Сабақ жоспары
6-сынып
1-сабақ
Сабақтың тақырыбы: Ырықсыз етіс. Ортақ етіс
Сабақтың мақсаты: білімділік – оқушыларға етістің келесі түрлерін таныстыру, ырықсыз етіс пен ортақ етістің ерекшеліктерін түсіндіру, жасалу жолын үйрету; тәрбиелік – талдауға алынған мысалдар арқылы сөз қасиетін ұғына білуге, тақырыпқа лайық мақал-мәтелдердің мәнін түсінуге, жаттығулардың мағынасын ашу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ибалылыққа, патриоттыққа тәрбиелеу; дамытушылық – оқушылардың етістікті ауыз стилінде де, жазба стильде де еркін қолданып, орнымен пайдалану қабілетін арттыру, тілдік эстетикасын одан әрі дамыту. Шешендікке баулу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ
Сабақтың типі: жаңа білімді игерту сабағы
Сабақтың әдістері: түсіндіру әдісі, сұрақ-жауап әдісі, баяндау.
Сабақтың көрнекілігі: тірек-сызба, кестелер.
Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі: а) оқушылармен сәлемдесу
б) оқушыларды түгелдеу
в) тақтаға күнді, сынып жұмысын жазу
г) оқушылардың сабаққа даярлығын қадағалау
II. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі:
Өткен сабақта үйге 241, 242, 243-жаттығулар берілген болатын. Үй тапсырмасын тексере отырып, сұрақ қою арқылы бағаланады.
Сұрақтар:
1. Етістер дегеніміз не?
2. Етістің неше түрі бар?
3. Болымсыз етістік етістерге қалай жалғанады?
4. Өздік етіс дегеніміз не?
5. Өздік етіс қалай жасалады? Мысал келтіріңіз.
6. Өзгелік етіс дегеніміз не? Жасалу жолы қандай?
7. Өзгелік етістің өзіне тән қандай ерекшеліктері бар екен?
III. Жаңа сабақты түсіндіру кезеңі:
1. Тақтаға тақырыпты, сол тақырыпқа сай мысалдарды жазамын.
Ырықсыз етіс - іс-әрекеттің атқарушысы, қимыл иесі арнайы айтылмай, өздігінен істелетіндігі көрініп, -ыл, -іл, -л, түбірдің ішінде л дыбысы болса, -ын, -ін, -н жұрнақтары арқылы жасалатын етіс түрі. Басты ерекшелігі – тек сабақты етістіктен жасалады және өзі жалғанған сабақты етістікті салт етістікке айналдырады. Мысалы: Сөз айт-ыл-ды, уәде бер-іл-ді, тақта сүрт-іл-ді, үй сал-ын-ды, аула сыпыр-ыл-ды, тазала-н-ды.
Ортақ етіс – қимыл, іс-әрекеттің орындаушысы біреу емес, бірнешеу болып, -ыс, -іс, -с жұрнақтары арқылы жасалатын етістің түрі. Мысалы: Орал хат жаз-ыс-ты. Ағаларым сөйле-с-ті. Басты етекшелігі: Ортақ етіс өзге етіс түрлеріндей сабақтыны салтқа, салтты сабақтыға айналдыру қызметін атқармайды.
Етістердің басты ерекшелігі - бірінің үстіне бірі жалғана береді. Мысалы: сөйле-с-іл-ді, жүр-гіз-дір-іл-ді.
IV. Оқулықпен жұмыс істеу кезеңі
Төмен деңгей
244-жаттығу
Жаттығу тапсырмасы бойынша, берілген етістіктердің түбірі мен қосымшаларын дефис арқылы ажыратып жазыңдар. Мақсаты: Сөз құрамына талдауды қайта еске түсірту, сөз мағынасын түсінуге үйрету.
Орта деңгей
246-жаттығу
Сөйлемдерді көшіріп жазыңдар. Ырықсыз етістерді тауып, қандай жұрнақтар арқылы жасалып тұрғанын айтыңдар. Қос сөздердің қалай жасалғанын түсіндіріңдер. Мақсаты: Бүгінгі сабақты саналы түрде игертіп, тәжірибеде еркін қолдануға үйрету.
Жоғары деңгей
248-жаттығу
Сөйлемдерден ортақ етісті тауып, қалай жасалып тұрғанын байқаңдар. Оларға тұлғалық талдау жасаңдар. Мәтіннен фразеологизмдерді табыңдар. Мақсаты: Бүгінгі тақырыпты тәжірибелі түрде меңгеріп, фразеологизмдерді еске түсірту.
IV. Сабақты бекіту:
1. Ырықсыз етіс дегеніміз не?
2. Ырықсыз етістің басты ерекшелігі неде?
3. Ортақ етіс дегеніміз не?
4. Жасалу жолы қандай? Мысал келтіріңіз.
5. Етістер дегеніміз не?
6. Етістің неше түрі бар және олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?
V. Үйге тапсырма: 245-жаттығу бойынша, берілген ырықсыз етістерді қолданып, мәтін құраңдар.
Мақсаты: сөз байлығын дамыту, шығармашылыққа баулу. 247-жаттығудағы берілген етістіктерге жұрнақ жалғап, ортақ етіс жасаңдар. Түбір мен қосымшаның арасын дефис арқылы ажыратып жазыңдар. Мақсаты: ортақ етісті терең меңгеріп, сөйлеу стилінде еркін қолдана білуге үйрету. 249-жаттығу бойынша, сөйлемдерді көшіріп жазыңдар. Құрамындағы етістерді түріне қарай ажыратып, тұлғалық талдау жасаңдар. Мақсаты: етістерді еркін игеріп, тәжірибе жүзінде іске асыру. Бір-бірінен ерекшелігін ажырата білуді үйрету.
2-сабақ
Тіл ұстарту
Сабақтың мақсаты: білімділік – оқушыларға жан-жақты білім беріп, өткен сабақтарды еске түсірту арқылы, қазақ тілі пәнінен білгенін жетілдіру; тәрбиелік – талдауға алынған мысалдар арқылы сөз қасиетін ұғына білуге, тақырыпқа лайық мақал-мәтелдердің мәнін түсінуге, тапсырмалардың мағынасын ашу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ибалылыққа, инабаттылыққа, патриоттыққа тәрбиелеу; дамытушылық – тіл ұстарту сабағын жүргізу арқылы оқушының тіл байлығын арттырып, зеректігін, алғырлығын біліммен ұштастыра отырып дамыту.
Сабақтың түрі: тіл ұстарту
Сабақтың типі: тәжірибелік сабақ
Сабақтың әдістері: түсіндіру, сұрақ-жауап, баяндау, талдау.
Сабақтың көрнекілігі: тірек-сызба, кестелер, тапсырма картотекалары.
Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі: 2-сабақ болғандықтан, оқушылардың сабаққа қатысу жағдайын бір қадағалап, тіл ұстарту сабағының тапсырмасын түсіндіруге көшеміз.
II. Тіл ұстарту жұмысының тапсырмалары:
I нұсқа
1) Мына сөздерге сөйлем құрастыр: түрінді, айдаттырғыз, саналды, жинастырды. Етістің қай түрі екенін ажырат.
2) Салт етістікті сабақтыға, сабақтыны салт етістікке айналдырып, сөйлем құрастыр: сөнді, өшіртті, оқыды, айтты.
3) Отан, туған жер туралы 3 мақал-мәтелді жазып, құрамындағы етістіктерді құрамына қарай талда.
4) Бұйрық мәнді сөздерді болымды және болымсыз етістікке айналдырып, әңгіме құрастыр: бар, кел, келіңіз, күт, кет, өт, тарт.
II нұсқа
1) Мына сөздерге сөйлем құрастыр: оранды, жасыртқыз, тазаланды, байласты. Етістің қай түрі екенін ажырат.
2) Салт етістікті сабақтыға, сабақтыны салт етістікке айналдырып, сөйлем құрастыр: жазамын, күттірді, барды, сақтатты.
3) Ата-ана, отбасы туралы 3 мақал-мәтел жазып, құрамындағы етістіктерді құрамына қарай талда.
4) Бұйрық мәнді сөздерді болымды және болымсыз етістікке айналдырып, әңгіме құрастыр: сыз, тасыңыз, жағала, сұра, ұмыт, жоғал, шық.
Қорытынды
Оқушыларды сабаққа қатысу белсенділігіне және тақырыпты игеруіне қарай бағалау. Сұрақтары болса, сұрап талқылау.
Достарыңызбен бөлісу: |