ШУМЕРЛЕР МЕН ТҮРКІЛЕР ПАРАЛЛЕЛІ
т.ғ.к. Ә.К. Шашаев
Ежелгі адамдардың алғашқы қонысы Африка болса, алғашқы өркениет ошағы Шумер мемлекеті болып табылады. Ең алғашқы дегеннің барлығы: мемлекеттік құрылым, жазу-сызу, білім-ғылым, мәдениет-өнер – осының бәрі Шумерде бастау алып, өркендеген. Міне осы жерде ең қызықтысы Шумер мемлекетін құрғандардың этникалық негізі, олардың жазу-сызуының тілдік негізі, наным-сенімдерінің түбірі, батыстық зерттеулер үшін әлі күнге құпиясын ашпай келеді. Сірә да Шумерлік «баба тарихы» өзінің мұрагері болып табылатын ұрпағына өкпелеп, құпиясын соған сақтап, тарихтың қойнауында тығып отырған болар. Іздеушісі, жоқтаушысы болмаған соң, солай етпеске амалы бар ма?
Профессор Х.М. Әбжанов Қазақстан тарихының зерттелу әдістеріне тоқтала келе: «Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстанды мекен еткен этностар, мемлекеттік құрылымдар аспаннан түсе қалғандай баяндалады. Олардың арасындағы генетикалық, нәсілдік, тілдік, экономикалық, саяси, рухани ортақтық, сабақтастық, жалғастық мәселелері кешенді, Һәм қисынды ашылмаған күйде қала береді.
...Қазақстан тарихының мазмұнын, ерекшелігін әу бастан автохтонды тұрғындар, олардың төл мемлекеттері анықтаған. Байырғы халық пен оның мемлекеттілігінің етене байланыстылығының тарихын адал ашатын методология бірінші орынға қойылуы керек» деген болатын [1].
Біздің мақсатымыз да көзі қарақты зерттеушілер үшін түрткі ой болсын деп, мақаланың көлемі көтергенше Шумерлер тарихының түңлігін түруге тырысу.
Евфрат (шумерлер Буранун (Дала деген мағына беретін) деп атаған) жазығына алғаш егіншілер шамамен б.д.д. 7000 жылы келіп қоныстана бастаған, ағашы, тау-тасы жоқ бұл жазықты қамыс-қоғаның көптігіне орай олар «Қамыс-ши иелігіндегі жер» деп атаған. Шамамен б.д.д. 3500 жылы Қосөзеннің оңтүстігінде шумерлер пайда болды. Зерттеуші ғалымдардың айтуы бойынша, олар Евфрат жазығына солтүстік-шығыстан түскен және олардың тілі айналасындағылардың ешбіріне ұқсамайтын.
Ірі шумертанушы А.Фалькенштейннің пікірі бойынша, шумерлер бұл жерге тіпті тас дәуірінде келген. Ал белгілі тарихшы И.М. Дьяконов шумерлердің қайдан келгендігі әлі күнге құпия болып келеді дейді [2]. Сонымен қатар ол антропологтардың еңбектеріне сүйене отырып, оларды европоидтық үлкен нәсілдер қатарына жатқызады [2. 93].
Келесі бір зерттеуші Г. Фр. Кольб өз еңбегінде (История человеческой культуры, 1897): «Полагают, что клинопись есть изобретение туранского народа, который в продолжение двух столетий господствовал в Месопотамии; это были финско-татарское племя, которое эллины называли азиатскими скифами»-деп жазған болатын [3]. 1837 жылы ағылшын дипломаты, лингвист ғалым, ассирологияның атасы деп аталған Генри Роулинсон (1810-1895) Бехустин жартасындағы үш тілде жазылған жазбаларды көшіріп алып, үшінші тілдік сына нұсқасын 1853 жылы терең зерттей келе оны «скифтік немесе түркілік» деп атап, шумерлердің өзін «вавилондық скифтер»деген болатын.
Шумерлердің ата жұртының Шығыстық тегі ғалымдары одан әрі шығысқа сүйреп Алтайға жақындатқан сайын ғылыми әдебиетте шумерлер мен түркілер тілін салыстыра қарастырудың алғашқы әрекеттері қалыптаса бастады. Солардың бірі, Ф.Хоммель, шумерлер текстеріндегі түркі тілімен сәйкес келетін 200 сөзді атап көрсетті, сол үшін әжуалау мен масқаралауға ұшыраған болатын [4]. ХХ ғ. 60-шы жылдары неміс ғалымы Курт Вальтер Керам: «Шумерлер тілі көне түркі тіліне ұқсас» деп кесіп айтқан еді.
Қазақстан ғалымдары арасында осындай пікірді түрік танушы ғалым А.С. Аманжолов 1969 жылы Германияда өткен конференцияда жасаған баяндамасында айтқан болатын. Кеңес өкіметінің лингвист ғалымдары өре түрегеліп қарсы шықты, ия бұл сол кездегі идеологиялық, шовинистік
пиғылдармен сай келмейтін [5].
Расында, бұл тақырып қазақ ғалымдары арасында қолдау таппады. Олар Алдыңғы Азиядағы өлі тілдер бойынша Кеңестік мектептің ірі маман болып табылатын И. Дьяконовтың сөзсіз авторитеті алдында бас иіуге мәжбүр болды. Осы Германиядағы конференцияда И. Дьяконов: «В настоящее время шумерский язык приходится считать изолированным и родство его с каким бы то ни было другим языком – неустановленным» деген еді. Кейінгі зерттеулер А.С. Аманжоловтың келтірген деректерінің дәлдігі мен ақиқатын айқындай түсуде. Осы уақыт аралығында көптеген шет елдік ғалымдардың, шумерлер мен түркілер тілінің туыстығығын растайтын зерттеулері жарық көрді.
И.М. Дьяконовтың шумерлер мен түркілер тілінің туыстығығын байқамағандығын көрсете отырып, Олжас Сулейменов оның кітабындағы түркі тіліне ұқсас 60 шумерлік сөздерді атап көрсетті (ада – отец(ата), ама – мать(ана), ту – родить(ту, туу), ере – муж(ер, еркек), рядовой воин(өрен), угу – стрела(оқ), таг – прицепи(тақ), заг – сторона(жақ), бильга – мудрый(білгір), предок, ме – я(мен), зе – ты(сен), ане – вот(әне), гуд - бык, гаш - -птица(құс), кир – грязь(кір), земля(жер), уш – три(үш), у – десять(он), кен – широкий(кең), узук – длинный(ұзын), туш – спуститься(түс), уд – огонь(от), удун – дерево(отын), дрова, дингир – бог(тәңір), небо, тенгир - бог, небо және т.б.). О.Сулейменов әр бір сөзді тыңғылықты талдауға алып, шумер-түркілік түбірінің сәйкестігін анықтай отырып, төмендегідей қорытынды жасады: а) ұқсастықтардың жүйелілігі бар, өйткені олар өмірмен байланысты; б) шумер және түркі тілдері ұзақ уақыттар бойы өзара анық ықпалдастықта болған; в) бұл тілдер генетикалық жағынан емес, керісінше өзара мәдени ықпал етулер нәтижесінде туыстасқан.
Шумер-түркі тілінің байланыстары туралы 1947 жылдан бастап талмай зерттеу жүргізген түрік ғалымы Осман Недим Тун болды. Өз зерттеулерінің нәтижесімен халықаралық конгресстерде баяндама жасап, көптеген мамандардың ақылына жүгініп, тек 1990 жылдан кейін ғана шумер-түркі тілінің байланыстарына арқа сүйей отырып түркі тілінің жасын анықтауға арналған еңбегін жарыққа шығарды. Бұл кітапта О.Н.Тун көне түркі тілімен түбірлес 168 шумер сөздеріне тарихи-салыстырмалық зерттеу жүргізіп, екі тілдің фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерін талдауға алған. Нәтижесінде ғалым шумер және түркі тілінің генетикалық туыстығы бар деуге дәлелдердің аздығын алға тарта отырып, осыған дейін табылған материалдар екі тілдің бір-біріне өте қатты ықпал етіп отырғанын атап өтеді .
О.Н.Тунның айтуынша түркі тілі 5500 жыл бұрын-ақ, оны пайдаланушылар арасында логикалық дамытылуға ие болып, фонетикалық құрылысы мен грамматикалық жүйеленуі қалыптасқан. Егер де бұл жүйенің дамуына дейін тағы да 5500 жыл қажет болғанын ескерер болсақ, онда түркі тілінің жасы шамамен 11 мың жыл болуға тиіс деді. Ал, түркі тілінің жазбаша көрінуінің мерзімі (шумер сына жазуы), ол 8000-8500 жылдар бұрын орын алды деуге болады .
Шумер атауының шығу тегіне көп көңіл аударғандардың бірі Олжас Сүлейменов. Ол өзіне дейінгілердің талдауындағы кеткен олқылықтарды келтіре отырып, шумерлер жазуындағы таңбаларды терең талдауға алған. «Қосөзендегі батпақты сулы, нулы ел – Суб-йер» дей келе, «Таңба мен атаудың түркілерден шыққандығының ең нанымды дәлелі – түркілер иероглиф пен таңбаның шын мағынасын білді, сондықтан олар Суб-йер тіркесімен байланысты қияли аңыз шығармады. Демек тіркес құпия сырға толы әлдене болып көрінбейді». Сонымен Олжас Сүлейменов Шумер атауын «Су-жер» сулы жер атауынан таратады.
Әрине алғашқы егіншілердің өзен, көлдер жағасына келіп орналасқанын ескерер болсақ, бұл атаудың өмір сүру құқы бар екендігін айта аламыз. Осы жерде өзіміздің де жорамалымызды айта кетуді жөн көрдік. Шумерлер өздерін «санг-гиг» - «басы қара», яғни қарабастылар деп атаған. Дьяконов – санг – бас – деп аударған. Сонымен қатар ең ежелгі оқулықтарды жазғандарды – «санга» (абыз) – титулымен атаған. Бұған қарап, «сана», «дана» - сөздерінің шығу тегі де осында жатыр ма деген ойға қаламыз. Гректер сақтардың бір бөлігін «шошақ бөрікті» (тиграхауда) деп атаған секілді, орыс жылнамалары да «қарақалпақтарды» «черные клоубоки» деп атаған, сонымен қатар албандар арасында «қоңыр бөрік», «қызыл бөрік» деген рулардың бар екендігі мәлім. Қазақтың ертедегі жыр-дастандарында парсыларды «қызылбастар» деп айтатыны белгілі. Мінеки бұл кейінгі халықтардың жадында сақталған естеліктер, ал ежелгі Шумерлердің мәдени мұрасына жүгінсек, олардағы бас киімдер бөрік, тақия секілді, бұл мүсіндерден айқын көрінеді (Төмендегі 1-2, 3-4-ші суреттерді салыстыра отырып қараңыз). Шумерлердің «угула гуруштері» (әскербасылар), дулыға секілді бас киімдер кисе, билік басындағылар бөрік және тақия киюмен шектелген. Ал бөрік және тақия қазақтарда қазірге дейін қолданыста. Оны салыстырмалы түрде берілген төмендегі суреттерден анық байқауға болады. Яғни, б.д.д. ІІІ ғасырда табылған мүсіндердегі бөрік пен тақияның кейінгі ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақтың бас киім үлгісіне сай келетінін айта аламыз.
Шумерлердің өздерін қалай атағанына қатысты Тенгиз Гудава: «Себя называли "черноголовыми" - "саи" или "саига" - sa-i (-ga), а шумерский народ - "унсаи" - un sa-i» деп атап көрсетеді. Бұл жерде бірнеше жорамалдар да жасауға болады: «қара» деген сөздің көне түркілерде халықты (қара будун) немесе күштілікті (Қара Алып Ер Тоңға) білдіргенін ескерсек «санг-гиг» - «басы халық», «басты халық», «басшы халық» деген түсінікті - қазақы мағынада: «ата-баба», «шыққан тегі» деп аударған дұрыс секілді, өйткені европалық аудармашылар түркі тіліндегі бір сөздің бірнеше мағынада аумағының кең болатынына көп көңіл бөле бермеген. Ал, «ун-саи» - «үлкен-бас» деп аударылады, мағыналық тұрғыдан «Үлкен халықтың ұрпақтары», «Ұлы халықтар» болып шығады (Арилік теорияның тарауына да «аз, ас, ар» рулық атаулардың (Мыс: Авестадағы) үлгі болғандығы белгілі емес пе?). Олардың сырттан келгенін ескерер болсақ, жергілікті халықтан өздерін жоғары ұстау дәстүрімен (Түркілердің «Ұлыг», «төре» және «қарача», «қара будун» деген әлеуметтік бөлінісіне сай) және билікті өз қолдарында ұстап тұру үшін осындай әлеуметтік сатының атауын енгізуі де мүмкін. Тіпті, кейінгі сақтардық атауының шығуында осы шумерлік «санг», «саи», «саига» (sa-i (-ga) –са-и-ка, «сақтың», ал, үйсіндерде «усун» - ун са-и (un sa-i) жатпасына кім кепіл.
1.«Хаммурапидың басы» деп 2. Ж.Жабаевтың мүсіні ( 1846-1945)
аталатын мүсін (б.д.д. ІІІ ғ.)
Достарыңызбен бөлісу: |