1- тақырып. ҚАзақ хандығы кезеңіндегі әдебиеттің Өзіндік сипаты лекция мақсаты



бет5/6
Дата20.02.2022
өлшемі32,87 Kb.
#132632
түріЛекция
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
1-лекция

Жыраудың жанры – толғау. Толғау – импровизаторлық дәстүрдің дара шығармашылық үлгісі. Сөз өнерінің толғау түрі ежелгі жазба ескерткіштерде аракідік бар болса да, оның жанр ретінде қалыптасуы – XV-XVIII ғасырларға сәйкес келеді. Осы кезеңде ол ерекше өркендеп, биік сатыға көтерілген. Толғау әуел баста магиялық, тотемдік сипатта, табиғат құбылыстарын адамға түсіндіру, бағындыру қажеттігіне байланысты дүниеге келсе де, сөз өнері күрделене, жетіле түсуіне сәйкес қоғамдық, әлеуметтік, этикалық, эстетикалық маңыз алып, жанр ретінде қалыптасып дамуы жыраулық поэзияға тікелей қатысты.
«Толғау» сөзі – толғану, толғаныс деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар. Сондықтан да толғаудың өзін мазмұнына, тақырыбына қарай ойға құрылған толғау (ой толғау), сезімге құрылған толғау (сыр толғау) деп жіктеуге болады.
Ойға құрылған толғауларда жырау – ең алдымен философ. Мұндай толғаулар нақыл, афоризм түрінде келеді. Атақты жыраулардың толғауларында кездесетін афористік сөздің көбі мақал-мәтелге айналып кеткен. Сонымен бірге жырау өзінің замана жайындағы түйгендерін, мораль, этика қақындағы ойларын баяндайды, қоғамдық мәселелерді көтереді. Сол сияқты, әлем, болмыс, тіршілікте, табиғатта болып жататын өзгерістер, оның мән-мағынасы жайындағы түсініктерін де білдіруі мүмкін. Мысалы: Шалкиіздің «Шағырмақ бұлт жай тастар», Асқар, асқар, асқар тау», «Ор, ор, ор қоян», Бұқардың «Айналасын жер тұтқан», «Ақсаңнан биік тау болмас», «Ай, заман-ай, заман-ай» толғаулары.
Ал лирикалық толғаулардағы негізгі жүкті көтеретін – сезім, эмоция. Бұл топтағы шығармаларда жалпы жыраулар поэзиясына тән үгіт, насихат, дидактика мүлде ұшыраспайды. Жырау ел басына түскен ауыртпалыққа, немесе басқадай белгілі бір оқиғаларға өзінің реакциясын (көзқарасын) білдіреді. Мысалы: Шалкиіздің «Балпаң, балпаң басқан күн», Бұқардың «Кіші қара қалмақ бүлерде» толғаулары.
«Толғау – қазақ әдебиетінде сюжетсіз поэзиялық туындының халықтық түрі, белгілі тақырып бойынша ойлар түю, философиялық пікірлер білдіру пішіні»,-делінеді А.Квятковскийдің «Поэтический словарь» атты еңбегінде. Қазақ әдебиетін зерттеушілердің (С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, т.б.) толғау туралы пікірлері де негізінен осы анықтамаға саяды. «Қысқаша әдеби энциклопедияда» мұндай да анықтама жоқ, мүлде ұмыт қалдырылған.
Толғау жанрының табиғаты академик З.Ахметовтың «Казахское стихосложение» еңбегінде едәуір тереңдей ашылады. «Толғау – шындап келгенде ән емес, бірақ әуенмен айтуға лайықталып шығарылған халықтық лириканың бір түрі»,-деп жазады ғалым.
«Толғау – қазақ, сондай-ақ қарақалпақ, ноғай секілді басқа да халықтардың ауызша поэзиясында кең тараған қоғамдық-саяси лириканың бір түрі» деп анықтама береді профессор Б.Абылқасымов.
Толғау тектес сөз үлгілерін қырғыздар «санат-насыят ырлар», башқұрттар «қобайыр», құмықтар «ойлы йырлар» деп атайды. Ноғай мен құмықтың «қазақ йырлары» ерлік толғауы мағынасында қолданылады.
Толғаудың жанр ретінде қалыптасуы аталған халықтар әлі бөлініп үлгермеген ХІІІ-ХІV ғасырларға сәйкес келеді. ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясында толғау ерешке өркендеп, өзінің ең жоғары даму сатысына жетті.
Толғау халық нақылдарының афористік стиліне жақын және жұтынған, жарқын афоризмдерге бай.
Толғау - өлең түріндегі ой қозғау, толғану.
Толғау деген атынан көрініп тұрғанындай-ақ шығарманың ойлану, толғану түрінде туатындығын байқатады. Сөздің әлеуметтік, азаматтық әуенінің артуы толғау ерекшеліктерінің бірі. Толғау үшін айтылмақ жайдың өзара байланысты болуы шарт емес, шығарманың тұтастығы мұнда суреттелмек құбылысқа автор қатынасының бүтіндігі арқылы, сондай-ақ тұрақты композициялы тәсілдерді қолдану нәтижесінде қамтамасыз етіледі.
Ойдың өрістілігі, тақырыптың тереңдей ашылуы, лирикалық және эпикалық бастаулардың біте қайнасуы, өмір құбылыстарын мол қамту сияқты қасиеттерінің арқасында толғау халық арасында кең қанат жайып, ең өнімді жанрдың қатарына жетті. Толғаудың жанрлық түр ретінде қалыптасуы халықтың дидактикалық поэзия дәстүрімен байланысты.
Толғау тарихы жыраулық поэзияға тікелей қатысты. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т.б. бейнелеу тәсіліне насихаттық, өсиеттік сарын, мәселені жан-жақты терең толғап айтатын ойшылдық әсіресе тән болған. Толғауда маңызды қоғамдық-әлеуметтік, саяси-философиялық тақырыптар, азаматтық әуендер кеңінен орын алады. Әрбір даму кезеңінде толғау мазмұны жағынан да, бейнелеу тәсілі жағынан да бірталай өзгеріп, жаңаша сипат алды (Дулат, Махамбет, Базар, Жамбыл).
Толғау кейде күрделі, көлемді лирикалық туынды, тіпті сюжетсіз поэма дерліктей сипат алады. Ырғағы 7-8 буынды тармақтарға негізделеді, олар еркін, әр мөлшерде топтасып, түйдек-түйдегімен шоғырланып келеді. Бұл ерекшелігі ауызша поэзиялық өлеңді суырып салу дәстүріне сәйкес қалыптасқан.
Жыраулар репертуарынан әртүрлі тақырыптағы арнау жырлар да үлкен орын алады. Мұндай жырлар әдетте әмірші атына қарата айтылады. Оның белгілі бір іс, әрекетін мадақтап қостау, я даттап наразылық білдіру, немесе белгілі бір оқиғаға байланысты ақыл, кеңес беру тұрғысында келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет