Жаңаарқа аудандық С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана
«Тілім менің – қазынам, қасиетім» сайыстың сценарийі
Атасу 2014ж.
1-жүр: «Қазақ тілі – рухани байлығымыздың қайнар бұлағы» деп бекер айтылмаған. Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілі өркендеуі тиіс. Оған қазақ халқының ұрпағы ғана емес, Қазақстанда мекендеп жатқан барлық халық үлес қосуы тиіс. Ол үшін ана тіліміздің қадір-қасиетін білуіміз керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында «Ұлттық тіл – қазақ ұлтының рухани, мәдени байлығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші қасиетті құрал» деп баса көрсеткен болатын. Бұл қазынаны жоғалтуға болмайды. «Тіл - құрал» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқан. Тіл арқылы біз бір-бірмізбен сөйлесеміз, арақатынасқа түсеміз, араласамыз. Ең ащы да тіл, ең тәтті де тіл емес пе?!
2-жүр:
Ана тілі – бәрін айтар шежірем,
Тілсіз нені білдіре алам, не білем?
Тілім барда ғана мынау ғаламның
Кілтін табар саналасы сезінем.
О, адамдар, қадіріне жетіңдер,
Ана тілің – анаң, сыйлап өтіңдер!
Ана тілі – халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын біріктіретін ең сенімді құрал. 22-қыркүйек - ҚР халықтарының тілдер мерекесі. Ана тілі – әрбір ұлттың ұлы мақтанышы, көзінің қарашығындай көретін қазынасы, асыл мұрасы, ел егемендігінің көрінісі.
Тіл – ұлттық мұра, дүниетаным құралы.
1-жүр: Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Қазақ тілі – дүние жүзіндегі ең бай, беделді де бейнелі тілдердің бірі.
«Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас» деп Абай таңырқап тағзым еткен де осы қасиетті тіліміз.
2-жүр: Әр адам өз ана тілімен бақытты, биік әрі асқақ. Әрбір қазақ баласын өз халқының әнін, жырын, ертегісін айтып өсіреді. Мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақ жаттатып олардың тілін ұстартады. Сөйтіп халқын, өз ұлтын, Отанын сүюге, тілін құрметтеуге баулиды.
1-жүр: Н.Крупская атындағы орта мектеп пен Ю.Гагарин атындағы орта мектеп оқушыларының «Тілім менің – қазынам, қасиетім» атты тақырыптық сайысын тамашалаңыздар. Біріншіден сайыстың талаптарымен таныс болыңыздар:
Таныстыру (топтың атауы, ұраны)
«Атаның сөзі – ақылдың көзі» (мақал-мәтел жарысы)
«Тілім барда білмеймін мен қайғыны» (тіл туралы өлең оқу)
«Зерделі болсаң жетерсің биік шыңдарға» (сұрақ-жауап)
«Ана тілім – жыр әнім» (тіл туралы ән айту)
2-жүр:
Оқушылар, құтты болсын тілің бүгін,
Ашатын жан сарайын білімдінің.
Кешегі атаң айтқан, бабаң айтқан
Тіліне зер салыңдар бұрынғының.
1-жүр: Крупская атындағы орта мектеп «Мәңгілік тіл» тобы, Гагарин атындағы орта мектебі «Өркен» деп аталады. Әр топ өздерінің капитандарын сайласын.
Бүгінгі сайысқа төрелік ететін әділ қазылармен таныс болыңыздар:
1. Жаңаарқа аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Исаберлина Калия Мәжікенқызы
2. Жаңаарқа аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері: Туребаева Гүлнар Қылышбекқызы.
3. Әдістемелік бөлімінің әдіскері: Жакупова Гүлмайра Ағлақызы.
Ал енды «Мәңгілік тіл» тобы таныстыруды бастасын.
1-жүр: 2-бөлім. «Атаның сөзі-ақылдың көзі» (Мақал-мәтел жарысы). Сіздерге экранда суреттер беріледі. Сол суреттерге қарап сіздер мақал-мәтелді айтып берулеріңіз қажет. «Мәңгілік тіл» тобына.
Тіл тәтті, бауыр қатты.
Ит-тойған жеріне, ер жігіт-туған жеріне
Әке – асқар тау,
Ана – бұлақ,
Бала – жағасындағы құрақ.
Тұз астың дәмін келтірер, мақал сөздің мәнін келтірер.
Ғылым-теңіз, білім-қайық.
Жеті рет өлшеп, бір рет кес.
Бал тамған тілден у да тамар.
«Өркен» тобына.
Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі
Қыз мұраты – кету, жол мұраты - жету
Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
Ата – бәйтерек, бала - жапырақ .
Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.
Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар.
Піл көтермегенді тіл көтерер.
2-жүр:
Ана тілім – ұраным,
Ана тілім – құралым.
Ана тілім болмаса,
Болмас еді жыр, әнім – дей келе 3-бөлім «Тілім барда білмеймін мен қайғыны». Әр топ тіл туралы өлеңдерін оқиды.
1-жүр: Сайысымыздың келесі бөлімі – «Зерделі болсаң жетерсің биік шыңдарға» (сұрақ-жауап сайысы). Оқушылар Сіздерге 1 минут уақыт беріледі, сол уақытта қай топтың капитаны сұрақтарға дұрыс әрі жылдам жауап берсе, сол топқа ұпай қосылады. Әр дұрыс жауап берілген сұраққа 1 ұпай қосылады.
«Мәңгілік тіл» тобына
Қазақстанның астанасы қай қала? (Астана)
1912 жылы қазақ әлппесін жасаған және алғаш оқу құралын жазған кім?(Ахмет Байтұрсынұлы)
Қазақстан Ғалым Академиясының тұнғыш Призиденті кім?(Қаныш Имантайұлы Сатпаев)
Білім күні қай айда?(қыркүйек)
«Ғасыр ақыны» атанған ақиық ақын кім?(Мұқағали Мақатаев)
Қазақ әліпбиінде неше әріп бар? (42)
«Ана тілі» оқулығы қай баспадан шыққан? (Алматы, «Ата мұра»)
Тауды, тасты жел бұзар, ... (адамзатты сөз бұзар)
«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» өлеңінің авторы? (Абай)
Өлең жазатын адамды кім дейді?(Ақын)
Қазақша жыл басы? (Наурыз)
«Өркен» тобына
Қазақстан Республикасын кім басқарады? (Президент)
Қазақ халқын дүние жүзіне танытқан шығарма? (Мұхтар Әуезов «Абай жолы » романы
Қазақстан Республикасының рәміздері қандай? (Елтаңба, Ту, Әнұран)
Тәуелсіздік күні қашан тойланады?(16 желтоқсан)
«Көшпенділер» трилогиясының авторы кім? (Ілияс Есенберлин)
Тіл мерекесі қашан тойланады?(22 қыркүйек)
Бес дұшпанды ата. (өсек,өтірік,мақтаншақ,еріншек,бекер мал шашпақ)
Ана сүті бой өсіреді, ана тілі......(ой өсіреді).
Күш кеміді, айбынды ту құлады... Кімнің өлеңінен? (Мағжан Жұмабаев)
Ең асыл жан?(Ана)
Тіл туралы заң қай жылы қабылданды.(1989 жыл)
2-ЖҮР:
Ана тілім – ақ қанатты тұлпарым,
Биіктерге самғап ұшар сұңқарым.
Ана тілім – махаббатым, құштарым,
Ана тілім – әнге қосар ардағым. – дей келе келесі бөлімге, яғни тіл туралы әнге кезек берсек, әр топ өз әндерін орындайды.
2-жүр:
Ана тілім бірге жанар өзіммен,
Ана тілім, қадір тұтам сені мен.
Ана тілім, ардақтысың қашанда,
Орын берем жүрегімнің төрінен.
Өсірген ой, білімді
Сүйемін туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуді.
1-жүр:
Қастерле қазақтың ана тілін,
Қайнаған қаныменен баба тілін,
Қайнаған қаныменен баба тілін.
«Өз тіліңді оқы» деді мектепте,
Селтең қағып жүрме, досым, бос текке.
Өзге тілге қанша құмар болсаң да,
Өз тіліңді шамаң келсе құрметте.
Осы өлең жолдарымен бүгінгі сайысымызды аяқтаймыз. Ендігі сөз кезегі әділ қазылар алқасына берсек.
Достарыңызбен бөлісу: |