Ғылыми теория – белгілі бір теорияның объектісіне байланысты ақиқаттың аймағындағы заңдылықты беретін ғылыми білімді ұйымдастыру формасы. Ғылыми теория – білім жүйесі бола отырып, айналадағы объективті шындықты танудың негізгі құралы болады. Ғылыми теория оқытушының іс-әрекетін танымдық деңгейде талдап, педагогикалық құбылыстардың өзара байланыстылығын сипаттайды. Осының негізінде кәсіби-педагогикалық іс-әрекеттің теориялық негізі туралы ұғымды, теория мен практиканың өзара әрекеті негізінде оны одан әрі дамыту мүмкіндігін айқындап тереңдетеді. Педагогикалық теория – сан-алуан педагогикалық құбылыстарды зерттейтін, бейнелейтін және түсіндіретін білімдер жүйесі. Педагогикалық теория оқыту мен тәрбиелеудің нәтижесін тек практикаға ғана қатысты емес, оны зерттеу нәтижесінде пайда болатын теорияны алдын- ала болжауға мүмкіндік береді. Сонымен, педагогикалық теория оқытушының педагогикалық тәжірибесін жасаудың негізі ретінде қарастырылады (М.А. Лукацкий, Ш.Т.Таубаева). Педагогикалық теориялар: Тұлға теориясы. Іс-әрекет теориясы. Құндылықтар теориясы. Басқару теориясы. Тұтас педагогикалық үдеріс теориясы. Педагогикалық жүйе (грек. «бөліктерден құралған, қосылған») ‒ белгілі бір педагогикалық тұжырым және оны шынайы педагогикалық практикада жүзеге асыратын тәжірибені қамтитын кең педагогикалық ұғым; мектеп типтері, арнайы кәсіптік білім беру мекемесі (колледждер), ЖОО, мектептен тыс ұйымдарды, яғни оқытушымен білім алушы арасында белгілі мақсатта қарым-қатынас жүзеге асатын жерлер. Педагогикалық жүйе – бұл көптеген құрылымдық және қызметтік компоненттердің өзара үйлесімділігінен тұратын және оларды бір мақсатқа жұмылдырған, яғни жеткіншектер мен ересек адамдарды оқыту мен тәрбиелеуді көздейтін жүйе. Педагогикалық жүйенің қызметі мен қалыптасуының алғы шарттары: Педагогикалық жүйе қоғамның белгілі бір топтарын (балаларды, жеткішектерді, ересектерді) тәрбиелеу мен оқыту қажеттігі туындаған жағдайда ғана пайда болады.
Педагогикалық жүйе қоғамда айқындалған ақпараттық білім кеңістігін игере алатын топтар пайда болғанда ғана туындайды.
Педагогикалық жүйе белгілі бір білім алушылар мақсатына жететін педагогикалық әсердің құралдары, әдістері мен формалары табылған жағдайда ғана оларды игеру мүмкіндігінен туындайды.
Педагогикалық жүйені іске асыру үшін білім алушылардың белгілі бір тобы болуы тиіс.
Педагогикалық жүйеде білім алушыларға білім беретін, тиісті педагогикалық және психологиялық іліммен, олармен жұмыс істей алатын әдіс-тәсілдер негізін игерген, алдына мақсат қоя білетін педагогтар болуы қажет.
Педагогикалық жүйе, қоғамдағы белгілі бір топ өкілдерінің әлеуметтік сұранысын қанағаттандыруы қажет және бұл оның түрлі нәтижесі болуы тиіс.
Педагогикалық жүйенің негізгі компоненттері: оқытушы, білім алушы, білім беру мазмұны, материалдық-техникалық база. Педагогикалық жүйедегі оқыту мен тәрбиелеу мақсаттарын жүзеге асыру үдерісі – педагогикалық үдеріс деп аталады. Педагогикалық үдеріс – арнайы ұйымдастырылған педагогтар мен білім алушылардың (педагогикалық әрекеттестік) бірлескен іс-әрекеті, ол мәдениеттілікті меңгеруден, еңбекке, қоғамдық өмірге оқытушының басшылығымен даярланудан тұрады.
Педагогикалық үдерістің тұтастығы – «білім беруші - білім алушы» мақсатының бірлігінде. Педагогикалық үдеріс компоненттері: мақсаты, міндеттері, мазмұны, әдістері, құралдары, формасы, нәтижелері. Педагогикалық үдеріс оқытудан, тәрбиеден, дамудан тұрады. Жоғарғы оқу орнында педагогикалық үдеріске аталғандармен қоса ғылыми іс-әрекет қосылады.
Жоғары мектеп педагогикасы – кәсіби мамандарды даярлау туралы ғылым. Жоғары мектеп педагогикасы – жоғары мектептегі тәрбие, білім беру және оқыту мәселелерімен айналысады. Жоғары мектеп педагогикасы ‒ ЖОО жағдайында маман даярлау туралы ғылым. Жоғары мектеп педагогикасы ғылым ретінде ХХ ғ. ортасында анықталды. Жоғары мектеп педагогикасының нысаны – жоғары мектептегі тұтас педагогикалық үдеріс. Жоғары мектеп педагогикасының пәні: біліктілігі жоғары болашақ маманды даярлау. ЖМП ғылыми әлеует факторымен түсіндіріледі, ол біліктілігі жоғары мамандар даярлауда меңгеріледі.
Ғылым ретінде жоғары мектеп педагогикасының міндеттері:
Жоғары білімнің қазіргі жағдайын саралау мен дамуын болжау;
Жоғары білімнің даму тарихын зерттеу;
Жоғары кәсіби білім берудің теориялық-әдіснамалық негізін жасау;
Жоғары білімнің заңдылығын айқындау;
Жоғары білімнің мазмұнын жетілдіру;
Білім беру стандартын, оқытудың жаңа әдістері мен формаларын жетілдіру;
ЖОО педагогикалық тәжірибені зерттеу және жалпылау;
ЖОО педагогикалық инновацияларды ғылыми саралау;
Ғылыми-зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу.
Жоғары мектеп педагогикасының қызметтері: теориялық және технологиялық. Теориялық қызметтер: Жаңашыл тәжірибелерді зерттеу (сипаттамалық деңгей); Педагогикалық құбылыстардың жағдайын анықтау (диагностикалық деңгей); Тәжірибелік зерттеу жүргізу (болжамдық деңгей); Технологиялық қызметтер: Оқу іс-әрекетінің нормативті жоспарын айқындайтын әдістемелік материалдарды құрастыру (жоспарлар, бағдарламалар, стандарттар, құралдар) (жобалау деңгейі); Ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізу (қайта құрылған, өзгертілген деңгей); Ғылыми зерттеу нәтижелерін саралау (рефлексивтідеңгей). Педагогикалық терминология – білім, тәрбие, оқыту теориясы мен практикасында қолданылатын кәсіптік сөздер жүйесі. Педагогикалық терминология белгілі ұғымды анықтауда оқытушыларға жеңілдік туғызып, уақыт пен ой әрекетін үнемдеуге септігін тигізеді. Тәлім аппараты түсініктерін қалыптастыру педагогикалық құбылыстар мен мәнін ұғынуға себепші болады. Ғылым тілін түсіну үшін категорияларды білу міндетті. Кез келген ғылымның дамуы ғылыми білімнің ұғымдар жүйесі арқылы қалыптасуымен тығыз байланысты. Ғылымның негізгі ұғымдары категория деп аталады. Ғылым тілін түсіну үшін категорияларды білу міндетті. Жоғары мектеп педагогикасында қолданылатын категориялар (ұғымдар):
Жалпы ғылыми: жүйе; құрылым; функция (қызмет); элемент; мақсат; іс- әрекет; жеке тұлға. Жеке ғылыми яғни, жоғары мектеп педагогикасымен тікелей байланысты ұғымдар, олар: даму; әлеуметтендіру; жеке даралық; оқу іс-әрекеті; үйрету; меңгерту; іскерлік. Арнайы педагогикалық категориялар: тәрбие, білім беру, оқыту. Жоғары мектеп педагогикасының негізгі категориялары: ЖОО тәрбие, ЖОО оқыту, ЖОО білім беру, педагогикалық жүйе, педагогикалық үдеріс, педагогикалық іс-әрекет, ғылыми-зерттеу іс- әрекеті, оқытушы және студент (білім алушы) т.б.
Жоғары мектеп педагогикасының қазіргі заманғы мәселелері:
Жоғары мектептегі оқыту, білім беру, тәрбиелеу мәселелері;
ЖОО оқыту әдістері, құралдары, формаларының жаңа жүйесін табу; ЖОО оқытудың инновациялық технологиялары; ЖОО оқытудың болашағын болжау; Жаһандану жағдайына сәйкес жоғары білімнің мазмұнын жетілдіру;
Заманауи жоғары білім берудегі интеграциялық үдерістер;
Жоғары білім беру аймағындағы салыстырмалы зерттеулер;
Педагогикалық іс-әрекет контексіндегі құзіреттілік;
Жоғары педагогикалық білім беруде оқытушының шығармашылық құзіреттілігін дамыту мәселелері; Оқытушының ғылыми-зерттеу мәдениетін дамыту; Оқытушының педагогикалық шеберлік деңгейін диагностикалау; Оқытушы-студент қарым-қатынасындағы мәселелер; Оқытушының тұлғалық ерекшеліктерін зерттеу; Оқытушының кәсіби құзіреттілігі; ЖОО білім алушы тұлғасы; ЖОО академиялық ұтқырлықтың білім беру сапасын арттырудағы орны; ЖОО дуальді білім беруді жетілдіру; ЖОО-ғы қос диплом мәселесі және т.б.
Әдебиеттер: 1. Загвязинский В.И. Общая педагогика. Гриф УМО МО РФ: Учебное пособие.- Изд. Высшая школа, 2008.- 391с.
2. Зимняя И.А. Ключевые компетенции –новая парадигма результатов образования // Высшее образование сегодня.-2003,№5,С.34-42.
3. Коджаспирова Г.М. Педагогика: учебник.- М.КНОРУС, 2010.- 744с.
4. Коркина В.И. Дидактика. В схемах и таблицах. - Караганда, 2004 - 209 с.