Зейнолла Әкімжанов Тұлпарлар тұяғы туралы зерттеу



Дата02.07.2018
өлшемі16,56 Kb.
#45800
Зейнолла Әкімжанов
Тұлпарлар тұяғы туралы зерттеу
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанбай Қадыров - көптеген ғылыми мақалалар мен оқу-әдістемелік еңбектер жазған ғалым. Оның Солтүстік Қазақстан және Көкшетау өңірлерінде ғұмыр кешіп, өнерімен елімізге танылған саңлақтар жайындағы зерттеулері ірі әдебиеттанушылардың лайықты бағасын алған.

Жанбай Тұрарұлы осы өңірлердің сал-серілерінің ізбасарларының өмірі мен шығармашылығын зерттеуді өзінің ғылыми ізденістерінің арқауына айналдырған.

Жақында оның осы тақырыпты зерттеген жаңа монографиясы жарық көрді. Әдебиеттанушының бұл ғылыми еңбегі "Сал-серілер поэзиясының солтүстік аймақтағы дәстүрі" деп аталады.

Әдебиеттану ғылымында Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сияқты әнші-сазгерлер шығармашылығы мен өмір деректері айтарлықтай зерттелгені белгілі. Ал олардың өнегесімен өсіп, енер аспанында жарқыраған ізбасарлары, шәкірттері, жолын қуған дарындар туралы тың деректер бір арнаға түспей, жер-жерде шашыраңқы айтылып жүргені анық. Зерттеуші-ғалым соңғы он-он бес жылдың аясында осы тақырыппен тия-нақты айналысып келеді. Ол мұны арқау етіп, кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғағанын да білеміз.

Тілімізге тиек етіп отырған монографияда зерттеуші Молдахмет Тырбиев, Игібай Әлібаев, Мұса Асайынов туралы деректерді тиянақты жазып, олардың әншілік-айтыскерлік өнерін саралайды.

1883 жылы қазіргі Шал ақын ауданының Еңбек ауылында дүниеге келген Молдахмет Тырбиұлы -ән саңлағы Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының жиені. Ол 1950 жылы осында жерленген. Әйгілі айтыс ақыны. Молдекеңнің белгілі айтысы - қостанайлық Нұрқан Ахметбековпен 1943 жылы өткен сөз-сайысы.

1889 жылы, алты жасында Ақан серінің алдында алғаш рет ән шырқаған балдырғанға мейірі түскен дүлдүл Ақан Қорамсаұлы:

"Сенің әкең Тырби,

Өзің болғай қырғи!" - деп бата бергенекен.

Ал көрнекті ақын, марқұм Кәкімбек Салықов - Молдекеңнің немере інісі. Ол: "Атақты ақын ағамыз Үкілі Ыбырайдың төл шәкірті Молдахмет Тырбиұлы келгенде домбыра шертісіне құштар болдым. Кейін бөле ағам әйгілі айтыс ақыны болған Мұса Асайынов "Елім-айдан" бастап домбыра үйрете бастады", - деп жазғанын Ж. Қадыров орайлы алға тартыпты.

1903 жылы Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында туған Игібай Әлібаев - еліміздің музыка зерттеушілеріне Біржан салдың, Сегіз серінің, Нияз серінің, Салғараның, Жанкісінің, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың әндерін, оларды шырқау мәнерін үлгі етіп, күйтабаққа түсіріп берген тамаша әнші. Оның орындаушылық шеберлігі жайында Ж. Қадыров Сәбит Муқановтың естеліктеріне сүйене отырып, үлкен мағлұмат береді. Бір айтакетерім, 1970 жылы Иекеңнің орындауында Алматыда Үкілі Ыбырайдың "Қызыл асығын", "Сулу Кекшесін", Біржан салдың " Жамбас сипарын" тыңдап, бұл әндерді одан кейін ондай шырқайтын әншілерді аса кездестірмедім.

Осы аталған зерттеуде Иекеңнің әншілік өнері, оның Сәбеңмен бірге Қазақстанның түкпір-түкпірінде болып, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленгенін біле түстім.

Ал 1929 жылы туған Мұса Асайынов - Үкілі Ыбырайдың немере інісі. Ол - небәрі қырық жеті жыл ғұмыр сүрсе де, өзінің ақындық, әншілік дарынын ел-жұртқа табиғат берген тартуға орай айғақтап өткен өнер иесі.

Көкшелік дарын Мұсекең Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай өткізілген республикалық ақындар айтысында өзінің ақындық, әншілік өнерін паш ете білген. Осы зерттеу еңбекте, негізінен, аталған үш тұпғаның әншілік, ақындық, сал-серілік табиғаты жақсы танылады.


// Солтүстік Қазақстан. - 2015. - 11 маусым

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет