Шарттылық қатынастағы құрмалас сөйлемдердің басыңқы сыңарының модальдық сипаттары



Дата27.12.2016
өлшемі80,32 Kb.
Шарттылық қатынастағы құрмалас сөйлемдердің

басыңқы сыңарының модальдық сипаттары

Гүлмира Бекмағанбетова

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ оқытушысы
Сөйлем табиғатын тереңдей түсінуде олардың модальдық мәндеріне назар аудару – синтаксистің, оның ішінде сөйлем синтаксисінің негізгі міндеттерінің бірі. Бүгінге дейінгі синтаксис саласындағы зерттеулерде бұл мәселеге тиісті деңгейде мән беріле қоймай келгені белгілі. Сондықтан да тілдің сөйлемдік деңгейдегі алуан түрлі ішкі мұмкіндіктері, стильдік, модальдық ерекшеліктері зерттеушілер назарынан тыс қалып отырды. Демек, қазіргі уақыт талабы синтаксистік зерттеулерде сөйлемді жан – жақты тереңдей қарастыруды, көптеген мәселелерді қайтадан ой елегінен өткізіп, бүгінгі ғылым дамуы деңгейінен бағалауды қажет етеді. Мұнда құрмалас сөйлемді құраушы сыңарлардың, ол жекелеген сыңарлардағы лексикалық бірліктердің осы сөйлем құрамындағы қолданым арқылы атқарып тұрған синтаксистік, коммуникативтік қызметтерін жан-жақты қарастыру жөн болмақ.

Сөйлемнің семантикалық құрылымы туралы мәселеде нақты алғандағы құрмалас сөйлемдердің өзіндік ерекшелігі ескеріле бермейтін тәрізді. Мысалы, Т.Н.Ермекова: «Сөйлемнің мағыналық құрылысы мағыналық бөлшектерден тұрады. Жалпы мағына сөйлемнің мағынасын тұтастай білдіреді, бірақ ол сөйлемнің жеке-жеке бөлшектерінің білдіретін мағынасының жиынтығы емес, керісінше сол бөлшектердің өзара байланысының нәтижесінде пайда болатын, сапалық тұрғыдан мүлде жаңа мағына» - деп өте орынды айта келіп, Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше, Жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше – деген құрмалас сөйлемнің семантикалық құрылымы туралы былай дейді: «Сөйлемдегі пропозицияға жібек, орамал, кебу, бас, жер, жету сияқты жекеленген бөлшектердің білдіретін жеке мәндерінің жиынтығы емес, осы бөлшектердің өзара байланысының нәтижесінде пайда болатын жаңа мән негіз болады» [1-20-б.] – десе де, ол «жаңа мәннің » қандай мән екеніне тоқталып жатпайды. Біздіңше, жай сөйлемдерге байланысты айтылатын бұл түсінік құрмалас сөйлем категориясының семантикалық ерекшеліктерін толығымен қамти алмайды. Мұнда мәселеге басқаша түрде, кеңірек ауқымда және нақты түрде келген жөн деп білеміз. Құрмалас сөйлемдердегі мән-мағына, грамматикалық тұрғыдан келгенде, оны құраушы екі сыңардың құрамындағы жеке-жеке лексикалық бірліктердің мағыналарының жиынтығынан тұрмайтындығы, тіпті құраушы сыңарлардың әрқайсысының жеке-жеке алғандағы мағыналарының жиынтығынан да тұрмайтындығы айқын. Сондықтан «бөлшектердің өзара байланысының нәтижесі» делінетін мағына туралы мәселе нақты айқындалып алынуы қажет деп білеміз. Соның ішінде, құрмаласты құраушы сыңарлардың өзара байланысуының және құраушы сыңарлардың осы байланыс нәтижесінде білдіретін синтаксистік мағынасының сипаты барлық жағдайда, яки құрмаластың барлық түрлерінде бірдей, бірыңғай болмайтыны да байқалады.

Яғни құрмалас сөйлемдер арқылы тек қана белгілі бір сипаттағы ақпараттық информация беріліп қана қоймайды, сонымен қатар құрмаластың компоненттері арқылы берілетін жекелеген ақпараттар белгілі бір жаратылыстық болмыстық заңдылықтарды (ыңғайластық, қарсылықты, себептік, шарттылық, т.б.) бейнелеу арқылы, осындай категориялық сипаттағы ұғымдардың қиылысында, солардың өрісінде көрінеді. Ал мұндай қатысымдық мақсаттардың жай сөйлемдер арқылы берілуі мүлде басқаша сипатта көрінеді, яғни оларда осындай мағыналарды бейнелеу қызметі синтаксистік тәсілдер арқылы емес, лексикалық құралдыр арқылы жүзеге асырылады да, жеке сөздердің мағыналары арқылы көрінеді

Сөйлем құрамындағы жекелеген лексикалық бірліктердің жалпы алғандағы сөйлем сипатына, оның синтаксистік табиғатына қалайша әсер ететініне орыс филологтары ертерек көңіл аударғанын көреміз. [2.15] Р.А.Будагов: «Выдающиися лингвисты разных стран неоднократно подчеркивали, что развитые языки нашей эпохи являются не только средством коммуникации, средством передачи мыслей и чувств людей, живущих в обществе, но и средством выражения тончаищих оттенков между этими мыслями и чувствами. В истории русского языкознания подобный тезис талантливо развивали Потебня и Шахматов, Пешковский и Щерба, Виноградов и Винокур и многие другие» ,- дей келіп, Пешковскиийдің: «Все дело в этих почти и как бы, на которых зиждеться вся грамматика» - деген пікірін алға тартады [3.23].

Сөйлемнің модальдық сипаты туралы мәселелер қазақ тіл білімінде де әуелден –ақ сөз болып келе жатқаны белгілі. Сөйлеудің, тілдің адаммен, сөйлеуші субъектінің алуан түрлі көңіл – күйі, мақсат – мүддесі, арман – тілегімен байланысты болып келетіні А.Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов еңбектерінен бастау алады. Айталық, А.Байтұрсынұлы етістіктің рай категориясын билік, ереуіл, болжал, мұң, қайрау рай деп бөлуі, сөйлем түрлерін лепті, бұйрықты, тілекті деп, тілек сөйлемдердің өзін жай тілек, үгіт тілек, өтініш тілек, бұйрық тілек деп бөлулері бекер болмаса керек.[3]. Акад. Қ.Жұбанов та бұл мәселеге көмекші етістіктер туралы мақаласында, тағы басқа еңбектерінде назар аударғанын көреміз. [4].

Модальдылық мәселесі жай сөйлемдерге қатысты О.Төлегенов, Ж.Садуақасов т.б. авторлардың еңбектерінде қарастырылған. Ж.Садуақасов: «Модальдылық – белгілі бір тілдік құралдар арқылы ойдың шындыққа /реальды/ ирреальды қатысын және сөйлеушінің оған көзқарасын білдіру ерекшеліктері болып табылады»,-дейді. [5.27]. Бұл мәселе қазақ тілін зерттеген орыс ғалымдарының да назарын ерте кезден – ақ аударған. Қ.Есенов өз еңбегінде П.М.Мелиоранский, Н.И.Ашмарин, Н.К.Дмитриев, А.П.Поцелуевский, А.Н.Кононов т.б. ғалымдардың шарттылық қатынастың модальдық мәндерінің ерекшеліктері жөнініде айтқан пікірлерін келтіреді. Ғалым мұнда әлі де болса, толық ескерілмей келе жатқан мәселелердің бар екеніне тоқталып: «Оқулықтар мен ғылыми еңбектерде және кейбір жеке мақалаларда аталған сөйлем жайында әңгіме болғанда, басыңқыдағы істің орындалуы үшін бағыныңқыға шарт қойылады деген сияқты белгілі тұжырымнан әрі бармайды. Тіпті бағыныңқы мен басыңқы сөйлемдердің арасындағы шарттылық қатынас қандай дәрежеде болып отырады, олардың баяндауыш формаларының байланысы қалай түрленіп келеді, осыған сәйкес олардың шақ жағымен ара салмағы қалайша болады т.б. толып жатқан мәселелер назардан тыс қалып келді»,-дейді. [6.95].

Құрмалас сөйлемдердің модальдылық сипаты шарттылық қатынастағы сөйлемдерден мол көрінеді. Проф. Қ.Есенов шартты бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарының баяндауышы қызметінде келетін болжалды келер шақ есімше мен са/се тіркесі (барар болса т.б.) туралы пікірлерінде осындай сөйлемдердің стильдік ыңғайдағы ерекшеліктері болатынына назар аударады. Ол «Бір ақылымды алар болса, Базекең бұл өлкенің елінен қайыр күтпесін» (М.Әуезов) деген сөйлемді талдай келіп,: «Бұл сөйлемді «бол» көмекші етістігінсіз де айтуға болады: Бір ақылымды алса, Базекең бұл өлкенің елінен қайыр күтпесін. Бірақ бұлай айтудан сөйлемдер арасында стильдік айырмашылық байқалады. Алғашқы сөйлемде субъект тарапынан ақыл алу мәселесіне барынша назар аударылып, соған көңіл қойылса, соңғыда бұл жағдай жай ғана ешбір мәнесіз, қоспасыз баяндалған»,- деп көрсетеді. [7.100]. Баяндауыш тұлғаларының осындай ерешеліктеріне автор В.М.Насиловтан, Н.П.Дыренковадан пікірлер келтіріп өтеді. Демек, сөйлем табиғатын тереңдей зерттеудің осындай бір үлгісі қазақ тіл білімінде проф. Қ.Есенов еңбектерінде көрінетіні – атап айтуға тұрарлық үлгі.

Ғалым: «Түркологиялық әдебиеттерде шартты рай (алсаң) мен модальдық шарттың (алған болсаң) бір – бірінен сапалық айырмашылықтары бар екендігі айтылады. Бірақ бұл айырмашылықты әрқайсысы әр түрлі түсіндіреді», - дей келіп, А.Н.Кононов, П.И.Кузнецов, А.Г.Азизова пікірлеріне талдау жасайды. Ғалым осылайша қалыпты шарт мағынасынан «сипаттама жолмен» жасалған «модальды шартты» ажырата қарау бағытын қолдайды. Әрине, бұл өте орынды, дегенмен модальдылық ерекшелікті әлі де болса, тек бағыныңқы сыңардың баяндауыш тұлғасынан ғана көру мәселені толық шеше алмаса керек.

Біздің байқауымызша, тіліміздегі шарттылық қатынастағы сөйлемдер табиғатының модальдық ерешеліктері, әсіресе, олардың басыңқы сыңарларының алуан түрлі модальдық сипатта берілу мүмкіндіктері ереше назар адарады. Құрмалас сөйлемдердегі синтаксистік қатынасты айқындаудың әдетте бағыныңқы сөйлем баяндауышына баса назар аударатын тәсілі шарттылық қатынастағы сөйлемдер үшін үнемі негізгі критерий бола алмайтыны көрінеді. Мысалы, себептік қатынастың –ғандықтан, мақсат қатынасының –мақ үшін (у үшін) т.б. формалары осындай синтаксистік қатынасты жасаудың негізгі тәсілі бола отырып, басыңқы сыңардың да дәл осы ыңғайдағы мағыналық өрісте келуін міндетті етіп қояды. Мысалы: Жұмысқа кешігіп қалғандықтан, деген себептен соң міндетті түрде салдар мәнді сыңар келеді. Ал, са/ се тұлғалы форма бағыныңқы баяндауышының құрамында келгенде, бағыныңқы сыңар дара тұрып айқын шарттылық сипатта сияқты болып көрінгенімен, басыңқы сыңардың мағынасына қарай тұтастай сөйлемнің синтаксистік сипаты мезгіл, түсіндермелі т.б. түрлерге оңай ауыса алады. Мысалы: Мұрат ауылға барса, Асқар қалаға кетіп қалыпты. Мұрат ауылға барса, Асқарға кездесер еді. Мұрат ауылға барса, ал Асқар қалаға барады. Бұл тұрғыдан біз са/се тұлғасын «ашық тұлға» деп атауға болады деп білеміз. Бұл – бағыныңқы сыңар баяндауышы ретінде келетін са/се тұлғасының өзіндік ерешелігі тәрізді.

Жоғарыда шартты райдың са/се тұлғасымен келетін құрмалас сөйлемдердің алуан түрлі синтаксистік қатынасты білдіре алатынын айттық. Ал олардың нақты қандай синтаксистік қатынасты білдіруі, шынында, тек шартты рай тұлғасына ғана емес, тұтастай басыңқы сыңардың мағынасына байланысты болады. Осы реттен, басыңқы сыңардың маңызды қызмет атқаратыны көрінеді. Мысалы: 1. Ол жанымда жүрсе, мен де батырларша батылданам. (Ф.Оңғар) 2. Мен барсам, қабырғаға сүйеніп қарап тұрам. (О.Бөкеев). деген сөйлемдердің бағыныңқы сыңарлары формалық жағынан бірдей болса да, басыңқы сыңарларының мағынасы әр түрлі. Осы басыңқы сыңардың мағынасына назар аудара отырып,алғашқы сөйлемді шартты бағыныңқылы сабақтасқа жатқызамыз. Мұнда шарт – нәтиже мағынасы айқын көрінеді: Батырларша батылдануымның шарты – оның жанымда жүруі. Ал екінші мысалдан мезгіл мағынасы байқалады: барсам- барғанда - барған кезде;т.б.

Мына мысалдарға назар аударайық: Күріш ексең, қандай тұнып шығар еді. (С.Мұқ. 5-том) 2. Сол жақсы өріске беттеп көшкен ел керуенінің көшбасшысы бола алсам, менің еңбегімде арман жоқ (М.Әуезов Т.Ш,3-б) 3. Егер мен шақырсам, ақының біздің үйге келе ме?,-деді. (С.Ер шығ). Бұл мысалдардың бағыныңқы сыңар баяндауыштары са/се тұлғасында келіп, басыңқы сыңарлары әр түрлі модальдық мәнде тұр. Алғашқысы – таңданыс, екіншісі – көңілі толу, үшіншісі – сұрау мәнді. Басыңқыдағы осындай алуан түрлі мағыналарға бағыныңқы сыңар тікелей әсер етпейді. Ашық тұлға са/се басыңқының осындай сан түрлді модальдық сипатта келуіне еркін жағдай жасайды.

Қорыта келгенде, біз шарттылық қатынастағы сөйлемдердің басыңқы сыңарының мағыналық, модальдық табиғатын тереңдей зерттеу тіліміздегі құрмалас сөйлемдер табиғатын түсінуге мол мүмкіндік ашады деп білеміз.



Реэюме
В статье рассматривается вопрос модальности в сложноподчиненных предложениях условия в казахском языке

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ермекова Т.Н. «Компоненттер құрылысының құрмалас сөйлемнің грамматикалық – семантикалық сипатына қатысы» А,2007, доктор дисс. автореф.

  1. Будагов Р.А. О предмете языкознания В кн. Человек и его язык М, 1976.

  2. Байтұрсынұлы А. Тіл тағлымы, А. 1992

  3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер, Алматы, 1966

  4. Садуақасов Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы А,1994.

  5. Есенов Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер, А, 1969

  6. Сонда.





Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет