" өсімдіктер систематикасы" пәні бойынша



бет10/56
Дата27.04.2018
өлшемі22,84 Mb.
#40251
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   56

Клетка қабықшасы тұтас, қалың, қатты целлюлозалы, қарапайым түрлерінде пектинді, кейде аралас. Көбінесе бірнеше қабаттан тұрады. Ішкі қабаты көпшілік жағдайда целлюлозды, сыртқысы пектинді, кей жағдайларда бірнеше қабатты целлюлозадан тұрады. Көпшілік түрлерінде қабықтың сыртында ине, сүйел, қылтанақ, тікенек сияқты өсінділері болады, кейде қалың кілегей қаптап жатады. Бұл олардың судың ортаңғы қабатында қалықтап тұруын қамтамасыз етеді. Клеткада табақ, сирек пластинка не тор пішінді бір хлоропласты, кейбір түрлерінде диска тәрізді бірнешеу болады. Пиреноидтары басым, көпшілігінде біреу. Ядросы ядрошығымен айқын көрініп жататын ірі, көпшілік жағдайда біреу, сирек бірнешеу. Қарапайым құрылымдықтың құрылысын зерттеген уақытта қозғалыс стадиясы толық жойылған түрлерінің өзінде, монада құрылымдыларға тән центриолидің сақталғанын байқауға болады. Диктиосомадағы цистерналардың қойнау саны мен мөлшері клетканың функционалдық жағдайы мен сыртқы орта әсеріне байланысты. Митохондрияның да саны, мөлшері, формасы, орналасуы клетканың жас шамасына және функционалдык жағдайына байланысты. Эндоплазматикалық ретикулюм цитоплазманы жан-жағынан тесіп өтіп, бір жерлерінде ұлғайып қойнаулар немесе көпіршіктер құралады, кейін одан рибосома мембранасы түзіледі. Микротүтікшелері пероксисомасы болады.

Қор заты крахмал пиреноидтың маңына хлоропласт жиналса, май тамшылары дененің өн бойында бытырап жатады.

Көбеюі. Вегетативтік кебеюі бөлшектерге ыдырауы не жеке клеткаларға бөлінуі және акинеттер құрауы арқылы болады.

Көп түрлері вегетативті клеткадан пайда болатын екі талшығы бар жалаңаш зооспоралар арқылы жыныссыз көбейеді. Біраз түрлерінде зооспораның орнына қозғалмайтын автоспора түзіледі. Автоспоралар да зооспора сияқты дамиды, бірақ талшығы болмайды және аналық клетканың ішінде жатқанда қабықка оранады. Кейде зооспоралар мен автоспоралардың орнына синзооспора, апланоспора түзіледі. Бұлардың зооспорадан айырмашалығы талшығы болмайды, ал автоспорадан қабығының болмауы арқылы айырылады.

Автоспоралар - жыныссыз көбеюдің ең жоғарғы сатыға күрделенген түрі. Олардың қалың қабығы бар, талшықтары болмайды. Автоспоралар басым көпшілік хлорококкты балдырларда вегетативті клеткалардың кішкентай түрі болып есептеледі. Қарапайым хлорококкты балдырлар зооспоралар немесе қозғалысы тежелген гемизоспора арқылы жыныссыз көбейсе, біраз күрделі түрлері қозғалмайтын апланоспора жэне автоспоралар арқылы кебейеді. Бұл споралардың сандары әрқайсысында әр түрлі 4-8 сирек 2, 16, 32, 64 болады.

Жынысты кебею аз ғана түрлеріне тән. Жиі изогамиялық сирек гетерогамиялық және оогамиялық жолмен көбейеді.

Хлорококктылардың ішінде гомоталды және гетероталды түрлері болады. Қолайсыз жағдайларда вегетативтік клеткалар акинеттерге, цисталарға айналады. Көпшілік хлорококкты балдырларда жынысты көбеюі болмағандықтан, вегетативтік уақытында гаплоидты келеді, бірен-саран ғана диплоидты (Сһlоrосһtrіит).

Хлорококкты балдырлар әр түрлі экологиялық жағдайларға кездеседі. Көпшілігі суда планктон мен бентостың құрамына қатысады. Сонымен бірге, дымқыл жерде, топырақта ағаштардың қабығында, қабырғаларда, жылыжайларда, гүл отырғызылған құмыраларда кездеседі. Хлорококктыларда басқа организмдермен бірігіп тіршілік етуге бейімделгендік жиі байқалады. Саңыраукұлақтармен селбесіп тіршілік ету нәтижесінде қынаны құрайды және паразитті формалары да кездеседі.

Сөйтіп, хлорококкты балдырлар тіршілік ететін төсенішке қарай эпифитті және эпизодты, паразитті, симбионтты болып төртке бөлінеді. Эпифитті формалары ағаштардың қабығын, гүл еккен құмыраларды және су өсімдіктерін мекен етеді. Эпизодты формалары су бүргелері мен циклоптардың сауыттары мен дернәсілдерінде және басқа гидробионттар мен масаның дернәсілдерінде тіршілік етеді. Кейде олардың ішінде қаптап өсіп, суды «гүлдендіріп» жібереді. Барлық жағдайында да балдырлар хлорофилдерін сақтайды, сондықтан өздері органикалық заттарды құруға қатысады. Симбионтты тіршілік етуі мен паразиттерінің арасына айқын шек қоюға келмейді. Себебі, паразит тіршілік ететіндері иесінің клеткасына көрініп, білініп тұратындай зақым келтірмейді. Бөгеттерде кездесетін хлорококкты балдырлар сан жағынан кейде диатомды балдырлардан ғана кем түседі. Сондықтан олардың жалпы зат айналысында, адам өмірінде маңызы зор.

Хлорококкты балдылардың осы уақытқа дейін белгілі бір жүйеге келтірілген классификациясы жоқ. Оның басты себебі түр және тұрарлық бірліктерді әр автор әр түрлі түсініп, өзінше талдауында.

Хлорококк-Сhlorоссосum (66-су- рет, 1) туысы - дымқыл жерде, ағаштар қабығында, қабырғаларда, жылыжайларда, гүл отырғызылған құмыраларда және тұщы суда жиі кездесетін бір клеткалы, шар пішінді балдыр. Клеткасы целлюлозалы клетка қабығынан, бір ядродан, пиреноидты бар бір тостағанша пішінді хлоропласттан тұрады. Екі талшығы бар зооспоралар арқылы жыныссыз көбейеді. Мұнда клеткаішілік заттары 8-ден 32-ге дейін бөлінеді де, әрқайсысы тең талшықты зооспораға айналады, олар аналық клетка қабығының жыртылуы арқылы босап шығып, біраз қозғалыстан кейін жан-жаққа тарап, талшықтарын тастап, қабыққа оранып, жаңа дараққа айналады. Жынысты көбеюі - изогамиялық.

Хлорохитриум-Сһlоrосһіtrіum туысы эллипсоидты, шар тәрізді не белгілі формасы жоқ ірі клетка, жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің клетка аралықтарында эндофитті тіршілік етеді. Сhl.lетпае түрі қоңыр-жасыл, көп ядролы, ірі, қалың қабатты қабығы бар организм. Оның клеткасы ряска өсімдігінің клеткааралық кеңістігінде орналасады. Хлорохитриум эндофитті организм болғанымен, хлорофилін сақтағандықтан, автотрофитті тіршілік етеді және басқа хлорококкты балдырлардан диплоидты болып келуі арқылы айырылады, гаплоидты болып клеткада түзілетін екі талшықты көптеген гаметалар есептеледі. Тек жынысты көбеюі ғана белгілі.

Педиаструм-Реdіаsіtrum туысы - тегі жағынан су торшасына жақын тұратын тұщы суда планктон түрінде кездесетін микроскопиялық организм. Әдетте, клеткалары бір ядролы, есейе келе көп ядролыға ауысатын жалпақ пластинка пішінді организм. Олар - тығыз орналасқан бір қатар клеткалардан құралған қауым. Шеткі әрбір клетканың екі-екіден қысқа өсіндісі болады. Зооспоралар арқылы жыныссыз көбейеді, жынысты кебеюі су «су торшасына» ұқсас полиэдр стадиясы арқылы өтеді. Гидродикциялар тұқымдасына, екі клеткадан тұратын, жалпақ трапеция пішінді Еиаstropsis пен шар пішінді, бірнеше бүйрек тәрізді клеткалардан құралған Sоrаstrит (66-сурет, 16) жатады.

Хлорелла-Сhlоrеllа туысы тұщы суда, дымқыл жерде, ағаштардың қабығында және басқа организмдермен селбесіп тіршілік етеді. Клетка пішіні және құрылысы хлорококк сияқты бір ядролы, тостағанша немесе қоңырау тәрізді хлоропластасында бір пиреноиды, целлюлозалы клетка қабығы бар бір клеткалы, шар пішінді организм. Хлорококктан айырмашылығы зооспора арқылы көбеймей, тек қозғалмайтын автоспоралар арқылы көбейетіндігінде. Автоспоралар аналық клеткадан 4-8-ге дейін түзіліп, оның қабығының жыртылуы арқылы сыртқа босап шығады. Басқа организмдерге қарағанда күй талғамай, тез көбейіп өсе алуына байланысты көп жерде тараған. Хлорелла органикалық заттарды көп құрады. Оның құрамында В,С,К витаминдері және май болады. Сондықтан шаруашылық маңызы зор, ол суда тіршілік ететін жәндіктердің қоры. Хлорелла - ең бірінші тамақ ретінде қолданған микроскопиялы организм, одан 30-ға жуық түрлі тағам дайындалады. Андижан гидролиз зауытында хлорелланы паста түрінде, үй жануарларына жем ретінде дайындайды. Аспан әлеміндегі планеталарды игеру үшін адамды тамақпен, оттегімен және басқа қоректі заттармен қамтамасыз етуде хлорелланың маңызы ерекше. Хлорелла көп клеткалы организмдерге қараганда радиоактивті сәулелерге берік. Сонымен бірге, аспан әлеміне ұшатын космонавтардың кабиналарын түрлі керексіз заттардан тазартып отыру үшін де оның пайдасы бар. Хлорелланы шыны ыдыстарда оңай өсіруге болады.

Су торшасы-Нуdrodictyon туысы - күрделі ценобиальды құрылысты, ірі, азотты қосылыстарға бай суларда тіршілік ететін балдыр. Ценобий тұйық қапшық тәрізді, ұзындығы 1 метрге, ені 10-15 сантиметрге дейін жетеді. Су торшасын цилиндр пішінді, ұзындығы 1 сан- тиметрдей клеткалар құрайды. Әрбір клетка ұштары арқылы 3-4 клеткамен байланысып, 5-6 бұрышты тор құрайды. Клеткасы көп ядролы, хлоропласты тор пішінді клетка протоплазмасының сыртқы қабатына таман орналасқан. Онда көптеген пиреноидтары болады.

Клетканың ортаңғы бөлімін клетка шырынына толы ірі вакуоля алып жатады. Су торшасы жыныссыз жолмен көбейгенде, алдымен клеткадағы ядро саны көбейеді де, көп ядролы клеткаға ауысады, бөліктерге - зооспораға ыдырайды. Сонымен, бір клеткадан бірнеше мың зооспора түзіледі. Зооспоралар аналық ішінде қозғалып жүреді де, клетка қабығының ішкі жоғарғы жағына барып тоқтап, онда қабыққа оранып, бір- бірімен жалғасьп жаңа тор құрайды.

Жаңа зерттеулерге қарағанда зооспоралардан құралған клеткалар кез келген жермен жалғаспай, тек плазмаллемма астындағы микротүтікшелер орналасқан жерден ғана жалғасады. Бір зооспарадан бір цилиндер пішінді клетка түзелде. Әрбір цилиндр пішінді 4 клеткам түйісіп, 6 бұрыштық клетка құрайды. Сөйтіп 6 бұрышты дене құрауға 6 зооспора қатысып, бір-бірімен түйіседі. Бір ценобий құрауға мыңдаған зооспора қатысады. Аналық клетка қабығының кілегейленіп жыртылуына байланысты олар босап шығады. Жаңа түзілген жас ценобий құрылысына және пішініне қарағанда өзі шыққан аналық ценобиге ұқсас келеді. Әрі қарай қауым түзетін клеткалардың ұзарып өсуі және ядро санының

көбеюі арқылы көлемі ұлғаяды. Изаогамиялы жолмен жынысты көбейеді. Гаметалар зооспораға қарағанда ұсақ және өте көп. Гаметалар да зооспорлар сияқты түзіледі. Гаметалардың қосылуы нәтижесінде қабықпен алған жасыл шар пішінді зигота дамиды. Ол біраз уақыт өсіп, көлемін ұлғайтқаннан кейін тыныштық қалпына көшеді де, төрт зооспораға айналады. Ол жыныссыз көбеюде пайда болатын зооспораға қарағанда көлемі жағынан үлкен. Сірә, осының алдын-да ядросы редукциялы бөлініп, хромосома саны екі есе кемісе керек. Зооспора біраз жүзіп жүргеннен кейін, өсе келе көп ядролы полиэдр деп аталатын бірнеше бұрышты денеге айналады. Полиэдр клеткасының ішіндегі затынан екі талшықты көптеген гаплоидты зооспора түзіледі, ол полиэдр қабығының жыртылуы арқылы босап шығып, жаңа аналық клетканың ішінде ценобий құрайды да, өз бетімен тіршілік ете бастайды. Полиэдр балдырдың таралуына қызмет етуі тиісті. Себебі зиготадан түзілетін екі талшықты ірі зооспора ақырын қозғалады, сондықтан таралу қызметін полиэдр атқарады. Полиэдр қолайсыз жағдайға төзімді.

Хлоросарциналықтар-Сlorosarcinales қатары - бір клеткалы және қауымды вегетативтік уақытында қозғалмайтын организмдер. Коккоид құрылымды, ондаған түрлер жататын кішірек қатар. Нағыз коккоидтан айырмашылығы - вегетативтік көбейген уақытта клеткалары әр түрлі жазықтыққа бөлінеді. Бөлінуден жаңа пайда болған клеткалар өз қабықшаларымен қапталып, бір-бірімен тығыз байланысады да, аналық клетка қабықшасымен тығыз өсіп, бірталай уақыт бірлікте болады. Осы ерекшеліктеріне қарай бұларды сарциноидты құрылымды деп атайды.

Клеткалары тығыз клетка қабықшаларымен қапталған, полярсыз құрылымды, бір клеткалылары шар пішінді, қауымдылары әр түрлі формалы. Клетканың бөлінуінен құралған қауымдар пакет, тетраэдр тәрізді. Пакет тәрізді қауымдар белгілі бір жүйемен бір-біріне перпендикуляр үш бағытқа бөлінген уақытта текше пішінді формаға айналады.

Көп клеткалы тетраэдрлік комплекс клеткалары бір жазықтықта жатып шаршы пішінді (Сһlorosacina), не болмаса бірнеше жазықтықта жатып тетраэдрлі (Теtracystis) болады. Көзге оның төрт клеткасының үшеуі ғана түседі. Созылғыш клетка қабықшасы бар түрлері бірнеше бөлінудің нәтижесінде клеткалары ажырап кетпей, көп клеткалы паренхиматозды формаға айналады. Алайда, тін құрылымды организмдер сияқты клеткалардың жіктелуі болмайды. Мұндай формалардың ерекшелігі сол, әрбір пайда болған клеткалардың өз клетка қабықшасы мен бірге алғашқы аналық клетка қанша бөлінсе, сонша клетка қабықшасы болады.

Клетка қабықшалары тегіс, ешқандай өсінділерсіз. Бір клеткалыларында клетка қабығы жұқа, көп клеткалыларында қалыңдау жиі бірнеше қабатты, кейде кілегеймен қоршалған. Протопластасы жоғарғы сатыдағы өсімдіктер клеткасы типтес, кей жағдайда вегетативтік клеткадан жиырылғыш вакуоля байқалады. Клеткасы бір ядролы кейде көп ядролы. Хлоропласты табақша, астау, тілімделген қалақ, пластинка, дөңгелек, т.б. пішінді. Клетканың кабырғалық қабатына қарай кейде ортасына не тұтас жауып толтырып жатады.

Вегетативтік көбеюі көп клеткалы комплекстердің бөлшектенуі арқылы болады. Зооспора және апланоспора арқылы жыныссыз көбейеді. Зооспоралары жалаңаш не қабықшасы болады, екі не төрт талшықты изо-не гетероконтты. Кейбір түрлерінде изогамиялық жыныс процесі байқалады.

Жасыл балдырлардың ішінен сарциноид құрылымды түрлері кейінгі 1958 жылдары жеке қатар ретінде бөлініп шықты. Ғалымдардың көз- қарасы бойынша, бұл қатар бір клеткалылар мен көп клеткалы жасыл балдырлардың ортасында аралық орынды алады дейді.

Хлоросарциналықгар көпшілік жағдайда жер бетіндегі биотоптарда тараған. Олар топырақ бетінде, жартастарда, ағаштың қабығында, сирек сулы ортада ұшырасады. Барлық уақытта топырақ биотоптарының құрамында кездесіп, топырақ құрамының жақсаруына қызмет етеді, оттегі мен гумустың жиналуына қатысады.

Улотрикалық-Ultrichales қатары. Бұл қатарға көп клеткалы жай тарамдалмаған жіптесінді балдырлар жатады. Қалыпты жағдайда клеткалары үздіксіз бөлінуінің нәтижесінде қабаттары ұзарып, өсе береді. Мұндай жағдай вольвокстілер мен хлорококкты балдырлардың клеткаларында болмайды. Қабаттары макро және микроскопты. Көпшілігі бір қатардан, кейде бірнеше қатардан, құралған тарамдалмаған жіптесінді. Клеткалары цилиндр пішінді, тек базальды және апикальды клеткалар формасы жағынан басқа клеткалардан айырылады. Клетка қабықшалары тұтас, кейде екі жартыдан тұрады. Апикальды клеткалары шар пішінді дөңгелектенген не моқал, жіңішке, сирек, иіліп келеді. Базальды клеткасы жарты шар пішінді жастыққа не болмаса шеттері тілімделген дискіге ұқсас, кейде ризоид сияқты тармақталған.

Пиреноидтары бар хлоропластталы сақина не пластинка пішінді клетканың қабырғалық қабатына қарай орналасады. Көпшілік улотриксті балдырлар - бір ядролы. Вегетативтік уақытында қозғалыс стадиясы болмайды. Клетка қабықшалары пектин араласқан целлюлозды. Улотрикс қолайсыз уақытта пальмеллевиттік жағдайға көше алады. Көбіне төсенішке бекініп өседі.

Көбеюі вегетативті, жыныссыз және жынысты. Вегетативтік көбеюі клетканың бөлінуі нәтижесінде қабаттың ұзаруы не жіптің әр түрлі жағдайларда жеке бөлшектерге үзілуі және акинеттер арқылы жүзеге асырылады. Жыныссыз көбеюі 4 талшықты макро және микрозооспоралар, апланоспоралар арқылы болады. Олар біраз қозғалыстан кейін талшықтарын тастап, өсе келе жаңа жіптің бастамасын береді. Зооспора тек көбею қызметін ғана атқармай, таралу қызметін де атқарады. Жынысты көбеюі - изогамия, гетерогамия, оогамия.

Улотрикс-Ulotrix туысы тұщы суларда, су астындағы затқа түссіз төменгі ризоиды базальды клеткасы арқылы бекінеді. Олар суға ашық жасыл түс береді. Жіп тәрізді созылып жататын балдырлардың ризоидтарынан басқа клеткалары біркелкі цилиндр пішінді. Клетка қабығы пектин заты араласқан целлюлоздан тұрады. Протоплазмасында бір ядросы, күпшек тәрізді клетка қабырғасына қарай орналасқан хлоропласты, онда пиреноиды болады. Клетка орталығында түссіз клетка шырынына толы вакуоля орналасады. Клетканың азық қоры ретінде пиреноидтардың айналасында крахмал жиналады.

Жіпшелері қысқа сегменттерге ыдырау арқылы вегегативті көбейеді, бірақ басқа балдырлар сияқты мұндай көбею жиі болмайды.

Улотрикс балдыры жыныссыз және жынысты жолмен көбейеді. Жыныссыз көбейгенде кез келген клеткалардан зооспора түзіледі. Зооспоралары құрылымы жағынан хламидомонадаға ұқсас, одан төрт талшығының болуы арқылы ажыратылады. Жыныстық процесс кезінде кейбір клеткалардан гаметалар дамиды.

Гаметалар құрылым жағынан зооспораға ұқсас, олардан сан жағынан көп, ұсақ және екі талшықты болуымен ажыратылады, бір дарақтан не әр түрлі жіп талшығынан шыққан гаметалардың арасында қосылуы арқылы жынысты көбейеді. Әр түрлі дарақтан шыққан жіптердің бірін шартты түрде аталық (-), екіншісін аналық (+) деп қарайды. Бұл жағдайда гаметалардың сырт көрінісі

ұксас келеді, жыныс айырмашылығы байқалмайды. Демек, улотрикстің жыныстық процесі - изогамиялық. Екі гамета қосылғаннан кейін 4 талшықты планозигота біраз қозғалыстан кейін тоқтап, қалың қабықпен қапталып, бір клеткалы спорофитке айналады. Ол тыныштық кезеңін өткізіп, редукциялық жолмен бөлініп, көп жағдайда 4-16 зооспора не апланоспора береді. Бұлардың бірінен аналық, екіншісі аталық гаметалар беретін жіптер өседі. Сонымен, кейбір улотриксті балдырларда көп клеткалы жіптесінді гаметофит, бір клеткалы спорофитпен алмасады, сөйтіп гетероморфты алмасуы байқалады.

Улотрикс суда азот тұздары жетіспеген уақытта пальмеллевитті күйге көшеді. Ол кезде клетка қабықшасы бөртіп, кілегейленеді, бірақ бөлінуін тоқтатпайды. Соның нәтижесінде, кілегейдің ішінде ретсіз клеткалар жиынтығы кұралады.

Микроспора-Місrospora тұщы суларда көп тараған улотрикске жақын туыс. Жіптері бірқатар клеткалардан құралған, жай құрылымды, жас уақытында төсенішке бекініп тіршілік етеді, есейген уақытта суда бос жатады. Жіптері жұка не қалың қабығы бар цилиндр формалы клеткалардан тұрады. Клетка қабырғалары жоғарғы және төменгі екі бөліктен тұрады да, бір- біріне айқасып жатады. Олардың сыртын целлюлозды қабық қаптаған.

Егер жіпті күшті хром қышқылының ерітіндісімен өңдеген уақытта жіп Н тәрізді бөлшектерге ыдырайды. Торлы пластинкалы хлоропласты клетка қуысын толтырып жатады, кейде өзара қосылған лентадан тұрады, пиреноидтары болмайды.

Микроспора екі не төрт талшықты зооспора немесе апланоспора арқылы жыныссыз көбейеді. Жынысты көбеюі белгісіз.

Цилиндркапса - Суlindrocapsa қабаты тарамдалмаған жіптесінді бір, екі немесе көп қатарлы келеді. Жіпшелері қабатты, қалың кілегеймен қапталған. Клеткалары цилиндр, шар көпшілік жағдайда үш бұрышты. Хлоропласты жұлдыз пішінді, клетканың орталық бөлімінде орналасады. Көбеюі, жіптердің фрагментациясы, акинеттер, екі талшықты зооспора, апланоспора арқылы болады. Жынысты көбеюі - оогамия. Тұщы суларда, су өсімдіктерін мекендейді.

Көп клеткалы жіптесінді жасыл балдырлар әлі толық зерттелмеген. Эволюциялық дамуы жағынан көптеген көп клеткалы жасыл балдырлардың бастамасын берген улотрикс ерекше назар аударуға тұрарлық балдыр. Қарастырылған бұл төрт тұқымдастың ішінде орталық орынды улотрикстер тұқымдасы алады. Бұдан олардың әр түрлі пішінді жіптесінді болатындығы байқалады.

Улотрикалық балдырлар эволюциялық дамуы жағынан хлорококкты балдырлардан жоғары тұрады. Кейбір улотрикс сияқты түрлерінде пальмелевиттік күйінің байқалуы, бұлардың хлорококкты жэне вольвоксті балдырлармен филогенетикалық байланыстарының барын көрсетеді. Сонымен қатар, хлоросарцина балдырымен де байланысты болуы мүмкін. Хлоросарциналардың улотрикалықтардан айырмашылығы вегетативтік клеткасының бөлінуінен пакетиктердің құралуында.

Улотриксті балдырлар өздерінің филогенетикалық дамуын қозғалыс стадиясын жоғалтқан бір клеткалы хлорококкты тектес балдырдан алады. Бір клеткалы балдырдың үздіксіз бөлініп өсуінің нәтижесінде көп клеткалы улотриксті балдырлар шыққан. Ал улотриксті балдырлар клеткасының үздіксіз бірнеше бағытта бөлінуіне байланысты олардан трихальды, гетеротрихалды, пластинка пішінді балдырлардың бастамасын берген.

Ульвалықтар-Ulvales қатары. Қабаты макроскопты пластинка не түтік пішіндес балдыр, қабырғалы бір қабатты не екі қабатты клеткалардан құралған паренхиматозды. Клеткалардың екі немесе бірнеше жазықтықта бөлінуінің нәтижесінде пластинкалы, түтік, қапшық пішіндес әр түрлі формалы бағытқа дамыған. Қабаттары нашар дифференцияланған, ризоидтары арқылы бекініп тіршілік етеді.

Улотрикстер сияқты ульвалықтар клеткасы бір ядродан, қабырғалық қабатқа карай орналасқан бір не бірнеше пиреноиды бар бір хлоропласттан тұрады.

Вегетативтік көбеюі қабаттарының төменгі жағындағы клеткаларының бөлінуінен жаңа өсімдіктің пайда болуы арқылы болады. Жыныссыз көбеюі 4 талшықты зооспора, сирек апланоспора арқылы жүзеге асады. Жынысты көбеюі кез келген клеткалардан пайда болатын екі талшықты изогаметалар арқылы жүреді. Зооспоралар және гаметалар түзілетін клеткалардың вегетативтік клеткалардан айырмасы болмайды. Әрбір клеткадан 16-64-ке гаметалар, 4-16-ға дейін зооспоралар түзіледі. Бұл балдырларда изоморфты ұрпақ ауысуы бар. Ульвалықтар, негізінен, теңіздер мен мұхиттарда тіршілік етеді.

Ульва-Ulva туысы ірі, қабаты тұтас пластинкалы не тармақталған ұзындығы 20-150 см-ге, ені 15 см-ге жетеді, төсемікке бекініп тіршлік етеді. Пластинкасы екі қабат клеткалардан құралған, олар бір-бірімен тығыз орналасады. Ульва алғашқы даму кезеңінде улотрикске ұқсас, тарамдалмаған жіп тәрізді. Кейін клеткалардың бірнеше бағытқа қарай бөлінуіне байланысты пластинкалы формаға айналады. Ульва да улотрикс сияқты төрт талшықты зооспоралар арқылы жыныссыз және екі талшықты гаметалар арқылы жынысты көбейеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет