Сабақтың тақырыбы: «Әйгілі күйші, композитор Қазанғап Тілепбергенұлы»



Дата28.06.2017
өлшемі166,21 Kb.
#20473
түріСабақ
Атырау облысы,Мақат ауданы, Х.Санбаев орта мектебінің «Өзін-өзі тану» және «Музыка» пәнінің жоғары санатты мұғалімі Шахатова Мария Шамилқызы

5-сынып «Музыка» Ашық сабақ 25.02.2013 ж.

Сабақтың  тақырыбы: «Әйгілі күйші, композитор Қазанғап Тілепбергенұлы» Мақсаты: Білімділік: Қазанғап Тілепбергенұлының өмірі мен шығармашылық жолынан оқушыларға түсінік беру. Дамытушылық: Қазанғаптың күй мұрасына тоқталып, күйшінің көзін көрген шәкірті Жәлекеш Айпақовтың орындауында «Көкіл» күйін тыңдату; күйді есте сақтау үшін қысқа қайырым орындау; «Домбырасыз сән қайда» әнін орындау; домбыра аспабының құрылымымен таныстыру. Тәрбиелік: Ата-бабаларымыздан ұрпақтарға жалғасып келе жатқан күй мұрамыз-ға құрметпен қарау, дамыту, насихаттау, мақтан тұту, тәрбие-тағлым алу. Көрнекілігі: тақырыпқа байланысты суреттер. Сабақты оқыту әдісі: көрнекілік әдіс Сабақ түрі: Дәстүрден тыс ізденіс сабағы Қолданылатын технология: СКТТ Техникалық құралдар: компьютер,интерактивті тақта, электр.оқулық. Музыка аспаптары: баян,домбыра, сылдырмақ т.б. Сабақ барысы: 1.Ұйымдастыру (психологиялық дайындық ) 2. Өткен сабақты тексеру тоқсан тақырыбына байланысты («Дәстүрлі күйшілік өнер») (сұрақ-жауаптар, үлестірме қағаздар, сөзжұмбақтар, тыңдалған күйлердің аттарын табу т.б.) Оқушылар 3-топқа топтастырылады. 1-топ «Жігер» 2-топ «Талант» 3- топ «Дарын» 1-топтың сұрақтары: 1) Қазақ музыкасы кімнен бастау алады? 2) Қазақтың аспаптық музыкасын XVIII ғасырдың соңында жоғары деңгейге көтерген күйшілер кімдер, аттарын атаңдар. 3)Төкпе күй мектебінің негізін салған композитор кім,Қазақстанның қай аймағы-ның өкілі? 2-топтың сұрақтары: 1)XIX ғасырда ежелгі күйшілік өнерді әрі қарай дамытушы күйші композиторлар кімдер? 2) Шертпе күй мектебінің негізін салушы күйші-композитор кім, Қазақстанның қай аймағының өкілі? 3)Қобыз күйлерін дамытушы күйшілерден кімдерді білесің?

3-топтың сұрақтары: 1) Қазақтың аспаптық музыкасын бүгінгі күнге жеткізуші атақты домбырашылар кімдер? 2) Лирикалық күй мектебінің негізін салушы күйші-композитор кім, қай аймақ-тың өкілі? 3) Абыл күйшілік өнердің қай саласын дамытқан, ол қай аймақтың өкілі? Үлестірме қағаздарда күйлердің аттары жазылған, әр топтың басшылары келіп, үлестірме қағаздардың бірін алады да онда жазылған күйдің атын атайды. Сол күй компьютер арқылы жіберіледі де, оқушылар күйдің кімнің күйі екендігін және мазмұнын айтады. Жаңа сабақ «Әйгілі күйші, композитор Қазанғап Тілепбергенұлы.» Оқушылар алдын-ала дайындап келген тапсырмалары бойынша жұмыстар атқарады. Яғни, СКТТ бойынша тақырып бірте-бірте ашылады. Топтарға тапсырма айтылады,сол бойынша олар ортаға шығып тақырып жөніндегі өз ізденістерін жариялайды. Топтарға кезек беріліп, олардың нұсқалары тыңдалып болған соң, оқушылар білімдеріне төмендегіше толықтырулар беріледі. 1. Тақырып «Әйгілі күйші, композитор Қазанғап Тілепбергенұлы.» 2.Автор Қазанғап Тілепбергенұлы (1854-1927 ) 2.1.Балалық шағы.КүйшіАқтөбе облысы Шалқар ауданы Арал теңізінің жағалауындағы Құланды түбегінің Ақбауыр деген жерінде қойшының жанұясында туған. Кедейлік, жоқшылық тауқіметі Қазанғапты жастайынан әкесіне қолғабыс беріп, байлардың қозысын бағуға мәжбүр етеді. Жалғыз өзі таңертеңнен кешке дейін қой соңынды күн өткізген жас баланың жұбанышы домбырасы болады. Табиғатынан сезімтал, ән – күйге ынтық бала кең далада көкейіне оралған саздарды пернеге түсіріп, балалық қиялы мен сезім сырларын домбырада шертеді.. Сырын да мұнын да қара домбырасымен бөліседі.. 2.2. Жастық шақ және өнер жолы. Күй сырына бойлай түссем деген жас жігіттің арманы көкейін мазалап, ол әкесінің жалғыз атын мініп, елге аты мәлім домбырашыларды іздеп сапарға шығады. Алдымен Доңызтау – Аққалқа деген жерде тұратын Төреш күйшіні іздеп барады. Жас домбырашының дарынына таң қалып, таңдай қаққан Төреш оған күйлер үйретіп, домбыра шертудін құпияларын құлағына құяды. Күйші талапты жасқа батасын беріп, өнер жолындағы тұсауын кеседі. Қазанғап Бесқалада тұратын Орынбай, Ембідегі Құрманияз, Қарақамыс-тағы Үсен күйшілермен кездесіп, шеберлік сырларын көкейіне тоқи береді. Аты шулы домбырашылардан дәріс алып, олардың орындаушылық мәнеріне көзі қаныққан Қазанғап өзі де күй шығарып, ойнау стилін қалыптастыра бастайды. 
2.3.Шәкірттері. Матай Қуантайұлы, Құрманғали Өмірзақов, Кәдіралы Ержанов, Нұрқат Қосуақұлы,Медеубай Бақтыбергенұлы сияқты Қазанғаптың шәкірті аз болмаған. Сондай шәкірттерінің бірі – Жәлекеш Айпақов. А.Жұбанов Қазанғаптың күйлерін зерттеп жүріп, 1965 жылдары Шалқарда Жәлекешті кездестіреді. Оның шеберлігіне тәнті болған Жұбанов Алматыға алдырып, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестріне домбырашы етіп қабылдайды. Барлық жағдайын жасайды. Оның себебі бар. 1904 жылы туған Жәлекеш Қазанғаптың көзін көрген, әкесі қоңсылас қонған. Ж.Айпақовтың орындауындағы Қазанғаптың 13 күйі Қазақ радиосында 1975 жылға дейін беріліп келді. Қазанғап күйлерін алғашқы насихаттаушылар ретінде Жәлекеш Айпақовқа Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі атағы берілген. 
2.4.Қазанғаптанушылар. Белгілі профессор,музыка зерттеушісі, композитор А.Жұбановтан кейін, Қазанғап мұрасын зерттеуге көп тер төккен Сәдуақас Балмағамбетов еді. Сәдуақас 1974 жылы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясын бітіргеннен бастап сол оқу орнында еңбек етті. Сол кездегі билік Қазанғапқа әлі де қырын қарап тұрғанына қарамастан, Қазанғаптануға кірісіп кетті. Күйшінің өмірі туралы бұрын да жетік білетін. Себебі Сәдуақас сол өңірде туған. Күйлеріне бала кезінен қанық. Қазанғаптың шәкірті болған әкесі Балмағамбеттен талай күйді үйреніп өсті. Енді тек ғылыми тұрғыдан зерттеп, дәлелдеу еді. «Тірі Қазанғап» атанған С.Балмағамбетов балалық, студенттік шақтан кейінгі тура 25 жылдық профессионалдық ғұмырын Қазанғапты ғылыми зерттеуге арнады. Белгілі домбырашы А. Райымбергенов - күйші Қазанғаптың дәстүрлі мектебінің ізбасары әрі жалғастырушысы. Ол сирек кездесетін күйлерді жинастырып, "Қазанғап. "Ақжелең"", "Күй қайнары" жинақтарына енгізді. Қазіргі кезде "Көкіл" мектебінің директоры. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері марқұм Бақыт Басығараев өмір бойы Қазанғап күйлерін тартып, халыққа жеткізді. Қазанғапты зерттеу қиынға соғып жүрген кездері академик Ахмет Жұбанов Б.Басығараевтың өкінішіне байланысты хат жазып, түптің түбінде Қазанғаптың халықтың рухани байлығына айналатынын айтқан. 3.Жанр: Күй жанры. 3.1.Күй-бағдарлы мазмұны бар,көркемдігі жоғары аспаптық жанр. 3.2. Күй- домбырада, баянда, қобызда, скрипкада, фортепианода т.б. жеке аспаптармен бірге аспаптық ансамбльдер мен оркестрлерде орындалады. 3.3. Домбыра құрылымы Домбыра негізгі үлкен үш бөліктен тұрады: шанағы(кеудесі), мойны  және басы; -Шанақта дауыс шығаруға арналған ойық, үлкен тиек және ішекті тартып тұратын түйме орналасқан ; -Мойын пернелерге бөлінген;-Басында ішекті тартып бұрауға арналған екі құлақ бар. Құлаққа екі ішек тағылады. Құлақ домбыраның  күйін келтіруші роль атқарады.

4. Күйлері: «Ноғайлы босқыны»,«Жұртта қалған», «Окоп», «Қызыл керуен», «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Көкіл»,“Қос қыран”, “Шырылдатпа”, “Жіберсейші”, “Ерназар, Бекеттің зары” ,“Жұртта қалған”,“Торы ат” күйі ,“Торы аттың кекіл қақпайы”, “Жем суының тасқыны”,“Дүркін-дүркін дүние”, “Қап, әттеген-ай”, “Домалатпай Ақжелең”, “Ілме”, “Жаңылтпаш”, «Торы жорға аттың бөгелек қағуы», “Бөгелек”, “Ақсұңқар құс” , "Өттің дүние, кеттің дүние” "Балжанның жыр күйі”, т.б.
5. Мазмұны:
Қазанғап күйлерінің мазмұнына келер болсақ, дәстүрлі “Ақжелеңді” Қазанғап әрі қарай дамытып, Ақжелеңнің 62 түрін шығарады. Қазанғаптанушылардың айтуынша, солардың қырыққа жуығы белгілі көрінеді. Қазанғап қашан да күй тартуды алдымен “Ақжелеңнің” бір түрі “Күй шақырудан” бастайды екен. Ақжелең сөзінің өзі көңілділікті, ақжарқындықты, думандылықты білдіреді, соған сәйкес күйлер де жеңіл, ойнақы орындалады. Дегенмен, әрбір Ақжелеңнің мазмұнына, болмысына, оқиғасы мен құбылысына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар. Онда көтеріңкі көңіл-күймен қатар, мұңды жағдай да көрініс табады. Көңіл құлазып, ренішке беріле берген кезде, құбылып, күрт сергітіп, рухыңды көтеретін қайрат, күш-жігер төгіліп бір салады. Неге “Ақжелеңнің” саны алпыс екімен байланысты ? Өйткені ол адамның алпыс екі тамырының қуат-күші, жүрек пен алпыс екі тамырдың тынысы. Жүректің сезіміне, көңіл-күйге байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан олардың орындалу өрнегі де санқилы. Лирикаға құрылған Қазанғап “Ақжелеңінің” 15 күйі Балжан қызға арналған. 6. Қазанғаптың күй тарту әдісі Қазанғап домбыраны оңқай да, солақай да тартқан. Ал, күйлерін орындаудағы өзіндік шеберлігі әрі ерекшелігі – сүйретпе қағыс пен ілме қағысты астастыра отырып, саусақ тимейтін пернелердің өзінен дыбыс шығаратындығы. Сондай-ақ қарсы қағыс, буын-буынмен тарту да Қазанғапқа тән. Күй мазмұнына қарай оң қол мен сол қолды ауада кейде сермеп, кейде әсем билете отырып, күйдің мәнін жеткізу, бейнелік көріністер жасау, баурап алу үшін, саптап тарту тәсілін де пайдаланған. 
7. Күй тыңдау «Көкіл» – белгілі күйші бабамыз Қазанғаптың  күйінің атауы.       Зерттеушілердің айтуынша, «Көкіл» Қазанғап шығармаларының ішіндегі ең шоқтығы биік туындысы екен. Бұл күйдің шығу тарихы жайлы зерттеуші С.Балмағамбетов былай дейді: «Қазанғап жасында сал-серілік ғұмыр кешіп, жүріңкіреп қалып кештеу үйленеді. Сол себепті баланы да зарығып көреді. Тұла бойы тұңғышы Ақшыбық деген қыз бала екен. Осы баласын еркелетіп, «Көкілім менің, кекілім менің», – деп атаса керек. Ақшыбық көкірек ауруынан жастай қайтыс болады. Сүйікті баласын жоқтап, тағдырға мұңын шағып, «Көкіл» күйін шығарады. Бұл – Қазанғаптың  терең мағыналы, ойлы, философиялық  күйлерінің бірі. Күйшінің өзі де «күй төресі – «Көкіл» деп тартқан екен», – деп жазады. Қазанғаптың мол мұрасы күйшінің көзін көріп, дәмдес болған шәкірттері арқылы бізге жетіп, қазақ музыкасының  алтын қорына қосылған баға жетпес құнды дүниеге айналды. Бүгінде Қазтуған жыраудың «Қайран да менің Еділім» толғауын Бекболат Тілеухан Қазанғаптың «Көкіл» күйінің әуенімен орындап жүр. 1.Алаң да алаң, алаң жүрт, 
Ақала ордам қонған жұрт, 
Атамыз біздің Сүйініш 
Күйеу де болып барған жұрт, Анамыз біздің Бозтуған 
Келін де болып түскен жұрт,  Қайран да менің Еділім, Қайран да менің Еділім. 

2.Қарға бойлы Қазтуған, Қарға бойлы Қазтуған Батырда болып туған жұрт, 


Кіндігімді кескен жұрт, 
Кір-қоңымды жуған жұрт, 
Қарағай садақ будырып
Қылшанымды оққа толтырып, 
Жанға да сақтау болған жұрт.  Қайран да менің Еділім, Қайран да менің Еділім!
3.Салп-салпыншақ анау үш өзен 
Салуалы ордам қонған жер, 
Жатып қалып бір тоқты Жайылып мың қой болған жер Жабағылы жас тайлақ 
Жардай атан болған жер, 
Жары менен сайы тең,  Жарлысы мен байы тең, 
Жабысы мен тайы тең, 
Ботташығы бұзаудай, 
Боз сазаны тоқтыдай, 
Бақасы қойдай шулаған Балығы тайдай тулаған, 
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, 
Балығы көлге жылқы жаптырмас, 
Бақасы мен шаяны 
Кежідегі адамға 
Түн ұйқысын таптырмас,

Қайран да менің Еділім, Қайран да менің Еділім! 


Мен салмадым, сен салдың,  Мен салмадым сен салдың.
Қайырлы болсын сіздерге 
Бізден бір қалған Еділ жұрт!..



8.Жаттығу. Күй әуеніне қысқа қайырымдар... Ән. «Домбырасыз ән қайда»

9.Қазанғап туралы «1908 жылы Ресейдің императорлық географиялық қоғамының шақыруымен Қазанғап пен бір жыршы Орынборда 10 күн бойы күй тартып, жыр жырлаған. Императордың өкілдеріне керек болған Қазанғап өзінің төл халқына да керек»

Ақтөбелік тарихшы-ғалым Закратдин Байдосов

«Қазақ домбыра өнеріндегі жеті мектептің бірі — Қазанғап дәстүрі»

Академик А.Жұбанов



10. Насихатталуы. 1994 жылы сол кездегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Мұхтар Арынның басшылық етуімен Қазанғаптың 140 жылдығы атап өтілді. Ақтөбеде екі күн бойы ғылыми конференция, күй сайысы өткізілді. Той Шалқар ауданында жалғасып, күйші жерленген Ақбауыр құмындағы бейіті жаңартылды. С.Балмағамбетов Қазанғап күйлерін нотаға түсіріп, 1983 жылы күйтабаққа жаздырды. «Саз зергері Қазанғап» атты кітап өзі қайтыс болған соң екі жылдан кейін, яғни 2001 жылы профессор Айтжан Тоқтағанның көмегімен жарық көрді. Кітапта Қазанғаптың 20 күйінің нотасы берілген, әрбір күйдің шығу тарихы айтылған. С.Балмағамбетовтің орындауындағы «Қазанғаптың күйлері» атты үнтаспа шығарылды. 2004 жылы Қазанғаптың туғанына 150 жыл толды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі «Күй тәңірі – Қазанғап» атты шығармашылық кеш ұйымдастырды.  2005 жылы Ақтөбеде күй сайысы өтті. Оған Астана, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Орал, Атырау және Ақтөбе облыстарынан отызға жуық күйші қатысып, екі күн бойы Ақтөбе аспанын күймен көмкерді. Сайыс Қазанғаптың туып-өскен, жерленген жері Шалқар ауданында қорытындыланды. Күйшілер Қазанғаптың бейіті басында болып, тағзым етті, орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Облыстық мәдениет басқармасының, халық шығармашылығы үйінің ұйымдастыруымен басқа да игі шаралар жасалды. Жергілікті «Димаш-Әли» дыбыс жазу студиясы «Күйдің пірі – Қазанғап» атты компакт-диск шығарды. Мұнда Қазанғаптың 20 күйі қазанғаптанушылар Бақыт Басығараевтың, Жайлау Асылхановтың, Нұрболат Жанамановтың орындауында берілгін. Сондай-ақ, С.Балмағамбетовтің «Саз зергері – Қазанғап» кітабы қайта өңделіп, «Қазанғап» деген атпен жарық көрді. Кітапты толықтырып, баспаға әзірлеген – Нұрболат Жанаманов. Нұрболат – Қазанғаптың күйлерін насихаттап, мұрасының ұмытылмауы үшін тер төгіп жүрген бірден-бір адам. Қазанғап ұмыт қалмаса екен деп Ақтөбеге де, Алматыға да, Астанаға да өз еркімен өз қаржысына сан қатынаумен жүреді. Сондай-ақ, Қазанғаптың күйлерін шебер орындаушы.Қазанғаптың тойына келген белгілі профессор Айтжан Тоқтаған Нұрболаттың шеберлігі туралы: «Музыкалық білімі барлардың өзі осылай тарта алмас», – деп, оның табиғи талантына таңданыс білдірген екен. А.Райымбергеновтың басшылығымен "Қазанғап. "Ақжелең"", "Күй қайнары" жинақтары жарық көрген. 9.1.Жылма жыл Ақтөбе қаласында Қазанғап Тілепбергенұлының құрметіне арналған дәстүрлі Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы «Ақжелең» Республика-лық күйшілер байқауы өткізіліп тұрады.

10.Шығармашылық тапсырма

Өлең «Менің сүйікті күйшім»

«Маған ұнайтын күй» шығарма

Сурет


сөзжұмбақ

ребус,күй туралы өлең (поэма,монолог т.б.)



11. Сергіту сәті Ортаға «дирижер» шығады. ( Бір, екі оқушы үйден қағаздан немесе басқалай өз қалаулары бойынша дирижердің киім үлгісін дайындап әкеледі.) Қалған оқушылар тыңдалатын шығармаға байланысты қолдың қимылдарымен «музыкалық аспаптарда» ойнайды. Мысалы: Түркештің «Көңіл ашар»күйінен үзінді ойналып тұрады.Оқушылар қол қимыл қозғалысын «дирижердің» таяғына қарап және оның іс-әрекетіне бағына отырып жасайды.

12.Домбыра,күй туралы ұлағатты өрнектер Домбыра тілегімді қуаттасаң, Үніңе үзіле бір құлақ тосам. Тарихтың тереңінен сыр ақтарсаң, Бойдағы қуатыма қуат қосам.

 Қос ішек толқынды өзен, сұлу арна,

(Екпіндеп еркін аққын, тұрып алма).

Мен білсем, домбыра сен – махаббатсың, Махаббат тіршілікте суынар ма?!




Бұрыннан білетініміз

Бүгін не білдік?

Нені білгіміз келеді?

Қазанғап күйші, композитор, Ақтөбе облысының тумасы, кейбір күйлерін білеміз.

Қазанғап туралы көбірек білдік,балалық,жастық шақтары;Шәкірттері туралы,насихаттаушылар кім екенін білдік....

Қазанғаптың ұрпағы немесе туыстары бар ма екен, болса олар қайда тұратындығын, олардың ішінде күйшінің ізін жалғастырушылар бар ма?




















13. Қорытынды 14.Бағалау,мадақтау. 15. Үйге тапсырма. Бүгінгі сабақта үйреніп білгендерін отбасы мүшелеріне әңгімелеп келу

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет