Кейс тапсырмасы
Қ.Жұбанов грамматикасындағы ғылыми-теориялық пікірлер азақ тіл білімінің дүниеге келуі мен оның қалыптасуын ауызға алғанда бар өмірін, күш-жігерін отандық ғылымға сарп еткен жандардың есімін зор ізет, құрметпен еске аламыз. Осындай есімдердің бірі – 20-30 жылдарда қазақ филологиясы саласында табысты еңбек еткен профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов болатын. Қазақ лингвистикасының негізін салған деп ауыз толтырып айтарлық ірі ғалымдарымыздың қатарындағы терең білімдарлық пен зор дарын иесі, ірі оқымысты әрі қоғам қайраткері осы бір жанды шын мәнінде елдің бәрі біле бермейді.
«Қазақ КСР тарихында» («Социализм дәуірі» деген кітапта) республикамыздағы 30-жылдардағы ғылым мен ағарту жұмыстарының жайы жөнінде кең мағлұмат берілген. Кітаптың осы бөлімінен мынандай бір жолдарды оқимыз:
«Екінші бесжылдықтың тұсында Қазақтың Абай атындағы педагогтік институты ірі оқу орнына, маңызды мәдени ошаққа айналды... Қазақ әдебиеті мен тіл білімінің, Қазақ КСР тарихының көкейкесті мәселелері осында зерттелетін-ді. Институттың профессоры Қ. Қ. Жұбанов қазақ тілінің ерекшелігіне лайықталған жаңа қазақ жазуы мен емлесін түзіп, қалыптастыруда елеулі еңбек етті. Қазақ тілінің алғашқы оқулықтарын жазу, оның грамматикасы мен тарихын зерттеу Қ. Қ. Жұбанов қаламының үлесіне тиген-ді».
Ол кезде мұсылман дінінің, оқуының қазақ арасындағы ықпалы зор болатын. Қ. Жұбанов мұны кейінірек былай деп түсіндірген:
«Патшалық қазақты бұғауда ұстаудың бір амалы дін деп ұқты. Сондықтан да, ол халықты ислам дініне жанашырлық еткен боп алдарқатуды көздеді. Император екінші Екатерина 1781, 1784 жылдары қазақ сахарасында мешіттер мен медреселер салу туралы, қазақ балаларын мұсылманша оқыту туралы жарлық шығарды. 1797 жылы Петербургте баспахана ашып, онда құранды басып шығарып, оны қазақ арасына тегін таратып отырды».