Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі Тапсырма №1
Тақырып- 1. Бастауыш сыныптардағы «Жаратылыс тану» мен «Дүниетану» пәндерінің бағдарламалық мазмұны. Негізгі сұрақтар: 1. Пән бағдарламасы- мемлекеттік құжат. 2. Жаратылыстану және дүниетану бағдарламаларының мазмұны. 3. Бұл екі пән бағдарламалары мазмұнының ұқсастық және айырмашылық жақтары.
Дүниетану пәнінің оқушылардың танымдық деңгейлерін жетілдірудегі, функционалдық сауаттылықтарын арттырудағы маңызы зор. Бұл пән арқылы оқушылар қоршаған ортамен, айналадағы құбылыстармен, өзінің жан-жағындағы заттармен бұрынғыдан да етене танысып, олар жайлы өзіндік ой тұжырымдай бастайды. Бұл жағдайды, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына қарасты айтқан жөн. Өйткені бұл шақ олардың, Абай атамыз айтқандай, нағыз «естісем, білсем, көрсем» деп тұратын кезеңдері, айналасындағы дүниені тануға құмар болатын шақтары. Сондықтан бастауыш сыныптағы әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, олардың білім-ғылымға деген ынтасын арттыру, ақыл-ой қабілетін жетілдіру, өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал ету, жеке басының қасиеттерін дамытуды уақыт талабына сай жүзеге асыру қажет. Бұл міндет сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдануға жетелейді.
Дүниетану пәні оқушыларды жан-жақты дамытуға бағытталған. Дүниетануды оқытудың нәтижесінде олар қоршаған орта, оның түрлі заңдылықтары, табиғат құбылыстары, жануарлар мен өсімдіктер әлемімен танысып, адамның табиғаттың бір бөлшегі екендігін түсіне отырып, оның табиғатпен тығыз байланыстылығына көз жеткізеді. Пән мазмұны оқушылардың тек дүниетанымдық негізін кеңейтіп қана қоймай, олардың бойларында түрлі қасиеттердің қалыптасып дамуына ықпал етеді.Оқулық материалы негізінде оқушының танымдық негізін жетілдіреді. Олардың өздерінің бұрыннан білетін ақпараттарын ойда қорытып, оған жаңаша көзқараспен қарауларына мүмкіндік болады. Адамның дүниені тануы әдетте өзін-өзі танудан басталмақ.Тәуелсіздік жайлы ұғым-түсініктері кеңей түседі. Елбасымыз атап көрсеткендей, денсаулығы мықты адам ғана қоғамға лайықты қызмет етеді, оның дамуына ықпал етіп, ел экономикасын жақсартуға өзіндік үлес қосады.Жалпы салауаттылық ұғымының аясы өте кең био-әлеуметтік категория болып табылады. Ол ұлттың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен дінімен тығыз байланысты болса, дене және жан тазалығын сақтауы да осы салауаттылықтың негізгі көрінісі болып саналады. Әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеудің, жас буынның санасында ізгілікті қасиеттерді қалыптастырудың маңызы зор. Мектеп қабырғасындағы оқушының жүріс-тұрысынан бастап, бүкіл өмірлік ұстанымының қалыптасуына дейінгі кезеңде орынды ықпал ете білу қай қоғамда, қай кезеңде болмасын өз өзектілігін арттыра түспек. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, түтінінің түзу ұшуына бірден-бір себепкер өскелең ұрпақ болғандықтан, балалар мен жасөспірімдердің бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулықты сақтау және нығайту мәселелері ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.Дүниетану пәнінде оқулықтағы ақпаратты меңгерте отырып, олардың тақырып бойынша қосымша білім алуы да қамтамасыз етіледі.
Бұлардың барлығы мына мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталады:
- денсаулықты сақтау;
- денсаулықты нығайту;
- аурулардың алдын-алу.
Ол үшін атқарылатын іс-әрекеттер:
- спортпен шұғылдану
·- дұрыс тамақтану;
- еңбек үрдісін дұрыс ұйымдастыру, дене және ой еңбегін алмастырып отыру;
- уақытымен демалу т.т.
Аталған тарау негізінде оқушылардың бойында қандай жеке бас қасиеттерін қалыптастыра аламыз:
- Адам ағзасының біртұтас екендігін түсіндіру арқылы, денсаулықтың ағзаның барлық мүшелерін күту нәтижесінде ғана жақсы болатындығын түсінеді.
- Тазалық шараларын, дене тазалығының алғышарттарын меңгереді;
- Тамақтану тәртібін жадыда ұстап, тамақтың құрамына мән беретін болады;
- Тамақтануға қатысты тазалық шараларын қайталап оқиды;
- Дұрыс тамақтанудың денсаулыққа қандай қатысы бар екендігін жете түсініп, тамақтану ережелерін орындауға ұмтылады.
Дүниетану пәні оқушыларды өзінің атынан көрінгендей, дүниені, қоршаған ортаны, өзін және өзінің айналасындағыларды танып білуге ұмтылдырады. Пән мазмұнындағы тақырыптарды игерту нәтижесінде оқушының жеке бас қасиеттерін дамытады, оларды жаңа әлеммен таныстырып, құзыреттіліктерін арттырады. Оқушылардың тек теориялық тұрғыдан білім алып қоймай, оны өмірде күнделікті қажетіне жарата білуге дағдыландырған жөн. Функционалдық сауаттылықтарын арттырып, өмірге бейімдей түсеміз.
Оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру, әлемдік білім кеңістігіне ену, өмірлік білімін жалғастыру – білім беру процесінің негізі болып табылады. Жаңартылған бағдарламаның мәні - баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Бұл жаңа жүйе бойынша бағдарлама әзірленіп, жаңа оқулықтар қолданысқа түсіп отыр. Бастауышта зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастыратын және өмір сүретін әлем туралы жаңа «Жаратылыстану» пәні енгізілді.
«Жартатылыстану» пәні бастауыш мектепке бірнеше себептерге байланысты енгізіліп отыр. Атап айтқанда:
-пән мазмұнындағы деректер мен білімдер жүйесі оқушылардың қоршаған әлем туралы, атап айтқанда, әртүрлі денелер мен құбылыстар туралы алғашқы білімін қалыптастырады.
-пән оқушының ғылыми-зерттеу дағдысын: сұрақ қою және сол сұраққа жауап табу, зерттеу жоспарын дайындау және болжам жасау, сұрақтарға жауап табу үшін зерттеулер жүргізу; зерттеу нәтижесінде алынған мәліметтерді жинақтау, өңдеу және түсіндіру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
-бастауыш сыныпта оқушылар пәнді меңгеру барысында дәстүрлі емес ойлау формаларына үйренеді, ақиқатпен байланысты іс-әрекеттердің жауабын табуға, сұрақтар қоюға дағдыланады, ғылыми-зерттеу тәсілдерін түсініп, ойлауға және бақылауға дағдыланады.
«Жаратылыстану» пәнінің мақсаты-бастауыш сынып оқушыларын әрі қарай жаратылыстану ғылымы пәндерін (биология, химия, физика) меңгеруге дайындау, күнделікті өмірде (үйде, мектепте, табиғатта) көрген, бақылаған құбылыстары мен үдерістерді түсіндіру, сипаттау үшін алған білімдерін пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру.
«Жаратылыстану» пәні оқушылардың ғылыми-зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқулық «Мен-зерттеушімін», «Өсімдіктер», «Жануарлар», «Адам», «Күш пен қозғалыс», «Жер және ғарыш», «Табиғат физикасы», «Жарық» және «Дыбыс» сияқты оқу бөлімдерін қамтиды. Әр жаңа тақырыпты толық меңгеру үшін оқулықтың бас кейіпкерлері Негеш пен Эврика көмектеседі. Негеш пен Эврика оқушыларды ғылым әлеміне бағыттап, болжам жасауға, тәжірибе немесе зерттеу жүргізуге, табиғи құбылыстарды ашуға ынталандырады. Сондай-ақ әр тарау бойынша тапсырмалар жабық тест арқылы нақтыланып, тексеріледі. «Мен- зерттеушімін» тақырыбын өткен кезде оқушыларым мектеп жылыжайына барып, төрт топқа бөлініп, әртүрлі бөлме өсімдіктерін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал өсімдік бөліктерімен танысқанда тұқым қалай өнетініне шағын тәжірибе жасау арқылы көз жеткізді.Ол үшін пластикалық стакан, мақта, бірнеше тұқым керек. Стаканның түбіне мақта салып, ол ылғалданатындай аздап су құйылды. Сосын мақтаның үстіне тұқымдарды қойып, бетін ауа өтетіндей тесіктері бар қақпақпен жауып, жылы жерге қойдық. Бірнеше күн бойы ол тұқымның өнуін бақылап, қорытынды жасады. Өсімдіктерге күтім жасауды жылыжайда және сыныптағы бөлме өсімдіктеріне жасау арқылы дағдыға айналдырды. «Ғарыш» тақырыбында ғарыш кемесінің орнына шарларды ұшыру арқылы тәжірибе жасады. «Күш пен қозғалыс» бөлімінде қозғалыс траекториясы деген не? деген сұрақққа жауап беру үшін тағы да тәжірибе жасау арқылы қол жеткіздік. Тәжірибе жасау үшін құм салынған табақша, ойыншық машиналар және металл шарлар қажет. Табақты сәл қисайта орналастырып, «төбешіктен» машинаны итеріп жібереді. Машинаның ізінен қалған сызықты салады. Одан кейін металл шарды «төбешіктен» төмен қарай жібереміз. Оның да ізінен қалған сызықты саламыз. Тәжірибені бірнеше рет қайталап жасағаннан кейін сызықтарды салыстырды. Траектория дененің қозғалыста болған кезінде жүріп өткен жолы. Машинаның түзу траекториямен, ал шар әртүрлі траекториямен қозғалатынын айтып қорытынды жасады. Сабақтарда әртүрлі рольдік-сюжетті ойындарды ойнау арқылы да тәжірибе жасауға болады.