Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар. (1)
Оның қуанышы - елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? - деп. (2)
Енді жұбанышы - жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? ... Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?! (3)
31-қара сөзде:
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар (1):
әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек (2);
екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек (3);
үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек (4);
төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек (5).
Бұл мысалда 1-сыңар - тақырыпшы бөлік (... себеп), 2-, 3-, 4-, 5-бөліктер - тақырыпты тарқата түсіндіретін бірыңғай жосықта тұрған баяншы бөлік. Шұбыртпалы сөйлем құрмалас деңгейінде көрініс тауып тұр.
32-қара сөзде:
Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас. (1)
Әуелі - білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. (2)
Екінші - ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады. (3)
Үшінші - әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! (4)
Төртінші - білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі - мұлахаза қылу, екіншісі - берік мұхафаза қылу. (5)
Бесінші - осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. (6)
Алтыншы - ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! (7)
Бұл үзіндіде алғашқы сөйлем бүкіл алты абзацты қорытып тұр. Мұндағы 1-сыңар - тақырыпшы бөлік (... себеп), 2-, 3-, 4-, 5-, 6- бөліктер - тақырыпты тарқата түсіндіріп бірыңғай ыңғайда тұрған баяншы бөлік. Бұл сөзде де шұбыртпалы сөйлем құрмалас деңгейінде.
40-қара сөзде:
Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар.
Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?
Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі құрбыдан айрылып азайып отырса да, бірі мен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?
Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып, елге келсе, әрі-беріден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай?
Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да, танымайтұғыны қалай?
Бір жолаушы алыс жерге барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң, сол барған, көрген елін, жерін мақтап өтірікті сыбайтұғыны қалай?
Қай қазақты көрсем де, қай баласы жасырақ болса, оның басынан пәрмене болып жүріп, ержеткен соң суық тартағұны қалай?
Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты өлімде, адалдық берекеде алысуға табылмай барымта алалық, ұрлалық десе, табыла қоятұғыны қалай?
Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтұғыны қалай?
Баяғыда біреу біреуді пәлен жасымда жарықтық атым арып келе жатқанда пәлен жерге жеткізіп салып еді деп, өлгенше айта жүруші еді. Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?
Достарыңызбен бөлісу: |