Сабақтың тақырыбы: Әскери топография. Жергілікті жерде картасыз бағдарлау.
Сабақтың мақсаты: әскери топография түсінігімен танысып және оның ішінде жергілікті жерде картасыз қалай бағдарлануға болатындығын және бағдарланудың тәсілдеріне үйрену.
Топография — жер бетін әуе және ғарыштық түсірім негізінде жоспарға және ірі масштабты картаға түсіру, әрі бейнелеу әдістерін зерттейтін ғылым екенін білеміз. Соның ішінде Әскери топография –жергілікті жерді зерделеу тәсілдерін, ондағы бағдарлауды және ұрыс қимылдары мүддесіндегі жергілікті жерді бағалаумен байланысты басқа да мәселелерді қарастырады.
Жергілікті жер әскерлердің ұрыстық әрекетіне елеулі ықпал етеді. Жергілікті заттар мен жер бедерін пайдалана отырып, әскерлер жасырын қозғалысты жүзеге асырады.
Жергілікті жерде табиғи және жасанды объектілер болады. Олар біркелкі белгілері бойынша топтарға бірігеді. Ол топографиялық элементтер деп аталады, оған жататындар: бедер, елді мекендер, өндіріс кәсіпорындары, жол торабы, өзендер, көлдер т.б.
Жер бетін құрайтын біркелкі тегіс еместіктер жергілікті жер бедері, ал адам еңбегімен немесе табиғатпен жасалған, сол жерде орналасқан заттардың барлығы – жергілікті заттар деп аталады.
Бедер жергілікті жер ерекшелігінің ең маңызды көрсеткішіне жатады. Ол бақылау пункттері, орын таңдауға, атыс позицияларын, траншеялар, байланыс жолдарын және әскердің орналасуына үлкен әсерін тигізеді.
Ұрыста жергілікті жерді зерделеп, барлау жүргізу және оны дұрыс бағалай білу ғана емес, сонымен қатар оған ыңғайлана білу қажет. Жергілікті жерге дұрыс бейімделу дегеніміз жергілікті заттарды жасырын қозғалыс үшін толық пайдалану және қаруды, әскери техниканы ең жақсы деңгейде қолдану.
Жергілікті жерде бағдарлану – яғни бұл көкжиек тұстарына қарай бағыт табу – солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс, айналадағы жергілікті заттар қатынасында, бедер пішінінде өз тұрған орнын анықтау; қозғалыста керекті бағыт табу және осы бағытта жолда ұстанып жүру.
Әрбір жауынгер ұрыс даласында табысты әрекет етуі үшін, тек қаруды меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті жерде жақсы бағдарлана білуі қажет. «Бағдарлану» сөзі латынның oriens, яғни “шығыс” деген сөзінен шыққан. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені шығыс ежелгі уақыттан бері маңызды тұс болып саналған: шығыс жақтан күн шығады. Ал Күн – Жердегі жылу мен жарықтың қайнар көзі.
Көкжиек тұсы жергілікті жерде құлабыз яғни компас, аспан шырақтары және жергілікті белгілер бойынша анықталады. Көкжиек тұсын анықтаудың көп тараған тәсілі – құлабыз көмегімен анықтау. ҚР қарулы күштерінде Адрианов құлабызы кеңінен қолданылады.
Суретте көріп отырғандарыңыздай құлабыз көрсетілген. Және оның негізгі сипаттары корпусы, магниттік меңзері және тежеуіші.
Көкжиек тұсын анықтауда тежеуішті босатып, құлабызды көлденең орнатып, оның магнит меңзерінің солтүстік ұшы шкаланың нөлдік бөлік белгісіне қарсы тұруы тиіс. Құлабыздың бұл орналасуында В-Ю-З-әріптері – шығыс, оңтүстік, батысты , ал нөлдік бөлік белгісі – солтүстік бағытын көрсетеді.
Көкжиек тұстары Күн бойынша мейлінше тез анықталады, бірақ жуық нәтижелі болады. Көкжиек тұстары Күн бойынша сағат көмегімен күндіз, кез келген уақытта келесі әдістермен анықталады.
Сағат көлденең орналастырылып және сағат тілінің ұшы Күнге қарай бағытталып бұрылады. Сағат меңзері мен күнге бағытталған циферблаттағы 1 санының бағыты арасын ортасынан бөлетін түзу оңтүстік бағытын көрсетеді. Түске дейін 13 сағатқа дейінгі, ал түстен кейін 13 сағаттан өткен доғаны ортасынан бөлеміз. Оңтүстік бағытын біліп алған соң, көкжиктің басқа да тұстарын оңай анықтауға болады.
Көкжиек тұсы түнгі ашық аспанда әрқашан солтүстік бағытта орналасқан Темірқазық жұлдызы бойынша анықталады. Оны жетіқарақшы шоқжұлдызымен оңай табуға болады. Ол үшін көрсетілген шоқжұлдыздың шеткі екі жұлдызы а және в арқылы өтетін түзуді ойша жалғастырамыз; осы екі жұлдыздың арасындағы қашықтықтай қашықтықты бес рет көзге көрінетіндей түзу бойына саламыз, соңғы қашықтықта Темірқазық жұлдызы көрінеді. Темірқазық жұлдызынан тіктей жердегі бағытымыз солтүстік бағыты болады.
Көкжиек тұстары мейлінше жиі кездесетін келесі жергілікті белгілер арқылы шамалап анықталады:
* Ағаш қабығының солтүстік жағы бұжырлау және күңгірттеу болып келеді. Бұл әсіресе қайыңның қабығынан байқалады.
* Мүк пен қына ағаш діңі мен тастың солтүстік жағына шоғырланады.
* Ауа райының ыстық кездерінде қылқан жапырақты ағаштардың оңтүстік беткей жағына шайыр көбірек жинақталады.
* Құмырсқалар өз илеуін ағаштың, түбірдің немесе бұтаның оңтүстік жағына салады.
* Илеудің оңтүстік жағы түйетайлы, солтүстік беткейі одан гөрі қиялау келеді.
* Жемістер мен жидектер оңтүстік жағы ерте өң беріп, қызарып, пісіп жетіле алады.
* Мұсылман мешіттеріндегі айдың іш жағы әрқашанда оңтүстікке бағытталған.
* Қар оңтүстік беткейде тезірек ериді (еру кезінде, қарда оңтүстікке қарай созылған, сопақша келген шұңқыр пайда болады).
Осымен бүгінгі сабағымыз аяқталды. Келесі сабақта магнитті азимутты анықтау тақырыбын қарастыратын боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |