Зәйнуллаһ Ишанның Өмірбаяны Екінші ақпанда Троицкий қаласынан Зәйнуллуһ ишанның үлкен баласы Абдурраһман Расулов қол қойған: «Бүгін шейх Зәйнуллаһ хазреттері жалғаннан жақсы дүниеге көшті»



Дата01.08.2020
өлшемі17.46 Kb.
түріӨмірбаяны

Зәйнуллаһ Ишанның Өмірбаяны
Екінші ақпанда Троицкий қаласынан Зәйнуллуһ ишанның үлкен баласы Абдурраһман Расулов қол қойған: «Бүгін шейх Зәйнуллаһ хазреттері жалғаннан жақсы дүниеге көшті» деген басқармамызға телеграм келді.

Келесі күні сол қаладағы студент Сафаржан Сейдалин атынан: «Атақты мұсылман хазреттерінен ілім білім таратып, халық ағару жолында 33 жыл Троицкийде қызмет еткен белгілі Зәйнуллаһ ишан екінші ақпанда қайтыс болды» деген телеграм келді.

Зәйнуллаһ хазрет қазақ арасында дабылы жер жарған, айтқаны ем болған, атын қазақтың қатын-баласына дейін білетін Ишанның бірі. «Зәйнуллаһ ишан», «Зәйнуллаһ хазрет» деген атын білмейтін, айтқанына ұймайтын қазақ кем. Оқыған қазақтарға Зәйнуллаһ ишан ілім мағрифат жолында еткен істерімен танымал болғанда оқымаған қазақтарға мүрит тәрбиелеген ишандық жолындағы істерімен танымал.

Басқалар Зәйнуллаһ хазретті қалай танитындарын өздері біледі. Біз хазретті жүзбе-жүз көргеніміз жоқ, жақыннан таныс болғанымыз жоқ. Сыртынан естіп, ісін көріп тануымызша: Зәйнуллаһ хазрет ескі хазреттер арасында ғалым әрі данышпандардың бірі.

Ескі хазреттердің көбі қатқан күн сияқты заман иеміне келмей, қатып сіресіп, қалшыған күндей қалуы бар. Зәйнуллаһ хазретте ол қалып болмады, Тариқат жолында бола тұра дүниеуи істердің парқын айыра біліп, ақылға салып, негізіне қарап, жаңа нәрсе екен деп, басқаларша құр жаңалығынан үрікпеді.

Усул жәдит оқуы таралған кезде ескіше оқыған әрі оқытқан хазреттердің көбі жаңалығынан үркіп, кейі жоламағанда, кейі ерін бауырына алған аттай тулап, ақылынан адасып, жәдитшілердің бәрін кәпір деп пәтуә бергенде, Зәйнуллаһ хазрет усул жәдид дұрыстығына пәтуә беріп, бұрқылдағандардың аузына құм құйылғандай қылды. Мұнысы ақ бен қараны айырып тани алмайтын діні көп қараңғы халықтардың алдында зор қызмет. Ескі түрде ашып, ескі тәріппен дәріс айтқан медресесін, жаңаға оқып шыққан балалардың қолына беріп, жаңа тәрбиеге салуға рұхсат еткен. Мұнысы әрі басқаларға үлгі боларлық зор іс. Жұрт айтқанымды алады, ерткеніме жүреді екен деп, басқанын ғана пайдасын ойлап басқалар сияқты өзіне ұйтқан жұртты жарық жақтан шақырып, қараңғы жаққа сүйремеді, Ишан дүние ісі мен ақырет ісінің арасын айыра біліп, екеуінеде тең көзбен қараған адам. Оны қисық түісініп немесе өз басының пайдасы үшін қисық жолға түсіп, ишанның сыртнан атын сатып, айтапаған сөзін айтты деп,елді адастырушыларда аз болмады. Әсіресе сондайлар (баспа сөзден ауыз сөз көбірек жайылатын.) Хазрет бастырып шығарған пәтуалары таралып жетпеген қазақ жерінде көб еді. Енді Зәйнуллаһ хазрет о дүниеге көшкенде де атын сатып, жұртты алдап, ишанның рухын мазалауға Құдайдан қорықпайды.

Зәйнуллаһ Хазреттің қазаққа қанадай пайдасы тиген адам екендігі төменде қысқаша айтылған өмірбаянынан көрініп тұр.

Зәйнуллаһ ишан дүниеге 1833 жылы келген. Туған жері Орынбор губернасында, Троицкий уезінде Тағатар селосында Шәріп аулы. Әкесі Һабибуллаһ Раусл ұылы деген кісі болған. Бастапқы оқыған орны Орал уезінде Яқуб хазрет медрсесі. Оны бітіргеннен кейін Троицкийдегі Ахмет хазрет медресесінде оқыған, мұнда хатым етіп, халфе болған. 1858- жылы Орал уезінде Аққожа ауылына имам болған. Сонан кейін Жаббас Жарасбай деген кісінің беделін алып, қажылыққа барып, Арабистанда шейхтікке бата алып қайтып, мүрид тәрбиелеген. Мүрид тәрбиелеп бастаған соң ақ жұрт аузына алынып атағы шыға бастаған. Оны бұрыннан шейхтіқ қылып келе жатқан хазреттер көре алмаған. Зәйнуллаһ хазрет үстінен шағым жасап, Орынбор губернаторы Крыжанововский 1873- жылы Зәйнуллаһ хазретті Николаеввски деген қалаға жер аударған. Онда үш жыл тұрған. 1881 – жылы Зәйнуллаһ хазрет үкімет рұхсатымен жеріне қайтқан.

Қайтып келген соң тағы бір рет қажылыққа барып келген. Сонан соң Троицкий халқы жаңа махалле ашып, 1884- жылы Зәйнуллаһ хазретті шақырып, өздеріне имам еткен. Имам болғаннан кейін осы күнгі «Расулиия медресесі» атындағы жұртқа танымал болған медресесін ашып, шәкірттер жинап, дәріс айтқан әрі мүрид тәрбиелеу ісін ұлғайтып, ишандық жағын күшейткен.

Троицкий қазақ жеріне таяу қала болғандықтан Зәйнуллаһ ишан медресесінде оқушылар, мүрид болып қол берушілер қазақтан көп болған. Зәйнуллаһ есімі қазақ обылыстарында жайлаған. Бөкейлік, Орал, Торғай, Ақмола, Семей қазадарының оқу іздеген жастары Зәйнуллаһ хазретті табатын болған. Сонан оқып шығып, елге барып молдалық қылып, мұғалім халфе болып, қазақ арасында дін әрі ілім таралуына себепші болған. Ишанға қол тапсырып, мүрид болушылар көбейіп, қазақ арасында қуатын күшейткен. Рас, көп болған соң көптен не шықпайды? Ишан хазреттен оқып, дәрсін тыңдағандар арасында да, қол тапсырып, мүрид болғандар арасында да, ишан жолын теріс ұғып, елді теріс таратушылар былғайды, бірақ ол қателік ишаннан емес екендігі көрініп тұр.

Марқұм жасы жеткедігін сезіп, медресесінің алдағы күндерін қамсыз өтуі үшін, өз тарапынан 19 мың сом шығарып әрі көңіл жетерлерінен жыйыстырып биыл уақыф жасаған еді. Сол уақыф бойынша көзі тірісінде екі үй алған: бірі 70 мың сомға, екіншісі 16 мың сомға.

Ұзын сөдің қысқасы: Зәйнуллаһ ишан екі дүние ісінде, ескі-жаңа заманда басы сыйлы, сөзі тыңдаулы болып өткен адам. Адал ниет, ақ жолмен істеген ақыл алдында жөн істері, Алла алдында мақұл болып орнын жәннатта етсін.

«Қазақ» газетінен алынды № 217, 9- Фебрал 1917 жыл

«Әбу Бәкір Сыддық» медресесі



Ербол Шырынхан

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет