ӘОЖ: 371.35
Бимагамбетова Г.А. – биология ғылымдарының кандидаты,
доцент, М.Өтемісов атындағы БҚМУ
Құрмекеш Ә.Д. – М.Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты
Е-mail: Adok_92_22_12@mail.ru
БИОЛОГИЯ ПӘНІН ОҚЫТУДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУ
Аннотация. Мақалада биология пәнін оқытуда инновациялық технологияны қолданудың мәселелері қарастырылды. Эксперимент жүргізу арқылы дәлелденіп, нәтижесі көрсетілген.
Тірек сөздер: биология пәні, инновация, инновациялық технология, білім сапасы, модуль, компьютер, интерактивті технология.
Қазіргі білім беру саласында оқытудың жаңашыл педагогикалық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан -жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін - өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі [1, 20-25 бб.].
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Мұғалімдер қоғамның ең білімді, ең отаншыл, ең жасампаз бөлігі болып табылады» деп атап көрсетті [2].
Әр мұғалім күнделікті сабақта өз ісін зерттеп, жаңашыл әдіс-тәсілдермен оқушының білім сапасын арттыру керек. Соның бірі ақпараттық технология. Оқыту үрдісінде инновациялық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға әсер етеді.
Сапалы білім беру оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі. Қазіргі білім берудегі мақсат жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім өзіндік ой талғамы бар адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.
Білім сапасын көтерудің қазіргі таңда жолдары көп. Ең бастысы білімді де білікті, ұшқыр ойлы шығармашылық қабілеті мол ұстаздың шәкіртімен бірлесе еңбек етуі талап етіледі.
Жаңа ғасырдағы мектеп алдындағы міндет егеменді еліміздің жас ұрпағын жан-жақты дамыта отырап тәрбиелеу.
Қазақстанның болашағы бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде. Ал жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейін жоғары етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы оқушыға білімді терең игертудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру, шығармашылыққа жетелеу.
Ал қазіргі жаңа технологияға байланысты білім беруді оқушы өзі ізденіп, өз білгенін жолдастарына жүйелі түрде жеткізе білсе, онда ұстаз нәтижеге қол жеткізгені [3, 45-53 бб.]. Осының айғағы ретінде биология сабағында білім сапасын арттыру мақсатында интерактивті және модулдік технологияларды сабақ өткізу барысында қолданылды.
Модуль дегеніміз - міндетті түрде білім алушының білімен біліктерін тексеру элементі бар, оқу материалының логикалық аяқталған бөлімі.
Модульді құрастырудың негізіне пәннің жұмыс бағдарламасы алынады. Ол көбінесе пәннің тақырыптарына немесе өзара байланысты тақырыптар блогына сәйкес келеді.
Модульдік оқыту технологиясының мәні: оқушы модульмен жұмыс істеу процесінде нақты мақсаттарға өздігінен (немесе белгілі көмек нәтижесінде) қол жеткізеді. Модуль бұл – оқу мазмұны мен оны меңгерудің технологиясы біріктіріліп берілген мақсаттық функционалдық түйін.
Модульдің құрамы:
әрекеттің мақсатты жоспары;
ақпарат банкі;
дидактикалық мақсаттарға жетуге арналған әдістемелік нұсқау.
Бұл технологияны оқыту мазмұны аяқталған дербес ақпарат блоктары түрінде ұсынылады. Оларды меңгеру дидактикалық мақсаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Бағдарламаны құру үшін курстың негізгі ғылыми идеялары бөлініп алынып, оқыту мазмұны солардың төңірегінде белгілі бір блоктарға топтастырылады. Содан кейін екі деңгейден тұратын кешенді дидактикалық мақсаттар анықталады. Оның біріншісі – оқу мазмұның меңгеру деңгейі, екіншісі - практикада және оқуды әрі қарай жалғастыруда қолдануына бағдарлау деңгейі. Кешенді дидактикалық мақсаттардан кіріктірілген дидактикалық мақсаттар бөлініп алынады да, модульдер соған сәйкес дайындалады.
Модульдер үш типке бөлінеді:
танымдылық, ғылым негіздерін оқытуда қолданылады;
операциялық, іс-әрекеттің тәсілдерін қалыптастыру және дамыту үшін қолданылады;
аралас, алғашқы екеуін қамтиды.
Модульдік оқыту барысында өзіндік жұмысқа барынша көп уақыт бөлінеді. Оқушы мақсат қоюға, жоспарлауға, ұйымдастыруға, өзін-өзі бақылау және өзін-өзі бағалауға үйренеді. Бұл оған оқу әрекетіндегі өз күшін байқап, сезінуге, өзінің білім, білік, дағдыларындағы кемшіліктерін табуына мүмкіндік береді.
Модульдік оқыту технологиясын қолдану оқытуды субъект қатынасына негіздеп құруға көмектеседі. Модульдік оқыту технологиясын сонымен бірге бақылау, талдау және түзетуді өзін өзі басқарумен үйлесімдікте іске асырады:
жаңа модульмен жұмыс жасауға дайындық деңгейі қандай екенін білу үшін әрбір модуьді бастамас бұрын оқушылардың білім, білік, дағдыларын алдын ала бақылау жүргізіледі;
қажет болған жағдайда оқушылардың біліміндегі ой - қылықтарды толықтыру жұмысы жүргізіледі;
әрбір модульдің құрамдас бөліктерінің соныңда өзін - өзі бақылау, бірін - бірі бақылау, үлгімен сәйкестендіру түрінде ағымдық және аралық бақылаулар өткізіледі;
қорытынды бақылау модульдің соңында жүреді.
Оқу материялдарын модуль бойынша құру – міңдетті және маңызды процесс, себебі ол:
пән мазмұнын дамыту логикасын нақты айқындауға;
осы мазмұнның бөліктері мен байланыстарын белгілеуге;
олардың арасындағы логикалық байланыстарды тек мұғалімнің ғана емес, оқушының да толық түсінуіне жағдай жасауға мүмкіндік туғызады [5, 37-39 бб.].
Ал, интерактивті технологияны пайдаланып, оқушылардың танымдық қызығушылығын және білім сапасын арттыруға, дәстүрлі білім беруге карағанда оқушылардың алған білімдерін жүйелеуге, мұғалімнің уақытын үнемдеуге болады. Білім саласында ақпараттық технологиялардың жаңаша құралдарын қолдану бүгінгі күні үлкен өзектілікке ие болып отыр.
Білімді дамыту үшін білім берудің үйреншікті әдісін оқыту процесінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыратын білім берудің жаңа технологияларын қолдану арқылы жүзеге асыруға болады.
Биология пәнінен сабақ өткізуде компьютер технологиясын қолдану сабақты қызықты өткізудің жолы. Мысалы, анимациялық суреттер, видео-көріністер, әртүрлі дыбыстар арқылы көрсетіледі. Компьютер мониторындағы көріністер оқушының іс-қимылының арқасында өзгеріп отырады. Нәтижесінде, оқушы ақпаратты оңай әрі тез қабылдайды және оқушының ынтасы мен қызығушылығы жоғарлайды.
Компьютерлік технология оқытудың арнайы жиынтығы мен әдістемесін, әдісін және тәрбие құралдарын анықтайтын технологиялық, педагогикалық процесті ұйымдастырудың ең тиімді жолы болып табылады.
Ең алдымен компьютер оқытушыға оқушылардың өз бетімен жұмысын ұйымдастыруына жәрдем береді. Ол үшін мынадай жаттығулар мен әдістемелік тәсілдерді қолдану ұсынылады.
- Оқушылар теориялық сұрақтарға жауап беруі керек.
- Компьютерден жауап беру үшін нұсқалардың бірін таңдауы қажет.
- Биологияға тиесілі жинақтар мен мазмұнды ұсынады.
- Көрнекіліктерді меңгерудегі жаттығулар.
Жаңа педагогикалық технология оқушылардың сабақ барысындағы белсеңділігін арттыруға тікелей әсер етеді. Оқушылардың белсеңділігін арттыруға мүмкіндік беретін әдістемелік тәсілдер интерактивті деп аталады. Бұл әдісті қолдану сырттай өте жеңіл көрінгенмен өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар.
Интерактивті оқытудың мақсаты: оқушыға білім, білік, дағды жүйесін қалыптастыру. Интерактивті әдістердің міндеті:
Оқушылардың топпен жұмыс істеуі, әрбір оқушылармен өзара белсеңді байланыста болып, мұғаліммен бірлесе отырып, компьютермен жұмыс жасап, оқу танымдық нәтижеге жету әдісі.
Интерактивті әдіс бұл «үйрене білу» деген ұғым. Интерактивті тәсіл, әсіресе сабақты пысықтап, қорытындылауға бірден - бір көмегін тигізеді. Оқушылар интерактивті әдіс арқылы өз білімін бағалайды. Өзін - өзі бағалау, жұптық, өзара бақылау, топтық бақылау көздері сабақты бекітуге көмегін тигізеді. Бұл бақылаулар оқушыларды өздеріне және өзгеге сын тұрғыда қарауға үйретеді және оқушылардың бойына мына қасиеттерді қалыптастырады, еріктілік, еңбексүйгіштік, өз біліміне сенімділігі, қабілеттілігі, сөйлеу мәдинеті.
Білім берудегі интерактивті тақтаны қолданудың үш кілттік бағытының артықшылығы мынадай:
1. Презентациялар, демонстрациялар, модельдеуді сабақтарда қолдану.Интерактивті тақта – визуалды ресурс. Сабаққа қажетті кез - келген суреттер, сызбалар, кесте, диаграммаларды қолдануға мүмкіндік береді. Интернет желісіне қосылып ақпарат алуға, оқу материалын қозғалмалы күйге келтіру, абстрактілі ойлау мен түсінуді моделдеуге, обьектілер арасындағы байланыс орнатуға болады.
2. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігінің артуы. Интерактивті тақтамен жаңа сабақ өткізу кезінде тиімді қолдануға болады. Әр пәннің өз ерекшелігімен қатар, өзіндік күрделілігі де болады. Сондықтан ұстаздың міндеті осы күрделілікті дұрыс құрастырып, сабақтың әр сағатын тиімді өткізу. Жалпы интерактивті тақтаны пайдалана отырып білімін жетілдіру барысында іскерлігін дамыту, тапсырмаларды орындау барысында теориялық білімдерін тиімді пайдалана білу, белсенділік танытып тапсырмаларды ұқыпты орындаған оқушылардың ой - өрісін жан - жақты жетілдіруіне, шығармашылық қабілетін арттыруына, белсенділігін дамытуына ықпалы зор.
3. Уақыт ұтымдылығы. Мысалы, жаңа тақырыпты, үй тапсырмасын жазып уақыт алмаймыз. Алдын ала дайындалған материалдарды қолдану арқылы, тіпті қиын тақырыпты оқушыларға меңгеруге оңай болады. Қолданылған материалдарды сақтап қоюға болады. Сонымен қатар сабаққа келмей қалған оқушыға дайын материалды беріп жіберіп, меңгеріп алуын қамтамасыз етуге болады.
Сабақтың тартымды өтуі, ұтымды тәсілдерді дұрыс қолдана білу бүгінгі мұғалімнен ізденісті талап етеді. Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттар ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту мектептің басты міндеті болып тұр.
Ол бүгінгі білім кеңістігінде ауадай қажет. Жаңару мұғалімді қажымас ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын қазіргі педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді [6, 85-89 бб.; 7, 76-78 бб.].
Биологиялық білім беру, оқушылардың пәнге деген көзқарасын қалыптастырмай жүзеге асуы мүмкін емес. Биология сабақтарында оқушылардың жаңа технологияны пайдаланып іс-әрекеті мен іздену қабілетін және білімін анықтау мақсатында Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы №19 жалпы орта білім беретін мектептің 8 - сыныптарында эксперимент жүргізілді.
Эксперимент жұмысы бірнеше сатыдан тұрады.
- Әдістемелік әдебиеттерді зерттеу.
- Оқушылардың білімі мен іскерлігін бақылауға байланысты интерактивті тақта мен модульді технологияның элементтерін пайдаланып, өзіндік жұмыстардың жүйесін құру, дидактикалық материалдарды құрастыру.
Эксперименттік жұмыс жалпы білім беретін орта мектепте жүргізілді, жұмысқа 8 «Б» және 8 «В» сыныптары бөлініп алынды. Екі сыныптың білім сапасының көрсеткішін есептей отырып, 8 «В» (20 оқушы) сыныбы эксперимент, 8 «Б» (20 оқушы) бақылау ретінде таңдап алынды. Жалпы оқушылар саны - 40.
Эксперимент сыныбында бағдарлама бойынша жұмыс жүргізілді. Нәтиже көрсеткіші төмендегідей:
Кесте 1. Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы №19 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларына педагогикалық эксперимент жүргізілгенге дейінгі көрсеткіші
Жауаптары
|
Эксперимент 8 «В»
|
Бақылау 8 «Б»
|
Саны
|
Сапа
|
Саны
|
Сапа
|
Иә
|
10
|
50%
|
10
|
50%
|
Жоқ
|
5
|
25%
|
7
|
35%
|
Аралық
|
5
|
25%
|
3
|
15%
|
Cурет 1. Экспериментке дейінгі көрсеткіш диаграммасы
Анықтаушы экспериментке алынған сыныптар бойынша нәтиже (кесте 1, сурет 1) төмендегідей:
Қолдаушылар (50 %, 50 %)
Қолдамайтындар (25 %, 35%)
Аралық көрсеткіш (25%, 15%)
Анықтаушы эксперимент нәтижелерін басшылыққа ала отырып оқушылармен бірнеше қосымша жұмыстар жүргізіліп , қалыптастырушы экспериментті қолға алынды.
Мақсаты: инновациялық технологияны қолдана отырып оқушылардың биологиялық білім мазмұнын меңгерту, сабақта білім берудің жаңашыл әдіс – тәсілдерді қолдану арқылы білім беру жолдарын түрлендіріп, оқушылардың ақыл-ойларының дамуына мүмкіндік жасап, белсенділіктерін арттыру, дүниетанымдарын кеңейту.
Биология сабағын өткізу барысында оқушылармен күнделікті сабақ жүргізуде білім берудің жаңа әдіс - тәсілдерін түрлендірумен бірге cоңғы кезде жаңашылдықты жиі жүзеге асыруға көңіл бөліп отырдым.
Сабақтарымды ашық-ой сабағы, іскерлік ойын сабағы, конференция, жұлдызды сәт, кім жылдам, артығын тап т.б түрінде жүргізіп, әр сабақ соңында оқушылардың білімдерін көтеруге көңіл бөліп, жаңа инновацияның түрлі жолдарын қолданып жан - жақты талдап отыруды басшылыққа алдым.
Бұл сабақтардың мақсаты: оқушылардың осы күнге дейінгі биологиядан алған түсініктерін бір жүйеге түсіру және кеңейту, ой-санасын қалыптастыру, ұқыптылыққа тәрбиелеу, есте сақтау, ақыл - ой қабілеттерін дамыту, биологиядан білімдерін кеңейту.
Оқушылар өздерін еркін сезініп, сабақта жаңашылдықтың элементтерін және сабақтың түрлендіріп өтуіне аса мән беріп, сабаққа жақсы араласады және оған жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан жаңа тәсілдермен өткізу көбіне оқушылардың өздеріне еркіндік беріп жүргізген тиімді екені айқындалды.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 8 «В» сынып оқушылармен сабақты түрлендіріп өткіздім. Олардың ішінде: оның әр түрлі сабақ элементтерін қолданумен қатар кері байланысты барынша толық жүзеге асыруға, сонымен бірге мұғалімнің уақытты үнемдеуіне мүмкіндік беретіні талданды. Екі топ оқушыларының оқытылатын тақырыптар бойынша сабақтағы белсеңділігі, сабақта қолданылатын әртүрлі әдіс – тәсілдерінің ойлау қабілеттерін дамытуға арналған тест тапсырмалары, биологиялық анықтамаларды толықтыруларының негізі, биологиядан логикалық есептер шығарулары арқалы ақыл - ойларын дамытуға арналған бақылау тапсырмалар беріліп отырды.
Педагогикалық экспериментпен қатар оқушылардың іс – әрекетін, қолдау кезіндегі қызығушылығын анықтау мақсатында психологиялық – педагогикалық бақылаулар жүргізілді. Жұмыс нәтижесі оқушылардың білім деңгейінің көрсеткішіне байланысты арнаулы жұмыстардың қажет екендігін көрсетті. Алынған бақылау нәтижелеріне қорытынды жасалды (кесте 2, сурет 2).
Кесте 2. Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы №19 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының педагогикалық бақылау эксперименттен кейінгі нәтиже көрсеткіші
Жауаптары
|
Эксперимент 8 «В»
|
Бақылау 8 «Б»
|
Саны
|
Сапа
|
Саны
|
Сапа
|
Иә
|
16
|
80%
|
12
|
60%
|
Жоқ
|
2
|
10%
|
6
|
30%
|
Аралық
|
2
|
10%
|
2
|
10%
|
Cурет 2. Педагогикалық эксперименттен кейінгі көрсеткіш диаграммасы
Зерттеудің басты мақсаты биология сабақтарында инновациялық технологияны қолданып сабақ жүргізуде қазіргі жаңашыл педагогикалық технологиялардың тиімділігіне көз жеткізу.
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы №19 жалпы орта білім беретін мектепте жүргізілген эксперимент талдау нәтижесінде мынадай қорытындыларды шығаруға болады. Қазіргі жағдайда еліміздің білім беру жүйелерінде оқушылардың білім сапасын бақылау бағытында сан алуан жұмыстар жүргізілуде. Оның ең бастыларының бірі де бірегейі - білім мазмұнын ұлттық негізде жетілдіре отырып, білімді әлемдік жүйеге жақындастыру. Сондықтан оқу-ағарту саласының оқу үрдісіне жаңа технологиялардың әдістерін кең көлемде енгізу талап етіледі.
Мектептің басты мақсаты - жас ұрпақтың терең білім алып, ой-өрісін өсіріп, шығармашылықпен жұмыс істей алуына жағдай туғызу, әрбір оқушының өзін-өзі дамытуына, өз мүддесі мен қызығуын қанағаттандыруына ынталандыру, бойындағы қабілетіне сай білімін ұштауына ықпал жасау.
Мектептің оқу үрдісінде әртүрлі жаңа инновациялық технологиялардың әдіс-тәсілдерін пайдаланып, оқушылардың білімі мен іскерлігін дамыту оны теориялық тұрғыдан негіздеу және тиімділігін эксперимент арқылы тексеруді талдау нәтижесінде қорытынды шығаруға болады. Тәжірибелік эксперимент жүргізу арқылы эксперимент сыныбы бойынша биологияға деген қызығушылық 50% - дан 80%, ал бақылаушы сыныпта 50% - дан 60 % артса, ал аралық көрсеткіш 25% - дан 10% - ға төмендеп, бақылау тобы бойынша 35%, бастапқы көрсеткіш 30%, дегенмен оқушылардың арасында сабаққа құштарлықтарының төмендері де бар екені анықталды, ол эксперимент сыныбында 25% - дан 10% - ға, бақылау сыныбында ол көрсеткіш 5% - ға төмендеді.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау керек» деп атап көрсетілген. Сонымен қатар Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» Жолдауында «Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі» деп атап көрсетуі педагогикалық үрдістің сапасын үнемі арттырып отыруды талап ететіндігін көрсетеді. Демек, заман талабына сай бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеуде, оқушыларға қажетті білімді меңгертудің тиімді жолдарын, әдіс-тәсілдерін талмай іздеу - әр ұстаздың міндеті.
Әрбір педагог өз жұмыс тәсілі мен формасын, өз педагогикалық технологиясын таңдай отырып, білім алушылардың білімін жетілдіру мен бақылау бағытында жұмыс істеуі керек. «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі ұстаз қауымына үлкен тапсырыстарды артып отыр.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденген де ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», — деген сөзі ізденімпаз, жаңаша ұстаздарға арналғандай. Мұны әрбір мұғалім жадында сақтағаны орынды.
Қазіргі білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан - жақты маман болу мүмкін емес.
Әдебиеттер:
Бұзаубақова К.Ж. Инновациялық педагогика негіздері. – Алматы, 2009. – 224 б.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы // Егемен Қазақстан. 15 тамыз 2007. – Б. 2-3.
Назарбаев Н.Ә. Қазақстан болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде. – Алматы: ПО «Кітап», 1993. – Б. 32.
Сарбасова Қ.А. Инновациялық технологиялар. – Алматы, 2006. – 256 б.
Өстеміров К. Қазіргі педагогикалық технологиялар мен оқыту құралдары. Алматы, 2007. – 144 б. – Б. 37-39.
Жанпейісова М.М. Оқытудың белсенділік түрлері. – Алматы, 2002. – 162 б.
Дьяченко В.К. Новая педагогическая технология учебно-воспитательного процесса. Усть-Каменогорск. – 1999. – 176 б.
Бимагамбетова Г.А., Курмекеш А.Д.
Использование инновационных технологий в преподовании биологии
В статье рассматриваются вопросы применения инновационных технологий в обучении биологии. Эффективность их применения доказана экспериментально.
Ключевые слова: предмет биологии, инновация, инновационная технология, качество знаний, модуль, компьютер, интерактивная технология.
Bimagambetova G.A., Kurmekesh A.D.
Using of innovative technologies in teaching of biology
In this article addresses issues of the application of innovative technologies in teaching of biology. The effectiveness of their using is proved experimentally.
Keywords: subject of biology, innovation, innovative technology, quality of knowledge, module, a computer, interactive technology.
Достарыңызбен бөлісу: |