Шәңгерей ХІХ ғасырдың екінші жарымы, ХХ ғасырдың бас кезінде бұрынғы Ішкі Бөкей ордасында өмір сүрді. Бөкей ордасы, әсіресе Жәңгірдің хандық құрған кезі хан, феодалдарға қарсы езілуші шаруалар көтерілісінің туын тіккен жері болғандығы жұртшылыққа мәлім.
Шәңгерей есін білген кезде де халық көтерілісінің ізі әлі суымаған болатын. Бірақ ол жағдайлар хан семьясында туып, хандық тәрбиеде өскен келешек ақынға ешбір әсерін тигізе алмаған-ды.
1841-1842 жылдар Ішкі Бөкей ордасының хандығын жою мәселесі қойылады. 1845 жылы Жәңгір хан өлгесін хандық жойылып, Ішкі Бөкей ордасын басқаратын уақытша кеңес құрылды. Оны басқарушылар патша чиновниктері болды. Бөкей ордасындағы хандықтың мансоқ болуынан екі жыл кейін Шәңгерей дүниеге келді.
Шәңгерей туралы көптеген адамдар жазды: Нұғыман Манаев, М.О.Әуезов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, т.б. Әйтсе де Шәңгерейдің өмірбаянын алғашқы құрастырушы да, оның творчествосына өзінше талдаулар жасаушы да Нұғыман Манаев. Н.Манаев Теңіз ауданынан. Революцияға дейін Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқыған, орысша да жақсы білімді, Совет үкіметі кезінде бірден-ақ әлеумет жұмыстарына белсене араласып, үлкен-үлкен жауапты қызметтерде болған көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі.
Н.Манаев - Шәңгерейдің өмірін жақсы білетін адамдардың көпшілігімен жақын жолдас болған адам. Өзі жаратылысында ұшқалақ мінезі жоқ, өте салмақты, байымды, айтарлықтай инабатты кісі болатын. Демек, ол кісінің Шәңгерей өмірбаяны туралы келтірген фактілері мен сілтеулеріне әбден сенуге болады. Сондықтан біз Шәңгерейдің Н.Манаев жазған өмірбаянын негізге алдық.
Шәңгерей Сейіткереевич Бөкеев 1847 жылы Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы (қазір Жәнібек ауданы) Жасқұс деген жерде туып, 1920 жылы сол облыстың Қаратөбе ауданы Ақбақай деген жерінде қайтыс болады. Шәңгерей - Жәңгір ханның немересі.
Шәңгерей 5 жасқа келгенде әкесі қайтыс болып, шешесі Ермектің тәрбиесінде қалады. Әйтсе де ол жетімдік көрмейді. Ата дәулетінің арқасында жасынан оқып, ғылымға қолы жетеді. Астраханда реальное училищені бітіргеннен кейін, Орынбордағы әскер бастықтарын даярлайтын кадет корпусына түседі. Бірақ Шәңгерей онда екі-ақ жыл оқиды. Ағаларының зорлауымен Самар губерниясында мировой судья болып біразырақ істейді де, ол қызметін тастап, өз еліне келеді. Бұдан кейін кеңсе жұмысына араласпай, өзіне меншікті жер алып, Самар губернаторындағы дворяндардың тізіміне тіркеледі де, қалған өмірінің көпшілігін өз имениесінде өткізеді. Орданың Жәнібек жағында Көлборсы деген жерді өзіне қаратып алады да, онда бау-бақша, алма ағашын ектіріп, сәнді үйлер салғызады. Өз қарауында 40-50 үй қоңсылары болады. Қоңсыларына егін салдырып, егіске машиналар да қолданады. Малының саны аз болғанымен, сапасы жақсы, кіл асыл тұқымды болады.
Өзі көбіне аңшылыққа әуестеніп, неше түрлі құс, жақсы тазы иттер ұстайды. Әрқайсысының бабын тауып, «тілін» білуге тырысады. Қысы-жазы ит жүгіртіп, құс салып, аңшылықпен айналысады. Аңшылық туралы әңгіме өз өміріндегі ең сүйген нәрсесі болады. Сонымен қатар Шәңгерейдің өте бір көңіл аударғаны - ғылым, искусство, әдебиет. Білімпаздардың және классик жазушылардың еңбектерін көп оқып, көп көңіл бөледі. Солардың ішінде Лермонтов пен Гогольді жаны жақсы көреді. Сурет салу өнерін де мейлінше ұнатады. Жақсы суретшілермен дос болып, үйіне әкеліп, суреттер салдырады екен. Мальев деген суретшінің сурет салу үшін үйі келіспегенде, оған өз үйінен орын берген. Шәңгерейдің өте ұнататын және бір нәрсесі - музыка, ән, күй болады. Домбырашыларды шақырып алып, түнімен домбыра тартқызу дағдылы әдетіне айналған.
Шәңгерейдің өмірін, творчествосын қазақтың басқа ақындарымен салыстырсақ, ол ешқайсысына да ұқсамайды. Бұл жағынан оның сыңарларын, оған ұқсастарды ХІХ ғасырдағы орыстың дворян слойларынан шыққан кейбір ақын-жазушылардан ғана іздеген жөн. Шәңгерейдің әлеумет істерінен бойын аулақ салып, өз өмірін имениесінде өткізу, дарашылдықты сүю, тек қана әнші, күйші, өнерпаздарды болмаса, басқалармен қарым-қатыс жасауды ұнатпау тәрізді мінездері - қазақ жағдайында оның тек өзіне ғана тән ерекшеліктер. Бір сөзбен айтқанда, мұның атын дарашылдық дейді. Шәңгерей шығармаларының тақырыбы да, идеялық мазмұндары да белгілі бір тарихи кезеңдерде болатын осы ағыммен үндес, туыстас.
Дарашылдықтың негізгі қасиеті - қоғам өмірінен аулақтау, әлеумет өмірінен қашып, жеке бір өмір іздеу, «өмірде мені қызықтыратын еш нәрсе жоқ» деп, адам тіршілігімен жанастырмай, онан табиғатты, сұлулықты бөліп алып, сүйіспендік, махаббатты жырлау, «көркемөнер - көркемөнер үшін» деген сарынға бой ұрып, нені суреттесе де, өзінің көңіл күйін күйттеп, оған не машығы ретінде қарайды, не ішкі күйінішін, наразылығын сыртқа шығарып, өзімен-өзі сөйлесіп, іштей тынады.
Шәңгерей көбіне өзінің жастық өмірін жырлады. Өмірінің ішіндегі ең қызықты кезі жастық шақ деп білді. Өсе келе, оған сол жастық өмір де қызығын жоғалтып, басқа түске енеді.
Бір күнде, жас көңілім, судай тастың,
Тасқындап кемеріңнен шалқып астың.
Төрт бұрыш дүниені көрмей болжап,
Қиялмен көк қақпасын барып аштың.
Албырт жас кезінде дүниеге кұлашын жайып, киялын көкке шарықтатқан Шәңгерей, ес біліп, айналасына өзінің көзқарасы берки бастағасын-ақ дүниеден суынып, жастық өмірдің келешегін емес, иек атпада таяу тұрған қысқалығын жыр етті.
Шәңгерей бір өлеңінде:
Жер-жебір, жермен-жексен болайын деп,
Сен тұрсың кезеңінде пәни дүниенің, -
десе, бір өлеңінде:
Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жымия,
Қараңды үзіп барасың,
Бізден де, қайран дүние! -
деді. Сөйтіп, ақын жалпы өмір жырын өз өмірінің айналасына құрды. Шынында, бұл тек өз өмірі емес, өзінің жыр еткен, сүйген ескі өмірінің сахнадан шығуымен байланысты болатын. Шәңгерейдің алғашқы өмір сүрген кезі хандықтың жойылған, капиталистік қарым-қатыстың жайыла бастаған кезі еді. Сондықтан да ол:
Ағасың, ақылың1 артық асқармен тең,
Асылдың арқар2 ұранды тіреуісің.
Ала ту Абылайдың ала аттансаң,
Аламан3 артындағы біреуімін, -
деп, кей кезде үміттенеді де. Бірақ ол тек аңсау, арманнан әрі бара алмайды. Заманның озуы, жағдайлардың өзгеруімен байланысты ескі хандық дәурен енді қайта оралмайтындығына және оны қайта тірілтем деу қауіп екендігіне көзі жеткен саналы ақын сол өлеңінің аяғын:
Алайда аңсыраған алғыр тұйғын,
Абайсыз аңқып ауға шырмалады, -
деп бітіреді.
Шәңгерей ескі өмірді сұғына жырлап, оны қайта орнату керек демесе де, өз кезіндегі жаңалықтардың көбімен келісе алмады. Міне, осыдан келіп әлеумет өмірінен аулақтау, табиғатқа, оның әртүрлі құбылысына берілу, көлемі шағын тақырыптарды алып жырлау, өзінің ой-пікірін соның айналасына жиыстыру, жалаң көркемдікті машықтау, «дарашылдыққа» ұшырады.
1Н.Манаевтың түсіндірмесінде «ағасы - Құбаш болуы керек» дейді. Қайткенде де «ағасы» - төре тұқымы. «Арқар ұранды» деуі осыны аңғартады.
2Арқар - төрелердің ұраны
3Аламан - көпшілік. Қарашылар.
Біз үзінді келтірген өлеңдердегі айтылған «жермен-жексен болайын деп тұрған қиялда», «қарасын үзіп бара жатқан дүниеде», бір жағынан, өз өмірін жырлау болса, екінші жағынан, феодалдық өмірдің іріп бара жатқандығымен байланысты туған болатын-ды.
Мұндай бағыт жалғыз Шәңгерейдің басында ғана болған оқиға емес. Бұл ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінде де болды. Орыстың Фет, Тютчев тәрізді ақындары да искусство (көркемөнер) әдемілік үшін ғана керек, ол қоғам күресінен аулақ, «ерікті» деген көзқарасты ұсынды.
Қазақ әдебиетіндегі Фет, Тютчевтің сыңары - Шәңгерей.
Үстірт қарағанда, бұл бағыттың өмірдегі күрес-тартыспен еш байланысы жоқ тәрізді. Шындығына келгенде, сенде мені қызықтыратын еш нәрсе жоқ деп, жеке өмірімен байланысты ғана нәрселерді жыр қылудың өзі - қарсылық көрсету. Ақынның өз кезіндегі әлеуметтік құрылысқа жасаған наразылығы еді. Әдебиет тарихына көз жіберсек, кейбір ақындар өз кезіндегі құрылысқа риза болмай, өткен өмірді жырлады, кейбірі өз дәуіріне риза болмағанмен, жақсылықты келешектен күтті. Ол күннің болатынына көзі жетпесе де, өз елінің сол қалыпта тұра алмайтындығын, сондықтан оның өзгеруі және оны өзгерту керектігін айтты. Соны өзгертетін келешек жастар деп сене білді.
Шәңгерей бұрынғы ақындардың қиялдаған дүниесінің ар жағында олардың ой-санасы жетпеген тамаша өмірдің кезінде тіршілік етті. Мысалы: ол 3-4 жыл болса да, Совет үкіметін көріп өлді. Шәңгерей капиталистік қарым-қатынасты ұнатпай, алдан бір нәрсені күткен ақын болса, Совет үкіметіне құшағын ашып, жаңа үкіметтің қазақ халқына берген зор бақытына сүйсінді ме, жоқ па? Ол жөнінде не тарихи мәлімет аз, көп шығармалары бізге жеткен жоқ. Нұғыман Манаевтың айтуынша, Шәңгерей өмірінің соңғы кездерінде көлемді екі әңгіме жазған.
«Шәңгерейдің «Қара мұрт» деген қара сөзбен жазған әңгіме-романы болған. Сол романын уақытында бастыруға бермеген. Қолжазба күйінде әркім ұрлап алып оқып жүріп, аяғында жоғалтқан. «Қара мұртты» қолжазба күйінде ұрлап алып оқушының бірі - Абдол Бөкейханов...» дей келіп: «Бесінші жылдың төңкерісі, 1916 жылдың оқиғасы, баяғы орыс-жапон соғысы, орыс-түрік (Балқан) соғысы, кешегі азамат соғысы, 1917 жылғы Октябрь революциясы - бұлардың барлығы да Шәңгерейдің тұсында болған ірі оқиғалар. Шәңгерей сияқты ақындардың бұл сияқты оқиғаларға селт етпей қалатын жөні жоқ. Бірақ бұл оқиғалар туралы ақынның не ойлап, не істегені туралы біздің қолымызда, ел аузында қалған бас-аяғы жоқ, аз ғана сөзден басқа ешқандай дерек те жоқ»1, - дейді Н.Манаев.
Зерттеушінің бұл күдіктері орынды. Оларға біз де қосыламыз. Шәңгерей - оқымысты, көзі ашық адам. Газет, журналдар да алдырып отырған әрі талант иесі ақын. Демек, ол айналасында болып жатқан әр алуан оқиғаларға көңіл аудармауы мүмкін емес. «Қара мұрт», «Сұрау-жауап» әңгімелерінде қоғам өміріне өзінің ескі көзқарастарын өзгертуі де мүмкін. Бірақ ол материалдар қолымызда болмағандықтан, ол туралы пікір айту қиын. Сондықтан біз ақынның көзқарастары мен өмір танушылықтарын айқындауда оның қолдағы бар материалдарының негізіне сүйендік. Оларға қарағанда, Шәңгерей - ескішілдік көзқарастағы ақын. Бірақ Шортанбай, Әубәкір, т.б. қазақ ақындарымен салыстырғанда, олардан анағұрлым басқаша. Шәңгерей ескіні аңсаса да, оны қайта орнатуды арман етпейді. Өте бір қымбатымнан айырылдым деп жас та төкпейді. Бұл дүниеден мүлде безіп, ол дүниеге үндеу, өлімге шақыру, құдайға құлшылықты уағыздап, дінге берілуді насихаттаудан да Шәңгерей аулақ. Өткеннің қайта оралмайтындығын да жақсы ұғынады. Айналасындағы әр алуан жаңалықтарды мойындамаса да, оларға шабына қарсы шықпайды. Ол жаңалықтар елді аздырып, жұртты тоздырарлық жағымсыз құбылыстар деп, ешкімді оларға қарсы үгіттемейді. Айналасындағы өмір құбылыстарына оның барлық қарсылығы дарашылдық бағытқа бой ұруымен ғана шектеледі.
ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы ескілікті аңсаушы ақындардан кейбір жайттарда іргесін бөлек салып, жаңашылдық идеяны қолдаушыларға үн қосады. Мұны біз оның ғылымға, искусствоға, әдебиетке деген көзқарастарынан айқын аңғарамыз.
Оған дейінгі феодалдық идеяны үндеуші ақындар әр алуан жаңалықтардың барлығына қарсы шықты. Соның ішінде әсіресе ұнатпағаны - ғылым. Оны «шайтани» өнер деп түсіндіруге тырысты да, ислам дінін жаңалыққа қарсы күресте негізгі құралдарының бірі етіп қолданды. Шәңгерей, керісінше, әдебиет, искусство, ғылымға айрықша көңіл бөлді.
Шәңгерей ең алдымен ғылым мәселесіне үлкен сеніммен қарады. Қоғамның дамуы үшін ғылым негізгі шарттардың бірі екендігін ұғындыруға күш салды. Өлеңдерінде жастарды оқуға, ғылыммен шұғылдануға шақырады.
1Шәңгерей. Өлеңдер жинағы, ККӘБ, Алматы, 1933, 26-бет.
Оқысаң ғылым нұрын, білім асар,
Көңілдің кіршік басқан көзін ашар.
Мас болған біліміне кейбір жастар,
Жерлерге аяқ жетпес аяқ басар.
Апыр-ай, кімге аян бұл жаһанның
Белгісіз ұлылығы асқар-асқар.
Ақын, бір жағынан, жастарды ғылымға үндесе, екінші жағынан, олардың «аяқ жетпес жерлерге аяқ баспауын» аңғартады. Ғылым түпсіз тұңғиық немесе асқар тауға ұқсас. Оның барлығын түп-түгел уысыңа сыйғызу мүмкін емес. Ғылымға ұмтылушылар өзіне белгілі бір шек қою керек деген пікірді мегзейді.
Бұның екеуі де дұрыс. Ғылымға ұмтылу қанша керек болса, әр адам ең алдымен ғылымның белгілі бір саласын толық меңгеріп алмай, көрсеқызарлыққа салынса, ондайлар көп нәрседен хабардар болғанмен, шалағай шалдуарлық шеңберінен аса алмайды. Көп ғылым саласын ойдағыдай меңгеріп, терең білу, бірнеше ғылым маманы болу - ілуде біреудің ғана қолынан келетін іс. Кез келген ғалым өзін Аристотель, Әл-Фараби, Ломоносов санауына болмайды. Сондықтан әркім өз шамасын білуі керек деген пікірдің қателігі жоқ.
Ғылымға ұмтылушы жастарға Шәңгерейдің үлгі еткені, қазақтың Бұхарда, Мекке мен Мәдинеде, Қазанда оқып келген молдалары емес, Эдисон болды. Атақты физик-ағылшын ғалымын оларға үлгі етті. Сондай адам болсақ, құдайға да жаман кісі болмас едік, сол қолдан келмей тұр деп, оқымысты болуды арман етеді. Сонымен қатар ғылымға бөгеттік әрекет жасайтын, өздері соқыр, жұртты да қараңғылыққа қарай жетектейтін молдаларды өлтіре шенейді. Ақынның Эдисонға арнаған өлеңі ғылым мен надандықты бір-біріне қарама-қарсы қойып, молдаларды мысқылдап, Эдисонды мадақтау тұрғысынан жазылған. «Жансыз затты сөйлеткен өнер-ғылымды» молдалар «шайтани» іс деп бағалайды, бұдан артық надандық бола ма дей келіп, молда біткендердің бәрін де зілді кекесін түрінде шенеп, ғылымға төмендегіше анықтама береді:
Бұл ғылым бір бәйтерек шектен асқан,
Шұлғанған бұтағына ғарші-гүрсі.
Бар ғалам он сегіз мың саясында,
Таусылмас бұтақ сайын бар жемісі.
«Шайтани» бұл өнерді қалай дейміз,
Әр өнер сол жемістің бірдемесі».
Қазір біздің заманымыздың адамдары үшін ғылымның мәнін түсіндірудің қажеті аз. Өнер-ғылым «шайтани» нәрсе еместігін балаға шейін түсінеді. Бірақ Шәңгерейдің кезінде ғылымның қоғамдық мәнінің зорлығын, халқымыздың мәдениетті елдер сапына кіруі үшін ғылымның керектігін көпшілікке түсіндіру көзі ашық, оқыған азаматтардың негізгі міндеттерінің бірі болатын. Шәңгерей - бұл мәселеде де өз міндетін атқара білген ақындарымыздың бірі. Эдисонға арналған өлеңі бұған толық дәлел:
Сөйлеткен жансыз затты - өнер ісі,
Есітіп таң қалады көрген кісі.
Білмейді қалай етіп түсінерін,
Айтпаса түсіндіріп білген кісі.
Істерді Қазанда оқып, Бұхар барып,
Айтар ма «ғалым» болып келген кісі.
Сұрасақ бұл не іс деп, сол ғалымнан
«Шайтани», - мұны дейді, - «кәпір ісі».
Тәртіпсіз жоқ-бар затты оқуменен
Ғылымның қасил1 болмас қуат, күші», -
деп, ақын ғылымды көпшілікке түсіндіру әрбір көзі ашық азаматтың міндеті екендігін аңғартумен қатар, өмірге еш пайдасы жоқ дін оқуымен көр көз болған молдаларды сықақ етеді.
1Қасил - пайдаға аспас, табылмас.
Шәңгерейдің өмірін зерттеушілердің айтуынша, Шәңгерей орыс әдебиетін өте жақсы білген. Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Фет, Тютчев, т.б. ақын-жазушыларды сүйіп оқыған. «Өлі жандардың» көп жерлерін жатқа айтады екен деседі. Шәңгерейдің реальное училищеде, кадет корпусында оқуының өзі-ақ оның тек орыс тілі мен әдебиеті ғана емес, Европа әдебиетімен де жақсы таныстығын дәлелдейді. Тіл мен әдебиет - ол кездегі орыс мектептерінде негізгі пәндер. Ескі мектептерде оқыған қазақтардың бәрі де орыс тіліне жүйрік келетіні көпшілікке мәлім.
Бірақ Шәңгерей - орыс әдебиетін жай оқушы ғана емес, әрі одан үйренуші, әрі аударушы. Шәңгерей өлеңдерінде кездесетін сұлу сөз, көркем образдар, олардың логикалық мәндері көп жерлерінде Лермонтовтың сөз қолданыстарын еске түсіреді. Сүйіспендік немесе жеке бір өмір құбылыстарын суреттеуде оның өлеңдері Фет, Тютчевтермен тамырлас. Әйтсе де, Шәңгерейдің айрықша ұнатқан, идеал санаған ақыны - М.Ю.Лермонтов. Бір елдің ақындарының екінші бір ел ақындарына еліктеуін кездейсоқ нәрсе деп қарауға болмайды. Бұл екі ел ақындары арасында идеялық-көркемдік жақындықтары болғандықтарын танытады. Бір елдің ақыны екінші бір елдің ақынын аударғанда, оның творчествосының ең болмаса, кейбір жақтары өзін таңғалдырмай, үздік бір ерекшелігіне бас имей, кездейсоқ, жай аудара салды деу бекер. Сондықтан Шәңгерейдің Лермонтовтың «Қашқынын» аударуы екі ақынның творчестволық жақындығынан, зор талант, ірі тұлға, ұлы орыс ақынын қазақ ақынының терең сүюшілігінен деп қарауымыз керек.
Лермонтов Кавказ туралы көптеген лирикалық өлең, бірнеше поэмалар жазды: «Черкестер», «Кавказ тұтқыны», «Қашқын», «Мцыри», «Ауыл Бастунжи», «Измаил-Бей» т.б.
Ұлы ақынның қай поэмасын алсақ та, суреттеген өмір құбылыстарының жайнақылығы, жан үзер нәзіктігі, адам образдарының өз ортасына тән нақтылығы, идеялық-көркемділіктерінің үздіктігі кімді болсын бас игізгендей. Демек, нәзік жан, лирик ақын Шәңгерейдің Лермонтовты сүюі де, оған құлай берілуі де заңды. Мүмкін Шәңгерей Лермонтовтың басқа да өлеңдерін аударған шығар. Бірақ бізге мәлімі - «Қашқын» поэмасы ғана.
«Қашқынды» Лермонтов 1839 жылы жазған. Жасынан Кавказ табиғатының әдемілігін, ол жерді мекендеуші халықтардың, әсіресе черкестердің отаны, жері үшін көрсеткен ерліктеріне сүйсініп, оны ерекше бір ізетпен жырлады.
Отаны үшін батырлықты ұран, қанжарын құрал еткен тау халықтарының ежелгі ерлік салтын бұзып, патриоттық дәстүрге кір келтірген, қорқақтықты өлтіре сынап, Һарунның іс-әрекетін адам жиіркенетіндей етіп суреттеді.
Поэмада екі ағасы, әкесі жауларымен белдесіп, қан майданның төрінде қаза тауып, зор ерлікпен өледі. Һарун кек алудың орнына, өз басын аман сақтау мақсатымен қашады.
Бұл қорқақтық, отанын сату, әкесі, ағаларынан өз жанын артық санап, қайткен күнде де тірі қалуды ойлаған барып тұрған ездік деп, ақын одан досы Сәлімді де, тау сұлуларын да, ақ сүтін беріп асыраған анасын да безіндіреді. Ақыры, ешкім паналатпай, Һарун өзін-өзі өлтіріп, бүкіл жұрт алдында масқара болып, денесі көмусіз қалады. Қанын иттер жалап, балалар денесіне кесек атып, қорлап жатса да, еш адам оған шәһит демейді. Һарунға «итке ит өлім» дегеннің кебін кигізеді. Қашқын Һарунның аруағы да түн болса, әр үйдің есігін қағып, еш жерге бас сұға алмай, дыбыс шықса болды, бұрынғы қашқын әдетінше, қаша жөнеледі деп аяқтайды ақын поэмасын. Поэманың негізгі идеясы - патриоттық. Өз отанының бостандығы үшін күрес, ерлікке үндеу. Поэмада патриоттық идеяның ең биігі дерлік жарқын эпизоды - күресті аңсаушы тау аруларының ерлік жырлары. Бұл жырдың күреске шақыратын рухани күші көңілін ерекше аударғандықтан да, Н.Чернышевский өзінің «Не істеу керек?» атты романына енгізген деп Лермонтов творчествосын зерттеушілер өте орынды айтқан. Шындығында да, қыздардың жыры - поэманың ғажап бір көркем, өмірлік есте қаларлық жері.
Сәлім - ер адам. Сондықтан Һарунды қуып шығуы ешкімді таңғалдырмайды. Патриоттық тәрбиеде өскен әрбір азамат тап солай істеуге міндетті. Ал қыздардың жыры оқырмандарға ерекше әсер етеді. Оның және бір шеберлігі - өзінің сүйген қызы қалай да паналатар деген үмітпен келгенде, тау гөзелдерінің жырлары Һарунның жүрегіне мірдің оғындай қадалғандығын әдемі суреттеуі:
Ай қалқып ақырын туады,
Ер жігіт жауды қуады.
Мылтық жасар жігіттер,
Қыздар оны үгіттер:
Сүйіктім, мені құрбым дер,
Құбылаға жүзің бер.
Тағдырыңа ишанып,
Дұшпанға бол қайтпас ер!
Тайма Расул жолынан,
Берме намыс қолыңнан.
Опасыз болып жақынға,
Қарарсыз болып халқыңа,
Мұқатпай жауды кетпеңіз,
Ит өліммен ақырда.
Ар, намысқа шыдамас,
Жас жігіттер, шын ерлер.
Қорқаққа кет дер, қарамас
Таудағы сұлу гөзелдер.
Не деген ғажап патриоттық жыр! Сол тау гөзелдерінің патриоттығынан ананың патриоттығы асып түседі. Ол - қанша айтқанмен ана. Ит те болса да, Һарун - жүрегін жарып шыққан өз баласы. «Іштен шыққан ала жыланның иреңдеуінің жақсысы-ай!» дейтін ана емес пе ол. Бірақ та елін сатып, әкесін, ағаларын жауда қалдырып, кегін алмай, қара басын қамтып, жаудан қашқан ұлына оның жүрегі жылымайды. Оған ана теріс батасын беріп, лағынет айтады.
Қимадың жақсы өлімге бір басыңды...
Кет жалғыз, қашқын болған масқараңмен,
Қояйын қарайтпай-ақ ақ шашымды,
Қорқақ құл! Енді маған бала емессің,
Сүрттірмен ұятыңмен көз жасымды, -
дейді.
Сөйтіп, поэма оқырмандарын ерлікке, өз отанын сүюшілікке, халқы алдында әркім өзінің азаматтық борышын адалдықпен атқаруға үндеп, патриоттыққа тәрбиелейді.
«Қашқын» - орыс тілінен қазақ тіліне поэмалар аударудың алғашқы тәжірибелерінің бірі. Поэма идеясының отаншылдығы, қысқалығы, көркемдігі Шәңгерейді қызықтыруы немесе ақын оның ұзақ поэмалар аударуға дағдылану, өзінің күшін байқау үшін тәжірибе ретінде осыны таңдап алуы мүмкін. Не басқа бір себептер болуы да ықтимал. Қалай болғанда да, «Қашқын» поэмасы - Шәңгерейдің аударма әдебиетімізге қосқан үлкен үлесінің бірі. «Қашқын» орыс тілінде 8-9 буынды, сөз екпіні екінші буынға түсетін ямб түрінде болып келсе, Шәңгерей оны қазақтың бас бунағы үш буын болып келетін 11 буынды (3-4-4) өлеңімен аударған.
Аудармасында Шәңгерей түпнұсқаның мазмұнын дәл беруге тырысады. Көркемдігі жағы барлық жерінде орысшасына сай емес. Кей жолдарының ұйқасы әлсіз. Аудармашы ақын поэманың мазмұнын дәл беру үшін кей шумақтарында түпнұсқаның көркемдігін сақтамағандығы байқалады. Сонымен қатар мазмұны, көркемдігі сай келген жақсы эпизодтар - Һарунның шешесіне кездесуі және қыздардың әнін суреттеген жері. Тау гөзелдері жырларының ең соңғы шумағы түпнұсқада жоқ. Мұнда Шәңгерей Лермонтовтың айтайын деген ойын поэманың идеялық мазмұнына дәл, өзінше шебер түйіндеген.
Ар-намысқа шыдамас,
Жас жігіттер, шын ерлер.
Қорқаққа кет дер, қарамас,
Таудағы сұлу гөзелдер, -
деп бітіреді.
Әрине, қазіргі аудармаларға қойылатын талап тұрғысынан келсек, «Қашқын» аудармасының өлеңдік жағына көп сын айтуға да болады. Бірақ ұзақ поэмаларды аудару тәжірибесі әлі жоқ кезде, қарапайым түрде болса да, Лермонтов тәрізді поэзия алыбының туындысымен өз халқын таныстырудың мәні зор екендігін және дәуірін еске алып, қазіргі оқушылар жұртшылығы барына мәзір етпек. Сонымен қатар және бір еске алатын нәрсе аудармада кездесетін кемшіліктер (ұйқасы, тіл көркемдігі жағынан) аудармашының ақындық қабілетінің жетпеуінен емес, дәлме-дәл аудару әдісін қолдануынан тәрізді. Бұл әдіс ақынға үлкен қолбайлау болғандығы ап-айқын. Кейде ақын адекватный аудару әдісін де қолданады. Ондай жерлерінде аудармасының көркемдік қасиеті де, ұйқастары да, тіл көркемдігі де ойдағыдай әсерлі. Бұл жайт аударманың біркелкі шықпауы ақынның әлсіздігінен емес, әдісінен деген біздің жоғарғы айтқан пікірімізді растай түсетін сықылды.
Шәңгерей - ең алдымен лирик ақын. Оның біз білетін өлеңдері - түгел дерлік лирикалық өлеңдер. Жоғарыда келтірілген «Өмірдің өтуі», «Бір күнде жас көңілім судай тастың», «Алла яр», «Жаздым аға Көлборсыдан», «Қорытынды», т.б. өлеңдері - азаматтық (саяси) лирика. Бұл өлеңдерінде ақын өмір, заманның ағымы туралы өзінің наным, сенімдерін, жалпы дүниеге көзқарастарын аңғартады.
Ақынның философиялық, сүйіспендік тақырыптарға арналған лирикалық өлеңдері де бар. Оқыған, ойлы, саналы ақын өмірдің әр алуан құбылыстарын өзінше бақылай келіп түйгені - өмірдің әрдайым өзгеріп отыратындығы. Бұл - қоғамдық құрылысқа да, табиғат құбылыстарына да тән нәрсе. «Жалғаншы жарық дүние!» деп басталатын өлеңінің бір жерінде:
Бала болған сол жерім,
Анау тұрған адыра,
Адыра бір қалған Нарында.
Адыра дедім Нарынды
Құтаны ұшып көлінен,
Құты кетіп жерінен,
Саба құрсақ билерден
Еңіреген ерлерден
Айырылып адыра қалғанға, -
деп, кешегі атасы Жәңгір хандық құрған заман мүлде өзгеріп, қазір басқаша түрге енгеніне қайғыра, жаны аши жырласа, екінші бір жерінде өлім мен өмір, бұл дүние мен о дүние туралы да, өзінің ой-қиял, көзқарасын аңғартады:
Мойынға алсам бұл қиял,
Аулақ емес нінәдан.
«Кімсің?» - деп біреу сұраса,
Өзім болып «мен!» - деген,
«Мен» деген кетсе дүниеден
Өзім болып «менмін» деп,
Жауап берер қай адам?!
«Менмін» деген сол «менмін»
Жойыла ма алаш, әр заман.
Қиямет мақшар таң туса,
Өзім қайта «мен» болып,
«Мен» болармын қайтадан
Қайтадан жаным, қайта адам.
Бұл - жай айтыла салған, сөз ойнақылығы емес, ақынның өмір мен өлім туралы түсінігі, пәлсафалық түюлері. Келтірілген үзінді автордың идеалистік түсініктен әлі арыла алмағандығын көрсетеді. Өлгесін адам тіріледі, оған қайта жан беріп, қайта адам болады деушілік - ислам дінінің негізгі шарттарының бірі. Осы өлеңнің аяғын:
«Бұл сөзің қалай?» - десеңіз,
Әуелінде бар болып,
Ақырында жоқ болу,
Шариғатқа қилап заң, -
деп бітіруі де сондықтан.
«Шағалалы көлдер шалқыған» деген өлеңінде әр алуан өмір құбылыстарының өзгерісін, солардың аяғы немен тынатындықтарын көрсетеді. Бірақ бұл өлеңінде не басқа өлеңдерінде болсын, ақын өмірде болатын әртүрлі өзгерістерді тәңірге тіремей, табиғаттың өз заңы деп біледі. Мысалы. «Ұршық»:
Ағаш едім құрма өскен,
Ұршық болдым шуда ескен.
Бір қалыпта тұрмақ жоқ,
Шығармалық мұны естен.
Шәңгерей лирикасының дені - махаббат-сүйіспендікке арналады. Жасында Қадиша деген қызға ғашық болып, әртүрлі бөгеттерден кейін, ақыры сол қызға үйленеді. Замандастарының айтуынша, Қадиша сұлу да, ақылды да әйел болған. Бірақ көп отаса алмай, дүние салады. Бір таңғаларлық нәрсе: Қадиша (Қатшекей) қайтыс болғасын, Шәңгерей әйел алмаған.
Ақынның «Ғасаңды, Кәлимулла, маған берсең», «Жігіттің болса жақсы алған жары», «Адамнан артық ажар, ақыл-айлаң», «Қатшекейге», «Ұршық» - бәрі де махаббат тақырыбын жырлауға арналған лирикалық өлеңдер. Осылардың ішінде бір өлеңнен басқасы - түгел өз сүйгені Қадишаға арналады. Шәңгерейдің бұл тақырыпқа жазған өлеңдерін интимдік лирика деп атауға болады. Өйткені өлеңінің көпшілігін тек сүйген қызы Қатшекейге арнап, өзінің сезім дүниесін, жеке басының махаббатын ғана жырлайды. Махаббат мәселесін жалпыға тән, адам баласылық дәрежеге ол көтере алған жоқ. Ақынның дарашылдық көзқарасы бұл мәселеге де белгілі дәрежеде әсер еткенге ұқсайды.
Шәңгерей, сөз жоқ, дарынды ақын және оның өлеңдерінде романтикалық сарын да айқын сезіледі. Суреттеулеріндегі кейбір шарттылық, қай мәселені сөз етсе де, бір шектен екінші шекке бой ұру, кейде сөз образдарындағы бұлдырлық, ұшығын ғана көрсетіп, тұспалдай сөйлеу т.б. осылар тәрізді романтизм әдісіне тән ерекшеліктер өлеңдерінде жиі кездеседі.
Махаббат тақырыбына арналған шығармаларының объектісі реалдық болса да, оны романтикалық пафос түрінде тым дәріптеп, түгел беріле жырлайды.
Ғаламға он сегіз мың патша болсам,
Алтыннан асқар таудай тақыт құрсам.
Көлінен Нұрлхаят сулар ішіп,
Дүниеде болса өмірім неше мың сан, -
деген сияқты сөздермен дүниедегі ең «қымбат» деген нәрселерді айта келіп:
Солардың бәрін қойып сені алар ем,
Бір өзің ен Нарында есен тұрсаң, -
деп бітіреді ақын Қатшекейге арнаған бір өлеңін.
Ақын бақтан да, тақтан да, тағы басқа нәрселерден де сүйген жарын артық санап, оны бәрінен де жоғары қояды. Ақынша, өмірдегі ең қызықты нәрсе - жақсы жар, тек семьялық бақыт. Ал қоғамдық мақсат-тілектер ақын есебінен тыс қалады.
Жігіттің болса жақсы алған жары,
Сен болсаң, бір аллаға еткен зары...
Болғанда жарың сондай, құрбың мұндай,
Бозбала, дей беріңіз бағың бары.
Делбеймін көңілімді жалғыздықтан,
Бір хақ деп, қашаннан да жалғыз жары.
Шәңгерейдің басқа өлеңдерінде де кездесетін ізіне түскен жалғыздық бұл өлеңінде де қайталанады. Бақытты тек жар жанынан іздеушіліктің негізгі себебі де осы жалғыздық. Ақынның әлеумет өмірінен аулақтап, жақсылықтың бәрін жары айналасынан іздеушілігі кездейсоқ емес, өмірге жалпы көзқарасымен байланысты. Егер ақын өзі өмір сүрген дәуірдің жалпы құрылысымен, оның даму процесімен келісе алмай, күресуге дәрменсіз болса, онда ақындар бұл өмірде мені қанағаттандыратын еш нәрсе жоқ деп, махаббатты машықтап, жекелік-дарашылдыққа беріледі. Мұндай жайттар басқа елдер әдебиеті тарихынан да бізге таныс. Демек, Шәңгерейдің барлық жақсылықты жар қойнынан іздеуі де, өлеңдерінің элегиялық сарында болып келуі де сол дарашылдығына келіп тіреледі.
Шәңгерейдің ақындық талантының зорлығын айрықша танытқан - махаббат тақырыбына арналған өлеңдері. Бұл тақырыпты жырлауда ол халықтың әрі қарапайым, әрі көркем сөз тіркестерін міскерлікпен пайдалана білумен қатар, махаббат жөніндегі ең мәдениетті ақындардың қолданатын әдістерін де жақсы меңгеріп, оларды да поэзиясына шебер пайдалана білген. Өзінің сүйген адамына шын махаббатын көркем сөз арқылы жеткізе білуде:
Адамнан артық ажар, ақыл-айлаң,
Ажары ақ бетіңнің асқан айдан.
Адасқан артық қудай болдым асық,
Айдындай ақ төсіңе, асыл айнам, -
деген шумағын ғашықтық жырына шеберлердің қай көрмесіне де ұялмай ұсынуға болады. Егер біз Шәңгерей тек жеке өз басымен байланысты мәселелерді ғана жырлады деп, соған нүкте қойсақ, онымыз әділдік болмас еді. Шәңгерей өлеңдерінде басқа, жалпыға ортақ тақырыптар да сөз болады. Ақынның өмір, өлім, жастық шақ туралы өлеңдері адам баласылық, кең мәселені жырлауға арналады. Өлім мен өмір - жер жүзі әдебиетінің талай ірі өкілдері жырлап өткен тақырып. Оларға сонау Нарынның құмынан қазақ ақыны Шәңгерейдің үн қосуы - мақтанарлық та нәрсе. Өмір де, өлім де табиғи құбылыс. Өмір мен өлімді ойламайтын адам жоқ. Ақын әр кісінің-ақ басында болатын психологиялық осы бір жағдайды өте шебер және шындық түрде суреттейді. Өмірдің жауы өлімді, оның күңгірт кескінін бейнелей келіп:
Тыңдаған айтар не пайда,
Мұндай сөзді жырлаудан? -
деп сұрақ қояды да, өлімді күні бұрын ойлау бекершілік дегендей сілтеулер ғана беріп, өмірді, әсіресе адамның балалық кезін жыр етеді. Бұл жөнінде өте көркем және ақынның айрықша бір шабытпен жазған шынайы поэзия дерлік өлеңі - «Қосаяқ» атты лирикасы.
Қосаяқ - Нарын құмында көп болатын кішкене ғана жәндік. Тышқанның бір түрі. Ақын оған арнаған өлеңін өзінің балалық шағы, өткен өмірімен байланыстырады. Бірақ ол өткен өмірді, Нарынның өткен күнін суреттегенде, оны қайта орнатамын деп әуреленбейді. Ол кездің жақсылығын айту үшін ой-қырын бірдей шолып та жатпайды. Келмеске кеткен өкініш, «Адыра қалған Нарында» деп қана жанап өтеді де, қосаяқты суреттеуге кіріседі. Қосаяқтың үздік портретін жасайды. Қосаяқ - қазақ әдебиетіндегі ең жақсы, ең көркем жасалған портреттің бірі. Өлеңді оқып шыққанда, көз алдыңда жанды, тірі қосаяқ тұрады. Және оның портретін жасағанда, сол жануардың сұлулығына көрмеген адам да шәк келтірмейтіндей, әдемілігі үшін оны ұнататындай сезім қалдырады. Адам баласына әуелден сүйікті ұғымдағы нәрсені суреттеп, оны сүйкімді етіп көрсетуден гөрі, бұрын ондай ұғымда болмаған, тіпті ешкім ілтипатқа алып, көңіл аудармайтын бір тосын нәрсені суреттеп, жұрттың оған көңілін аудару қиынырақ, ол үлкен шеберлікті тілейді. Шәңгерей шеберліктің бұл міндетін толық атқара алған. Қосаяққа жұрттың көңілін аудару былай тұрсын, сол өлеңді оқып шыққанда, одан сұлу нәрсе жоқ екен деп айтып салғандайсың. Сол мақұлыққа рақымың түскендей, ең аяулы нәрсенің қатарына қойғандайсың. Мысалы:
Мойыл көзді, тоқ жүзді,
Мақтау сөзбен айтпастай,
Айтудан артық жараған, -
дейді ақын. Жалғыз бұл емес, басынан аяғына дейін адамның эстетикалық сезімін оятқандай, аяныш, мейірімділікті қозғағандай, нәзіктіктің қыл пернесін басқандай сөздерді қолданады. Қай жағынан алғанда да, тым мінсіз жасалған портрет. Қосаяқтың әдемі портретінен кейін ақын өзінің балалық шағына тоқтайды. Қосаяқты әдемілеп суреттеуінің өзі де сол балалық шақты көзге елестету үшін керек болған сияқты:
Сол қосаяқты қуалап,
Тал шыбықты шудалап,
Қарындай үрген домалап,
Бәйшешек бетті бала едім.
Сол күнімді ойласам,
Көз алдымда тұрады
Кешегі өткен күндей-ақ, -
дейді. Еш нәрседен қамсыз, «сүттей ақ, судай таза» нәрестелік қосаяқ тәрізді әдемі жануармен қоса суреттелінгенде, балалықтың адамға идеал өмір екендігі анағұрлым айқын, анағұрлым жайнақы түрде көрінеді. Есейген кезде кімге де болсын балалық шақ қымбат. Сол қымбат өмірді ақын өз өмірімен байланыстыра шебер айтып бере алған.
Лирика - поэзияның шұрайы, өзегі, ең қаймағы. Лириканың ішінде, әсіресе интимдік лирика өте нәзіктікті тілейді. Ақын өзінің суреттеген құбылысына тән образ, көркем сөздерді теріп алады. Олар да мейлінше нәзік сезімді қытықтап, жүректі елжіреткендей болуы керек. Шәңгерей өлеңдерін бұл жағынан да мүлтіксіз деп айтуға болады.
Шәңгерей өлеңдерінің ерекшеліктерін сөз еткенде, оның тіл көркемдігі айрықша көңіл аударуды қажет етеді. Бұл жағынан Шәңгерей - жеке-дара. Ал Шәңгерейдің өлең құрылысы 11 буынды, жыр ағымымен келетін 7-8 буынды, не жеті буынды өлеңдерден құрылады. Бұл - Шәңгерейге дейін де, оның кезінде де қазақ поэзиясында ең көп жайылған өлең түрлері. Қазақ өлең құрылысына Шәңгерейдің Абай тәрізді қосқан жаңалығы жоқ. Сондықтан біз тек тіл шеберлігіне ғана тоқталамыз.
Шәңгерей тіліндегі ең алдымен көзге түсетін ерекшелік - қолданылатын образдарының сонылығы. Өзіне дейінгі немесе өзінің тұстас ақындарында кездеспейтін, не үздік, не көркем сөз образдарын Шәңгерей өлеңдерінен табамыз:
Жүрегіңді жұлып жем етер,
Қазаңа шапқан ол айуан...
Бөкен терісін бөрік еткен,
Сексеуілден күрке еткен,
Бауырына тулақ жамаған,
Қаңбаққа жүзін қамаған,
Білтелі қара қолында
Шақпақтап оғын от беріп,
Жолында жатыр бір адам.
Піл сауырлы қара жер,
Қойныңды ашып, қол жайып,
Құшағыңа аларсың...
Таудағы тас ұядан,
Лашындай сарыққан қиядан,
Шалқып сөзім шығады
Ойласам пікір, қиялдан.
Аспалап қиял кетеді,
Шыққан оқтай жаядан...
Сыйдырып асқар тауды уысыңа,
Жүзіне алмас қылыш қадам бастың.
Күркіреп қара бұлт жасын атса,
Отына жетіп барып құшақтастың.
Мұхитта нән балықтай кезген көңілім,
Тұмсығың тимей тасқа неге адастың?
Қарамен жазылған сөз тіркестерінің бәрі де - қазақ поэзиясында бұрын жоқ, тек Шәңгерей қаламынан туған жаңаша сөз тіркестері, үздік образдар.
Қазақ поэзиясында аңшылық, мергендікпен байланысты ауызша да, жазып та шығарылған көркем нұсқалар барлығы даусыз. «Шақырса тауда тарлан таңсәріден, Еділде бұғады үйрек дауысынан», «Сорғалап көктен қыран құйылғанда», «Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі» сықылды суреттеулер өздерінің өмір шындығына дәлдігі, ғажап көркемдігімен оқырмандарын таңғалдыратыны сөзсіз. Бірақ Шәңгерейдің аң мен аңшыны суреттегендегі қолданатын сөз образдары олардан мүлде бөлек: «Қазаңа шапқан ол айуан...», «Бауырына тулақ жамаған, қаңбаққа жүзін қамаған» тәрізді бейнелеулер - соны, бұрын-соңды еш ақында ұшырамайтын сөздер.
Сол сықылды: «Сыйдырып асқар тауды уысыңа, Жүзіне алмас қылыш қадам бастың» деген жолдардағы әсірелеулер, «Мұхитта нән балықтай кезген көңілім» деген теңеулер - әрі үздік, әрі көркем. Мұндай мысалдар Шәңгерей поэзиясында көп. Зер салып оқыған адам бірден-ақ аңғарарлық.
Әйтсе де, Шәңгерейді басқа ақындармен салыстырсақ, бірден көзге түсерлік ерекшелігі - эстетикалық талғамының нәзіктігі. Осы қасиеті әртүрлі өмір құбылыстарын суреттеу үшін сөз таңдауларынан да байқалады. Мысалы, «Қосаяқты» алалық. Мұнда поэзияға жатпайтын бір де сөз жоқтығы, қолданған сөздерінің нақтылығы өз алдына, әсіресе ақынға тән сипат-образдарының мейлінше биязылығы.
Бура санды, ақ таңды,
Түсі алтындай ақ сары.
Ауызға біткен қос тістің
Меруерттей ажары.
Қаусырмалап қақтаған
Шытадай жұқа құлағы.
Қияқтан барып ін алған,
Екі аяқпен серіпкенде,
Желі бойы жер алған;
Топыраққа басса табаны,
Шайықтардың ершатқа
Басатұғын мөріндей,
Сопақша сұлу із салған.
Мойыл көзді, тоқ жүзді,
Мақтау сөзбен айтпастай
Айтудан артық жаралған.
Көзіндей сенің көз бітсе,
Оң жақтағы аруға
Он беске жасы қараған.
Қалы кілем, қара нар,
Бес жиырма болсын садағаң.
Қарқарадай шаншылған,
Төбеңе біткен қос құлақ
Шаншылған зат шаншылса,
Шаншылар тап сондай-ақ.
Тілерсек басып, тік тұрып,
Қарсы тұрып қайзаса,
Бет біткеннен сұлуырақ.
Қияқты төмпе түбінен
Таң алдында ін қазған,
Шығарып жерден жас топырақ.
Зерден өрген шашбаудай,
Болар-болмас, төрт қырлап,
Құйрығы ұзын, ұшы ақ,
Сансыз буын тастаған,
Масақы келген ақ шашақ.
Айтулы сонау Нарында,
Нарынның қызыл құмында,
Бар еді бір сондай жануар,
Аты оның - Қосаяқ.
Біз «Өмірдің өтуі» атты Шәңгерейдің ұзақ өлеңінің қосаяқты суреттеген жерін әдейі түгел келтіріп отырмыз. Ондағы мақсат - төрелікті оқушылардың өздеріне беру. Бізше, ақынның суреттеуінде «қосаяқ» бейнесі -қай жағынан да мінсіз. Оның әр қимыл, әрбір мүшесінің өзі көз тартарлық сұлу, әрі нәзік, әрі барлық кескін-келбетімен тап қарсы алдыңда тұрғандай әсер етеді. «Қосаяқ» өлеңіндегі сөз қолданыстар - шын мәнінде поэзия жасаймын деген ақындарымызға көрнекті үлгі.
Шәңгерей өлеңдерінде көркем сөз құралдарының басқа түрлері де кездеседі. Мысалы, архаизм және шет сөздер. Ақынның көпшілік өлеңдері ескі өмірді жырлуға арналғандықтан, тілінде архаизмдер кездесуі өзінен-өзі анық. Ал шет сөздер көбіне араб, парсы тілдерінен алынған. Шәңгерей орысша жақсы білумен қатар, араб, иран тілдерінен де хабардар болған. Тап қандай дәрежеде білгендігін айту қиын. Бірақ Бөкей ордасында 1824 жылдардан бермен қарай мешіт, оның жанында медресе болды. Жәңгір хандығы кезінде Қазан, Бұхарлардан үлкен молдалар алдырып, елге дін үйрету ханның негізгі саясатының бірі болғаны мәлім. Шәңгерейдің өзі де имениесінің жанында бала оқытатын молдалар ұстапты-мыс дейді. Ендеше, осындай ортада өскен ақынның арабшадан недәуір білімі болуы әбден мүмкін.
Ғасанды1, Кәлимулла2, маған берсең,
Жүзігін3 Сүлейменнің қолға кисем,
Жасымды жиырмадағы қатар қойып,
«Ал таңда» десе, мұның қайсын сүйсең.
Таянып Торға4шықпан таяқ алып,
Не қажет Нил5суына өткел салып.
Тіліне6 құрт-құмырсқа мұқтажым жоқ,
Жүзігін Сүлейменнің жұтсын балық7.
1Ғаса - Мұса пайғамбардың аса таяғы. Ол таяқтың қасиеті - не бол десе, сол болады: ат та, құс та, т.б. Тамақ керек болса, бір басынан сүт ағып, бір басынан бал тамады.
2Кәлимулла - Мұсаның екінші есімі.
3Сүлейменнің жүзігі - «Қисасел әмбия» кітабының айтуы бойынша, Сүлеймен пайғамбардың ерекше қасиетті бір жүзігі болған. Сүлейменнің бар күші сол жүзігінде екен. Ол қолында тұрғанда, Сүлейменнің әмірі бүкіл әлемге жүреді-міс.
4Тор - таудың аты. Мұса тәңірімен осы Тор тауында кездесіпті-міс. Мұса биік тауға жоғарғы айтылған аса таяғының күшімен шыққан.
5Нил - дарияның аты. Діншілдердің айтуынша, Нил дариясынан жұртты өткізу үшін Мұса асасын көпір етіпті-міс.
6«Тіліне құрт-құмырсқа мұқтажым жоқ» - жоғарғы кітаптың баяндауынша, Сүлеймен жер жүзіндегі жәндіктердің бәрінің тілін білген. Солардың ішіндегі ең кішкентайы құрт-құмырсқа болса, Сүлеймен олармен де сөйлеседі екен. С ү л е й м е н: Құмырсқам, басың неге үлкен? Қ ұ м ы р с қ а: Миым көп шығар. С ү л е й м е н: белің неге жіңішке? Қ ұ м ы р с қ а: Сұлу шығармын. С ү л е й м е н: Бөксең неге жуан? - дегенде, Қ ұ м ы р с қ а: Қойыңыз, патша, кісі бөксе жақты сөз етпес болар», - деп, Сүлейменнің әйелқұмарлығын мегзеп, жеңіп кетіпті-міс дейді.
7«Жүзігін Сүлейменнің жұтсын балық» - әйелқұмар Сүлеймен бір сұлумен әліптес болады. Ібіліс әйелді азғырып, әлгі құдіретті жүзігін көріп беруге сұратады. Патша жүзігін әйелге ұсына бергенде, әзір тұрған Ібіліс ала қашады. Сүлеймен қуады. Шайтан қысылғаннан жүзікті суға атады. Оны балық жұтып қояды. Оның мәні осы.
Басқа үзінділер келтірмей-ақ, осы екі шумақ өлеңді алсақ та, мысал үшін толық жеткілікті. Өйткені осы сегіз жолдың ішінде 6-7 араб сөздері кездеседі және олар «Қисасел әмбия» (Пайғамбарлар тарихы) кітабынан алынғандығы көрініп тұр.
«Қисасел әмбия» ол кезде осман-түрік тілінде де, татар тілінде де аударылған болатын. Ақын солардан оқыған болуға тиіс.
Біз жоғарыда Шәңгерейді стилі жағынан өз кезінде жеке-дара ақын дедік. Әрине бұл сөзден өзіне дейінгі ауыз әдебиетімен, не жеке ақындар творчествосымен Шәңгерейдің мүлдем байланысы жоқ екен деген ұғым тумасқа керек. Тіпті қандай ұлы ақын болмасын, ол ең алдымен туған әдебиетінің топырағында көктейді де, өсе келе өз бетін айқындайды. Өз стилін жасап, біртіндеп жекеленеді. Егер ақын ол дәрежеге көтеріле алмаса, оның әдебиет тарихын дамытуға септігі де аз болмақ. Біз Шәңгерейге осы тұрғыдан келсек, ол - әбден кемелденген, стилі айқындалған, әдебиет тарихына өзінше үлес қосқан ақын.
Қорыта айтқанда, өмірге көзқарасында ескі хандық дәуірін аңсаушылық бола тұрса да, ғылымға шақыру, молдалардың надандық іс-әрекеттерін әшкерелеу, өнер-ғылым жолында ерінбей еңбек етіп, жаңалық ашқан ғалымдарды келешек жастарға үлгі ету, өлімге қарсы өмірді жырлау, орыс халқының ұлы ақыны М.Ю.Лермонтовтың патриоттық идеяны жыр еткен тамаша поэмасын қазақ тіліне аударып, жұртшылығымызға таныстыру, ұрпағына үздік көркем лирикалық өлеңдер қалдыру - бәрін жинақтасақ, Шәңгерейдің әдебиетіміздің дамуы үшін елеулі үлес қосқан ақын екендігін мойындауымызға тура келеді. Сондықтан да ол әдебиет тарихынан орын алып отыр. Оның бізге қалдырған мұрасы саны жағынан аз болса да, сапасы мығым. Ақынның өмірбаянын толықтырып, жоғалған шығармаларын іздестіру, әлі де зерттей түсу - жас ғалымдардың міндеті.
Достарыңызбен бөлісу: |