«Абай қара сөздеріндегі коммуникативтік бірліктер» деген екінші тараудың «Абай қара сөздеріндегі дербес сөйлемдердің синтаксистік сипатында» қара сөз мәтіндеріндегі есімдіктердің берілуі, ауызекі сөйлеу стиліндегі сөйлемдердің берілуі, сөйлемдердің мақсатқа сай орналастырылған орын тәртібі анықталды.
Абай қара сөздерінде есімдік дербес сөйлемдерді байланыстырып қана қоймайды, сондай-ақ ойды жинақтау, ықшамдау мақсатында да қолданылады.
Абай қара сөздеріндегі дербес сөйлемдерде ауызекі сөйлеу стиліне тән ерекшеліктер мол кездеседі. Ауызекі сөйлеу стилінде құрылған сөйлемдер толымсыз сөйлемдер мен дәнекер шылаулары түсіріліп берілген конструкциялар арқылы көрініс табады. Бұл жерде ең алдымен сөйлемдердің орын тәртібіндегі ерекшелікті айтуға болады.
Сөйлем мүшелерінің, құрмалас сөйлем компоненттерінің орны алмасып келуі де ауызекі сөйлеу нормасының ықпалына жатады.