Сабырова Г.К
«Статистика және экономикалық анализ»
кафедрасының аға оқытушы
Алматы қаласы,
Т. Рысқулов атындағы ҚазЭУ
Жердің жер бағалаудағы ерекшеліктері
Жер және жер қойнауы кез келген мемлекеттің ұлттық байлығы мен көркеюінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Ол адамзат қоғамының әл-ауқатының бастапқы материалды бастамасы болып табылады.Жер қойнауындағы байлыққа байланысты жер энергетикалық ресурстар қорының қоймасы болып табылады (көмір, мұнай, газ және тағы басқалары).
Жер – қайта құрылмайтын, қайта өндірілмейтін және сарқылмайтын табиғи ресурс. Табиғи жағдайларда топырақ құралу процесі ғасырлар бойы жүреді. Топырақ түзілу жағдайларына байланысты 1см топырақ қабатының қалыптасуына,шамамен 150-300 жыл қажет. Жер аумағы шектеулі табиғи ресурс.Жер құрлығы, аралдарды қоса алғанда Жер планетасының 29%-ын құраса,құнарлы топырақтың жұқа қабаты оның 53%-ын ғана алады. Соның ішінде сапасы жоғары, ауылшаруашылығы үшін қажетті топырақ аз, сондықтан адамдар сапасы төмен жерлердіде өңдейді.Ауыл шаруашылығында жер тек қана өндіріс процесі жүзеге асырылатын орын ғана емес,ол еңбектің заты және өндірістің ең басты құралы болып табылады. Жер өндеуші өнеркәсіпте және құрылыста кеңістік іс орны (еңбек жасалатын орын) ретінде көрінеді. Қазып шығаратын өнеркәсіпте ол ерекше қойма ретінде қаралса, кеңістікте көлем бойынша шектелген және ештеңемен ауыстырылуға келмейді. Өндірістің басқа құралдары өнімділік күштер даму барысында сан жөнінде өзгере алады, ескіргендері жаңа, жетілдірілген, экономикалық тұрғыда ұтымды құралдарға ауыстырыла алады.
Жерді құрал ретінде пайдалану оның кеңістік орнымен және ол орынның тұрақтылығымен байланысты. Басқа құралдарды әр орындарда пайдалануға және бір орыннан басқа орынға жылжытуға болады [1].
Жердің құндылығы оның пайдалығы мен тұтыну құнына байланысты. Ол басқа планеталардан өзінің құнарлы топырақ қабатымен ерекшеленіп, бізді тамақпен, сумен және киіммен қамтамасыз етеді.
Топырақты дұрыс пайдаланса, ол ескірмей, сонымен қатар, тозбайды, керісінше сапасы жоғарылап, топырақ құнарлығы артады. Бірақ, топырақтың дұрыс пайдаланылмауы, топырақ құнарлығығының төмендеуіне әкеліп, табиғи арналуы – ауылшаруашылық өндіріс құралы ретіндегі қасиетін жоғалтуы мүмкін.
Топырақтың құндылығын топырақтану ғылымының негізін қалаушы В.В. Докучаев, оның алтыннан да қымбаттығын жазған болатын. Алтынмен салыстырылуын тіке және жанама мағынада қабылдаса болады. Жанама мағынада топырақтың құндылығы өте жоғары екендігін көрсетсе, тіке мағынада, адам баласы бізге нан беретін топырақсыз өмір сүре алмайды, ал алтынсыз өмір жалғаса береді. Тарихымыздағы бірнеше рет қайталанған жұттан соң, бабаларымыздан келесідей дана сөздер қалды: «Арпа бидай- ас екен, алтын , күміс тас- екен».
Жер барлық жылжымайтын мүлік үшін материалды негіз болып табылады, онда жылжымайтын мүліктің басқа құрамдас бөліктері орналасқан.Оны шексіз жылдар бойы пайдалануымызға болады,үстіндегі барлық жақсартулардың қызмет ету мерзімі шектеулі: ғимараттар мен үйлер 20-200жыл, құрылғылар 5-30 жыл қызмет етеді.
Ғимараттар мен мен үйлерге қарағанда жер физикалық және функционалдық тозуға ұшырамайды,себебі ғимараттар мен үйлердің тозуына әсер ететін факторлар жерге әсер етпейді, өйткені жердің өзі осы табиғи факторлардың туындысы болып келеді.
Жер – ең ұзақ мерзімді тауар болып табылады және ол жылжымайтын мүліктің біріңғай объектісінің құрамында да, сондай-ақ жақсартудан еркін тауар ретінде мерзімсіз қызмет ете алады.Оның аумақтық шектеулігі әсерінен адамдардың барлық қажеттіліктері қанағаттандырылмайды, және ол оны қолданудағы бәсекелесікті тудырады. Сату-сатып алу кезінде барлық тауарлар, соның ішінде жер де ақшаға теңестіріледі, демек кез-келген тауардың құны ақшамен есептеледі. Сонымен қатар жер тауар ретінде бағаға ие болады. Жер бағасы ғимараттар мен құрылыстарға қарағанда құндылық бойынша емес, әкелетін пайда (рента) бойынша негізделеді.
Жылжымайтын мүліктің біртұтас объект құрамында жер телімі бос болып табылатын объект ретінде ғимараттар мен құрылыстардан бөлек бағаланады. Жер телімінің құны жылжымайтын мүліктің біртұтас объектісі (жер+ғимараттар мен құрылыстар) әкелетін табыстың мөлшеріне байланысты.
Жылжымайтын мүлікте біртұтас объект құрамында жер телімі келесі себептер бойынша бос болып ғимараттар мен құрылыстардан бөлек бағаланады:
Жер тозбайды (дұрыс қолданған кезде), ал ғимараттар мен құрылыстар тозады;
Жерді шексіз уақытта қолдануға болады, ал ғимараттар мен құрылыстарды экономикалық ғұмыр мерзіміне сәйкес қолданады;
Бірдей екі жер телімдері болмайды, ал бір типті ғимараттарды қала құрылыс жобасына сәйкес барлық жерде салуға болады;
Жер мен ғимараттарды бағалау тәсілдері мен әдістерінің айырмашылығы мол. Жер негізінен салыстырмалы және табыстық тәсілмен бағаланып, шығындық тәсіл тікелей қолданылмайды. Ғимараттар мен құрылыстарды бағалауда барлық үш тәсіл қолданылады.
Белгілі бір мақсатқа арналған жер телімі оған жоспарланып салынатын ғимаратттар мен құрылыстардың басталуына дейін зерттеледі, сипатталады және құндылыққа әсер ететін келесі спецификалық физикалық факторлар бойынша бағаланады: орны, ауданы, конфигурациясы, инженерлік коммунификациялардың қамтамасыз етілуі, топырақ пен топырақ грунтының құрамы мен қасиеттері, климаты (метео жағдайлар), геологиялық, геоморфологиялық, гидрологиялық, экологиялық және басқа да жағдайлар.
Шығындық тәсілді ауыл шаруашылық жерін бағалауда тікелей қолдану қарама-қайшылық туғызады. Мысалы, қосымша мелиоративті шараларсыз қолдануға болатын құнарлы топырақты жер телімінің 1 гектар ауданынан 20 центнер дәнді дақыл алуға болады. Жанында орналасқан қолдануға болатын, бірақ арнайы агротехника мен тыңайтқыштарды қолдану шараларын, қосымша шығындарды талап ететін, топырағының құнарлығы аз жер телімінің 1 гектар жерінен тек қана 10 центнер дәнді-дақыл алуға болады. Демек бірінші жер телімінің шығындары аз болып, жоғарғы өнімділігі мен өнімнің төменгі құндылығына байланысты төменгі бағаға ие болады, ал екінші жер телімі қосымша шығындары мен төменгі өнімділігіне қарамастан жоғарғы бағаға ие.
Жылжымайтын мүлікті бағалау кезінде, жер құны – алдыңғы, ал ғимараттар мен құрылыстар құны объект құнына қосымша ретінде екінші болып табылады. Ғимарат ғұмырының физикалық мерзімі аяқталған соң ғимараттар бұзылады, ал жер телімі жаңа құрылысқа дайындалады.
Жерді ең тиімді пайдалану қағидасы оның қолдану аясынан таңдалған, физикалық іске асырылатын, заңды рұқсатталынған, қаржылық мүмкін болатын ең ықтимал қолданылуы. Бос жер телімі өздігінен еш нәрсе «бермейді», - жерден табыс, пайда алу үшін оны қолдану қажет. Қолданудың түрі мен сипатына байланысты бір жер телімінің құндылығы өзгеріп тұруы мүмкін. Жер телімінің құндылығы оған салынған мүлік объектісінің кірісіне байланысты – жылжымайтын мүлік объектісінің кірісі жоғары болған сайын оны көтеріп тұрған жер телімінің құны да жоғары болады.Бірдей жер телімдері, бірақ коммерциялық тұрғыдан салыстырғанда әр түрлі пайда беретін жерлердің нарық құны да әр түрлі болады.
Резюме
Мақалада жердің жер бағалаудағы ерекшеліктері сипатталған. Жер қоғам өмірінде барлық процесстердің ,саяси, экономикалық, өндірістік, экологиялық салалардың негізі екендігі көрсетілген.
В статье описаны особенности земли как обьект оценки.Показаны что земля является основой всех процессов жизнедеятельности общества, происходящих в политической, экономической, социальной, производственной, экологической и других сферах.
In the article were given definition of soil, their fertility, and the descriptions of fertile soils. There were considered the ways of increasing humus in the composition of soil, also there were seen measures of keeping the fertility and methods of renewal.
Ключевые слова
қазақша
|
орысша
|
ағылшынша
|
топырақ
|
почва
|
soil
|
құнарлылық
|
плодородие
|
fertility
|
жер
|
земля
|
|
жылжымайтын мүлік
|
недвижимость
|
|
тыңайтқыш
|
удобрение
|
fertilizer
|
өсімдік
|
растение
|
plant
|
топырақтану
|
почвоведение
|
soil science
|
мелиорация
|
мелиорация
|
amelioration
|
Қолданылған әдебиеттер:
1 . Тазабеков Т.Т және авторлар ұжымы Жалпы топырақтану, «Агроуниверситет» баспасы; 1998 ж.
2. Тазабеков Т.Т және авторлар ұжымы Топырақтар географиясы, «Агроуниверситет» баспасы; 2000 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |