Компьютерлік технологиялардың қарыштап даму нәтижесінде және оның базасында интернеттің пайда болуына қарай журналистиканың өзіне тән жаңа формасы дүниеге келді. Ол – интернет журналистика. Интернет – журналистика, дәстүрлі журналистика ағымына көп өзгеріс енгізді. Интернеттің қойнауы шексіз, алмағайып көлемдегі ақпараттарымен ерекшеленеді. Адамзат өркениетінің даму сатысында бірнеше ақпараттық серпілістер болды. Олардың алғашқысы – жазу арқылы ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа жетуі. Екіншісі – баспа ісінің пайда болуы. Үшінші серпіліс – электрдің пайда болу нәтижесінде қалыптасқан телефон, теледидар, радио секілді т.б. ақпарат тарату құралдарының дамуымен ерекшеленеді. Ал, ХХ ғасырдың соңынан басталатын төртінші серпіліс – компьютерлік технологияның желілік технологиямен бірігуі нәтижесінде қалыптасып, ақпараттық – коммуникациялық технологиясы атанған жаңа ақпараттық серпіліс. Бүгінде осы ақпараттық серпіліс дәуірді таңқаларлық өзгерістерге бастар негізгі күшке айналып келеді.
«Ақпарттық қоғам» туралы ұғымды өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында жапон ғалымдары ұсынған еді. Ақпараттық қоғамның айрықша белгілері:
қоғам өміріндегі ақпарат пен білімнің ролін өсіру;
жалпы ішкі өнімде ақпараттық коммуникациялар, өнімдер мен қызметтер бөлігін өсіру;
мыналарды қамтамасыз ететін ғаламдық ақпараттық кеңістік:
а) адамдардың тиімді ақпараттық өзара іс-қимылы;
б) әлемдік ақпараттық ресурстарға олардың қол жеткізуі;
в) ақпараттық өнімдер мен қызметтерде олардың тұтынушылығын қанағаттандыру болып табылады.
әлем әлеуметтанушылары адамзат қоғамы өзінің даму жолында «ақпараттық қоғам» деп аталатын жаңа сатыға қадам басуы деп бағалауда. Бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Дания, Финляндия, Оңтүтік Корея, Сингапур, Малайзия, Марокко, Маврикия, Эстония секілді т.б. көптеген елдер ақпараттық қоғамның негізін қалаудың көш басында келеді. Мәселен, АҚШ 1993 жылы ұлттық – ақпараттық инфрақұрылым қалыптастырудың жоспарын қабылдады, 1994 жылы шілдеде Еуропалық одақ комиссиясы «Ақпараттық қоғамға – Еуропалық жол» атты жоспарын бекітті, 1995 жылы Финляндия «Ақпараттық қоғамға – финдік жол» деп аталатын өз бағдарламасын әзірлесе, 1996 жылы ГФР «Ақпараттық қоғамға – германдық жол» атты бағдарламасын қабылдады. Осылайша өткен ғасырдың 90 жылдары шенінде мұндай бағдарламалар барлық дамыған елдер мен дамушы елдерде қабылданды. Бұл бастамаларды мұнан ары кең ауқымда жалғастыру мақсатында «Үлкен сегіздік» елдері 2000 жылы әлемдік ақпараттық қоғам орнатудың «Окинава хартиясын» бекітті. Ақпараттық қоғам құру аясында ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Мәселен, «Ресей Федерациясының ақпараттық қауіпсіздік доктринасы», «Ақпараттық технологиялардың ақ кітабы» деп аталатын тұжырымдамалық құжаттар, сондай-ақ 2001 жылдың шілде айында Ресей Федерациясының Үкіметі бекіткен 2002-2010 жылдарға арналған «Электронды Ресей» федералдық бағдарламасы қабылдады. Аталған құжаттар Ресейдің әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған. Қазақстанда ақпараттандыру процесі 1990 жылдардан басталған. Бұл уақыт аралығында республикамызда компьютерлік техника саны артып, біршама мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, кәсіпорындар мен ғылым, білім мекемелерінде жұмыс процесі автоматтандырыла бастады. 1996 жылдан бастап елімізде интeрнет жүйесі жұмыс жасап, оны тұтынушылар саны «Actis System Asia» компаниясының деректері бойынша 2000 жылдың күзінде 360 мыңға жеткен. Интернет провайдерлері жалпы республика бойынша 60-тан астамға өсіп, ақпараттық сайттар саны 2500-ден астамға таянған және олардың тақырыптық аясы мемлекеттік басқару органдарының, отандық кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдар мен оқу орындарының ақпараттарымен толығуда. Қазіргі таңда еліміздегі ақпараттық қоғам құру мәселесі, дамыған елдер технологиясына негізделген біртұтас ақпараттық инфрақұрылым қалыптастырылды. Мәселен, 1997 жылы «Қазақстан Республикасында біртұтас ақпараттық- кеңістік қалыптастыру туралы» Жарлыққа қол қойған. 2001 жылы наурызда «Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Елбасының жаңа Жарлығы шықты. Бұл құжатта межеленген міндеттерді шешу мақсатында Үкімет «Қазақстан Республикасының ұлтық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 2001-2003 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекіту туралы» қаулы қабылдады. Бүгінде интернет жүйесі – ақпарат алмасу, әлемдік нарыққа шығу, инвестиция тарту, отандық экономиканың әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті, ғылым мен білімді, мәдениет саласын, азаматтардың белсенділігін арттыруда шешуші рөл атқаруда.