Қ. Бөлеев педагогика ғылымдарының докторы



Дата11.07.2017
өлшемі176,36 Kb.
#21093
ӘОЖ 37.03
Қ. Бөлеев

педагогика ғылымдарының докторы,

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің

профессоры, Ы.Алтынсарин атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері,

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының академигі, Тараз қаласы

Л. Қ. Бөлеева

педагогика ғылымдарының кандидаты,

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің доценті, Тараз қаласы
ҚАЗАҚТЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК

ЖӘНЕ КӘСІПТІК ТӘРБИЕЛЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Мақалада қазақтың халықтық педагогикасындағы еңбек және кәсіби тәрбиелердің мәні, олардың зерттелу жайлары қазақ ғалым-педагогтарының еңбектеріне мазмұндық талдау жасау арқылы анықталынған.

Түйінді сөздер: еңбек, еңбек тәрбиесі, дәстүрлі еңбек тәрбиесі, қазақтың халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесі, кәсіп, кәсіби тәрбие, қазақтың халықтық педагогикасындағы кәсіби тәрбие.

В статье определены сущности трудового и профессионального воспитания, состояние исследованности трудового и профессионального воспитания учащихся на основе содержательного анализа трудов казахских ученых-педагогов.



Ключевые слова: труд, трудовое воспитание, трудовое воспитание в казахской народной педагогике, профессия, профессиональное воспитание, виды профессионального труда, профессиональное воспитание в казахской народной педагогике.

The article defined the essence of the labour and vocational education, the State has labour and vocational education on the basis of meaningful analysis of works of Kazakh scientists-teachers.



Keywords: labor, labour, labour in the Kazakh folk pedagogy, profession, professional education, kinds of occupational and vocational education in the Kazakh folk pedagogy.
Қазақ педагогикасының тарихында ең алғаш қазақтың халықтық педагогикасындағы еңбек және кәсіптік тәрбиелерді зерттеу қажеттігін академик М.Ғабдуллин өзінің «Ата-аналарға бала тәрбиесі туралы кеңес» атты еңбегінде «...қазақ халқының өмірінен орын алған тәрбиенің тарихын жан-жақты қарастыру – өз алдына зерттелетін мәселе. Біздің мақсатымыз – революцияға дейінгі қазақ арасында жас ұрпақты еңбек пен ерлікке тәрбиелеуде халықтың нені арман еткенін және баланы жастайынан тәрбиелегенде оның кім болуын көздегенін шолып ету. Мұндай шолудың керек болып отырған себебі, біріншіден, халқымыздың бала тәрбиелеудегі өткен кездегі арман-мақсатымен танысу, екіншіден, оларды бүгінгі күннің тілек-міндеттерімен салыстыру еді.

Ертедегі ата-аналар өздерінің балаларын жастайынан еңбекке баулып тәрбиелегенде, олардың еңбек сүйгіш, еңбекқор және тұрмыс тіршілікке икемді, қолынан іс келетін ер-азамат болуын көздеген. Бала тәрбиелеудегі бұл мақсатына жету үшін олар тәрбие құралының бірі етіп халықтың ауыз әдебиетін, ән-күйін көп пайдаланған» [1]-деген пікірі нақты дәлел.

Қазақтың халықтық педагогикасындағы еңбек тәрбиесі туралы өз зерттеулері аясында «еңбек тәрбиесі» ұғымына ғылыми анықтамаларды қазақ ғалым-педагогтары түрліше берген. Мысалы, қазақтар арасынан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болған академик Т.Тәжібаев өзінің «Халықтық педагогиканың негіздері» атты еңбегінде: «...малшылардың арасында өмір сүре отырып, өскелең ұрпақ мал шаруашылығындағы еңбекке психологиялық тұрғыдан тікелей қатысуы арқылы да әзірленді, тиесілі білімін, іскерліктері мен дағдыларын қабылдады. Балаларды еңбекке баулуға халық елеулі мән берді» [2]–деген екен. Қазақ этнопедагогика ғылымының негізін қалаушы ғалымдар Қ.Б.Жарықбаев пен С.Қалиев «Қазақ тәлім-тәрбиесі» атты оқулығында: «Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін өзара бөлісіп алған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, аң аулауға, мылтық атып, мергендік құруға, қолөнер шеберлігіне, мал тауып, отбасын асырауға әкелері мен аталары үйретсе, қыз балаларға үй сыпыру, төсек жинау, ас пісіру, шай құю, кесте тігу, тон пішу, өрмек тоқу, өю өрнек сияқты отбасының ішкі жұмысына үйретуді анасы мен әжесі өз міндеттеріне қалдырған. Қыз баланы келешек ана, бала тәрбиешісі, отбасы ұйытқысы деп түсінген халқымыз оның еңбек сүйгіш, өнегелі, өнерлі болып өсуіне ерекше мән берген. Қол өнеріне икемі жоқ қыздарды: «Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде тон пішер» деп келеке еткен. Тіпті шай құю мен төсек жинаудың өзі үлкен сын болған. Қазақ халқы жастарды еңбекке баулығанда күнделікті кәсібіне, тұрмыс-тіршілігіне байланысты төрт түлік малды бағып-қағуды, аң аулап кәсіп етуді ойластырған. [3]-деп анықтаса, С.Қалиев өзінің «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы» атты оқу құралында: «Халық педагогикасының негізгі мақсаты – өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбек сүйгіштікке, өнерге баулу, жанұя, ауыл-аймақ, Отанның ар-намысын қорғай білетін, жаны жайсаң, арлы азамат тәрбиелеу болды. Осы мақсатты іске асыру жолында отбасы мүшелерінен бастап, ауыл ақсақалдары, көне көз қариялар мен ақын, жыршы, жырау, әнші, күйші, термеші сияқты өнер адамдарының бәрі белсене қатынасатын ұжымдық тәрбие ісін жүргізушілер болып келгені көпке аян» [4] - дейді.

Сондай-ақ эстетикалық тәрбиенің халықтық педагогикасының негізін салған ғалым–педагог С.А.Ұзақбаева өзінің «Тамыры терең тәрбие» атты оқу құралында: «Балаларды ерте бастан еңбекке, мысалы, алуан түрлі өнер бұйымдарын жасауға тарту, балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ой-өрісіне, шеберлігі мен дағдысына талапты күшейту қазақтың халықтық педагогикасының жеткіншек ұрпаққа еңбек тәрбиесін беру жөніндегі негізгі міндетіне айналды. Балаларды еңбекке тәрбиелей отырып, ата-аналар оларды тек өзі үшін ғана емес, жалпы игілік үшін еңбек етуге, еңбекке құрметпен қарауға, еңбек процесінің әсемдігін, эстетикалық қуаныш – ләззатын сезініп, түсіне білуге үйретті. Сонымен бірге, еңбекке бұлай араластыру көркемдік және эстетикалық талғамдарды, көзқарастарды, нанымдарды ерте сіңіруге, халықтың мәдени және адамгершілік мұрасына қамқор көзқарасты қалыптастыруға жәрдемдесті» [5]-деп, балаларды еңбекке ерте жастан баулудың қажеттілігі қоғамдық, халықтық ұлы мұрат болғанын анықтайды.

Ғалым-педагог Ә.Табылдиев өзінің «Қазақ этнопедагогикасы» атты оқу құралында: «Қазақтың халық педагогикасында еңбек тәрбиесі ерекше орын алады. Тәй-тәй басып, әрекет жолына түсе бастаған бөбектен бастап еңбек тәрбиесі еңбексүйгіштікке (қарекет қылуға), еңбекті құрметтеуге (ата-ананың еңбегін құрметтеп, оны мақтан тұтып, оларға көмек көрсетуді борышым деп санауға), еңбекке дағдыландыруға (үйрету, жаттықтыру, дағдыға айналдыру) үйретеді. Еңбек тәрбиесі алғаш, негізінен, баланың еркін әрекет жасап, талпыну, талаптану, ойнау, ойын үстінде үйрену кезінде іске асырылады. Еңбек тәрбиесінің негізгі саласы – баланы кәсіпке үйрету болып табылады: мал бағу, егін салу, сәулет өнеріне үйрету, зергерлік, тоқымашылық, құсбегі болу алуан түрлі ұсталық кәсіпке үйрету негіздері» [6] – дейді.

Педагог-ғалымдар Ж.Б.Қоянбаев пен Р.М.Қоянбаев өздерінің «Педагогика» атты оқу құралдарында: «Халық еңбекті асыл мұрат деңгейінде қарады. Адам өзінің жан және тән сұлулығын еңбекте ғана көрсете алатындығына назар аударады. Сондықтан да баланы еңбекке тәрбиелеу үйелменнің қасиетті борышы. Жас ұрпақтың еңбекке қатынасы халық ауыз әдебиетінің өзекті мәселесі ретінде жырланды.

Жас ұрпақты халқымыз жалпы еңбек сүйгіштікке тәрбиелей отырып, «он саусағынан өнері тамған» нақты кәсіп иесі болуын да көздеді. Бұл жерде еңбек дағдыларын меңгеруде зор жігерліктің қажет екенін жақсы түсінді. Еңбек сапасы негізгі көрсеткіш ретінде жырланды. Халық педагогикасынан орын алған еңбек және еңбекке тәрбиелеу көзқарастары қазіргі педагогика теориясындағы принциптермен ұштасып жатыр» [7] - деп тұжырымдайды.

Педагог-ғалым Г. Бахтиярова өзінің «Халық тәлімі – тәрбие қайнары» атты оқу құралында еңбек тәрбиесін: «Ер бала мен қыз баланың еңбек іс-әрекетіндегі мүмкіндіктеріне орай жүргізілген халықтық тәрбие тәжірибесі». Қазақ отбасындағы ұл бала мен қыз баланың еңбек әрекетінің түрлері, ерекшеліктері: өзіне-өзі қызмет ету еңбегі, тұрмыстық еңбек, халықтық кәсіп еңбегі қарастырылады. Қазақ халқы еңбек тәрбиесін ерекше бағалап, өз ұрпағын еңбекті сүюге және құрметтеуге тәрбиеледі» [8].

Қазақ ұлттық энциклопедиясында: «Еңбек тәрбиесі – жасөспірімдерді еңбек- қорлыққа, еңбекті құрметтеуге, еңбек мәдениетін үйретуге бейімдеп, олардың еңбек ету шеберлігі мен дағдысын қалыптастыруға бағытталған тәрбиенің бір саласы. Еңбек тәрбиесі барлық халықтар мен ұлттардың дәстүрлі халықтық педагогикасының негізгі құрамдас бөлігі ретінде дамыған. Мысалы, қазақ халқының дәстүрлі тәлім-тәрбие беру жүйесінде жас кезінен бастап еңбекке, белгілі бір кәсіпке баулыған әрбір жас сәби «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал рухында тәрбиеленген. Қазіргі таңдағы еліміздің білім беру жүйесінде еңбек тәрбиесі – отбасында, мектепке дейінгі мекемелерде, мектепте, мектептен тыс мекемелерде жүзеге асады. Отбасында бала кішкене кезінен еңбек тапсырмаларын орындауға, еңбекқорлыққа, төзімділікке баулынады. Еңбек тәрбиесі мектепте білім берумен тығыз байланыста жүзеге асады. Оқу еңбегінің барысында балада ұқыптылық, еңбекқорлық, еңбек ету дағдысы қалыптасады. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай оқу процесінде өзіне-өзі қызмет ету, оқу құралдарын дайындау, мектеп үйін жөндеу, табиғатты қорғау, т.б. қоғамдық пайдалы жұмысқа қатысу олардың ой-өрісінің кеңеюіне, қабілеттіктерінің, бейімділіктерінің дамуына мүмкіндік жасайды. Педагогика ғылымы еңбек тәрбиесін жас ұрпақты отбасы мен мектепте тәрбиелеудің жалпы үрдісінің бір бөлігі ретінде қарастырады. Оқушыларды еңбек етуге, еңбекқорлыққа баулу, оларға кәсіптік бағдар беру қазіргі таңда барлық оқу жүйесінде оқушы әрекетінің белсенділігін қамтамасыз етудің бір тәсілі болып табылады» [9]-деп анықтама берілген.

Қазақтың халықтық педагогикасындағы еңбек тәрбиесі проблемаларын зерттеумен Н.М.Адамқұлов, С.Ш.Әлімбекова, Е.А.Битабаров, М.К.Бұлақбаева, Б.Ж.Жиентаева, Б.Б. Жолдасова, А.И.Ибрагимов, Б.Б.Көлбаева, Ж.К.Күнпейіс, А.Ш.Манабаева, А.Д. Райымқұлова, Ш.Сапарбайқызы, О.С.Сатқанов, К.Жұмаханов, А.С.Сманова, Қ.Қ.Шалғынбаева айналысып, диссертациялық жұмыстар қорғалды [10]. Зерттеу жұмыстары білім беру жүйесіне ендіріліп, бірнеше жеке еңбектер жарық көрді. Соларға талдау жасалық.



О.Сатқанов өзінің «Еңбек сабағында қазақ өнеріне баулу» атты әдістемелік құралында 1-4 сыныптардағы «Еңбекке баулу» пәнінде дәстүрлі еңбек түрлерін меңгерту мақсатында қазақ өнеріне баулу арқылы оқушыларды сәндік-қолданбалы өнер туралы түсініктері қалыптастырылады. Сабақта әралуан түрлі материалдарды пайдалана отырып, оқушылардың түрлі тұрмыстық бұйымдар дайындау барысында ұлттық оюлар, нақыштар, өрнектермен танысып алғашқы еңбек ету дағдылары қалыптаса бастайтыны баяндалған [11].

К.Жұмаханның «Бастауыш сыныптарда этнопедагогика материалдары арқылы оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру» атты көмекші құралында мектепте «Технология» пәні еңбек тәрбиесіне бағыт-бағдар беретін негізгі пән болғандықтан оның мазмұнын ұлттық қолөнермен толықтыру арқылы оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру тәжірибесі баяндалған [12].

Бірінші бөлім «Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын технология пәнін оқыту арқылы қалыптастыру негіздері» деп аталып, онда қазақ ойшылдары мен ағартушыларының еңбегіндегі халық тағлымдарының оқушылар дүниетанымын дамыту мүмкіндіктері, бастауыш сынып оқушыларын еңбекке баулуда ұлттық тәрбие берудегі қазақ ағартушыларының қысқаша ой-пікірлері, технология пәнінде бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын қалыптастырудың педагогикалық негізі, «Технология» пәнінде этнопедагогика материалдарын қолдану арқылы бастауыш сынып оқушыларын еңбек тәрбиесіне баулудың педагогикалық негізі, бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын технология пәнін оқыту арқылы қалыптастыру, мақал-мәтелдердің тақырыптары, қазақ дүниетанымындағы төрт-түліктің адам өмір сүруіндегі жөн-жоралғылары мен ырымдары, төрт түлік түрлеріне қатысты әдет-ғұрыптар, төрт түлік төлдеуіне қатысты әдет ғұрыптар, мал пірлерінің пайда болуы және олар туралы аңыз әнгімелер баяндалған.

«Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын қалыптастыруда этнопедагогика материалдарын қолданудың әдістемелік жолдары» атты екінші бөлімде «Технология» пәнін оқыту арқылы бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын қалыптастыруда мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды қолдану жолдары, бастауыш мектептің технология пәнінде мақал-мәтелдермен жұмбақтарды қолданудың әдістемесі, бастауыш сыныптарда өтілетін технология пәнінің басқа да пәндермен сабақтастығы және еңбек тәрбиесін беру бойынша үлгі ретіндегі сабақ жоспарлары берілген.

Ш.Әбдуалиеваның «Халық қолөнері» атты әдістемелік құралында қазақ мектептерінің V-IX сыныптардағы еңбек пәнінде сәндік-қолданбалы өнер бағдарламасы арқылы оқушыларға еңбек тәрбиесін беру әдістемесі жасалынған [13].

Құралда сәндік қолданбалы өнер сабақтарын өткізу әдістемесі мен ұйымдастырудың жалпы жағдайлары, V-IX сыныптарда сәндік-қолданбалы өнер сабақтарын өткізудің, жылдық үлгі жоспарлары жасалып, онда оқушылар өнер туралы мағлұматтар ала отырып, қолданбалы өнер түрлері, мататану элементтері, кесте түрлері, кестелі бұйымдар жасау, тоқыма бұйымдар жасау, бастырма түрлері, бастырмалы бұйымдар жасау, ши жасау, ойма-нақышты бұйымдар жасау, құрақ түрлері, құрақ жасау, түксіз кілем тоқу және түкті кілем тоқу өнерлері туралы дағдылары қалыптасатыны баяндалған.

Педагог-ғалым Т.Қоңыратбаеваның «Кәсіп және мәдениет» оқу құралында Қазақстандағы кәсіптік білім берудің тарихы ежелгі түркі дәуірінен бастап осы кезеңге дейінгі дамуы мәдени-педагогикалық тұрғыда қарастырылған [14].

Оқу құралының бірінші тарауы «Кәсіптік білімнің мәдени динамикасы» деп аталып, онда үздіксіз кәсіптік білім мен дайындықтың қазақстандық және халықаралық мәселелері, болашақ маманның рухани әлемі, кәсіпшілдік тарихы – мәдениет тарихы екені түрлі тарихи дәуірлер бойынша кәсіби еңбектің түрлері, құралдары және кәсіби еңбек тудырған мәдениет үлгілеріне сипаттама берілген.

«Кәсіптік білімнің этномәдениеттану аспектілері» тарауында оның зерттелуі мен ұғымдары, көне-наным сенімдер, темір өндіру, төтемдік бейнелеу өнері, кәсіпшіліктің поэзиядағы көрінісі, кәсіптік білімнің Орта Азияда Ренессансы тұсындағы және түркі тайпаларының мәдениеті туралы мәліметтер берілген. Үшінші «Қазақ кәсіптік мектебі – дала мәдениетінің алтын бесігі» тарауында халықтың қалыптасу кезеңіндегі негізгі кәсіптер: егіншілік, қыш-құмырашылық, қала мен саудагерлік кәсіптің дамуы, кәсіптік білім мен еңбек тәрбиесінің сабақтастығы, ата кәсіп және оның мәдени сипаты, өнермен өзектес кәсіп түрлері мазмұндалған. Сондай-ақ кәсіпке байланысты ұлттық мазмұндағы дидактикалық ойындар және оларды қолдану туралы әдістемелік нұсқаулар берілген.

Қазақтың халықтық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің әдіснамалық-теориялық негіздерін жасап, оны практикаға ендірумен көп жылдар айналысып, нәтижесінде бірнеше жеке еңбектер шығарып, оларды республика мектептеріне тарату арқылы оқушылардың еңбек ету мәдениетін ұлттық сипатта жүзеге асырумен айналысқан ғалым-педагог – Қ.Қ.Шалғынбаеваның ғылыми жұмыстарына шолу берелік.



Қ.Қ.Шалғынбаеваның «Еңбек тәрбиесінің қазақ ғұлама-ағартушылары мен қоғам қайраткерінің еңбектеріндегі көрінісі» атты оқу құралында «Көне дәуірлердегі ғұлама-ойшылардың мұраларындағы еңбек тәрбиесі» бөлімінде Орхон – Енисей түркі жазба ескерткіштеріндегі, Қорқыт ата тағылымдарында еңбек тәрбиесі, әл-Фарабидің трактаттарындағы, Ж.Баласағұнидің «Құтты білік» дастанындағы, М.Қашқаридің «Түрік сөздерінің жинағындағы» еңбек тәрбиесі туралы ой-пікірлері сөз болған. «Қазақ ағартушыларының шығармашылық мұраларындағы еңбек тәрбиесінің мазмұны» бөлімінде Абайдың өлең-жырларындағы, Ш.Уәлихановтың шығармаларындағы, И.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» әңгімелеріндегі еңбек тәрбиесі туралы ой-пікірлерінің мазмұны талданған, «ХХ-ғасырдың басындағы қоғам қайраткерлері мен ағартушыларының мұраларындағы еңбек тәрбиесі» бөлімінде Ш.Құдайбердиевтің, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың шығармашылық- тарындағы еңбек тәрбиесі мәселелері; «Кеңестік дәуірдегі ғалым-педагогтардың зерттеулеріндегі еңбек тәрбиесі» бөлімінде А.Б.Бержановтың, Ә.І.Сембаевтың, А.С.Сыдықовтың, Т.Т.Тәжібаевтың еңбектеріндегі оқушыларға еңбек тәрбиесін берудегі идеялары олардың зерттеулері негізінде баяндалған. Соңғы «Қазіргі педагогика ғылымының зерттеулеріндегі еңбек тәрбиесі» бөлімінде еңбек тәрбиесінің жекелеген мәселелеріне және оқушыларға кәсіптік бағдар беру ісіне арналған зерттеу еңбектеріне қысқаша талдау берілген [15].

Келесі Қ.Қ.Шалғынбаеваның «Балалар мен жастарды еңбекке тәрбиелеудегі халық педагогикасының мүмкіндіктері» атты оқу құралында жеткіншек ұрпақтарды еңбекке тәрбиелеудің мазмұны, мақсаты мен міндеттері басшылыққа алынып, бүгінгі таңдағы болашақ ұрпақтарды дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеудің мүмкіндіктері жан-жақты сипатталынған [16].

Құралдың «Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің әуелеті» атты бөлімінде қазақ ғалым-педагогтары С.А.Ұзақбаеваның «Тамыры терең тәрбие», Қ.Бөлеевтің «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау», Қ.Жарықбаев пен С.Қалиевтің «Қазақ тәлім-тәрбиесі», Р.К.Төлеубекованың «Бала тәрбиесіндегі халықтық педагогика» еңбектеріндегі «халықтық педагогика» және «этнопедагогика» ұғымдарына берген анықтамалары мен түсініктеріне, олардың ерекшеліктері мен айырмашылықтарына айтқан пікірлеріне, А.К.Конның, А.С.Сәрсенбаевтың, С.Қалиевтің, С.А.Ұзақбаеваның «дәстүр» ұғымына берген анықтамаларына шолу жасалып, автор оған өз анықтамасын берген.

«Қазақ халқының салт-дәстүрлеріндегі еңбек тәрбиесі» атты бөлімінде ғалымдар С.Қалиев, М.Оразаев және М.Смайылованың зерттеулеріндегі қазақ халқының салт- дәстүрлерінің үш топқа бөлінуіне негізделген еңбек тәрбиесінің мазмұнына жеке-жеке сипаттама берілген.

1. Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлерінің қыз бала мен ұл баланың келешек отбасы жанұя құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған азаматтық жөн-жоралғыларының еңбек тәрбиесін берудегі маңызы.



  1. Тұрмыстық салт-дәстүрлердің баланы кәсіпке ұйретудің тәлімгерлік түрлері.

3. Әлеуметтік салт-дәстүрлердің баланы өмірге, отбасын құруға, үй болуға байланысты әлеуметтік іс-шараларға үйретудегі маңызы.

Осы салт-дәстүрлердің ішінен еңбек тәрбиесіне байланысты баланы атқа мінгізу, қозы жасы, қой жасы, көшіп-қону дәстүрі, мал шаруашылығы, аңшылық, балықшылық, егін шаруашылықтары, қолөнер дәстүрі, зергерлік өнер, шеберлік дәстүрлердің еңбек және кәсіптік тәрбиелер берудегі маңызына тоқталған.

«Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің мәні» атты үшінші бөлімде еңбек тәрбиесінің теориялық-әдіснамалық негіздері жасалынған. Сонымен қатар еңбек тәрбиесінің негізінде пайда болған, кәсіптік тәрбиенің мәні сөз болған. Бөлімде қазақтың халықтық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің анықтамалары қазақ ғалым-педагогтарының зерттеулеріндегі анықтамаларды негізге алып, автор еңбек тәрбиесінің мақсатына өз түсініктемесін берген.

Төртінші «Қазақ халқының еңбек тәрбиесінің мақсаттары мен міндеттері» атты бөлімде автордың пікірінше «Қазақ халқының еңбек тәрбиесінің мақсаты мен міндеттеріне деген көзқарасына келсек, қазақ халық педагогикасының мазмұны бай және сан қилы. Ол жеткіншек ұрпаққа еңбек тәрбиесін берудің барлық жағын қамтиды. Еңбек тәрбиесінің мақсаты мен міндеттері халықтың сан ғасырлық тарихымен, тыныс-тіршілігімен, тұрмыс-салтымен және мәдениетімен тығыз байланысты. Қазақ халқының өзіндік тарихи-географиялық , әлеуметтік-экономикалық жағдайлары, көшпелі тұрмыс-салты олардың материалдық, рухани мәдениетіне, тұрмысы мен адамгершілік көзқарастарына өз әсерін тигізді. Осыған орай халқымыздың өзіне тән тіршілік салты, қолданбалы өнері, аңыз-ертегілері, мақал-мәтелдері, әдет-ғұрыптары, ұлттық салт-сана мен еңбек тәрбиесінің халықтық дәстүрлері өмірге келді.

Сөйтіп, өз тіршілігіне сан ғасырлық тарихи ішінде қазақ халқы еңбек тәрбиесінің өзіне тән тәжірибесін, өскелең ұрпақты еңбекке тәрбиелеудің өзіндік әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін жинақтады», -деп түйіндеген.

Бөлімде отбасында ұл бала мен қыз балаға, келінге еңбек тәрбиесін берудегі ата-аналарының, әкесі мен анасының үлгі-өнегесіне тоқталған.



Қ.Қ.Шалғынбаеваның үшінші көмекші құралы «Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін оқушылар тәрбиесінде пайдалану тұжырымдамасында» тұжырымдама қазақ халық педагогикасында жеткіншектерді еңбекке тәрбиелеу проблемасына байланысты этнопедагогикалық әдебиеттерге, ғылыми зерттеулерге, жалпы білім беретін орта мектептердегі еңбек тәрбиесі тәжірибесіне теориялық талдау жасау негізінде құрылған [17].

Тұжырымдаманың «Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің мақсаты мен міндеттері» бөлімінде автор «еңбек тәрбиесінің мақсаты» ұғымына өз анықтамасын беріп, жеке тұлғаға еңбек тәрбиесін берудің он міндеттері мен бағыттарын жүзеге асыруды көздеген.

«Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің қағидалары» бөлімінде жеткіншектерге еңбек тәрбиесін берудің мазмұнын, әдістерін және ұйымдастырылуының іргетасын қалайтын негізгі қағидалары: мақсаттылық, үздіксіздік, беріктілік, жүйелілік, қоғамдық өмірімен байланыс, ұжым арқылы тәрбиелеу, дара ерекшеліктері мен жыныстық өзгешіліктерді ескеру сипатталған.

Төртінші тарау «Отбасындағы еңбек тәрбиесінің мазмұны мен түрлері» деп аталып, онда жеткіншектерге еңбек тәрбиесін берудегі отбасының орны, ата-аналар мен ата-әжелердің балаға еңбек тәрбиесін берудегі міндеттері, олардың құнды іс-тәжірибелерін ескеру, солардың негізінде отбасының жеткіншектерге еңбек тәрбиесінің тиімділігін көтеруге ұсыныстар берілген, отбасында еңбек тәрбиесін берудің озық іс –тәжірибелерін жинақтау және тарату, оны әрбір отбасы игілігіне айналдыру, ол үшін түрлі іс-шараларды ұйымдастыру формаларына тоқталған.

«Мектепке дейінгі мекемелердегі еңбек тәжірибесінің мазмұны мен түрлері» атты бөлімде балабақшадағы балалар еңбегінің төрт түріне: өзіне-өзі қызмет көрсету, шаруашылық-тұрмыстық еңбек, табиғаттағы еңбек және қол еңбегі сипаттамалар беріліп, олардың мазмұндары жасалған.

Алтыншы «Мектептегі еңбек тәрбиесінің мазмұны мен түрлері» атты бөлімде бір-бірін толықтыратын және сабақтастыратын екі бағытта оқушыларға еңбек тәрбиесін беру сөз болған. Біріншісі – оқу, білім беру саласындағы, екінші – арнайы еңбек тәрбиесін беру. Бірінші бағыт бойынша мектепте оқытылатын барлық оқу пәндерінде дәстүрлі еңбек тәрбиесін беру, ал екіншісінде – арнайы «Технология» пәнін оқытуда дәстүрлі еңбек тәрбиесін берудің түрлері мен мазмұндары жасалынған.

«Мектептен тыс балалар мекемелеріндегі еңбек тәрбиесінің мазмұны мен түрлері» атты бөлімде мектептен тыс мекемелердегі еңбек тәрбиесі жас өспірімдер мен балалар шығармашылығының орталығы оқушылар сарайлары, жас натуралистер, жас техниктер станциялары, спорт сарайлары, стадиондары, спорт кешендері, клубтары, музыкалық, бейнелеу өнері мектептері, т.б. мекемелердегі еңбек тәрбиесінің мазмұны мен түрлері сөз болған. Сондай-ақ ұлттық еңбек тәрбие тағылымдарын насихаттайтын «Этнографиялық орталықтар» құрып, оларда қыз бен бала мен ұл балаға еңбек тәрбиесін берудің жаңа формаларын ұйымдастыру туралы ұсыныстар берілген.

Сегізінші «Еңбек тәрбиесі жүйесін жаңаша құруда болашақ мамандар даярлау мәселелері» атты бөлімде еңбек тәрбиесін ұйымдастырушы маманнның тұлғалық бейнесі, оны қалыптастыру мақсатында он төрт шараларды іске асыру ұсынылған. Ал тоғызыншы бөлімде «Қазақ халық педагогикасында жас жеткіншектерді дәстүрлі еңбекке тәрбиелеудің моделі» деп аталып, онда қазақ халқының дәстүрлі еңбек түрлері, еңбек тәрбиесінің дәстүрлері, еңбек тәрбиесінің қағидалары, құралдары әдіс-тәсілдері, нәтижесінде – бүгінгі өркениетті қоғамда нарықтық бәсекелестікке бейімделген шығармашыл, іскер, белсенді, ұлтжанды жеке тұлға қалыптастыру моделі, оны жүзеге асыру механизмдері жасалынған. Модель ғылыми талапқа сай жүзеге асырылғандықтан нәтижелі болатыны сөзсіз.



Қ.Қ.Шалғынбаеваның келесі еңбегінде жоғарыда жасалынған тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін «Қазақ халқының дәстүрлі еңбек тәрбиесі» атты оқу құралы шығарылған. Онда қазақ халық педагогикасының еңбек тәрбиесі дәстүрлерін үсдіксіз білім беру жүйесінде пайдалану үшін «Қазақ халқының балалар мен жеткіншектерге еңбекке тәрбиелеу дәстүрлері» атты арнайы курс бағдарламасы, оның толық мазмұны, семинар сабақтарының тақырыптары, реферат тақырыптары, өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар, тест тапсырмалары берілген [18].

Сонымен, профессор Қ.Қ.Шалғынбаеваның еңбектерінде жеткіншектерге дәстүрлі еңбек тәрбиесін берудіңи тұтастай жүйесі жасалынғаны, сондықтан оны қазақ педагогикасы ғылымында дәстүрлі еңбек тәрбиесінің халықтық педагогикасының негізін қалаушы деп толық айтуға болады.

Қорыта айтарымыз, қазақ этнопедагогикасы ғылымында қазақтың халықтық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің жүйесі жасалғанын айта отырып, сол жүйені бүгінгі білім беру жүйесіне ендіру арқылы жеткіншектерді еңбексүйгіш және еңбекқор, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге болады деп айта аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Ғабдуллин М. Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес. –Алматы: Мектеп, 1966.

2. Тажибаев Т. Воспитание детей в аулах и школы в Казахстане / В книге «Очерки истории школы и педагогической мысли народов СССР. ХVIII в. –первая половина ХІХ в. –М.: Просвещение, 1973. – С. 533-558.

3. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. –Алматы: Санат, 1995.

4. Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. –Алматы: Білім, 2003.

5. Ұзақбаева С.А. Тамыры терең тәрбие. –Алматы: Білім, 1995.

6. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. –Алматы: Эверо, 2004.

7. Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. –Алматы: Санат, 2001.

8. Бахтиярова Б.Р. Халық тағылымы – тәрбие қайнары. –Алматы: Ғылым, 2002.

9. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедия. Т.Н./Бас редактор Ә.Нысанбаев. –Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2002.

10. Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Қазақ этнопедагогикасы. Библиографиялық көрсеткіш (1922-2012 жж.). –Тараз, 2013.

11. Сатқанов О. Еңбек сабағында қазақ өнеріне баулу. –Алматы: Рауан, 1992.

12. Жұмахан К. Бастауыш сыныптарда этнопедагогика материалдары арқылы оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру. –Алматы: Дарын, 2007.

13. Әбдуәлиева Ш. Халық қолөнері. –Алматы: Рауан, 1992.

14. Қоңыратбаева Т. Кәсіп және мәдениет. –Алматы: РБК, 2000.

15. Шалғынбаева Қ.Қ. Еңбек тәрбиесінің қазақ ғұлама-ағартушылары мен қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі көрінісі. –Алматы, 2003.

16. Шалғынбаева Қ.Қ. Балалармен жастарды еңбекке тәрбиелеудегі қазақ халық педагогикасының мүмкіндіктері. –Алматы, 2004.



17. Шалғынбаева Қ.Қ. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін оқушылар тәрбиесінде пайдалану тұжырымдамасы. –Алматы, 2004.

18. Шалғынбаева Қ.Қ. Қазақ халқының дәстүрлі еңбек тәрбиесі. –Алматы, 2008.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет