады. Кейбір дені сау адамның өзі түнде ұйықтап жүріп, тұрып, далаға шығып жүреді. Кейбір қауіпті өткелдерден оп-оңай өтіп кетеді. Қайтып орынына келіп жатып ұйықтап қалады. Таңертең неге сөйттің деп сурағанда, ештеңе айта алмайды, есінде ештеңе қалмайды. Ол көбінесе жасөспірім балаларда кездеседі, жиі емес сирек кездесетін жағдай. Физиологтар гипнозды зерттеп, оның механизмін білмекші болған. В.М. Бехтерев: Мидың ерікті механизмі істен шығарылғаннаң соң, еріксіз механизм негізінде гипноз туады. Сондықтан гипноздалған кісі еріксіз қимыл жасай береді. И.П. Павлов: Нерв процестерінің теріс индукция ықпалы нәтижесінде гипноз туады. Гипноздалушының сөзі тежелуді иррадиация тәртібімен ми қыртысының көпшілік аумағына таратады. Бірақ біраз нейрондар қамтылмай арал тәрізді сақталып қалады. Сол арқылы ол әмірін жүргізеді. П.В. Симонов: Гипноз ұйкы да емес, оның кезеңінің бірі де емес, мидың қалыпты жағдайы да емес. Ол мидың әртүрлі бөлімдерінің функциялық өзара байланысының үзілгендігі, бірақ кейбір қозу орталығының басқалардан басымдылығы туған кезде болатын ағзаның ерекше күйі. Барлық адам гипнозға бірдей берілмейді. 20 пайызы оңай, тез, 55 пайызы орташа көнеді, ал 25 пайызы өте баяу қиын, не тіпті гипнозға берілмейді. Ол жоғарғы жүйке әрекетінің типтік қасиеттеріне байланысты: күшті ұстамсыз және күшті лабильді типтегілер қиын гипноздалады, ал күшті инертті және әлсіз типті адамдар көнгіш келеді, өйткені олар тез иланады.
Гипнозбен емдеу. Гипнозбен емдеуді медицина маскүнемдерді, наркомандарды, жүйкесі тозып ұйқысы бұзылған және т.б. науқасты сауықтыру үшін колданады. Тістің ауруын басуға, хирургиялық операция жасау кезінде, әйелдердің босану сәтінде гипнозды пайдаланып, ауырсынуды жеңілдетеді. Невроздың кейбір түрлерін де гипнозбен емдеуге болады. Психологияда жұлдызы қарсы адамдарды сөзбен иландырып мәмлеге келтіру үшін гипнозды пайдаланады, жүйкенің қатты қозуын сөзбен жайлап бәсеңдетуге гипноздың көп пайдасы бар. Гипноздың кейбір әдістерін театр, цирк т. б. көніл көтеретін демалыс орындарында қолданады. Француз Робер Гудэн мынадай гипноздық сиқыр көрсеткен. Бошкеге топырақ салдыртқан. Оның ішіне апельсиннің дәнін салған, үстіне су қүйған. Біраздаң кейін қарап отырған жұрттың көзінше дән көгеріп шыға бастаған. Гүл шашқан. Жемісі өсіп, оны кісілерге таратып берген. Филиппин хирургтерінің пышаксыз операция жасап жатқанын кинокамерамен көрсеткенде, сенбеске болмайды. Барлық қол қимылдары көз алдыңда ешбір алдау жоқ сияқты. 1974 жылы Филиппин хирургтерінің басшысы Алекса Орбито Швецияға шақырылып, дәрігерлер оның мамандығын тексергенде бөтен жерде оның өнері шықпай қалған, өйткені әрбір фокус үйренген жерде және жағдайда ғана орындалады. Оған шыны қабырға, үстел, орындық және көмекші қызметкерлері де көмектеседі. Мұндай гипноз жасаушылар біз қуатты ғарыштан аламыз, — дейді. Алекса Орбито қуат Филипиннің солар тұрған жерінде ғана алынады, — деген. Әрине, мұның бәрі гипноз емес, жай көз бояушылық, иллюзиялық көрініс деген. Ал гипноздық иландыру түрімен науқасқа тек қана уақытша жәрдем беруге болады. Ол кәдімгі жақсы дәрігерлердің, жақсы психологтардың күнделікті әдістерінің бірі болып саналады.
Стресс — ағылшын тіліндегі stress — қатты күйзелу, абыржу, мөлшерден тыс ширақтылық деген сияқты бірнеше мағынаны қамтитын жалпылама сөзбен айтқан адамның ерекше күйі. Ғылымға ең алғаш осы терминді кіргізген Канада физиологы Ганс Селье. Оның анықтамасы бойынша, стресс дегеніміз өте жағымсыз әсерге жауап ретінде туған ағзаның қалыпсыз бейімделу әрекеттерінің жиынтығы. Оны тудыратын факторларға қарай физиологиялық стресс және психологиялық стресс деп екіге бөледі. Соңғысын мәліметтік (информациялық) және эмоциялық стресс деп атайды. Тосыннан-тосын жағымсыз хабар естігенде мәліметтік стресс туады. Адам дұрыс жауап таба алмай, қатты қиналады, не істерін білмей, сасып қалады. Ал эмоциялық стресс қауіп туса, немесе оқыстан-оқыс қорқып қалғанда, не біреуден қатты көңілі қалғанда туады. Жоғарғы жүйке әрекетінде тежелудің серпінісі қанат жайяды. Нәтижесінде іс-қимыл әрекеті не сөйлеген сөзі бұзылады. Адамның жеке ерекшелігіне, мінезіне, жоғарғы жүйке әрекетінің типтеріне орай стресстің әр түрі байқалады. Стресс үш кезеңнен тұрады:
1. Үрейлену. Жағымсыз фактор әсер еткен сәтте туатын жауаптың алғашқы кезеңі. Таңырқағандай әсерленіседі.
2. Төзімділік кезең. Жағымсыз фактордың әсеріне беріліп кетпей, төзімділік реакциясы туады. Гипоталамус- гипофиз жүйесінің ықпалымен бүйрек үсті безінің гормондарының мөлшері қанда тез көбейіп кетеді, симпатикалық нерв жүйесінің әсерімен жүректің соғу ырғағы шапшаңдайды, тыныс алу ырғағы да жиілей түседі. Бұлшық еттердің жиырылу қабілеті күшейеді.
3.Әлсіреу кезеңі. Бейімделу қорының мүмкіншілігі азайып, таусылады. Сондықтан психологияда дезадаптация, яғни бейімделудің нашарлап, жойылуы дегентмағына береді. Әбу Әлі Ибн Сина хайуанат паркінде тәжірибе жүргізген екен. Бір қойды жеке қораға қамап қойған, бірақ оның басқа қойларды көретіндей жағдайы болған. Ал екінші қойды басқа қораға қамаған, бірақ ол қасқырдың үйшігінің жанында болған. Бірінші қой басқа қойларға қосылмақшы тілекпен маңырай берген, бірақ алдындағы жем-шөпті жеген. Ал екінші қой қасқырды көрген сайын селк етіп үркіп, қашпақшы болған. Алдындағы жемін ауызына да алмай, жүдеп-жадап әлсіреген. Адам да сол сияқты, жақсы адамды көрсе, жақындағысы келіп, жағымды стресс туады. Ал жаман адамды көрсе, одан жанын аулақ салып, қашады. Міне, осы келтірілген екі мысал стрестің жағымды және жағымсыз түрлерін сипаттап тұр. Стрестің көпке созылған ауыр түрі адамды жүдетіп, қайғыға батырады. Мұндай адамдар психологқа не дәрігерге барып емделгені жөн. Психолог сөзбен иландырып, дағдарыстан алып шығады. Оған жазылмаса, дәрігер көмектеседі. Психотроптық дәрі-дәрмек жазып береді. Дұрыс емдесе, стреске шалдыққан адам көп ұзамай қалпына келеді.
Эмоция. Emovere деген латын сөзі. Әсерлену, қуану, желпіну немесе, керісінше, жабырқану, ренжу, мұңаю деген мағына береді. Сондықтан эмоция деп бір сөзбен айтпай, жағымды және жағымсыз эмоция деп бөледі. Тез эмоцияланды, баяу эмоцияланды деп те айтады және әр ғалым, әр психолог оны әртүрлі сипаттайды. А.В. Коробков (1980): эмоция — сыртқы ортаның жағдайының өзгеруіне қарай, оның көрінісін қабылдауына орай жеке адамның әсерленген сезімінің сыртқы белгісі, — деген. П.К. Анохин (1964): Эмоция адамнын ішкі дүниесінің жайы. Ол сезімнің барлық түрін қамтиды, қуаныш пен реніштің арасын алып жатыр. Л.Г. Воронин (1979): Ішкі эмоция қуаныштың, реніштің, рахаттанудың, қынжылудың, махаббаттың, сүйіспеншіліктің, жақтырмаудың белгісі. Ал сыртқы эмоция сөзбен, көзбен, бет қимылының іс-әрекет қимылымен көрсетілген адамның мінезі. Демек, адамның ішкі, сыртқы сезімі көңіл - күйі, мінезі, ойлаған ойының кейбір көрінісі эмоцияның белгілерімен сипатталады. Енді эмоцияның түрлерін талдайық. Оның негізгі екі түрі бар. Олар жағымды және жағымсыз эмоциялар.
Жағымды эмоция. Көңіл-күй көтеріледі, еркіндік қаулайды, адам жігерленіп, мақсатты тілек пайда болады. Көзі жарқырап, беті шырайланып, сөйлеу шешендігі артады мінезі маңайындағыларға жағымды болып көрінеді. Кісілермен сөйлескенде ретін тауып, айтатын ойын оңай әрі нанымды тілмен жеткізеді, жадырап, қасындағыларды күлкімен өзінің әңгімесіне тартып иландырады. П.К. Анохиннің айтқанындай, жағымды эмоцияның тууы үшін, біріншіден, алынған мәлімет адамның күткеніндей болу керек, соған сәйкес болуы тиіс. Екіншіден, мәліметтің себебі мен орындалатын іс-әрекет немесе жұмыс нәтижесі тиянақты болуы керек. Жағымды эмоция адамды мақсатқа жетуге жетектейді, көнілі көтерілген сайын сапасы да жоғарылайды, істеген ici де нәтижелі болады.
Жағымсыз эмоция. Адамның көңіл-күйі төмен, еңсесі түсіп, иығы мен екі қолы салбырап кетеді, көзі төмен қарап, демін ішіне тартып алады. Адам тығырықтан шығатын жол іздегендей, біресе тұрып, біресе отырады. Жағымсыз эмоцияның ықпалымен тез ашуланады, өзінің сөзін тоқтаусыз айтып, басқаның сөзін ылтипатқа алмайды. Кейде себепсіз ұрысып, маңайындағыларға тілін тигізеді. Ойлаған ойы не істеген ici дұрыс шықпаса, адам қалпынан шығып, дағдарысқа түседі, өзіне-өзі ренжіп берекесі кетеді.
ІІІ. Әдебиеттер
Лурия А.Р. Основы нейропсихологии: учебное пособие для студ. вузов, обучающихся по спец. психологии; М.: Академия, 2009. - 384 с.
Столяренко А.М. Физиология высшей нервной деятельности для психологов и педагогов: учебник для студ. вузов, обуч. по гуманитарно-социальным спец.; М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2009. - 463 с
Сәтпаев Х.Қ., Нілдібаев Ж.Б., Өтепбергенов Ө.А. «Адам физиологиясы» А., 2003.
Батуев А.С. Высшая нервная деятельность: учебник для вузов; СПб.: Изд-во "Лань", 2002. - 416 с.
Достарыңызбен бөлісу: |