4. Абай ілімін одан әрі жалғастырған қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931). Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды. Шәкәрім Абайдың немере інісі және ұлы ақынның мұрасына сүйенген. Ол арнайы оқу орнында оқымаса да араб, парсы, орыс, шағатай тілдерін өз бетімен үйреніп, сол тілдердегі шығармалардан дала ойшылы тұрғысынан ой қорытқан:
«Жасымнан жетік білдім түрік тілін,
Сол тілге аударылған барлық білім.
Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,
Жарқырап қараңғыда туып күнім.
Оятқан мені ерте – Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тілін үйренумен,
Надандықтың тазарып кетті кірі».
Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі сақ-түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн,Табиғат – ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар.
Шәкәрімнің «Үш анық» атты шығармасы негізгі философиялық шығармалардың бірі болып табылады. Басқа шығармалары: «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Қодардың өлімі», «Нартайлақ-Айсұлу», «Мұтылғанның өмірі» поэмалары, «Қазақтардың кітабы» (этнофилософиялық), «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» философиялық трактаттары, «Әділ-Мария» көлемді романы, «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», тарихи шығармасы және т.б.
Ал, енді Шәкәрімнен кейінгі қазақ философиясын дамытуда үлкен өзіндік орны бар қазақ зиялылары: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай.
Достарыңызбен бөлісу: |