25
Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқына, тіліміз бен
мәдениетімізге, әдебиетімізге, оның ішінде балалар әдебиетіне сіңірген
еңбегін саралай келе,
біріншіден,
қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен
оқулықтарының авторы, соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ
оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсыновтың «Әліпбиімен»
ашып, ана тілін Байтұрсыновтың «Тіл құралы» арқылы оқып үйренді.
Екіншіден,
Ахмет Байтұрсынұлы – араб графикасына негізделген
қазақ жазуының реформаторы. Бұл жазу да үстіміздегі ғасырдың 10-шы
жылдарынан бастап 20-шы жылдарына дейін (латынға көшкенше) қазақ
мәдениетіне, оқу-ағартуына жақсы қызмет етті. Ол жасаған жазу күні бүгінге
дейін қолданыс тауып келеді: Қытай Халық Республикасы, Ауғанстан, Иран
сияқты елдердегі қазақ байырластарымыз сауаттарын осы жазумен ашып,
баспа дүниелерін осы графикамен шығарады. Шетелдік бауырлас қазақтарға
арнап, осы күндерде өзіміз шығаратын «Біздің Отан» атты газетіміз де
Байтұрсынұлы реформалаған араб жазуын пайдаланады, ол ұсынған емле
ережелерін ұстайды.
Үшіншіден,
А.Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеті мен мәдениетін
зерттеуші тұңғыш филолог-ғалым және Қазақстан ғылымының алғашқы
ұйымдастырушыларының бірі.
Төртіншіден,
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқына, жас совет
үкіметіне адал қызмет еткен ірі қоғам қайраткері.
Міне, қазақ халқының абзал ұлдарының бірі, ХХ ғасырдың бас
кезіндегі үркердей шағын топ – демократтық бағыттағы қазақ
интеллегенциясының ең ірі, ең беделді өкілі, бір емес, екі рет заңсыз
жазғырылып, сталиндік режимнің құрбаны болған Ахмет Байтұрсынұлын
осылай танимыз.
Оның баға жетпес сапалы еңбектерін тереңдеп зерттеу – алдымыздағы
зор міндеттердің бірі. Оның ұрпаққа аманат еткен мол мұрасының мәні уақыт
өткен сайын сан қырынан ашыла береді деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |