Сауат ашудан қорытынды сабақ.
Мақсаты: Балалардың үй жануарлары туралы түсініктерін тереңдету.Олардың адамға тигізер пайдасын айту. Ертегіні рөлдерге бөлу арқылы сөйлеуге жаттықтыру. Мақал-мәтелдерді пайдаланып балалардың тіл байлығын жетілдіру. Өз қамқорлықтарына зәру тіршілік иелеріне деген аяныш сезімін ояту.
Көрнекіліктер: Түрлі-түсті суреттер, атрибуттар.
Билингвалдық компоненттер: Тышқан – мышка, сиыр – корова, барыс – тигр, қоян – заяц, ұлу – улитка, жылан – змея, жылқы – лошадь, қой – баран, мешін – обезьяна, тауық – курица, ит – собака, доңыз – свинья.
Ұйымдастыру кезеңі:
Армысың, асыл Күн!
Армысың, көк Аспан!
Армысың, нұрлы Күн!
Армысың, жан Досым!
Жылуыма жылу қос!
Міне менің қолым!
-Балалар, алақандарымыз қандай? Алақанымыздың жылуын тобымызға үрлейік.
Айтыңдаршы, балалар, төрт түлік малға не жататынын кім біледі? (Түйе, жылқы, сиыр, қой). Олардың бізге тигізетін пайдасы қандай?
-Сиырдың етін жейміз, сүтін ішеміз, сүтінен ірімшік, айран, құрт, қаймақ, май жасалады.
-Түйенің шұбатын ішеміз. Жүнінен көрпе, жастық жасалынады, киім тоқимыз. Түйе көлік ретінде де қолданылады.
-Жылқының қымызын ішеміз, етін жейміз, қылынан арқан есеміз, көлік ретінде де пайдаланамыз.
-Қойдың жүнінен жылы киімдер тоқылады, киіз басып онымен киіз үйді жабамыз, терісінен тон тігуге болады.
Ертегі Ханшайымы кіреді. Балалармен амандасады.
Тәрбиеші: -Ертегі Ханшайымы, бүгін біз төрт түлік мал туралы білгендерімізді ортаға салып, қойылым көрсетеміз. Біздің балалар жануарлар туралы көптеген мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер біледі:
Өнімі оның көл-көсір.
Түйе малдың қасқасы.
Бабын таба біл.
Жер гүлімен жарасты.
Шыбықтан тал өседі.
Өзіңе абырой тапқаның.
Малды жаман баққаның,
Келген бақты қаққаның.
Түйе – байлық, жылқы – сәндік, қой – мырзалық, шаруаның бірі – бес, диханшылық оған – ас.
Мал жайсаң қонысын тап,
Ас жайсаң ыдысын тап.
Ас – адамның қуаты.
Сиырсыздың үйі – сырдаң.
Жылқының мінсең – үсті жел,
Ішсең қымызы – нәр,
Жесең еті – бал.
Ертегі Ханшайымы: Менің сендерге арналған жұмбақтарым бар еді, Сендер оларды оңай-ақ шешеді деп үміттенемін.
Үстінде екі тауы бар. (түйе).
Уы бар сұр қамшы. (жылан).
Қамыс құлақ, тостаған тұяқ, мінсең қанат, сүті дәрі,
еті тамақ. (жылқы).
Өзі күшті, мүйізі мықты, қызыл көрсе, құтыра шықты. (сиыр).
Ертегі ханшайымы, қазір біздің балалар сізге «Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісін сахналап береді.
Бірінші хор:
Жыл басы тек мен болам!-
Деп хайуандар таласты.
Сиыр – (Әбілмансұр):
«Мө-ө-ө»-деп мөңіредім,
Молшылық төңірегім,
Жыл басы боламын деп,
Ертерек келіп едім,
Көгалда тұрағым,
Дайын тұр құрағым.
Сүтіммен, етіммен,
Адамға ұнадым.
Жылқы – (Ұлан):
Алысқа шауып барамын,
Адамның бабын табамын.
Пайдасы мол жылқымын,
Жыл басы мен боламын.
Әсем десең, әсеммін,
Сылаң қағып өсемін.
Кең далада көсіліп,
Самал желдей есемін!
(Түйе ішінен: «мен бәрінен ақылды да сұлумын, бойым да ұзын, жыл басын тек мен ғана бастауым керек» - деп жан-жағындағыларға менсінбей, кербездене қарайды.)
Түйе – (Бекарыс):
Түйе, түйе, түйемін,
Жануармын киелі.
Кім таласар бойыма,
Жыл басына иемін.
Жан-жағыма қараймын,
Күн мен түнді санаймын.
Мен өзімді даланың
Кербезіне балаймын!
Түйенің әні аяқталысымен ортаға Барыс - (Бекзат) шығады.
Ырр, ырр, Барыспын, Барыспын.
Бәріңе таныспын, таныспын.
Айналама сыйлымын, сыйлымын
Сезімсізбен алыстым, алыстым.
Күшіме сенемін, сенемін.
Бәріңді жеңемін, жеңемін.
Жыл басы болуға
Шіреніп келемін!
Ортаға Ұлу - (Дина) шығады.
Ұлу деген мықтымын,
Жарқын-жарқын шықты үнім,
Ойым озар өзімнен,
Ақыл-ой бар сөзімде.
Үйім бірге өзіммен,
Сабыр етем төзіммен.
Күш пен көрік құлпырар,
Салиқалы сөзімнен!
6-7. Жылан мен маймыл билеп ортаға шығады. (барлығы билейді).
8. Қой – (Әмина):
Мә-мә-мә мен қоймын,
Көк шөпке тойдым.
Жыл басы болуға
Кетіп тұр ойым.
Қараңдаршы қандаймын,
Атқан аппақ таңдаймын
Жыл басына лайық
Жарқырап тұр маңдайым.
Ортаға Тауық - (Сабина) шығады.
9. Тауық:
Қо-қо-қо-қо-қоқ,
Жыл әлі неге жоқ.
Жұмыртқамды жегесін
Бүлдіршін –бала тоқ.
Құрт-құмырсқа жейтінім,
Жоқ ешбір кемтігім.
Бәрің бос мақтанып,
Шаршамаңдар ентігіп!
Ентігіп Ит – (Мирас) келеді.
10. Абалап үремін,
Үй қорып жүремін.
Адамның көмекші
Досының бірімін.
Ит болғасын үремін.
Сергек өмір сүремін!
Жеті қазынаның бірімін,
Адамды қорғап жүремін.
11. Доңыз бен қоянның дуэті:
Түйе ортаға шығады:
Түйе мойнын созады,
«Мен болам» -деп жар салып
Тышқан одан озады,
Жылды алғаш қарсы алып.
Осы кезде тау арасынан күн көтеріліп шығады. Тышқан түйенің басына өрмелеп шығып тұрып әнін айтады.
12. Тышқанның – (Бақыт) әні:
Алақай, алақай!
Күнді көрдім алақай!
Қулығыммен, айламмен,
Бәрін жеңдім алақай!
13. Екінші хор:
Жылды қарап тұрайық,
Ойын сауық құрайық.
Ең бұрын көрген батырды
Жыл басы деп ұғайық.
Тышқан қулық ойлайды,
Келіспеске қоймайды
Шығып алып түйенің
Өркешімен ойнайды.
Жылды Тышқаннан кейін Сиыр, Барыс, Қоян, Ұлу, Жылан, Жылқы, Қой, Мешін, Тауық, Ит, Доңыз көреді. Ал Түйе болса аузы ашылып, таңырқап қала береді. Сөйтіп жыл атауларынан құр қалыпты.
Жануарлардың соңғы хоры:
Тышқан, Сиыр, Барыс, Қоян;
Ұлу, Жылан, Жылқы, Қой,
Мешін, Тауық, Ит, Доңызды,
Санап, жаттап біліп қой!
Ертегі Ханшайымы:
-Ертегі қалай аталады?
-Тышқан қалай жыл басы болды? (Түйеге өрмелеп шығып, өркешінің үстінде отырып, күнді бәрінен бұрын көрді. Содан бері Тышқан жыл басы болып саналады).
-Жыл санауда Түйе неге жоқ?
-Түйе бойына сеніп жылдан құр қалды. (аузын ашып, таңырқап).
Ертегі Ханшайымы ойын ұсынады.
Жыл басына таласқан хайуанаттардың суреттерін ретімен қойып шығу керек. Балалар суреттерді ретімен орналастырып, қазақша – орысша атап беруілері керек. Ханшайым балалармен қоштасып шығып кетеді.
Сонымен, балалар, жан-жануарлар достық пен сыйластықты, ақылдылық пен татулықты, тапқарлықты мойындап, бәрі жаңа жылды бірге тойлаған екен. Балалар, естеріңде ме, осы жақын арада біз қандай мейрамды тойладық?
Наурыз мейрамында қандай тағам міндетті түрде болады? Оның құрамында қанша түрлі тағам бар? Биылғы жыл қай жыл?
Сөзжұмбақ шешу:
Жылдың соңы қай жануар? (Доңыз).
Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар. (Қой).
Екі мүйізі бар,
Үстінде тоны бар. (Сиыр).
Күл-қоқысты көргенде, жетіп барып астаң-кестең шашады. (Тауық).
Төрт түліктің ішінде ең қасиетті жануар. (Жылқы).
Өзі дәмін татпаған,
Түк қалмайды ботқадан (Тышқан).
Жасырылған атаулардың ішінен қызыл әріптермен жазылған «ДОСТЫҚ» сөзін оқу.
Балаларға қосылып «Достық» әнін айту ұсынылады.
Достарыңызбен бөлісу: |