Саламатсыздарма студенттер! Біздің бүггінгі тақырыбымыз: Мүгедек балаларды оқыту мен тәрбиелеудің ерекшеліктері. Мүгелек баланы толыққанды өмір сүру құқығы. Мүгедек балаларға мемлекеттік көмек және мүгедек балаларды жұмыспен қамтамасыз етудегі мемлекеттік кепілдіктер.
Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция Кіріспе
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
a) Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған адам отбасының барлық мүшелеріне тән қадір-қасиеті мен құндылығы және олардың тең әрі ажырамас құқықтары бостандықтың, әділдіктің және жалпыға бірдей татулықтың негізі ретінде танылатын қағидаттарды еске сала отырып,
b) Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және Адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілерде әрбір адам қандай да болмасын айырмашылықсыз оларда көзделген құқықтар мен бостандықтарға ие деп жариялағанын және бекіткенін мойындай отырып,
c) адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарының жалпыға бірдейлігін, бөлінбестігін, өзара тәуелділігі мен өзара байланыстылығын, сондай-ақ мүгедектерді кемсітпей олардың толық пайдалануына кепілдік беру қажеттігін растай отырып,
d) Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге, Нәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияға, Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға, Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға, Бала құқықтары туралы конвенцияға және Барлық еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияға сілтеме жасай отырып,
е) мүгедектік - бұл эволюцияланатын ұғым екенін және мүгедектік денсаулығы бұзылған адамдар мен қоғам өміріне басқалармен бірдей толық әрі тиімді қатысуына кедергі келтіретін қарым-қатынастық және орта тосқауылдары арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижесі болып табылатынын мойындай отырып,
f) Мүгедектерге қатысты дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасы мен Мүгедектер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің стандартты қағидаларындағы қағидаттар мен басқару бағдарларының мүгедектерге тең мүмкіндіктерді одан әрі қамтамасыз етуге арналған ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлердегі стратегияларды, жоспарларды, бағдарламаларды және іс-шараларды көтермелеуге, тұжырымдауға және бағалауға ықпал ету көзқарасы тұрғысынан маңыздылығын мойындай отырып,
g) мүгедектік проблемаларын өзекті етудің тұрақты дамудың тиісті стратегияларының құрамдас бөлігі ретіндегі маңыздылығын атап көрсете отырып,
h) сондай-ақ, кез келген адамға қатысты мүгедектік белгісі бойынша кемсітушілік адамның жеке басына тән қадір-қасиеті мен құндылықтарына қысым келтіруді білдіретінін де мойындай отырып,
i) бұдан әрі мүгедектердің алуан түрлілігін мойындай отырып,
j) барлық мүгедектердің, оның ішінде неғұрлым белсенді қолдауға мұқтаж мүгедектердің адам құқықтарын көтермелеу мен қорғаудың қажеттігін мойындай отырып,
k) осы әртүрлі құжаттар мен бастамаларға қарамастан, мүгедектердің қоғам өміріне тең құқылы мүшелер ретінде қатысу жолында тосқауылдарға және әлемнің барлық бөліктерінде адам құқықтарының бұзылуына душар болып жататынына алаңдай отырып,
l) әрбір елде, әсіресе дамушы елдерде мүгедектердің өмір сүру жағдайын жақсарту үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,
m) мүгедектердің өздерінің жалпы әл-ауқатына және жергілікті қауымдастықтардың әр алуандығына қосып отырған қазіргі құнды және әлеуетті үлесін және мүгедектердің өздерінің адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық іске асыруға, сондай-ақ мүгедектердің толыққанды қатысуына жәрдемдесу олардың өздерінің қатысы бар екенін сезінуін нығайтуға және қоғамның адами, әлеуметтік және экономикалық дамуы мен кедейлікті жоюда айтарлықтай жетістікке жетуіне мүмкіндік беретінін мойындай отырып,
n) мүгедектер үшін жеке дербестігі мен өз таңдауын өзі жасау еркіндігін қоса алғанда, олардың тәуелсіздігінің маңызды екенін мойындай отырып,
о) мүгедектердің стратегиялар мен бағдарламаларға қатысты, оның ішінде өздеріне тікелей қатысы бар шешімдер қабылдау процестеріне белсенді тартылу мүмкіндіктері болуға тиіс деп есептей отырып,
р) мүгедектердің тап болып жататын, нәсілдік белгісі, терісінің түсі, жынысы, тілі, діні, саяси және өзге де нанымы, ұлттық, этностық, аборигендік немесе әлеуметтік шығу тегі, мүліктік жағдайы, тууы, жасы немесе өзге де мән-жайлар бойынша кемсітудің көптеген немесе шиеленіскен нысандарына ұшырайтын қиын жағдайларға алаңдай отырып,
q) мүгедек әйелдер мен мүгедек қыздар үйде де, үйден тыс жерде де зорлықтың, жарақаттанудың немесе қорлаудың, немқұрайлы немесе басына қараудың, жаман қараудың немесе қанаудың үлкен қатеріне көп ұшырайтындарын мойындай отырып,
r) мүгедек балалар басқа балалармен тең дәрежеде барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық көлемде пайдалануға тиіс екенін мойындай отырып және осыған байланысты Бала құқықтары туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің өздеріне алған міндеттемелерін естеріне сала отырып,
s) мүгедектердің адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық іске асыруына жәрдемдесу жөніндегі барлық күш-жігерде гендерлік аспектіні ескеру қажеттігін атап көрсете отырып,
t) мүгедектердің көпшілігінің жоқшылық жағдайда өмір сүріп жатқан фактісін атап көрсете отырып және осыған байланысты жоқшылықтың мүгедектерге теріс ықпал ету проблемасымен айналысудың аса қажеттілігін мойындай отырып,
u) Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жазылған мақсаттар мен қағидаттарды толық құрметтеуге және адам құқықтары саласында қолданылатын шарттарды сақтауға негізделген бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайы мүгедектерді толық қорғауға, атап айтқанда қарулы қақтығыстар мен шетел басқыншылығы кезінде қорғауға арналған қажетті шарт болып табылатынын назарға ала отырып,
v) табиғи, әлеуметтік, экономикалық және мәдени ортаның, денсаулық сақтау мен білім берудің, сондай-ақ ақпарат пен байланыстың қолжетімділігінің маңыздылығын мойындай отырып, өйткені ол мүгедектерге барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толыққанды пайдалануға мүмкіндік береді,
w) әрбір жеке адам басқа адамдарға және өзі кіретін ұжымға қатысты міндеттер ала отырып, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық биллде танылатын құқықтарды көтермелеу мен сақтауға қол жеткізуге тиіс екенін назарға ала отырып,
х) отбасы қоғамның табиғи және негізгі ұясы болып табылатынына және қоғам мен мемлекет тарапынан қорғалуға құқылы екеніне және мүгедектер мен олардың отбасы мүшелері қажетті қорғау мен отбасыларға мүгедектер құқықтарын толық және тең пайдалану ісіне үлес қосуға мүмкіндік беретін көмекті алуға тиіс екеніне сенімді бола отырып,
y) мүгедектердің құқықтары мен қадір-қасиетін көтермелеу және қорғау туралы жан-жақты және бірыңғай халықаралық конвенция мүгедектердің аса қолайсыз әлеуметтік жағдайын еңсерудегі және олардың азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірге дамыған елдерде де, дамушы елдерде де тең мүмкіндіктермен қатысуын кеңейтудегі маңызды үлесі болып табылатынына сенімді бола отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Мақсат
Осы Конвенцияның мақсаты барша мүгедектердің барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық және тең дәрежеде іске асыруын көтермелеу, қорғауда және қамтамасыз етуде, сондай-ақ оларға тән қадір-қасиетті құрметтеуді көтермелеу болып табылады.
Мүгедектерге әртүрлі тосқауылдармен өзара іс-қимыл кезінде олардың қоғам өміріне басқалармен тең дәрежеде толық және тиімді қатысуына кедергі келтіруі мүмкін тұрақты дене, психикалық, интеллектуалдық немесе сенсорлық кемістігі бар адамдар жатады.
2-бап. Анықтамалар
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
«қарым-қатынас» баспа материалдары, аудиоқұралдар, қарапайым тіл, оқып берушілер сияқты тілдерді, мәтіндерді, Брайль әліпбиін, тактильді қарым-қатынасты, ірі қаріпті, қолжетімді мультимедиалық құралдарды, сондай-ақ қолжетімді ақпараттық-коммуникациялық технологияны қоса алғанда, қарым-қатынастың күшейтуші және балама әдістерін, тәсілдерін және форматтарын пайдалануды қамтиды;
«тіл» сөйлесу және ымдау тілдерін және сөйлемейтін тілдердің басқа да нысандарын қамтиды;
«мүгедектік белгісі бойынша кемсіту» - мақсаты немесе нәтижесі саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық немесе кез келген өзге саладағы адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарын басқалармен тең дәрежеде тануды, іске асыруды немесе жүзеге асыруды төмендету немесе теріске шығару болып табылатын мүгедектігі салдарынан кез келген бөлектеуді, есепке алмауды немесе шектеуді білдіреді. Ол кемсітудің барлық нысандарын, оның ішінде жүйелі бейімдеуден бас тартуды қамтиды;
«жүйелі бейімдеу» нақты жағдайда қажет болғанда мүгедектердің адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарын басқалармен тең дәрежеде іске асыруын қамтамасыз етуі немесе жүзеге асыруы мақсатында мөлшерлес емес немесе ақталмаған ауыртпалық болмайтындай қажетті және сәйкес келетін модификациялар мен түзетулерді енгізуді білдіреді;
«әмбебап дизайн» барлық адамдар үшін бейімделудің немесе арнайы дизайнның қажеттілігінсіз пайдалануға барынша мүмкін дәрежеде жарамды етуге арналған заттардың, жағдайлардың, бағдарламалардың және көрсетілетін қызметтердің дизайнын білдіреді. «Әмбебап дизайн» қажет болған жерде мүгедектердің нақты топтарына арналған ассистивті құрылғыны жоққа шығармайды.
3-бап. Жалпы қағидаттар
Мыналар:
а) адамға тән қадір-қасиетті, оның өз таңдауын жасау еркіндігін қоса алғандағы жеке дербестігін және тәуелсіздігін құрметтеу;
b) кемсітпеушілік;
с) қоғамға толық және тиімді тарту және қосу;
d) мүгедектердің ерекшеліктерін құрметтеу және оларды адами алуан түрліліктің компоненті және адамзаттың бір бөлшегі ретінде қабылдау;
е) мүмкіндіктер теңдігі;
f) қолжетімділік;
j) ерлер мен әйелдердің теңдігі;
h) мүгедек балалардың даму қабілеттерін құрметтеу және мүгедек балалардың өз жеке қасиетін сақтау құқықтарын құрметтеу осы Конвенцияның қағидаттары болып табылады.
4-бап. Жалпы міндеттемелер
1. Қатысушы мемлекеттер барша мүгедектердің адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарын мүгедектік белгісі бойынша ешқандай да кемсітушіліксіз толық іске асыруын қамтамасыз етуге және көтермелеуге міндеттенеді. Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер:
a) осы Конвенцияда танылатын құқықтарды жүзеге асыру үшін барлық тиісті заңнамалық, әкімшілік және өзге де шараларды қабылдауға;
b) мүгедектерге қатысты кемсітуші болып табылатын қолданыстағы заңдарды, қаулыларды, дәстүрлер мен ұстанымдарды өзгерту немесе олардың күшін жою үшін барлық тиісті, оның ішінде заңнамалық шараларды қабылдауға;
c) барлық стратегиялар мен бағдарламаларда мүгедектердің адам құқықтарының қорғалуы мен көтермеленуін ескеруге;
d) осы Конвенцияға сәйкес келмейтін кез келген іс-қимылдан немесе әдістерден қалыс қалуға және мемлекеттік органдар мен мекемелердің осы Конвенцияға сәйкес іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге;
е) кез келген адам, ұйым немесе жеке кәсіпорын тарапынан болатын мүгедектік белгісі бойынша кемсітушілікті жою үшін барлық тиісті шараларды қабылдауға;
f) мүгедектің нақты қажеттіліктеріне ыңғайластыру барынша аз бейімделу мен мейілінше аз шығынды талап ететіндей тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, жабдықтар мен әмбебап дизайн объектілерінің (осы Конвенцияның 2-бабында айқындалатын) зерттеу және конструкторлық әзірлемелерін жүргізуге немесе көтермелеуге, олардың қолда болуына және пайдаланылуына жағдай жасауға, сондай-ақ стандарттар мен басқару бағдарларын жасау кезінде әмбебап дизайн идеясын ілгерілетуге;
j) зерттеу және конструкторлық әзірлемелер жүргізуге немесе көтермелеуге, сондай-ақ қымбат емес технологияларға бірінші кезекте көңіл бөле отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, ұтқырлықты жеңілдететін құралдарды, мүгедектерге лайықты құрылғылар мен ассистивті технологияларды қоса алғанда, жаңа технологиялардың болуына және пайдаланылуына жағдай жасауға;
h) мүгедектерге ұтқырлықты жеңілдететін құралдар, құрылғылар және ассистивті технологиялар, оның ішінде жаңа технологиялар, сондай-ақ көмектің басқа да нысандары, қосалқы көрсетілетін қызметтер және объектілер туралы қолжетімді ақпарат беруге;
і) мүгедектермен жұмыс істейтін мамандарға және адамдарға осы Конвенцияда танылған құқықтарды оқытуды, осы құқықтар кепілдік берген көмек пен көрсетілетін қызметтерді ұсынуды жетілдіру үшін көтермелеуге міндеттенеді.
2. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарға қатысты әрбір қатысушы мемлекет өзінде бар ресурстарды барынша іске қоса отырып, ал қажет болған жағдайда - халықаралық ынтымақтастықты пайдалана отырып, осы Конвенцияда тұжырымдалған, халықаралық құқықтарға сәйкес тікелей қолданылатын болып табылатын міндеттемелерге нұқсан келтірмей, осы құқықтарды толық іске асыруға біртіндеп қол жеткізуге арналған шараларды қабылдауға міндеттенеді.
3. Осы Конвенцияны жүзеге асыруға бағытталған заңнаманы және стратегияны әзірлеу және қолдану кезінде және мүгедектерге қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудың басқа да процестері шеңберінде қатысушы мемлекеттер мүгедек балаларды қоса алғанда мүгедектермен тығыз консультация жасайды және олардың өкілді ұйымдары арқылы оларды белсенді түрде тартады.
4. Осы Конвенциядағы ешнәрсе де мүгедектердің құқықтарын іске асыруға көп дәрежеде ықпал жасайтын және қатысушы мемлекеттің заңдарындағы немесе осы мемлекетте қолданылатын халықаралық құқық нормаларындағы қандай да бір ережелерді қозғамайды. Осы Конвенцияға қандай да бір қатысушы мемлекетте танылатын немесе қолданылатын қандай да бір адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын заңның, конвенциялардың, қағидалардың немесе әдет-ғұрыптардың күшімен, осы Конвенцияда мұндай құқықтар немесе бостандықтар танылмайды немесе мұнда олар аз дәрежеде танылады деген сылтаумен ешқандай шектеуге немесе төмендетуге жол берілмейді.
5. Осы Конвенцияның ережелері федеративтік мемлекеттердің барлық бөліктерінде қандай да бір шектеусіз немесе алып тастауларсыз қолданылады.