Өлеңді негізгі мектебі
Эссе
Тақырыбы:
«Әлемнің Абайы»
Орындаған: Капарова Шырын Алматқызы
2019-2020 оқу жылы
Қай халықтың болмасын белгілі бір тарихи кезеңде өнері мен әдебиеті, яғни бүкіл мәдениеті өзгеше де, ерекше, өрлеуі мен даму жолы кең ақындары болғаны сөзсіз. Біздің қазақ халқында да сондай ақындар жетерлік! Солардың бірі- Абай атамыз! Абай Құнанбайұлы қазақ халқының мақтанышы!Абай нағыз адам мұратын қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен қатар ол мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсетіп берді. Абай шығармашылығындағы, сондай-ақ адам бойындағы қайырымдылық, қанағат секілді адамның қалыптасуына себепші иманды қасиеттер де талданған. Абай- қайта тумас бір әлем! Абай мұрасы - Адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан - жақты дамыған зияткер тұлға қалыптастырудың қайнары. Ақынның толық адам туралы айтқандары – жас өскінді адамды сүю, құрметтеу, елжандылық, биік адамгершілікке бастайтын жол. Биыл қазақ халқының ұлы ойшылы, кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл.
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе,
Адалдықты көздесең, жаттап тағы көңілге...- деп ақын С.Торайғыров жырласа, Жан-Жак Руссо «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау» деп айтқандай, жылдан-жылға оқушыларымыздың Абай атамызды танып-білуге деген ынтасы артып келеді.
Абайдың зиялылық шығармашылығы оның педагогикалық көзқарасымен ажырамас бірлікте. Абай адам баласының тіршілігіндегі тәлім мен тәрбиеге ерекше мән беріп, өмірінің ақырына дейін ағартушылық міндетін терең сезінген. Мәселен,
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай, баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге,» - дей келіп, адам мінезіне жақсы да жаман әсер ететін сипаттарды тарата жіктеп, даралап түсіндіріп береді.
Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері - Абай Құнанбаев. Дана ақын Абай 1845 жылы тамыз айында қасиетті Шыңғыс тауында туған. Абайдың әкесі Құнанбай өз еліне атағы шыққан аға сұлтан. Зерделі зерек ел ағасы, ірі тұлға. Абайдың анасы - Ұлжан, әжесі – Зере.
Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов Абайды "қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі" деп орынды атаған. Қазақтың ұлттық музыкасының алғашқы қадамынан бастап, оның қалыптасып өркендеу тарихында Абай мұрасының алатын орны ерекше. Абайдың композиторлық, ақындық мұрасы халқымыздың мәдени тарихының ажырамас бөлігіне айналып, музыкалық жанрды дамытуға жаңа жол салды.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген Абай музыканың да адам өміріндегі орнын, оның поэзиямен күші арта түсетінін сезген. Абай әнді ермек үшін де, қосымша кәсіп болсын деп те шығармаған. Ол жан сырын халыққа тек поэзия тілі арқылы ғана жеткізуді місе тұтқан, сонымен бірге халқымен музыка арқылы да тілдесуді жөн көрген.
Қазақ елінің ақыны көп болғанымен, Абайы біреу-ақ. Абай тереңіне әлі де толық бойлай қойғанымыз жоқ. Абай - мөлдір махаббат, адал достық жаршысы, Алғашқы махаббат сезімін табиғаттың көркем бесігіне бөлеп, қоршаған ортамен байланыста әлдилейді..
Абай есімі мәңгі ұмытылмайды. Абай сепкен ұрық, өскен дәндер бір ғасырдан аса уақыт бойы өсіп –өніп, ұлттық әдебиетімізді, мәдениетімізді, бүкіл рухани өмірімізді көркейтуде. Абай атамызға алғысымыз шексіз!!!
Достарыңызбен бөлісу: |