Абай қара сөздеріндегі күрделі синтаксистік тұтастық
Күрделі синтаксистік тұтастыққа «Қазақ грамматикасының» авторлары: «Күрдел синтаксистік тұтастық деп бірнеше сөйлемдердің тізбегінен жасалып, мағыналық және құрылымдық жағынан тұйықталған, белгілі бір күрделі ойды білдіретін синтаксистік бірлікті айтамыз» [21, 735-б.] деп анықтама береді.
Қазақ тіл білімінде синтаксистік күрделі бірлік проблемасын алғаш рет сөз еткен Т.Қордабаев болатын. Ол: «Синтаксистік күрделі шумақтар проза жанрында да, поэзия жанрында да жиі кездеседі» [2, 191-б.], - деді.
1965 жылы «Тарихи синтаксис мәселелері» деген тарауда поэзиялық шығармаларды зерттей келе, қазақ тілінде жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнен өзгеше бір бірлік бар екенін айтты. Ол туралы былай дейді: «Сөйлемдер аяқталған болады, сөйлемдер есімдіктер, жалғаулықтар арқылы байланысып тұрады» [2, 191-б.].
Академик Р.Сыздық «Абайдың прозалық шығармаларындағы күрделі ойдың берілуі» атты мақаласында: «Абайдың прозалық тілінің синтаксисіндегі өте-мөте көзге түсетін нәрсе – өте күрделі конструкциялардың болуы» [37, 47-б.] – деп қара сөз мәтіндеріндегі күрделі конструкциялар арқылы тұтас ойдың берілуіне назар аударды.
Р.Сыздық «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» атты еңбегінде күрделі синтаксистік тұтастық құрайтын тәсілдердің басты-бастыларын былайша жіктейді: біртектес параллель сөйлемдердің қатарлас келуі, бір субьектіге қазықталып топтасқан сөйлемдер, есімдіктердің берілуі, модальдық реңктің біркелкілігі, бір сөз немесе сөз тіркесінің қайталануы, етістік тұлғалы мүшенің біркелкі формада берілуі т.б.
Күрделі синтаксистік тұтастыққа топтасқан сөйлемдер бір субьектімен қазықталады. Мысалы, отыз төртінші қара сөзде:
«Және һәмманы жаратқан құдай бар, (ол) ахиретте сұрау алады, (ол) жамандыққа жазғырады, (ол) жақсылыққа жарылғайды, (оның) жазғыруы да, жарылғауы да пенде ісіне ұқсамайды, (оның) бегірек есепсіз қинауы да бар, (оның) бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп - бәріне сендік дейді» [22, 73-б.]. Осы сөйлемдердегі соңғы алты компонентті синтаксистік біртұтас дүние етіп тұрған бірінші компоненттегі субьект – құдай сөзі. Соңғы алты компоненттің грамматикалық бастауышы атау (ол), ілік септігі (оның) тұлғасында келіп жасырын тұрса да, ойдың логикалық қазығы біреу болып келеді, ол – құдай сөзі.
Сондай-ақ, бірінші қара сөздегі ойдың қазығы да біреу, бұның грамматикалық көрінісі – жасырын келген біз жіктеу есімдігі. Оны етістік тұлғалы баяндауыш мүшенің біркелкі формамен берілуі арқылы айқын аңғаруға болады. Мысалы, «Енді (біз) жер ортасы жасқа келдік: (біз) қажыдық, (біз) жалықтық; (біз) қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, (біз) бәрі қоршылық екенін білдік» [22, 7-б.].
Абай прозасында күрделі синтаксистік тұтастықтың сипаты шартты рай, көсемше, есімше тұлғалары арқылы байланысқан жай сөйлемдердің құрмаласуынан көрінеді. Ғалым Р.Сыздық: «Етістіктің шартты рай тұлғасын Абай қазіргі әдеби тіліміздегі сияқты шартты, қарсылықты, мезгіл бағыныңқыларын жасау үшін пайдаланады» [38, 44-б.] дей келе, мынадай мысалдарды талдайды: Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, ретін тауып істесе кім бай болмайды. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі түрлі іс көрсетсе де, соған көңілі қозғалмастай берік болу керек. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді.
«-п жұрнақты көсемше Абай қара сөздерінде, көбінесе, қимыл-сын бағыныңқы сөйлемнің баяндауышын жасауға жұмсалады» [46-б.], - деп мынадай мысалдарды талдап өтеді:
«Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, ананы-мынаны дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды».
1) Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, (2) бір болымсыз нәрсені берген болып, (3) артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын дегенге мәз болып, (4) тамырым, досым десе, (5) мен де керектінің бірі болып қалыппын ғой деп, (6) және жасынан іс істеп үйден шықпағандық қылып, (7) жоқ-барға тырысып, (8) алдағанды білмей, (9) дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, (10) тіпті жетпесе, (11) өзінен қосып, (12) қылып бер дегенінің бәрін қылып беріп, (13) күні өтіп, (14) еңбек қылар уақытынан айрылып, (15) «жоғары шық»қа қарқ-қарқ болып, (16) тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, (17) енді олар қысқан күні біреудің малын бұлдап қарызға алады [22, 189-б.].
Автор мұндағы -п жұрнақты көсемшенің мезгілдес істі баяндайтын жай сөйлемдерді сыйыстыру қызметін атқарып тұрғанын баяндайды. Мұндай сыйыстыру жетінші қара сөзде де кездеседі.
Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді.
Абайдағы аса күрделі ұзақ сөйлемдердің едәуір тобы бірыңғай бағыныңқылы болып келеді. Және ол ыңғайлас бағыныңқылар құрылысы (баяндауышының тұлғасы және басқалары) жағынан бірдей түсіп, синтаксистік параллелизм іспеттес болып келеді.
Мысалы: Жансыздарды еті ауырмайтұғын қылып, жан иесі хайуандарды ақылды адам баласы асырайтұғын қылып, һәм олардан махшарда сұрау бермейтұғын қылып, бұлардың һәммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан [22, 199-б.].
Ұзыннан-ұзақ сөйлемдердің екінші тобы – бірыңғай мүшелердің қатысуымен жасалған. Өлеңдері тәрізді, прозасында да бірыңғай мүшелерді жиі қолдану – Абай стиліне тән тәсілдердің бірі. Қара сөздерде бірыңғай мүшелердің сан жағынан екі-үш емес (олар да бар), одан да көп болып, шоғырланып келуі жиі. Бұлар жалаң да шылаулы да, жайылма да болып беріледі. Мысалы: Сөйлемде қимыл-сын пысықтауыштардың әрқайсысы ең кемінде 4-5 сөзден құралған жайылма болғандықтан, сөйлем ұзын-ұзақ болып шыққан. Мысалы: Адам баласы қанағатсыздық бірлән бұл хайуандардың тұқымын құртып, алдыңғылар артқыларға жәбір қылмасын деп, малды адам балаасының өзінің қызғанышына қорғалатып, өзге хайуандарды бірін ұшқыр қанатына, бірін күшті қуатына, бірін жүйрік аяғына сүйентіп, бірін биік жартасқа, бірін терең тұңғиыққа, қалың орманға қорғалатып, һәм әрбірін өсіп-өнбекке құмар қылып, жас күнінде кішкене уақытында шафхат сәхәрібірлән бастарын байлап қамқор қылып қоймақтығы, адам баласына өсіп-өніп, теңдік алсын емес, бәлкім адам баласының үзілмес нәсіліне таусылмас озық болсын дегендік.
Бірыңғай мүшелердің қайталап шылаумен келуі Абайда жүйелі нормаға айналған деуге болады.
Әрбір бірыңғай компонент пен қайталама элементтерді қолдануда Абай жалғыз шылауларды ғана емес, өзге де жай сөздерді, кейде модаль сөздерді жиі пайдаланады.
Мұндай бірыңғай параллельді жиі қолдану дәстүрі Абайды көп реттерде сөйлемін ұзартып, тіпті кейде түсінігін ауырлатып жіберуге әкеп соққан. Өйткені ол бірыңғай мүшелер әрдайым жалаң немесе бірер ғана қатысты сөзі бар болып келе бермейді, көбінесе олардың әрқайсысы аса жайылма, көп сөзді болып келеді және бірыңғай мүшелердің егер біреуі жайылма болып келсе, өзгелері де жайылма болып келуі шарт.
41-ші қара сөзде бір құрмалас сөйлем он бір жай сөйлемнен тұрады.
Бүкіл бір мәтіннің жүгін арқалап тұрған бұл құрмаласқа он бір түрлі ой сыйып кеткен. Мысалы, Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол әрбір жолда бір медресе бар, соларға жаздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді. Осыған қарап 11 компоненттен тұратын аралас құрмалас сөйлем деп айта аламыз. Құрмалас құрамындағы алғашқы төрт сөйлем бірыңғай көсемше тұлғасында тиянақсыз сабақтаса келе 5-6-шы жай сөйлемдермен салаласса да ой тиянақталмайды. Содан әрі қарай 8-ші, 9-шы жай сөйлемдердің шартты тұлғадағы баяндауыштарымен сабақтасып кетеді.
Қара сөздің соңғы азат жолындағы сөйлемдерге назар аударайық.
Достарыңызбен бөлісу: |