Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы көркем тұлға және образ сомдаудағы жазушы шеберлігі.
Қалтайқызы Г. - магистр-оқытушы
ОҚМПИ, Шымкент қ.,
Резюме (10 пт.)
В этом статье рассмотривается Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы көркем тұлға және образ сомдаудағы жазушы шеберлігі талданады.
Summary (10 пт.)
Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің келіп құйылар арнасы, әдебиет туралы ғылымның ең басты және өзекті мәселе - образ және образдылық. Бұл мәселені дұрыс таратып түсіну үшін, әуелі, әдебиеттің объектісі-өмір болғанда, предметі - адам екенін ескеруіміз керек.
Жүсіпбектің образ жасау ерекшелігіне тоқталмас бұрын, образдың мәнін аша кеткен жөн.
Көркем бейне, яки әдеби қаһарман дейік, я болмаса шығарма геройы не кейіпкер немесе персонажы дейік, бәрібір осылардың бәрі бір-ақ ұғым образ. Бейнелеу образдылық болса, бейне - образ. Сөздегі сурет шығармадан өмір шындығын жинақтау, адам мінезін даралау, сайып келгенде осылардың бәрінің сарқып құяр сағасы біреу, ол-образ. Ал, «образ - эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы әрі нақты, әрі жинақы жасалған адам өмірінің әсем суреті».
Образ жасау тек таланттыға ғана тән әрекет. Ал «талантты жазушының әр образы- тип» - дейді Белинский.
Типтік образ жасаудың алғы шарттарының бәрі түптеп келгенде көркем әдебиетте ақиқат шындықтың ең негізгі заңдылықтарын көрсету үшін керек. Мәселен, әдебиеттегі бір байдың образы өмірдегі бірнеше байдың, бір кедейдің образы, бірнеше кедейдің ең елеулі ерекшеліктерінен құралады да тип болады. Сол сияқты Жүсіпбектің «Ақбілегі» де сол дәуірдегі бірнеше тұлғалардың мінезі, бітімі әрекетінен туындаған сом туынды. Типтендірудің бағалылығы, құндылығы сол әдебиеттегі әлгі бір үлкен Ақбілек – өміріндегі ұсақ Ақбілектерді, Бекболат – Бекболаттарды түгел қамтып, тұтастыра көрсететін биік шоқы – қарауыл төбе іспетті. Типтендірудің тамашалылығының өзі осында. Әдебиеттегі бір адам арқылы өмірдегі мың адамды бір-ақ қамтып тануымызға мүмкіндік береді.
Көркем әдебиеттегі жинақтау – типке әкелсе, даралау – мінезге әкеледі. Образ осылай туады. Мұның өзі шын мәніндегі өнер адам үшін әрі әдемі, қызық әрекетке, әрі «инемен құдық қазғандай» қиын әрекет. Суреткерлік шеберлік те осы әрекет үстінде көрінеді. Жазушының ғұмыр бойғы әрекеті-жазушылық шеберлік жолындағы әрекет. Шығарма жазу нағыз шебер үшін шеберленген сайын қиындай береді.
Шеберлік демекші, қаламгер шеберлігінің түпкі түйіні – жазушының өз жан – жүрегіндегі сезіммен сырды өзгенің ой санасына мейлінше әсерлі және сұлу жеткізу, ұтымды және дәл дарыту. Ол үшін жазушыға керек нәрсе үшеу: «Тіл, дәлдік және қысқа жазу – шеберлік материгі осынау үш киттің үстінде тұр» - дейді В.Инбер [1-85б.].
Шеберлікте жетілу жолының бұралаңдары да шексіз. Осы орайда Жүсіпбектің дара шеберлігіне келсек, бұрын үлкен прозасы болмаған әдебиетте өзіндік жол салған іспетті.
Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларындағы шеберлік сырлары ең алдымен өмір өнегесін, адам табиғатын көркем, шынайы, сенімді сипаттармен суреттеуімен назар аударады.
Суреткердің өзінің қолтаңбасы даралық сипат – ерекшелігімен өмір тәжірибесінің байлығы, мол материал мен дерек көздері идеялық – эстетикалық ізденістер, келісті де көркем қара сөздің поэтикалық тәсілді табиғи өріс алды, алыс жақын шетелдердің әдеби – мәдени мұралары мен халық әдебиетіне, ондағы ақындық, шешендік шеберліктерді терең меңгеріп, жүйені жүзеге асырғаны айқын аңғарылады. Бұдан шығатын түйін Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылық - шеберлік мұрасында:
Әлеуметтік мәселелерді өткір көтеріп қозғайды.
Өмірлік – адами тақырыптар терең жан-жақты сөз етіледі.
Кейіпкердің өмір тағдыры, рухани кескін-келбеті уақыт сырына сай суреттеледі.
Идеялық-көркемдік ізденістер өмірлік материалға, адам тағдыры мен оның еңбегіне, болмыс бітімінің табиғи тіршілігіне негізделеді.
Ең негізгісі, 20-жылдардағы қазақ әдебиетінің проза жанры бойынша даму заңдылықтары әлеуметтік-қоғамдық өмір тынысы мен болмысын байыптауды алуан амал-тәсілдер негізінде, көркем де келісті бейнелейді.
Демек, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасы өмір – уақыт ақиқаттары мен қоғамдық, кезеңдік құбылыстарды, адам әлемінің мың сан иірімдерін айшықты сөз, ойды өрнек, көркемдік келісімдер арқылы шеберлікпен, шешендікпен жеткізгені айдан анық.
Ұлттық прозамыздың интелектуалдық дәрежесін танытатын туындылардың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың « Ақбілек» романы.
«Ақбілек» романының негізгі нысаны – әйел теңдігі, адам тағдыры. Бұл сол кездегі демократиялық бағыттағы жазушылардың ортақ тақырыбы. Алайда тақырыптық, идеяда ортақтастық болғанымен, Аймауытовты замандас өзге жазушылардан айрықша ерекшелеп тұрған да – негізінен жазу мәнері, образ ойнату шеберлігі. Ағартушылық идеологияның басыбайлы құлынан әлдеқайда биік өзіндік ішкі еркіндік ішкі еркіндігі басым қаламгер бас кейіпкерін тек періште етіп көрсете бермей, өмірдегі бар болмыс бітімімен, өзіндік табиғи – тіршілігімен, яғни пенделік қалтарыстарымен қаз қалпында бейнелейді.
Жазушы бүкіл адами проблемаларды бір кезеңдік қазақ өмірін, жаңа тіршілік – тынысын, сыртқы өмір шындығын, сана күресі, ой арпалысы, көзқарас қақтығыс арқылы суреттейді.
Ақбілекті шын мәніндегі психологиялық образ дәрежесіне жеткізеді. Романның әр беті бізге оның өміріндегі толассыз өзгерісті, бір байламға келе алмаған ой арпалысын аңғартады.
Қысқасы, әдебиеттегі адам образын жасаудың жолдары мен тәсілдері көп және әр алуан. Жалғыз-ақ, жазушы шын мәніндегі шебер, зергер болуы шарт, сонда ғана ол қолданған әрбір амал адам образын ашуға қызмет етеді.
Суреткердің кейіпкер болмысындағы кез-келген оқырманға белгісіз ішкі тебіренісін, драмалық сәтін берудегі қолданылған әдеби тәсілдері көбіне ішкі монолог, ой арпалысы мен ой ағысын іштегі қобалжуын сыртқа шығара алмаған мазасыз мезеттегі жағдай, көзқарас, қимыл-әрекет, портрет, жест (ишара), пауза т.б. болып келеді.
Романда жекелеген бейнелердің монологтары, өмірдегі мұраты мен міндеттері айқын бедерленген. Мұның өзі әдебиет зерттеушісі Р.Нұрғалиевтің атап көрсеткеніндей: «Романда кейіпкер, оқиға көп емес, ықшамдылық, жинақылық әсіресе драматизм принциптері ерекше ескерілген. Бір әрекетке қатысып, үзіліп қалатын кейіпкерлердің өзін жазушы даралып, есте қалатындай етіп сомдап соғып береді. Кескін, сөз мақамы, қимыл-қозғалыс бәрі образ жасауға аса қажет көркемдік құралдар, персонаждардың өзін-өзі сипаттау - Жүсіпбек Аймауытов жиі қолданатын әдеби тәсілдердің бірі» – дейді [2-98б].
Әрине көркем шығармадағы кез-келген көркемдік тәсіл-монолог, диолог, портрет, сюжет, образ т.б. жеке-дара тұрып көркем шығармада ешқандай роль, қызмет атқармасы белгілі. Сондықтан да жазушы кейіпкердің ішкі сезімдерін тек ішкі монологпен емес, өзге де бейнелеу құралдарымен өзара сабақтастыра суреттеу арқылы береді. Алайда біздің нысанаға алып отырған тәсіліміз - ішкі монолог. Романның алғашқы беттерінен–ақ ішкі монологтың көркемдік қызметі, оның әдебиеттегі атқарар ролі айқын көрінеді. Мәселен, жазушы кейіпкерлерінің ішкі рухани әлемін, жан дүние қалтарысын, жалпы табиғатын танып алу үшін ішкі монологқа көп жүгінеді. «Ақбілек», «Бекболат», «Офицер», «Мұқаш» деп жеке-жеке тарау етіп алады да, басты деген үш кейіпкердің портретінен бастап, ішкі ой-сезімдеріне дейін дәстүрлі, қарапайым монолог арқылы барлау жасайды. Кейіпкерлердің ауыздарына сөз сала отырып, образ табиғатын, олардың іс-әрекеттеріне түрткі болған ішкі ой-толғаныстарын, құпия сырларын бүкпесіз ашады.
Енді автордың ішкі монологты беру тәсіліне назар аударып көрейік: «Қараторы, орта бойлы қошқар тұмсық, түлкі мұрт, шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым - Бекболат. Басымда барқытпен тыстаған елтірі жекей тымақ, үстімде орысшалау педжак, шалбар...» [7-151б]. Бекболаттың ішкі ойы осылай жалғаса береді. Одан әрі Бекболат «бұрын байдың», қазір «орта шарқы үйдің ортаншы баласымын» дейді. Үй – ішілік, тұрмыстық жағдайларын да еске алады. Балалық, жастық шағының босқа өтпегенін айтады. «Жаманбаланың шатпақ қара қызын менсінбей Мамырбайдың Ақбілегін елден таңдап айттырғанын», соған жолыққалы шыққанда, ақтарға кезігіп, оң иығынан жарақат алғанын қысқа, шешен баяндайды.
«Мұқаш» деп аталатын тараудағы ішкі монолог та тап осы мазмұнда. Мұқаш өзі жайында былай дейді: «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жарбақтау, кірпі шаш, қырыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым 35-те. Әкем Тойбазар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес. Ес біле есікте жүрдім» [7-155б]. Онан соң Төлеубайдың қозысын, Шаманбайдың қойын баққанын, балалық базары жат босағада, кісі қабағын бағумен өткенін еске алады. «Қалай Бақтығұлдың жылқысын бақтым, солай көзім ашыла бастады» - дейді ол. Мұқаш аузынан кейінгі жерде ел қатарына қосылғанын, отбасы болғаны, қызметке кірісе бастағанын, болыс болу ниеті барын да естиміз. Бірақ, ел үстінен күн көрген жоғарыдағы «қызметтерінің» әсерінен болыстыққа сайланбайды. Мамырбайдың баласы іс-қағаздарды кеңсеге тапсырыпты дегенді естиді. Тілін шайнап, тісін қайрайды. Тек соңында ғана Ақбілекті өзін болыстыққа сайлатпай тастаған ағасы Төлегенге ерегісіп, ақ әскерлеріне ұстатып жібергені туралы ағынан жарыла сыр ағытады. Өзінің ішкі құпия есебі жайлы әлдебір өшпенділікпен, кек қайтарған кісіше сөйлейді. Бұл жерде дауыс ырғағы (интонация) ішкі монологтың қызметін атқарып, кейіпкердің ішкі сезім – күйін, психологиясын ашуда айтарлықтай үлес қосқан. Жанама кейіпкер ретінде Мұқаш өз міндетін атқарғанмен Ақбілектің азапты, күйінішті өміріне себепкер болды. Сол үшін де Мамырбай ауылының алғысын емес, қарғысын алды, оқырман жұртшылықтың да кері әсерін туғызды. Ендеше, біздің қоғамымызда теріс ой, екіжүзділік мінез жат. Мұқаш шындығы осы.
Жазушы монологтар арқылы кейіпкерлерін мінездеу арқылы таныстырып, ол туралы жалпы мағлұмат беру мақсатын бірінші кезекке қойған. Оған біз келтірген әлгі үзінділер айғақ бола алады. Дәстүрлі (қарапайым) монолог міндетін атқарып тұрған бұл тәсіл бертін келе өзінің өсу эвалюциясын, даму диалектикасын таныта бастайды. Тап осы романда біз бір ғана жазушының тәжірибесі арқылы жалпы көркем әдебиеттегі монологтың (ішкі сөздің) көркемдік қызметінің қалай түрленгеніне куә бола аламыз. Мысалы, әлгіндегі «Мұқаштың» қарапайым, өзін таныстыру мақсатындағы ішкі ойы ұзаққа бармай ішкі монологқа, яғни таза психологиялық талдауға көшеді. Міне, осы жерде бірінші жақтан баяндау үстемдік алады: «Япырым-ау, мен қазақпын ба? Қазақ болсам, өз қаныма неден мұнша өшіктім? Өзгем өзге ғой «ағатайлап» жалынып қолын созып келе жатқан Ақбілектің білегін көкке созып, жүйкесін құртып, орыстарға ұстап бердім-ау. Ағасы болмаса бұл қызда не жазық бар еді?» Бұл Аймауытов психологизміндегі психологиялық талдау тәсілін танытады. Бұл жерде бір жан толқуының екінші тебіреніске ұласуы да ұтымды. Ішкі әлемді әшкерелеудің бірден-бір тәсілі – осы психологиялық тұрғыдан өзін – өзі талдау (өзін-өзі жегідей жеу). Бұл әдіс көбіне өзі күнә жасаған сәттегі көңіл-күй, жан азабы үстіндегі кейіпкердің өз ары алдында ақталу жағдайында көрінеді. Және ол көбіне сол күнә жасаушының атынан айтылады. Оның екі түрі бар. Өзін-өзі талдау кейіпкердің өз күнәсін өзі ашуы. Осы екі түрі де Мұқашқа тән. Әлгі үзіндідегі өз-өзінің кінәсін әшкерелеу, оның себебін талдау, одан кейінгі көңіл-күй, үрей мен қорқыныш, ненің дұрыс, ненің бұрыс жасалғаны, неге бекінгені т.б. бәрі санадағы пікір қайшылығы, көңілдегі дүдәмал ойлар, сезікті сезімдер, тұрғысынан жан-жақты таразыға салынып, шынайы кестеленеді. Бұл психологиялық талдаулар Мұқаштың түбірі теріс адам еместігін, оны осындай күнәға итермелеген қазаққа тән күндестіктің, бақталастықтың, шенге құмарлықтың, «неге ол бай, неге болыс болуы керек те, мен жоқ» деген ұқсастық, пендешіліктің салдары екендігін көрсетеді. Романның бас кейіпкері, Ақбілек те өз мінін, кінәсін көруге, оны іштей өзі талдауға да шебер. Ж.Аймауытов ерекшелігі сол - қазақ әдебиетінде тұңғыш рет өзінің көркемдік назарын сыртқы жағдай, оқиға емес, кейіпкерің іс-әрекеттерінің ішкі себеп-салдарына, оның психологиялқ әуеніне ерекше мән береді. Мәселен, Ақбілек ақтардан қашып құтылып, Әмір ағаларымен өз ауылына жақындаған тұстағы оның сезім төңкерісінен шығатын монологтар нанымды психологиялық жағынан ерекшеленеді. «Осы арам демімнен, арам аузыммен әкемнің иманды жүзіне қалай жақындармын, оны да арамдармын? Құдайдан қорықпай, оның құтты қадам мешіттей үйіне қалай кіремін? Мұны бұрын ойласамшы!... Шыбын жаны құрғырды ойлай беріппін-ау, япыр-ау! Бұлар мен туралы не ойлайды екен? Мені арамдалмай аман келе жатыр деп кім ойлайды дейсің? Әлде менің тірі қалғанымнан да өлгенімді тіледі ме екен? Кім біледі сөйткенде шығар»[7-201б] немесе «Ей тәңірім-ау! Осы келе жатқанымда қазаға ұшырап кетсемші! Астымдағы ат омақасып, астында тіл қатпай, қатсамшы!...Ең болмаса, есімді біліп тірі барғанша, әкемнің алдына апарғанда, кірпігім қимылдап жатсамшы!» [7-202 б].
Осы тұстағы автордың тағы бір тың түрлік ізденісінің көрінісі Ақбілектің ағасы Төлегеннің қонақтары - Ықаң,Тыпаң, Ақбала, Балташ, Доға, Жорғабек арасындағы айтыс - әңгіме, әсіресе арақ ішіп алғаннан кейінгі белсенділердің ақ езулене айтылған ішкі сырлары, лепірген мақтан сезімдері. Бекболат үшін «құран сөзіндей» түсініксіз сөздері олардың әрқайсысына тән іс-әрекеттері, қимыл-қозғалыстары - бәрі-бәрі автор тұрғысынан ішкі монологқа ерік беру параметрлері болып табылады. Осы әңгіме үстінде алты адамның бүкіл болмыс-бітімі өзіндік ерекшеліктерімен оқшау мінездерімен шебер суреттеледі. Ал аздап арақ ішіп алғаннан кейін олардың бір-біріне дес бермей ділмарсулары, шынын айтамын деп шын сырларын ағытып алулары - кезек-кезек сөз алған әр кейіпкердің ішкі сырлары, ішкі ойлары ретінде жеке-жеке шынайы беріледі.
Роман бастан-аяқ монологтан тұратын секілді. Және мұның бәрі белгілі бір оқиға сезім, не жан толқуы туралы ой толғаныстан тұратын жеке бір кейіпкердің қарапайым монологы емес, қапыда үлкен қасыретке душар болған бойжеткеннің айналасындағы адамдардан болмашы ғана жылқы қабақ, мейірім тағдырынан титтей пенделік бақыт тілеген жан арпалысы, толқу мен тебіренісі, мұң мен налаға толы тынымсыз ішкі әлемі, эмоциональдық сезім жағдайы т.б. жүйелі-жүйесіз түрде жүріп жатқан психологиялық процестер.
Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы образ сомдауда бейнелеу тәсілі – ішкі монологтың құрылымын талдау негізінде, монологтар кейіпкердің ішкі өмірінің аса шиеленіскен сәттерінде берілуінің куәсі боласың. Кейіпкерлердің өмірінің ең қиын сәттеріндегі монологтар олардың өз жағдайларын пайымдап түсінуге деген заңды талпынысы болып табылады.
Кейіпкер монологтарында Ж.Аймауытов біртұтас психологиялық қалыпты талдап, оның құрамын әртүрлі сезімдерге ажыратып аласапыран ойлардың, сезімдер мен сауалдардың процесі ретінде ашуға тырысады.
Монологтардың негізінен кейіпкер өмірінің шиеленіскен қиын сәттерінде, рухани күйзеліс пен қауіп-қатер тұстарында туындауы кейіпкер бейнесін сомдауда ерекше мәні бар екенімен анықталып, Жүсіпбектің романы да монологты қиыстыра, жымдастыра білуі оның стильдік шеберлігін танытумен сипатталады.
Әдебиеттер тізімі:
Қирабаев С: Жүсіпбек Аймауытов. Алматы: Ана-тілі 1993ж.
Нұрғалиев Р: Сегіз қырлы бір сырлы дарын. Арқау. 2 том. Алматы 1995ж.
Майтанов Б: Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы: санат 1996ж.
Атымов М: Қазақ романдарының поэтикасы. Алматы: Ғылым, 1975ж
Тұрбекова А.: Реалистік роман мен типтік характер. Алматы, 1970 ж.
Піралиева Г: Ішкі монолог. Алматы: Ер – Дәулет. 1994ж.
Аймауытов Ж: Шығармалары. Алматы: Жазушы. 1989ж.
Достарыңызбен бөлісу: |