ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ халқының ұлы ақыны, жазба әдебиетінің ірге тасын қалаушы Абайдың тілін зерттеу көптеген зерттеушілеріміздің (Қ.Жұмалиев, Қ.Жұбанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Н.Сауранбаев, Р.Сыздықова, С.Аманжолов, Ш.Балжанов, Қ.Келесұлы, З.Ахметов т.б.) үлесіне тиді. Әрбір зерттеуші Абай тілін әр тұрғыдан зерттеп, ұлы ақынның тұлғасын биік тұрғыдан көрсете білді.
Абай танушылардың бірі М.Әуезов өзінің ұзақ жылдар бойы ұлы ақынның өмір кешкен жолы мен қалдырған мұрасына үңілген ұлан-ғасыр еңбегінде Абайдың тілі жөнінде түбегейлі пікір айтып отырды. Ең алдымен Абайдың көркем әдебиет – поэзияның тілі ретінде өз тұсында едәуір бел ала бастаған кітаби тіл деп аталатын тілді емес, қазақтың халықтық тілін жақсы білген, өйткені ол қазақтың ескі ақындарын, кемел шешендерін, жорықшыл батырлары жайындағы жырларды танып-біліп өскен дейді.
Сөйтіп, филология ғылымының Абайды тану деп аталатын саласының бір бөлігі ретінде Абайдың тілін зерттеудің бір ғасырға жуық тарихы бар. Бұл мәселенің зерттеу тарихындағы бір ерекшелік – әуелі тұжырым айтылып, жеке талдаулардың кейін басталуы. Мұның біздіңше, объективті себебі бар, Абайға келгенде тіл мәселесі ерекше маңыз алады, бұл заманы туғызған жайт, өйткені Абай дәуірі – қазақ өмірінде екі әдеби тілдің (қазақтың жалпы халықтың нормасына негізделген байырғы әдеби тіл мен ертеден келе жатқан көптеген түркі халықтары сияқты қазақ халқына да ортақ жазба әдеби тіл – «кітаби тілдің») тайталасқа түскен шағы. Осы екеуінің Абайдың қайсысын таңдауы оның шығармашылығымен және ұстаған идеологиялық бағытымен тығыз байланысты болды. Сол себептен Абайдың жазушылығын, азаматтың ой-мақсатын сөз еткен тұста өзінен-өзі тіл жайында да әңгіме қозғалады. Ұлы қаламгердің бүкіл шығармашылығы мен идеологиясына үңілген зерттеуші жеке талдауларды күтпей-ақ, тілі жайында жалпы ұғым ала алады, яғни оның тілінің негізгі қазақтың жалпы халықтың тілі екендігі, оның үстіне бұрынғы әдебиет үлгілерінде кездеспеген тың көркемдеу тәсірдерінің молдығы, көптеген сөздердің жаңа мағына алып, жаңаша қызмет атқарып тұрғандығы да бірден көзге түседі. Осының барлығы Абайдың қазақ әдеби тілінің даму барысындағы істеген қызметі мен атқарған рөлі туралы жалпы байлам айтуға мүмкіндік береді. Бірақ жалпы тұжырым әрі қарай жеке фактілермен дәлелденбесе, әрқашан жалаңаш ой шолымы болып қала бермек. Сондықтан әрі қарай Абай тілінің жеке құбылыстарын танып білу әрекетінің басталуы тағы да заңды болып шығады. Дегенмен бұлайша танып – білу әлі де кенжелеп келе жатқаны байқалады. Абайдың тілін тану оның жазушылық шығармашылығының зерттелу дәрежесіне әлі де тең келе алмайды. Абай тілін нақтылы зерттеу күні бүгінге дейін жеке фактілерді әр тұстан шағын-шолақ, кейде тіпті тиіп-қашты түрде талдау дәрежесінде болып келеді. Қаламгердің тіліне қатысты көптеген жайттар күні бүгінге дейін қалам ұшына ілінбей келе жатқанын мойындауға мәжбүрміз.
Абайдың қара сөздерінің синтаксистік құрылысын талдай келе, біз мынадай тұжырымға келдік:
Абай қара сөздері синтаксис мамандарының назарынан тыс қалып жүр. Ол арнайы зерттеуді қажет етеді.
Диссертациямыздың «Абай қара сөздерінде коммуникативтік емес синтаксистік бірліктер» деп аталатын бірінші тарауында «Абай қара сөздерінің зерттелу жайына» қатысты ғылыми-теориялық еңбектерге шолу жасалып, қара сөз мәтіндерінің лингвистикалық сипатын ашуға қатысты ғылыми пікірлер жүйеленді. Бірінші тараудың «Абай қара сөздеріндегі сөз тіркестерінің синтаксистік сипаты» атты екінші тараушасында Абай қара сөздерінде сөз тіркесін түзуге қатысқан кейбір морфологиялық тұлғалардың қызметіне синтаксистік тұрғыдан сипаттама берілді. Оның ішінде -ар есімше жұрнағының -ар + -ға, -ар + -лық тұлғасында келуі мен мақсаттық мағынаны түзетін -мақ жұрнағының - мақ + -қа, -мақ + үшін, -мақ + керек, -маққа + керек, -мегіне + бола, -тұғын сөз формаларының сөз бен сөзді байланыстырудағы сипаты талдауға түсіп, нақты мысалдар арқылы анықталды. Жұрнақтардан бөлек сөз тіркестерін жасайтын -са, -се шартты рай тұлғасы, шылаулар және де көмекші етістігінің де сөз байланыстырудағы қызметіне қара сөздерден мысалдар келтірілді.
Абайдың қара сөздерінде кездесетін уа, һәм, аның үшін, ләкин сияқты жалғаулықтар сол кездегі жазба әдеби тілдің көріністері. Бұл жалғаулықтарды ақын дербес сөйлемдерді байланыстыру үшін ғана емес, коммуникативтік мақсатта, логикалық екпін түсіру мақсатында, сол дербес сөйлемдердің семантикасына айрықша назар аударту мақсатында да қолданады.
Достарыңызбен бөлісу: |