Шетелдік мультфильмдердің балалар санасына әсері
Үлкендердің көзқарасындағы өмірді мультфильмнің жасуынан өткізетіндердің өнімін анимация демесеңіз, фильмнен айырмашылығы шамалы ғана. Мұндай мультфильмдерді «баланың дүниесі-ау» демей, үлкендер де сүйсініп көріп жатады. Балаңызбен отырып мультфильмнің ішіне қалай еніп кеткеніңізді білмей қаласыз. Аузыңыздың суы құрып, қиял-ғажайып әлемінде емес, шынайы өмірде жүргендей боласыз. Міне, бала тұрмақ өзіңізді баурап алатын мұндай өнімдер баланың да, ата менен ананың да санасына, дүниетанымына, ой-өрісіне, жалпы нәпсісіне қауіпті.
Ондай мультфильмдерді қалай ажыратамыз десеңіз, олар көзге бірден ұрып тұрады. Ішіндегі кейіпкерлер жалаңаштанған, ересектерге тән әрекеттер жасайды, сүйісу дегенді ерсі көрмейді, әйел кейіпкерлері дөрекі, иба мен инабаттан ада, бойларынан ұяңдық байқалмайды, жалпы әйелдік қасиеттен жұрдай.
Бұған жұрттың көпшілігі көрген мульфильмдерден бірнеше мысал келтіре кетсек... Біз баланың психологиясы мен дүниетанымына кері әсер етіп жатқан мультфильмдердің тек әйел кейіпкерлерін ғана мысалға алдық. Мәселен, балалар сүйіп көретін «Эльдорадо сапары» (Дорога в Эльдорадо) мультфиліміндегі қызды (суретте) алсақ. Кейіпкер қыздың үстінде тәуір киім де жоқ, қарасаны толықтай жалаңаш, үстіңгі жағы мен астыңғы жағын жапқандай болған екі шүберектен басқа дым жоқ. Қысқасы, көру тұрмақ, суреттеудің өзі ұят. Мұны көрген баланың көзінен нұр тайып, ұят кетіп, әурет деген нәрсе ол үшін қалыпты дүниеге айналады.
Су перісі «Русалочка» да осының әр жақ, бер жағы (суретте). Кішкентай балалар ұнататын «Феялар» да оңып тұрған жоқ (суретте). Бәрі жалаңаш. Есті қызға ұқсамайды, етегі қымталмаған, омырауына дейін жарқырап, әуреті менмұндалап тұрады. Бұларды көрген баланың психологиясы бұзылып, жыныстық ерте жетіле бастайтыны айтпаса да түсінікті. Осындай мультфильмдерден кейін балалар кімнен қалай туғанын да сұрамай-ақ түсініп алатынына таңғалмаңыз. Байқасаңыз, соңғы кездері баланың тарапынан мұндай сұрақ та қойылмайтын болды. Бұрын ата-аналар балаларының тарапынан «осындай сұрақ қойылмаса екен» деп қысылып жүретін. Қоя қалған күннің өзінде «сені дүкеннен сатып алдық», «уәқ» деп құсқанда аузымнан түстің» деп жалтаратын еді. Бүгінде баламыз мұндай ертегіге сенбейді. Керісінше, ол сұрақты өзіңе қояды да, жаңағындай «ертегі» айта бастасаң, қалай туылғанын өзі-ақ түсіндіріп береді.
Бүгінгінің мультфильмінде сүйісу деген әдеттегі әрекетке айналған. Бұрын ата-анамызбен қатар отырып кино көре алмаушы едік. Кинодағы кейіпкерлер сүйісе қалса, «қай тесікке кіріп кетсем екен» деп төмен қарап, «тесік іздеп» қипақтап отырушы едік. Мультфильм жасаушылар «бала ата-анасынан енді ыңғайсызданбай көрсін» деген бе, қазір мұндай арсыз әрекеттердің бәрін мультфильмге салып берген. Көшеде бір-бірінің ерініне кенеше жабысып, тілін кеңірдегімен қоса «жұтып жіберуге» шақ қалып тұратын жастар міне осындай ұятсыз мультфильмдермен сусындап өскендер екенін аңғару қиын емес.
Ал енді жас кезімізде көп көрген «Аладдин» мультфиліміне келер болсақ. Мұндағы шығыс қызы Жасмин әурет дегеннің не екенін білмейді, кіндігі мен омырауы айқара ашық (суретте). Оның үстіне «Аладдиннің» мұсылман елдеріне қатысты теріс пікір қалыптастыру үшін жасалған идеологиялық мультфильм екенін де айта кету керек. Жайнамаздың үстіне мініп алып, күмбезді үйлердің төбесімен әуеде самғайтын, тақия киген Аладдиннің бойындағы барлық нышандар мұсылманға қатысты белгілер. Осыны фонға алып, Жасминді жалаңаштап қоюы да мұсылман қыздардың киіміне қатысты теріс түсінік қалыптастырады.
Балалардың қанша көрсе де жалықпайтын мультфильмі «Шректегі» Фионаның жетісіп тұрғаны шамалы. Жалғыз өзі қаншама қарақшыны жайратып салатын еркек шора қыздың бойынан қызға тән әдеп пен қасиет таппайсың (суретте). Мультфильмнің бір тұсында Фиона орман ішінде сайрап тұрған бұлбұлмен қосылып ән салмақ болып, бар даусымен айқайлағанда даусының жоғары жиілігінен бұлбұл құс шыдай алмай, жарылып кетеді. Ал Фиона болса, жарылып кеткен құстың ұясындағы жұмыртқаларды Шрекке қуырып береді. Неткен қатыгездік дейсің. Пайғамбарымыздың «құстың ұясына, ондағы балапан мен жұмыртқаға тиіспе» деген өсиетімен өскен қазаққа бұл мультфильм қандай тәрбие береді? Шаңырағына қарлығаш ұя салып, сол үшін көшке ілеспей, жұртта қалған, қарылғаштың досы – «Қарлығаш әулие» атанған Төле бидің өнегесімен өсуі тиіс ұрпақ бұл мултфильмнен қандай ғибрат алады? Міне, бүгінде балаларымыздың мультфильмдерден алатын «тәрбиесі» осы .
Жалпы, бұлардың бәрі әдейі жасалып отырған сұрқия саясат екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл өнімдердің нәтижесі қоғамға зинақорлық деген дерт әкелді. Себебі, әлгіндей «жалаңаш мультфильмдер» ұрпақты шешіндіріп, әуретін ашып берді. Оның арты түрлі жыныстық ауруларға ұласты. Аборт жасатып, түсік тастатуда да осы тектес мультфильмдердің үлесі бар. Ақыры арсыз мультфильмдерден қоғам қаншама жезөкше мен жетімге толды.
Осының бәрін тізіп келгенде бүгінгі біздің ұрпақ қандай мультфильм көреді екен деген ой туды. Осыған байланысты Астанадағы бір мектептен арнайы сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға 5-ші, 6-ші, 7-ші сыныптың оқушылары қатысып, 120-ға жуық баладан «Сүйіп көретін мультфильміңіз қайсы?» деген сұраққа жауап алынды.
Нәтижесінде оқушылардың көбісі, яғни 52 оқушы «Сүйікті мультфильмім – Спанч Боб» деп көрсеткен. Екінші орнында «Мадагаскар» мультфильмі тұр. Әйтеуір, «Алдар Көсе» үшке ілігіпті. Одан кейін «Том және Джерри», «Кун фу Панда», «Маша мен аю», «Ну погоди!» деген мультфильмдер кетеді. «Ертөстік», «Мұңлық-Зарлық», «Құйыршық», «Қошқар мен теке» деген қазақ мультфильмдерін бір-бір оқушының ғана жауабынан естідік.
Сауалнама нәтижесінен қазақ мультфильміне деген сұраныстың жоқ екенін көреміз. Бұл отандық мультфильмдеріміздің сапасына байланысты деп ойлаймыз.
Ал енді қазақ балалары сүйіп көретін «Спанч Боб» мультфильміне келер болсақ. Ғалымдар бұл мультфильмге «баланың ойлау қабілетін төмендетеді» деген баға беріпті. Яғни, баланың психикасын қалпына келмейтіндей етіп бұзып, ой-санасының дамуын тежейді екен. Чикагоның ғалымдары осы мультфильмге байланысты зерттеу жүргізген көрінеді. Зерттеуге 4 жастағы 60 бала қатысқан. Бұл балалардың тең жартысы сурет салумен айналысқан екен. Ал қалған жартысына тек «Спанч Боб» мультфильмін көрсете берген. Соңында екі топтан да психологиялық тест алған. Нәтижесінде мультфильм көрген балалардың тест қорытындысы сурет салған балалардан төмен болған. Сондықтан да, ғалымдар ата-аналарға балаларына «Спанч Бобты» көрсеткенше, шығармашылық жұмыстарға баулуға кеңес береді.
Бұл мультфильмді евангелиялық ұйымдар да сынға алған екен. Олардың айтуынша, «Спанч Боб» баланы гомосексуализмге үгіттейді. Осы күні гомосексуалистердің қаулап келе жатқанында жетпеген осы дейсің.
Қорыта келгенде, айтарымыз... Әрине, баланы мультфильмнен біржолата тыйып тастай алмайсың. Себебі, мультфильмнің өзіндік тәрбиелік мәні бар. Тек ата-ана балаға мультфильмді көрсетпес бұрын, өзі көріп алғаны дұрыс. Сосын, қай мультфильмді болсын мүмкіндігінше баламен бірге отырып көріп, түсініксіз жерін түсіндіріп, жаман кейіпкерлердің жаман жерін, жақсы кейіпкерлердің үлгі аларлық тұстарын айтып отырған дұрыс. Ең бастысы балаңызға дұрыс мультфильм таңдай біліңіз. Балаға күтуші алсаңыз да, тексеріп, дұрыстығына, сенімділігіне көз жеткізесіз емес пе, мультфильм де бала тәрбиешісі іспеттес. Бұған да тәрбиеші таңдағандай талғаммен қарау керек.
Жалпы, мультфильм тек тәрбие құралы ғана емес, сонымен қатар, қазақ тілін үйретудің де таптымас құралы. Өмірден кездесетін бір мысал айтайын. Немере ағамның екі баласы бар еді. Үйіне барсам, екі баласы да орысша сөйлейді, орысша ойлайды. Қазақшаға тілінің икемі келмейді. «Ағам да, жеңгем де таза қазақша сөйлейді, бұлардың тілі қалай шұбарланып кеткен» деп ойладым. Сөйтсем, ағам мен жеңгем жұмысқа кеткенде «бұлар тыныш отырсын» деп «Nickelodeon» секілді орыстілді балалар арнасын қойып кетеді екен. Аз уақыттың ішінде нәтижесі әлгіндей боп шыққан. Енді қазақша үйренсін деп «Балапан» телеарнасын қанша қойып берсе де, жылап тұрып «Nickelodeon»-ды қойғызып алады. Міне, осылайша көп ата-ана балаларын ана тілінен қалай жерітіп алғанын байқамай қалады.
Сол үшін мемлекет ұлттық рухпен сусындап өскен ұлтжанды ұрпақ алу үшін, түрлі қоғамдық кеселдерге ұрынбай, сау ұрпақ тәрбиелеп шығару үшін, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – қазақ тілі проблемасының түйінін шешу үшін мультфильм саласына қаржы аямауы керек. Бір оқпен бірнеше қоян атудың жолы осы.
Пайдаланған әдебиеттер:
Ж.Баймурзаева «Мультфилімнің бала психологиясына тигізер ықпалы» ,Вопраосы психологии 2014, №4 8-13б
А.Бақытқызы «Мультфильм көре де зиян», Айқын 2013, 1 қараша(№201), 8бет
Қ.Қасымов «Мультфильмдеріміз батыстың тасасынан қашан шығады?» Ақжелкен 2010, (№10) 26-29бет
М.Кенжебай «Мультфильмдегі идеологиялық ойран», Ана тілі 2008, 19 маусым (№25) 14 бет
Достарыңызбен бөлісу: |