. 5 апта: Практикалық сабақ тақырыбы: Семасиология. Практикалық сабақ мазмұны: 1. Семасиология туралы түсінік Семасиология (гр.semasia -мағына, гр.logos сөз -ілім) — заттар мен құбылыстарды, түсініктерді атап білдіретін сөздер мен сөз тіркестерінің лексикалық мағынасын зерттейтін ғылым саласы. Семасиология – лексикологияның аса манызды бөлімдерінін бірі. Семасиологиялық зерттеулердің топшылаулары мен қорытындылары сөздік жасау жұмысын ғылыми және практикалық тұрғыдан дұрыс жолға қоюға көмектесіп, бағыт-бағдар сілтейді.Семасиология ғылымындағы негізгі ұғым семантика.
2.Сөз мағыналарының түрлері. Синоним. Омоним. Антоним. Сөз мағынасы — шындықтың (заттың, сапаның, қатынастың, қимыл-әрекеттің, қалыптың) белгілі бір құбылысының сөзде бейнеленуі. Синоним (гр. 'synonymos' — мағыналас, мәндес) — тұлғалары әртүрлі, мағынасы жақын сөздер.Тілдердің дамып жетілуі, оның сөз байлығынан, оралымдағы синонимдерінің молдығынан көрінеді. Синоним ретінде жұмсалатын мәндес сөздер тобы синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп аталады. Синонимдік қатар құрамындағы мағыналық тұрғыдан ұйыстырып тұрған сөзді тірек сөз не доминант дейміз.
Синонимдік қатарға енген сөздердің мағыналық тұрғыдан айырмасы болады. Мысалы, құлшыну — белсену, соғыс — ұрыс, жабу — кілттеу сөздерінің мағыналық салмағы әртүрлі.
Синоним сөздерді үш түрлі белгілері арқылы тануға болады:
Мағыналық реңк (бала — перзент, ұстаз — мұғалім);
Стильдік реңк (еліру — желпілдеу, ақсақал — қария);
Сөз қолданысындағы реңктер (өмір — ғұмыр, биік тау — бойшаң адам).
Синонимдер мынадай жағдайларда қолданылады:
Мәтінде бір рет пайдаланылған сөзді қайталамау үшін;
Бір ұғымды түрлі белгілермен жан-жақты сипаттау мақсатында;
Мағыналас екі сөз қатар келсе, алдыңғысы соңғысын анықтап, мағынасын күшейтеді. Мұндай сөз қолданысын плеоназм дейді. Мысалы, заңғар биік тау, құр бекер жүру;
Омонимдер(гр. homos — біркелкі, onyma — есім) — шығуы жағынан да, мағына жағынан да басқа-басқа, айтылуы және жазылуы бірдей сөздер.
Омоним сөздерді көп мағыналы сөздерден ажырату қажет. Өйткені бұлардың үйлестігінен гөрі айырмашылыктары көбірек. Қазақ тілінде ат деген түрде біріне-бірі байланысы жоқ, екі-үш түрлі сөз бар.
Ат — жұмыс көлігі;
Ат — есім, атау;
Ат — етістік (бұйрық рай).
Бұлар — жеке-жеке үш сөз. Бұл сөздердің арасында өзара мағыналық ешбір байланыс жоқ, тек айтылулары ғана бірдей. Осы сөздердің әрқайсысы өз алдына көп мағыналы сөз. Мысалы, ат: біріншіден, жалпы көлік; екіншіден, жылқының үйірге түспейтін еркегі; т. б. мағыналары бар. Мұнда тек дыбыстық үндестік қана емес, мағыналық байланыс бар. Ал, алғашқы келтірілген ат деген үш сөзде дыбыстық бірлестік қана бар мағыналық байланыс жоқ.
Қас деген төрт сөз бар:
Қас — адамның қабағындағы қас;
Қас — дұшпан, жау;
Қас — бірдеменің жаны, маңы (үйдің қасы);
Қас — ердің қасы;
Бұлар да — бір-бірімен байланыссыз жеке-жеке cөздер.Кейде сөздердің ауызша айтылуында бірнеше сөздердің айтылу, естілу ұқсастығы болады. Мысалы: осы жер деген сөздерді айтқанымызда, ош шер болып айтылады, сол сияқты, тұзшы мен тұщы және асшы мен ащы сияқты сөздер де кездейсоқ деп саналады.Омонимдердің семантикалық айырмашылықтары контексттен көрінеді.
Антоним (гр. ἀντι- — «қарсы», гр. ὄνυμα — «ат», «атау») — мән-мағынасы бір-біріне қарама-қарсы қолданылатын сөздер. Лексикологияда құбылыстың (күн — түн), ұғымның (бақ — сор, жақсылық — жамандық), сапаның (жаңа — ескі), қимылдың (кіру — шығу), т. б. қарсы мәндегі сөздердің мағыналары антонимдік жұп құрайды. Заттың атауын білдіретін сөздердің антонимдік жұбы болмайды. Сонымен қатар антоним қарама-қарсы мағына арқылы сөздердің мағыналық тұтастығы мен біртектілігін де білдіреді. Антоним сөздің дәл, нақты мағынасын салыстыру тәсілі арқылы айқындап, стилистикалық қызмет атқарады. Әсіресе, мақал-мәтелдерде жиі қолданылады. Мысалы, «Көз — қорқақ, қол — батыр», «Өтірік — қаңбақ, шын — салмақ». Қазақ тілінде фразеологиялық антонимдер көп кездеседі: аты шықты — аты өшті, жүрек жұтқан — су жүрек, соры қайнады — көзі ашылды.
Көркем шығармада ойдың өрістеуі екі түрлі ұғымның, түйіннің шарпысып келуіне орай қатар алынған сөздердің қарама-қарсылық, қайшы мағынасы, көркемдік әсерлілігі күшейе түседі. Сондықтан қайшы сөздер шендестіру тәсілін тудыратын құнарлы, өнімді құрал бола алады. Мысалы:
Атадан жақсы ұл туса,
Есіктегі басын төрге сүйрер.
Атадан жаман ұл туса,
Төрдегі басын жерге сүйрер.