Жоспары: 1. Педагогикалық ғылымның міндеті мен қызметі.
2. Педагогиканың негізгі категориялары.
3. Педагогикалық ғылымдар жүйесі.
4. Жоғары мектеп педагогикасы – педагогика ғылымының саласы ретінде.
«Педагогика» термині неміс тілді, франкотілді, скандинавиялық және батыс еуропалық мемлекеттерде қолданыста. Ағылшын тілді мемлекеттерде ол қолданыста жоқ, аталған мемлекеттерде бұл ұғымның орнына «білім беру туралы ғылым (немесе ғылымдар)» термині қолданылады. Еуропада, Ұлыбританияда, АҚШ-та кеңінен таралған «education» термині (білім беру дегенді білдіреді) «образ» деген түбірі болмағанмен, алайда білім беру үдерісіне қатысушылардың өзара әрекеттесуінің барлық аспектілерін қамтып, мазмұны бойынша кең ұғым болып табылады. Кейбір мемлекеттерде «андрогогика» атты ғылым саласы бар. Андрогогика (гр. аndros ‒ ересек адам, ‒ басшылыққа алу, тәрбиелеу) – ересектерге білім беру, оқыту, тәрбиелеудің теориялық және практикалық проблемаларын қамтитын педагогикалық ғылым саласының аталымы, онда ересектерді оқытудың принциптері ашып көрсетіледі және дамытылады. Ұғымды немістің тарихшысы К. Капп (1833ж.) енгізген. Ересек адам ‒ физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік, адамгершілік жағынан толысқан, өмірлік тәжірибесі бар, экономикалық тәуелсіз, өзінің мінез- құлқын басқара алатын адам. Әйтсе де, ересек адам да тұлға ретінде үнемі дамуы қажет. Андрогогиканы зерттеуші ғалымдардың бірі ‒ ересектерді оқытуға арналған ғылым десе, екіншілері – білім беру жүйесіндегі қарқынды дамып келе жатқан жаңа бағыт дептүсіндіреді. Ғылыми айналымда бүгінде педагогикаға, оның зерттеу пәніне, нысанына берілген анықтамалар да әр түрлі: «Пидагогика» ‒ грек елінің сөзі: бис – бала, агогі – жетектеу деген сөзден құралған. Баяғы Грецияда балаларды бағып, мактабқа алып келіп жүретін кәрі құлдар пидагог деп аталған. Пидагог деген аттың бұрын мақтаулы болмағаны осыдан көрінеді. Бірақ соңғы заманда фән, ғылым өсіп, адамзат өнерленген сайын, пидагог деген ат қадірлі, қасиетті болып барады» (М. Жұмабаев); «Педагогика – мақсатқа жетуге бағытталған, арнайы ұйымдастырылған білім беру жүйесінде өскелең ұрпақ пен ересектерді оқыту мен тәрбиелеу туралы ғылым» (К.Д. Ушинский); «Педагогика – адамды тәрбиелеу туралы ғылым; ол тәрбиенің мәнін, мақсатын, міндеттерін, заңдылықтарын, оның қоғам өміріндегі және жеке адамның дамуындағы алатын орнын анықтайды» (Кеңестік энциклопедиялық сөздік); «Педагогика – тәрбиені, оқытуды, білім беруді зерттейтін теориялық және қолданбалы ғылымдардың бірлігі» (Педагогикалық энциклопедия); «Педагогика – білім берудің мәнін, заңдылығын ашатын ғылым саласы» (Ресейлік педагогикалық энциклопедия,1999ж.);
«Педагогика – тәрбие туралы ғылым, өйткені оның пәні «қоғамның ерекше функциясы – тәрбие болып табылады» (Ю.К. Бабанский «Педагогика» оқулығы,1983ж.); «Педагогика – адамды тәрбиелеу туралы ғылым» (Г.М. Афонина, И.П. Подласый);
«Педагогика – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің жетілген жолдары мен әдістері бойынша адамзаттың құнды тәжірибесі жинақталған ғылымдардың бірі» (В.П. Беспалько,1995ж.); «Педагогика – адамды оқыту мен тәрбиелеудің мәні, заңдылықтары, принциптері, әдістері және формалары туралы ғылым» (Л.М. Мардахаев); «Педагогика – білім беру және жеке тұлғаны дамыту, қалыптастыру, тәрбиелеу практикасындағы шеберлік туралы ғылым» (И.И. Прокопьев, Н.В. Михалкович);
«Педагогика ‒ а) практикалық іс-әрекеттің аймағы, өнер, қолөнер; б) ғылыми білімнің аймағы, ғылым» (Козлова С.А., Куликова Т.А.); «Педагогика – ғылым және адамды тану саласы, яғни, нақты педагогикалық жүйе контексінде дамуында дербес-жас ерекшеліктерді ескере отырып мәліметті тасымалдау-қабылдау және жалпымәдени құндылықтарға икемдеу тәсілдері мен жолдары туралы гуманитарлық ғылым саласы» (Е.С.Рапацевич); «Педагогика – ұйымдастырылған педагогикалық жүйе жағдайында субъектілердің дамуын қамтамасыз ететін педагогикалық үдеріс туралы ғылым» (Н.В. Бордовская, А.А. Реан, С.И. Розум);
Педагогика – теориялық ғылым және педагогикалық іс-әрекет, өнер» (И.Ф. Харламов); «Педагогика – адамды тәрбиелеу, білім беру, оқыту, әлеуметтендіру және өздігінен шығармашылығын дамыту туралы заң мен заңдылықтар туралы ғылым» (В.И.Андреев); «Педагогика – тәрбие теориясы мен әдістемесін нақтылай отырып, жеке адам дамуының астарлы, тереңде жатқан тетіктерін және оныңдайындығына қоғам тарапынан қойылған талаптар мен әлеуметтік сапаларға орай арнайы ұйымдастырылған қалыптасу үдерісін зерттейді» (Ж. Әбиев, С. Бабаев, А.Құдиярова).