Тағамдарды дұрыс сақтаудың шарттары
І. Оқылым
1.1. Мәтінді оқып, мазмұнын өз сөздеріңізбен айтып беріңіздер.
Азық-түлікті сақтаудың еш қиындығы жоқ сияқты. Сатып әкеліп, тоңазытқышқа қоя салсаңыз болғаны. Бірақ кейде сол тоңазытқыштың өзінде тұрған азық дастарханымызға жетпей қоқыс жәшігіне тасталып жатады. Тоңазытқыш – температурасы қоршаған ортаның температурасынан төмен болатын, жоғарғы температурада микроорганизмдер әсерінен жылдам бұзылатын азық-түлік өнімдері мен тағамдарды сақтауға арналған құрылғы немесе арнаулы камералар. Тоңазытқышпен дұрыс пайдалана алу керек. Мысалға, азық-түліктер кеуіп кетпеу үшін, әртүрлі тағамдардың иісі бір-бірімен араласып кетпес үшін бөлек қаптамаларда сақтау қажет. Азық-түліктерді сәйкес сөрелерге орналастыру қажет: мұздатқыштың жанына тез бүлінетіндерін қойсаңыз, көкөністерді төменгі жәшікке салып қойған дұрыс. Ал тез бүлінетін азықтардың арасын таяқшамен бөліп қойған жөн. Сонда қай азықтың жарамсыз болып қалғанын тез тауып алуға болады. Айына бір рет тоңазытқышты түгел жақсылап жуып-тазалап отыру керек. Осылайша жағымсыз иістерден құтылалуға болады.
Есіңізде болсын, мұздатқыш – мәңгіліктің камерасы емес, ондағы тағамдардың да сақтау мерзімі болады. Мысалы, тауықты тоғыз ай сақтауға болса, ет, саңырауқұлақтар, жидектер мен сары май жарты жыл бүлінбей тұра береді. Ал балық пен теңіз өнімдерінің мерзімі төрт ай ғана.
Азық-түліктерді дүкеннен сатып алған кезде салған пластик пакеттермен қоя салмау керек. Ең дұрысы, оларды басқа, ыңғайлы қаптамаларға салу. Кейбір азықтарды қағазға, үлбірге немесе фольгаға орап қойған дұрыс болса, кейбіреулерін герметикалық қаптамаға сақтаған жөн.
Барлық жемістер мен көкөністер жемістің пісуіне қажетті этилен газын бөледі. Әсіресе қызанақ, қара өрік, банан, алмұрт және манго этиленді көбірек бөлгендіктен, ол алма, қияр, картоп және сәбізге зиян келтіруі мүмкін. Сол себепті жемістер мен көкөністерді бір-бірінен бөлек, полиэтилен пакет сияқты ылғалдандырып жібермейтін, керісінше оқшаулап тұратын қағаз пакетерге салып сақтау қажет.
Нанды нан салғышқа сақтағанды ұнататын болсаңыз, онда оның ішінде ешқандай нан қоқымдары болмау керек және желдетіліп тұрғаны дұрыс. Әйтпесе нан тез бұзылып, көгеріп кетеді. Ең дұрысы, нанды бөлме температурасында, қағаз пакетке салып сақтау керек.
Әр тағамның орнын біліңіз! Бастысы, көрсетілген нұсқаулықтарды ұмытпағайсыз! Есіңізде болсын, тағамды дұрыс сақтау -денсаулығыңыздың кепілі.
1.2. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіз.
1) Тоңазытқыш деген не?
2) Не үшін тағамдарды дұрыс сақтай білу керек?
3) Тауық еті мен жануар етінің сақталу мерзімдері қандай?
ІІ. Сөйлесім
Үйдегі азық-түлікті қалай сақтайсыздар?
ІІІ. Жазылым
Мәтіннен етістіктерді тауып, қай шақта тұрғанын көрсетіңіз.
Құрамы деген жазудан кейін қай ингредиент бірінші тұрса сол көп деген сөз, яғни тізімдегі компоненттер өнімдегі массалық үлесінің кему ретімен көрсетіледі. Мысалы, шұжықта ең бірінші сиыр еті жазылса сол көп болуы керек. Ингредиент тізімнің жоғарғы жағына қаншалықты жақын болса, өнімде соғұрлым көп болады. Нанның құрамынан бірінші кезекте ұн, ал шоколадтан какаоны іздейміз.
ІҮ. Сергіту сәті
Тағамдар туралы мақал-мәтелдер айтып, жарысу.
Ү. Шығармашылық тапсырма
“Тағамдардың тез бұзалу себептері” туралы ой толғау жазыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |