Эндоплазмалық тор (лат. reticulum — тор, лат. endoplasmaticum — эндоплазмалық) — ұзынша келген қуысты түтікшелер мен өзекшелерден тұратын, қабырғасы биологиялық жарғақтармен шектелген жасуша цитоплазмасының органелласы.[1] Эндоплазмалық тор (цитоплазмалық тор): дәншелі (гранулалы) және дәншесіз (агранулалы) эндоплазмалық тор болып екіге бөлінеді. Гранулалы эндоплазмалық тор жарғақтарының қабырғаларында рибосомалар орналасады, ал агранулалы эндоплазмалық тор қабырғаларында рибосомалар болмайды. Эндоплазмалық тор жасуша цитоплазмасында жеке не топтаса орналасады. Бауыр гепатоциттерінде және кейбір нейроциттерде агранулалы эндоплазмалық тор жеке аймақтарға жинақталып жатады. Гранулалы эндоплазмалық торда ас қорыту ферменттері, жарғақтық интегральды протеиндер түзіледі. Агранулалы эндоплазмалық торда полисахаридтер (гликогеннің түзілуі мен ыдырауы), жасуша жарғағы құрамына кіретін липидтер мен стероидты гормондардың түзілу процестері жүреді. Бұнымен қатар, органелла әртүрлі иондар мен қоректік заттарды тасымалдайды, зиянды заттарды бейтараптандырып, сыртқа шығарады (гепатоциттерде), ядро қабықшасы — кариолемманы плазмолеммамен байланыстырады.