Сәкенова Назерке Нұржанқызы
– Менің арманым, – деді жалынды жас терезе алдындағы жапырақтары сарғайып жерге түсіп жатқан ақ теректерге қарап отырып. – Тұтас әлем халықтары бір-біріне мейіріммен қараса екен. Ешқандай соғыс болмасын. Ешкім бір-біріне қастық ойламайтын, ешкім ешкімнің ала жібін аттамайтын, ешкім ешкімге кек сақтамайтын қоғамда өмір сүргім келеді. Мына Жер ғаламшарында тек қана бақыт пен бірлік болса екен. Менің ең үлкен арманым – осы!
Бұл 13 жастағы қыздың арманы. Көкшетаулық жас дарын Назерке Нұржанқызы осы ауқымда армандап, өз мақсатын да межелеп қойған. Иә, біз бүгін Алаштың маңдайына бақ боп туған дарынды қыз жайлы айтатын боламыз.
Сәкенова Назерке Нұржанқызы 2008 жылы 25 ақпанда Ақмола облысына қарасты Көкшетау қаласында дүниеге келген. Бурабайын әлем танитын, табиғатына тәмсанатындары көп, биші қайыңдары мың бұрала билеген абат мекеннің перзенті. Жас дарын №6 «Нұрай» балабақшасында тәрбиеленген. Мектепалды даярлық сыныбын Көкшетаудағы Сәкен Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінде оқыса, Щучье қаласындағы №4 орта мектепте 1-сыныпты тәмамдады. Ал 2-3-сыныптарды Көкшетаудағы №17 орта мектеп-гимназиясында оқыған жас бүгінде ІТ мектеп-лицейінде білім алып келеді. Қай білім ошағында болса да ол озаттардың қатарынан көрінді. Көшбасшылық қабілеті бойында менмұндалаған жалынды жастың болмысы да биік.
Отбасылық тәрбиені бойына сыйдырған жастың асқар таудай әкесі Шахметов Нұржан Сәкенұлы Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде рота старшинасы болып қызмет атқарса, анасы Шахметова Айгүл Сергейқызы Зеренді ауданы Гранитный НМ ағылшын тілі пәнінің оқытушысы.
Бала үшін ата-әженің тәрбиесі жоғары орында тұрады. Назеркенің атасы Сәкен Аманжолұлы мен әжесі Ләззат Амантайқызы ауылдық жерде тұрады. Балалар демалыс сайын барып, көңілдерін марқайтып кетіп жатады. Атасы мал шаруашылығымен айналысса, әжесі – үй шаруасында. Алғашқы немерелері болғандықтан оларды қатты жақсы көреді және демалыс күндері бар тәттілерін алдарына қойып, күтіп отырады. Назеркенің ізінен ерген інісі Нұрбол ІТ мектеп-лицейінде оқыса, сіңлісі Айару – балабақша тәрбиеленушісі.
Дарынды жас бүгінге дейін бірқатар биікті бағындырды. Ол халықаралық «Пони» конкурсының 2 дүркін жеңімпазы атанды. Ал «Сүйікті Көкшетауым!» атты суретшілер сайысында жүлделі II орынды еншілесе, «Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымның дамуын қолдау қоры» ұйымдастырған «Ардақтайық ананы» атты халықаралық сурет, фотосурет және қолөнер байқауында II дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, қазақ тілі пәнінен лицейішілік олимпиададан I орынға қол жеткізген ол информатика пәні бойынша «Компьютерлік дизайн» сайысынан да осы жетістікті қайталады. Әдебиеттік оқу пәнінен «Білім турнирінде» III дәрежелі дипломға ие болды. «Мақал – сөздің мәйегі» атты сайыста «Мақалшы» атағының иегері. Робототехника пәнінен «LEGO платформасымен жұмыс жасау» атты қашықтықтан онлайн курсқа қатысып, білімін де арттырды.
«Зерде» шығармашылық жобалар және зерттеу жұмыстары қалалық байқауында жүлделі II орынды еншілеген талантты жас бос уақытында компьютерде әртүрлі монтаждар, фотошоптар, коллаждар, видеороликтар жасағанды ұнатады. Сүйікті пәндері қазақ тілі және әдебиеттік оқу болғандықтан, әдеби кітаптарды көп оқиды, әсіресе Абай атамыздың өлеңдерін оқығанды ұнатады.
– Болашақта «Компьютерлік және ақпараттық жүйелер менеджері» болғым келеді. Жақсы компанияның технологиялық қажеттіліктерін талдай отырып, тиісті деректер жүйелерін енгізуді бақылап отырсам ба деген арманым бар. Ең бастысы, Жер бетінде тыныштық пен бірлік болса екен, екіншіден, отбасымның мәңгілік бақытты болғанын да қалаймын, – деген Назерке Нұржанқызы алдағы уақытта көптеген жетістіктерге жетіп, жер шарын аралап, саяхат жасауды да армандайды. Армандарының орындалуы өз қолында екенін түсініп, жақсы оқып, алға ұмтылу қажет екендігін білгендіктен Назеркенің өмірлік ұстанымы «Тек алға!».
Ендеше, әрбір қадамың құтты болғай, Назерке!
Достарыңызбен бөлісу: |